ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІНІҢ ӘЗІЛДЕРІ
06.08.2018
1901
1

Тоқсаныншы жылдың басы. Ол кезде «Өнер» баспасында Бас редактор қызметіндемін. Бірде баспамызға сырбаз басып Сыр-ағаң – Сырбай Мәуленов келді. Бұрын гүжілдеп, бұрқырап жүретін, өзінің келе жатқанын күншіліктен сездіретін Сыр-ағаң бұл жолы жуас, жүзі де сынық. Соңғы кезде ол кісінің аздап сырқаттанып жүр­генін естігенбіз. Құрақ ұшып қар­сы алдық, дастарқан жайып, шай дайындаттық. Дастарқан басында­ғы әңгіме кезінде Сыр-ағаң менің қолыма бір бума қағаз ұстатқан. Қа­ғаз болғанда түрлі қиындылар, жыр­тылған дәптер, блокнот бет­тері, арасында түтілген түрлі-түсті сия сорғыш қағаз да бар. Бәрінде ай­бақ-сайбақ жазулар, оқылуы қиын­дау, қытайдың иероглиф­те­ріне ұқсайды.
– Мыналар менің шимай-шат­пағым ғой… – деді Сыр-ағаң. – Көрген-білгенімді, естіген нәрсені түртіп қоюшы едім. Солардың табыл­ғанын жинап-теріп саған әкеліп отырмын. Сендер Ақселеу екеулерің «Білім және еңбекте» жүргенде «деген екен» дегенді бастап едіңдер ғой. Сол «деген ек­ен» қазір әр газетте, әр журналда шашылып жүр. Соларды жинақ­тап, басын біріктіріп жүйелеп, кітап етіп шағарсаңдар етті? Жұрт ондай кітапты алар еді, оқыр еді. Өйткені бұл да ауыз әдебиетінің бір түрі. Қазақ тапқыр сөзге еліте­ді, құмартады. Сөз тыңдау, сөзге тоқтау деген біздің қанымызда бар қасиет. Ертең біз кеткен соң мұн­дай әңгіменің бәрі ұмыт болады, құрып кетеді. Мына әкелген менің шимайларым да сол «Деген екенге» келеді. Үстінен өңдеп, пайдаға жаратарсың!
«Деген екенді» жинақтау Сы­р-а­­ғаңның осы өтінішінен бас­талған еді. «Өнер» баспасы атынан өз қызметкеріміз Мақсұтбек Ниязбековке, ақын Мұхамедия Жұмағалиевқа тапсырып, алты кітапша шығардық. Мен өзім де кейіннен ізденіс жасап, Сыр-ағаң ғана емес, Мұзафар Әлімбаев, Ғафу Қайырбеков, Қалмұқан Иса­баев, Ілия Жақанов, Қадыр Мыр­залиев, Ақселеу Сейдімбеков, Сұл­тан Оразалинов, Бексұлтан Нұр­жекеев, Төлен Әбдіков, Кәдір­бек Сегізбаев, Әзілхан Нұршайы­қов, Жақау Дәуренбеков, Қайсар Әлім, Қайырды Назырбаев, Жа­ңа­бек Шағатаев, тағы басқа да қаламгерлерден әзіл әңгімелер жинадым. Олар да көңіл түкпі­ріндегі сырсандықтарын ақтарып, құрдастары, әріптестері жайында көрген-білгендерін айтып берісті, өткен замандардағы халқымыздың аяулы азаматтары, асыл тұлғалары туралы естеліктерін баян етті.
Халқымыздың шығарма­шы­лық зиялы қауымына қатысты әңгіме-әпсаналардан құрас­тырылып жазылған осы жинақты «Қазақ әдебиеті» газетінің сұрауы бойынша оқырман назарына ілтипатпен ұсынып отырмын.

Әлібек АСҚАРОВ


***

Қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің бірі Ғали Орманов (1907—1978) Жамбылға біраз жыл хатшылық қызмет атқарған адам ғой. Сол кісінің қолжазбаларының арасында 1939-40 жылдардағы Жәкеңнің күнделікті тірлігі, ел-жұртпен қарым-қатынасы, ерекше мінезі туралы құнды мәліметтер кездеседі. Соның бір-екеуін оқырман назарына ұсынуды біз де жөн көріп отырмыз.
1940 жылдың 6 ақпаны екен. Жәкең өкімет салып берген жаңа үйіне кіріп, көңілі шалқып, бір топ меймандармен әңгімелесіп отырады. Талшыбықтай бұралған қыпша бел, көзі мөлдіреген көрікті бір жас келіншек бұларға қызмет қылып жүреді. Әлгі келіншекке қарағыштай берген қарт Жәкең сәлден соң домбырасын қолына алып, былай деп төгілтіп жырлай жөнеліпті:

— Өлмейтін пенде болмас жаратқанда,
Күн шығар, шыр айналып таң атқанда.
Қанбай ма көз құмарың құралайдай
Бұрылтып қиғаш қасты қаратқанда…
Қатын деген еркектің бауыр еті,
Қыз құшақтау көңілдің ғанибеті.
Жөні келсе Жамбылды ескере жүр,
Келіншектен қалған жоқ әлі ниеті.

Өлеңім ор қояндай жортасың ба?
Өр көңіл өлең айтпай қорқасың ба?
Талайдың екі көзін жаудыраттың
Жиырма мен отыз жастың ортасында.

Жүрген жақсы жақынмен араласып,
Жеңге жүрер ойнаса жанталасып.
Жеңгеден де ойнауға келін тыныш,
Жаулығымен жататын бетін басып…

(Жалғасы бар)


***

Көрнекті аудар­машы, француз әдебиетінің тамаша білгірі, Бальзактің, Мопас­сан­ның бір­не­ше шығар­ма­ла­рын қазақ тілінде «сөй­лет­кен» Хасен Өзденбаев 80 жас­қа толып, астаналық бір ресторанда үлкен той жа­сапты. Хасекең сексенге келсе де томағалы бүр­кіттей сыр бермеген, түзу жүріп, тік оты­ра­тын, шашына қылау түспеген кел­бетті кісі екен. Сөз кезегі тигенде ол кісіге ақын Сырбай Мәу­ле­нов бы­лай деп тост көтеріпті:
— Өзденбайдың Хасені,
Жан біткеннің әсемі.
Ақ түспеген шашына,
Сексенде де жас өңі…
Тиді ме әлде, кім білсін,
Мопассанның әсері.


***

Қызылорда жақта баяғыда сыйлы бір кісі қайтыс болып, ол кісінің қазасына халқымыздың сүйікті ақыны Асқар Тоқмағамбетов те (1905— 1983) қатысады. Соңынан үйге қайтып келе жатқан кезде бұжыр бет, масаңдау бір жігіт ақынға тиісіп, көргенсіздеу бір сұрақ қойыпты:
— Асеке, сіз ажалдан қорықпайсыз ба, соңғы кезде ауырғыштап жүр деп естимін? – дейді тілін шайнап мүләйімсіп.
Сонда Асекең бар денесімен бұрылып, әлгі сұрақ қойған жігіттің бетіне бажырая қарапты да:
— Шырағым, іріген ауыздан, шіріген сөз шығады. Шіріген сөзді біреу мастықпен айтады, біреу қастықпен айтады. Қастықпен айтқандардың сeн секілді бетінің бұжыры, ішінің қыжылы, арақ пен шараптың қызуы болады, – депті.


***

Өзінің сатиралық, юморлық шығармаларымен танылған ақын Дүйсенбек Еркінбеков (1905-1961) бірде таңертең жұмысқа бұрқан-талқан ашуланып келіпті;
– Кеше газеттен бір жаманның мақаласын оқып, түні бойы ыстығым көтеріліп, қаным тасып шықты, — депті гүжілдеп.
– Дүйсеке, соншалықты не бүлініп қалды? — дейді қызметтестері бәйек болып.
Сонда Дүйсенбек:
– Осы қазаққа таңым бар. Абайды кілең орыстардан үйренді дейді. Абайдан да бір орыс үйреніп еді десе ауыздары қисайып кете ме! — деген екен.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 06.04.2020 | 21:06

Өте жақсы екен. Кітапты түгел жариялауға болмй ма? Немесе кітапты қайдан алуға болады? Сайд Шоқай. Шымкент.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір