ҚАЗАҚ КИНОСЫ АҚШ ТӨРІНДЕ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мәдениеті мен әдебиетін шет елдерде насихаттаудың маңыздылығына аса мән беріп жүр. Осыған орай қазір қазақ режиссерлерінің туындылары алыс елдердің көрермендеріне жол тартуда. Биыл күзде режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі АҚШ кинотеатрларынан көрсетілмек.
WWMPC (World Wide Motion Pictures) компаниясы «Анаға апарар жол» фильмін АҚШ аумағында көрсету құқығын иеленді. Аталмыш картина сюжеті ана махаббатының қуатты күшінен бастау алады. Оқиғаның негізгі желісі қазақ халқының басына түскен ауыр кезеңмен тұспа-тұс келген: ұжымдастыру, жұт, ашаршылық, соғыс және соғыстан кейінгі жылдар суреттеледі. Басты кейіпкер Ілиястың бойында ерекше рух, ерлік пен отансүйгіштік, қайсар мінез бар. Фильм Қазақстанда, Әзірбайжанның Баку, Лагич қалаларында, сондай-ақ, Белорусияның Минск, Брест қалаларында түсірілді.
«Анаға апарар жол» фильмі Испания, Ресей, Хорватия кинофестивальдерінде жоғары марапаттар иеленген. Еске сала кетейік, наурыз айында БҰҰ мен Қытайдың кинематографистерінің қолдауымен АҚШ-та өткен WeLink Халықаралық кинофестивалінде «Үздік көркем фильм» номинациясын жеңіп алды. Екінші рет ұйымдастырылған өнер додасына әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден астам кино мамандары қатысқан болатын. Кинокартинаны тамашалаған АҚШ-тағы қандастарымыз да жоғары баға берді.
Аяулы ҚУАНЫШ