«Бесік тербетіп отырып, өлең жазам…»
Күләш АХМЕТОВА,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Қазақстан жазушыларының 5-ші съезінде Ақұштаппен алғаш кездескенімізде мен Жамбыл медицина училищесінің, ол Алматы Қыздар педагогикалық институтының студенттері едік.
Алғашқы мөлдір жырларымыз жарық көріп, қылтиып көзге түскен кезіміз-тұғын. «Қаршадай боп мынадай үлкен жиынға қатысу бақытына қалайша ие болдық?» деген ой ол кезде басымызға келген жоқ. Өлең жазамыз ғой деген өр сеніммен өткелі қиын ағыста тоғысып кеттік.
Атағынан ат үркетін марқасқалар түгел келген жиында «тең-теңімен» дегендей, студент ақындар бір-бірін танып, бірге суретке түсіп, кішкентай сый-сияпат жасасып, үйіріліп, үйлесімді дәурен кештік. Сыңғырлай күліп сөйлейтін талшыбықтай Шырынмен де (Мамасерікова) сол күндері танысып, достық рәуіште болып едік. Ақұштап болса, өзі аппақ, шашы ұқыпты түйілген, еліктей. Үстінде сол кездің супер модасы – болони плащ бар. Астанада оқып, ағаларының түр-түстерін танып, өзі де танылып қалған екен. Суырыпсалма, шумаққа ұста.
Бұл қыран дарын Төлеген Айбергеновтің:
Деміме мынау алқынған
Сен енді тоқтарсың ба? –
деп жырлайтын тұсы.
Дүниені көзбен қабылдайтын кезіміз болар, атына қанық ағалардың сөзін тыңдап, жүріс-тұрыстарына аузымызды ашып, таңырқай қарағанымыз болмаса, ол күндері біздер әдебиеттің қордалы мәселелеріне бойлай алмағанбыз.
Солайы солай болса да, біз дарынды ортадан әжептәуір тұтанып, алау алып қайттық. Ақындық біздің тағдырымыз екенін іштей ұқтық. Кешікпей Ақұштаптың «Өрімталы» шықты. Ақынның алғашқы жырлары – өзінің өмірі, ойы, жан-күйі. Бұған айғақ – «Әкеме» атты өлеңі. Тұнған сурет, тұтас образ туғызған бұл өлең – ұлттық поэзиямыздың табиғи таза маржандарының бірі. Ақын осы өлең арқылы оқырмандарына ұялтпасқа уәде берген сияқты. Ал оның анасына арнаған өлең-жырларының әрқайсысында асыл тастай қыз тағдырының қырлары ашылады.
Бесіктен өзің едің шешіп алған,
Қызыңның болып еді өсуі арман.
Бір кезде құндағына сыйған сәби
Үйіңе сыймай кетсе, кешір, анам.
Бұл – бүкіл нәзік жаратылыс, «жат жұрттықтың» айтары. «Өрімталда» жасандылық жоқ. Өкініш ызасы, шынайы махаббат, мейірімі тұңғиық ақын басынан өткенін, жүрегіне жеткенін жазады.
Сол съездегі кездесуден кейін араға біраз жылдар салып, Ақұштап екеуміздің жолымыз астанада қайта түйісті.
Менің университетті бітірген, ал Ақұштаптың «Ал тағдыр асау аттың тізгіні екен, Тартқанға, тартысқанға көнбейтұғын» дейтін, сұлу тіршіліктің біз ойлағаннан басқа екенін сезімтал жүрекпен мойындаған кезіміз. Ол кезде Ақұштап «Жұлдызға» орналасқан екен.
Өмір үшін күресіп, өлең үшін шарқ ұрып, қанатымыздан қауырсынымыз ұшып, талпынған кезіміз жақсылық атаулыға!..
Біздің ақын қыздардың зүбәржат жырларындағы жылап тұрса да, аласармайтын асқақ жігерге, асыл тектілікке қайран қаласың.
Ұлбике, Сара, Нұрила, Манат сынды ақберендерден бергі қыздар поэзиясының жанған жұлдызы жанға батар мұңлы жарық төгетіні қандай рас болса, сол нұрлы мұңның қуанышқа бергісіз қуаты, мейірімге толы медеті бар екені сондай анық.
Өнер табиғаты ортақ, өлеңді «әйелдер поэзиясы» деп бөліп қараудың керегі бар ма десек те, ХХ ғасырдағы қазақтың өлең-орманындағы «аққайыңдар» әуенінің бүкіл дыбыс-дірілі зерттелер де, жазылар бір заманда.
Сонда сол бір біз білмейтін оқырман Ақұштаптың қаламдас апасы Фазу Әлиге арнаған сырына да ортақтасар:
Айта алмаймын қашқанын неден мазам,
Азайған да кез болды менен наз-ән.
Сен сияқты мен де, апа, жылап-күліп,
Бесік тербеп отырып, өлең жазам.
Бақыттыға жұрт бізді балайды екен,
Құбылыс деп оқшау бір санайды екен.
Сен айтшы, апа, жар болу, ана болу,
Ақын болу әйелге оңай ма екен?!
Бір саладағы көрнекті өнер иелерінің қиыспас дос болуы – сирек құбылыс. Бір дәуірде атағы шыққан А. Ахматовалар мен Ц. Цветаевалар сонша биік рухтың, бір мүдденің иелері бола тұра, тұрмыста араласпаған, ал кездескен сәттері ажырамас достыққа себеп бола алмаған. «Бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқ» дегендей, тағдыры ортақ өз қаламдастарымның арасынан да үлкен достық мысалын іздеймін, іздеймін де, тау шыңдарының басы сүйір болатынын ойлаймын. Бірақ біз бір-бірімізді қатты түсінісеміз. Қадірлесіп, сыйласамыз. Үнсіз ұғысатын кездеріміз көп.
Анда-санда Ақұштап екеуміздің шүйіркелесетін сағаттарымыз болады. Сондайда «Әйел болып жаратылған соң ақындық деген қасиетті ұғыммен қатар қонып, екі әлемді бір басқа сыйғызам деу өзің ғана білетін жанкештілік емес пе, тәніңнен өнген дәнің мен рухани ұрығыңның екі арасында шыр-пыр боп шырылдауыңа жаратылыс қалай қарайды?» деген сауалдар туады.
Сонда есіме еврей халқының мына аңызы түседі:
Ұлы Жаратушы қиямет-қайым кезінде адамдарды бір жерге жинайтын көрінеді. Ортада сансыз бұтағы бар зәулім дарақ – азап ағашы өсіп тұратын болса керек. Оның әрбір бұтағына әр адамның пәни дүниеде көрген қорлығы мен азап-мехнаты жазылып, ілінеді дейді. Адамдар сол ағашты айнала жүріп, өзіне ұнағанын алуға ерікті. Пенде боп жаратылған соң қайғысыз-мұңсыз ғұмыр жоқ. Тек біреудің соры біреуден қалыңдау болуы мүмкін. Сондықтан қалағанын алсын дейді екен. Сол бір сын сағатта адам жазған Азап ағашын айналып жүріп-жүріп, ақыры әркім баяғы өз мұңын, өз қайғысын таңдайтын көрінеді…
Терең тағылым.
Жер бетіне келген соң оның рақатын ғана көріп, азабын шекпеу адамға тән емес. Олай болса, сол азабыңды азайту, көзіңдегі жарқылға жарқын рең қосу, дәлірек айтқанда, бақыт үшін күресу – өз жұмысың. Басқаның бақытына қызықпа! Қызғанба! Өз қамыңды өзің же, өміріңді ұзарт! Өнеріңді өлтірме! Ұрпағыңды ойла! Мысал тағылымы осылай дейтін сияқты.
Біз де мүмкін өмірімізді қайта құруға құдіреттен рұқсат болса, бәрін қаз-қалпында қайта сұрар ма ек?
Сондықтан да:
Анамын бөбегін сағынған,
Ақынмын жыр болып ағылған,
Көңілмін екіге бөлінген,
Жүрекпін екіге жарылған, –
деген мәлімдеме жасатқан тағдырымызға пейіл боламыз. Себебі біздің қиыншылықтарымызда қуаныш та бар, бақыт та бар. Ондай бақытты Ақұштап кітаптарының аттары-ақ айтып тұр. «Наз», «Қуанышым, іңкәрім», «Ақ қанат», «Бақыт әні». Өлеңнің өмірбаянымен қоса өріліп, жердегі мұратының желкен көтеруі емей, немене бұл?
Ақын «өмір» атты асаумен алысып, «өлең» атты киемен мұңдасып жүріп, халықтың жүрегіне жол іздейді. Сол халқы, қалың елі ақынын аялай да біледі.
Өлеңнің дертімен ауырып, отбасының күйбеңінен шаршап, одан қалды қоғамдағы әділетсіздіктерден жараланып, қиналған кездерден кейін Ақұштап Ақ Жайыққа тартады. Ақ Жайық өзіне тән ақ айдын дарқандығымен бауырына басады. Туған жері, ондағы тұлғалы азаматтар ақынын алақанға салады. Ұйқысы аз түндер, жүрсе де, тұрса да, жүрегінен кетпей, жан сыздатқан жыр жолдары – дала, ел тағдыры туралы ойлар, тіршілік қамы, қала тірлігі бір сәт ұмытылып, әлгі өзі «қорқатын ақындық тағдырына» енді алғыс айтады. Алдынан шығып, ардақтаған асыл елге баладай еркелейді. Ақынның шын бақытты шағы – осы!
Сен Жайыққа айт, ерке қыз келеді де,
Өлең жазып ақ көйлек желегіне.
Сағынышы басылмай жүр дегейсің,
Құлаш ұрып қайтпаса тереңіне.
Елдің елдігі, Жайықтың жайықтығы ақынға осындай жырлар жазғызған. Сондай елдің, бүкіл қазақтың тілеуін тілеу, сөзін сөйлеу – суреткер парызы.
Шығармашылық шеберлігінің өсуі, толғақты ойларға оралуы жағынан, Ақұштап өмірдің өзіндей белесті биіктеріне бірқалыпты көтеріліп бара жатыр.
Қашаннан Ұлт тағдырына, ұрпақ болашағына мүдделі, кеңестік дәуірде де әділеттің алмас тілі болған нағыз ақын-жазушылар алдаспан-сөздің айбарын көлденең көк аттыға бере қоймай, уақыттың соқталы сұрақтарына аталы уәж айтып алға шықса, арасында Ақұштап бар!