ЖАС ҚАЛАМГЕР
Ел ертеңі – бiлiмдi жастар. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы бүгiнгi жастар. Сiздер оларға қалай бiлiм берсеңiздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деп атап көрсеткендей, бүгінгі таңда жас қаламгерлер қатары артуда. Солардың бірі, қызылордалық 11 жасар Алтынай Берік. Ол 50-ден астам ертегі, әңгімелердің авторы. «Ақ көжек», «Мөлдір бұлақ», «Қызыл қораз», «Түйе», «Қамқорлық» атты туындылары республикалық байқауларда жүлделі орын алған. 6-шы сыныпқа көшкен талантты оқушының жуырда алғашқы жинағы жарық көрді.
Алтынай ертегімен қатар өлең шығарып, шағын әңгімелер жазумен әуестенеді. Оның алғашқы оқырманы, әрі сыншысы – өзінің отбасы. Кішкентайынан әжесінің ертегісіне сусындап өскен Алтынай жеті жастан бастап ойындағы кейіпкерлерді сурет қылып салады екен. Содан кейін қағаз бетіне түскен бейнеге тіл бітіріп, ертегі желісін жазады. Ол жан-жануарлардың іс-әрекеті арқылы достық, қайырымдылық секілді қасиеттерді жеткізеді. Жас қаламгердің айтуынша оның достары кітап, газет-журнал оқығаннан гөрі ғаламторға кіргенді ұнатады екен. Сол себепті ол достарын кітап оқуға шақырады. Аймақ басшысының қолдауымен басылып шыққан алғашқы 62 беттік жинаққа 32 ертегі, 13 өлең және 10 шақты әңгімелері енген. Дарынды өреннің қазірде екінші кітабы қатталып жатыр. Жас жазушының өжеттілігін байқаған өнертанушы, әдеби сыншылар бұл шығармалардың балалар әдебиетінде алатын орны ерекше екендігін айтады. Өнертанушы Бекжан Махамбетов: «Қазіргі таңда балалар әдебиеті жоқтың қасы. 11 жастағы баланың 2 кітап жазуы таңқаларлық дүние. Безендіруі, көркемдігі, түрлі-түстілігі, дизайны өте жоғары деңгейде жасалған кітап екен. Мың дана аз, он мың данамен шығару керек. Бұл кітаптар әрбір отбасы сөресінде тұру керек», – деп пікір білдірді.
Жас қаламгер бүгінде республика көлеміне танылып үлгерді. Дарындылығын байқаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда өңіріне барған сапарында оқушы Алтынайға «Еуразия жүрегінде» кітабын сыйлаған болатын.
Аяулы ҚУАНЫШ