БІЗ КӨРГЕН «ШАБДАЛЫ»
06.08.2018
1890
0

Қазақ кинематографиясының қоржыны тағы бір туындымен толықты. Адамгершілікті ту еткен бұл кезекті картина да көрермендермен қауышып, тиісті бағасын алуда. Жаз айында жарыққа шыққан «Шабдалы» көркемфильмі – «Асыл арнаның» тапсырысы бойынша түсірілді. Идея авторы – Мұхамеджан Тазабеков. Фильм режиссері – Жандос Құсайын бұған дейін бұл арнаның тапсырысымен «Сергелдең», «Шатқал», «Қазақстан» Ұлттық арнасының ұсынысы бойынша «Әли» атты фильмдер түсірген болатын.


Режиссер бір сұхбатында: «…Жер бетінде мысқалдай болса да жақсылық пен сұлулық жасауға себім тисе деймін. Сол ғой, «кино, кино» деп жүргенім…», – деген еді. Негізінен адамгершілік, Жаратушы алдындағы адамзаттың мақсат-міндеттері турасындағы тақырыптарда фильмдер түсіріп жүрген режиссердің бұл жолы назарға алған негізгі уақиғасы да ерекше. Фильм 2000 жылдары болған уақиғаларды баяндайды. Астанадағы жоғары оқу орнын бітіріп, мықты заңгер болуды армандайтын студент қыз оқу бітірген соң, Оңтүстік Қазақстанның жігітіне тұрмысқа шықпақ болып, онымен бірге Жетісайға «қашып» кетеді. Бірақ қыздың анасы бұл тірлігін мүлдем құптамайды. Қыз анасының жоспары мен қалауы бойынша мәнсап қуып үлкен қызметкер боп жұмыс істеуі керек еді. Осы ойынан айнымаған анасы қызын үйіне қайта әкелуге шешім қабылдайды.
Фильм уақиғасындағы драматургиялық шешімнің ерекше, тың болғаны, әрине, жақсы. Бірақ күнделікті шындықтан алыстап, айдаладағы шабдалының айналып келіп үлкен бір тағдырды шешуге қатысы – миллионнан бір кездесетін жағдай. Яғни, сандық жиілігі алыстаған сайын да фантастикалық әлемге қарай қадам басып, көрермен санасындағы сенімнен қашықтай түседі.
Фильм жалпы – ақталу жайлы. Экспозициясындағы бүгінде нанын базардан тауып жүрген прокурордың әйелі бұрынғы құрбысына неге мұндай жағдайға түскенін баяндап ақталуынан бастап, күйеуге қашып кеткен қызының анасы алдындағы ақталуы, құдасының неге мұндай жағдайға түскеніне әйелінің ерте қайтқанын қоса айтып ақталуы, қыл аяғы шын мәнінде көптің көңіліндегі түстіктегі ағайынның ақ-адал көңілдерін, таза ниеттерін, үлкенге – құрмет, кішіге, ізет көрсете білетін ең ақкөңіл адамдар екендігін дәріптеп ақтап алады. Режиссердің өзі айтпақшы«шымкентскийлерді» тым жақсы көретінін осылайша дәлелдеп, қоғамдағы кейбір теріс пікірлерге экран арқылы жауап қатты.
Ғаламтор бетінде бұл фильмді комедиялық жанр деп сипаттағанымен, негізінен комедиялық элементтері бар драма дегеніміз дұрысырақ болар. Жалпы, фильм барысынан бірнеше жанрдың қосындысын байқауға болады. Шымкенттік (қазіргі түркістандық) таксист роліндегі Жарас Ахметовтың актерлық шешімдерге құрылған кейде орынды, кейде орынсыз көрінетін жеңіл әзілдері арқылы фильмге комедиялық элементтер енсе, қыз тағдыры, алып-қашу мәселесін көтеру арқылы драма, кейде, тіпті, арт-хаустық элементтер де қылаң берді. Әсіресе, арба айдаушы роліндегі Қадыржан Құлманов жасаған ауылдағы ештеңемен шаруасы жоқ, эмоциясыз, өмірінде аздаған тұрақты функцияларды үнсіз ғана орындап үйренген кейіпкердің келбеті мен оның үнсіз ғана барып кірпіш тасушыларға көмектесуі авторлық режиссура тұрғысынан қызықты, күрделі шешім болып шықты.
Фильмнің ойдағыдай деңгейде жарық көріп, көрермендердің көңілінен шығуы үшін Шолпан Елгезекова, Дархан Манақов, Айдана Қызылқұлова, Жарас Ахметов, Абай Аязбаев сынды актерлер біраз тер төккені көрініп тұр. Олардың бір ерекшелігі – театр тембрінде сөйлемей, бейнелерін барынша шынайы алып шыға білуінде. Дегенмен, Шолпан Елгезекова ойнаған басты рольдегі құдағи бейнесінің драматургиядағы кейіпкер ретіндегі формуласы онша ұтымды құрастырылмағандай болып көрінді. Себебі, ол кейіпкер прокурордың элиталық, аздаған болса да интеллектісі бар бәйбішесі мен ауылдың долы әйелі екеуінің арасында қалып қойған. Фильмнің кульминациясы болған ауылдағы қызын алғаш көрген кезіндегі әрекеттері де нақтылықтан алыс, мизансценалары шашыраңқы шықты. Әйтпесе, түсірілім алаңында актрисаға жүйелі тапсырма берілсе, оны толыққанды ойнап шыға алатындығына еш шүбә келтірмейміз.
Жалпы, аз ғана қаражатпен адамгершілік тақырыпты қаузаған рухани фильм түсіріп шығуды үлкен ерлікке балауға болады. Мұндай жауапкершілікке өнерді, соның ішінде киноны ессіз сүйетін жанкештілер ғана бара алады. Тек бұл жанкештілік ғұмыр бойы қазақ киносының жүгін арқалап, оны дамытуға жете бермеуі мүмкін. Сондықтан да фильм түсіруге тапсырыс берерде ауылдағы шатырсыз аласа тамдардан бөлек, тым болмаса фильмнің 15%-ында пайдаланылатын астаналық прокурордың отбасын көрсетуге лайықты локацияға жететін қаржы бөлсе екен деген тілегіміз бар.
Адамгершілік азайып, қатыгездік көбейген мына заманда жақсылық жасауға үндеп, түсіністік танытуға тәрбиелейтін осындай фильмдердің көрермендерге көптеп жол тарта бастауы – ұлттық идеологиямыздың дұрыс бағытта жүргізіліп, Қазақстанның болашағын жасаушылар үшін ұтымды құйылған инвестиция деп бағалауға болады.

Айдана АЛАМАН,
М.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институты
Театр және кино бөлімінің
ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір