Қас-қағым сәттің қайта оралуы
13.08.2018
1382
0

«Бір жоқты бір жоқ табады» деген осы болса керек. Тарихшы Дина Ихсатова Жетісу аймағына аты мәлім Маман байдың ұрпағы Халида Маманова жөнінде мұрағаттардан деректер іздеп жүріп, Жетісу аймағы, Лепсі уезінде қызмет еткен поляк Константин де -Лазаридің құжаттарына кез болыпты. Тарих үшін деректің үлкен-кішісі болмайды. Дина Ихсатованың айтуынша Константиннің қорында барлығы 152 сурет бар көрінеді, оның 42-сі қазақтардың суреті. 1890 жылдардың бедерінде түсірілген суреттерді біздің өткеніміз бен бүгінімізді жалғар құнды дерек деп білеміз.


Көзден кетіп, көңілден көшсе де, ата-бабаларымыздың ажарын танытатын осынау қас-қағым сәтте түсірлген суреттерге қарай бергің келеді.

ХІХ-ғасырдың екінші жартысы мен ХХ- ғасырдың басында Орта Азия мен Қазақстан территориясына көз сұғын қадағандар көбейе бастаған еді. Алайда, Ресейден шалғай жатқандықтан бұл аймаққа жергілікті жұрттың тұрмыс-салтына қызығатын шығыстанушы мамандар сирек келетін. Сол себепті бір кездері қазақ жеріне келіп, азды-кем өмір сүрген адамның жазып қалдырған ақпараты құнды, әрі олар этнография ғылымының бағалы нысанының бірі болып табылады. Бұл бірегей коллекциялар әлі де зерттеуді қажет етеді.
Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекттік Архивінде зерттеу жұмыстарымен айналысып жүріп, Жетісу облыстық басқармасының Лепсі уезінің басшысы К.Н. де -Лазаридің 1899 жылғы құжаттарына кез болдым. Константин Николайұлы де -Лазари өзінің қызметін мінсіз атқарумен қатар қазақтардың өмірі жайлы түсірген суреттерімен де танымал тұлға екен. Ол Ұлы Петр атындағы Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейіне керекті ақпараттар мен суреттер коллекциясын жолдап отырған. Өзінің жазбасында де-Лазари «Қырғыздардың тұрмыс-салты жылдам өзгеріп жатыр, меніңше, олардың осы кездегі өмірін мейлінше жылдам, әрі толық суретке түсіріп үлгеруіміз керек. Сол себепті мен музейге барынша көп материал жіберуге бар күшімді саламын, ол үшін уақытымды да, қаражатымды да аямаймын», – деп жазған екен. (РҒАА, 142 Ф. оп. 1-до 1918ж. № 52, . 12-14 п.).
Константин Николайұлы де-Лазари жолдаған үш фотоколлекцияның ішіндегі ең танымалы – Жетісу облысындағы қазақ қалыңдығының той киімі ( № 410-1, 418-2,3, 423-120). Техникалық тұрғыдан жоғары сапада түсірілген дәл осы кадрлар – музей қорының байырғы киімдер топтамасындағы ең жақсы суреттердің бірі. Антропология және этнография музейінің Орта Азия халықтары, оның ішінде қазақ халқының өмірі жайлы коллекциялар тарихында мұндай белсенді коллекция жинаушыны табу қиын.
Константин Николайұлы де-Лазари сол кездегі Верный қаласында орналасқан Жетісу облыстық статистика комитетімен іскерлік қарым-қатынас орнатқан екен. Де-Лазаридің архивінде Григорий Ивановтың қолы қойылған хат бар болып шықты. Онда Константин Николайұлына облыстық музейге берген фотосуреттер үшін рахмет, «өте жақсы түсірілген фотсуреттер коллекциясы тапшы жергілікті бөлімге баға жетпес үлес қосады», делінген (Доктор Анджея де-Лазаридің отбасылық архиві. Лодзь, Польша).
1917 жылғы революциядан соң К.Н. де- Лазари Польшаға кетіп, Лодзи аймағына қоныстанған. Қазір ол жерде немересінің отбасы тұрады. Профессор Анджей қазір немере тәрбиелеп отыр. Қызы Казимир мен немересі Яцекамен бірге тұрады.
Константин де-Лазари қызмет бабымен Ресей империясының көптеген аймағында тұрған. Саяхаттап барған Италия, Германия, Греция және де басқа елдердің барлығында өзі қызыққан көріністі суретке түсіргенді ұнатқан. Қазір ол суреттердің заңды иесі – немересі Анджей де-Лазари. Анджей Польша елшілігінің көмегімен Қазақстан Республикасы Президентінің музейінде атасы түсірген суреттерден көрме де өткізді. Ол кезде К.Н. де-Лазаридің фотоальбомын шығару туралы ұсыныс та айтылған еді, алайда арада біраз уақыт өтсе де, кітап жарық көрмеді. Осы олқылықтың орнын толтыра алсақ құба-құп болар еді. Анджей де-Лазари бізге Константин де-Лазаридің суреттерін берді. Еліміздің тарихшы-ғалымдары әр суретке анықтама жазып, фотоальбомның шығуына атсалыспақ ниетте.

 

 

Дина ИХСАТОВА,
тарихшы, «Ерлік жолымен» зерттеу орталығы»
ҚҚ-ның директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір