СҮЙЕКТЕГІ СУРЕТ
Қазақ мәдениеті, соның ішінде сурет, ойма өнері елімізге ағылып келіп жатқан туристерді таң қалдыруда. Бұл, әрине, өз кезегінде қазақ мәдениетінің шетелдерде насихатталуына да кеңінен жол ашса керек. Сүйекті сөйлетіп, суретке жан бітірген шебер Бектас Кәрімұлының туындылары әлемді мойындатты. Ақмолалық мүсінші АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия және елімізде өткен түрлі байқаулардың жеңімпазы.
Суретші, мүсінші Бектас Кәрімұлының есімі елімізде ғана емес, дүниежүзіне мәлім. Ол 2005 жылы Ақмола облысы, Шортанды ауданына Моңғолия елінен көшіп келген. Елордада Ұлттық мұражайда «Өткенді еске алу – болашаққа жол» тақырыбында өткен көрмеге ұсынылған жәдігерлері дүйім жұрттың назарын айырықша аударды. Сондай-ақ, сүйектен жасаған мүсіндері ЭКСПО төрінде де лайықты орын алған.
Суретшінің майлы бояумен салған картиналары мен сүйектен қашалған еңбектері қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін айқын көрсе-теді.
Атап айтқанда, қойдың, ірі қара малдың жауырын сүйегін бұзбай әрлеп, түрлі жәдігерлік бұйымдар жасайды. Бектас Кәрімұлының айтуынша, халқымыз төрт түліктің жауырын сүйегін қастерлеп, ырым етіп, сол сүйектен жол ашып, тұмар қылып пайдаға жаратқан. Сондай-ақ, малдың жауырын сүйегін кәдеге жарату арқылы халқымыздың ұлттық құндылықтарын болашақ ұрпаққа қалдыруды, насихаттауды мақсат тұтып, өскелең ұрпаққа осы бір кенжелеп қалған өнерді үйрету. Ол шамамен 7-8 жылдан бері балаларға сурет салудан тәжірибесімен бөлісіп, жас суретшілерді дайындауда. Қазіргі таңда, үйірмеге он шақты бала қатысады екен.
Шебер 1000-нан астам картиналар салып, 200-ден астам сүйек-мүсін жасаған. Туындылары 15 мың теңгеден жоғары бағаланады. Еңбегі елеусіз қалмай, жүлделі орындарды иемденуде. Мәселен, Астана қаласында Конгресс-хол көрме залында Ұлы жеңістің 70 жылдығына орай өткен көркемөнерпаздар шығармашылығы Республикалық байқау-фестивалінің І орын, 2017 жылы өткен «Көшпенділер» халықаралық көрмесінің бас жүлдесі «Алтын бүркіт» дипломдарымен, Баян-өлгий аймағының өнер саласының «Озат қызметкер» төс белгісімен марапатталған. Сондай-ақ, Моңғолияда болып өткен АҚШ, Ресей, Қазақстан елдерінің біріккен халықаралық суретші, қолөнер шеберлерінің көрмесіне қатысып, бас жүлде иемденген. АҚШ-қа «Көшпенділер үні» көрмесіне Қазақстаннан шақырту алған 6 суретшінің қатарында болған. Бірақ ол елге бара алмаса да, оның қолынан шыққан суреті Өзбекстан, Ресей, Моңғолия елдерінен барған қатысушылардың туындыларымен қатар ұсынылды. Бұл біздің шеберлердің өнер туындылары танымал, әрі шынайы екендігінің көрінісі.
Аяулы ҚУАНЫШ