САХНАНЫҢ САРАПШЫ САРДАРЫ
20.07.2018
1318
0

Қадырбек УӘЛИҰЛЫ

Қадырбектей құрдасты алғаш Абылай хан даңғылы мен Гоголь көшесінің қиылысындағы тоғыз қабатты үйден көрдім. Қадыр Мырза-Әлі, Рамазан Тоқтаров сынды бірнеше ақын-жазушы мен Нұрғиса Тілендиев ағамыз бастаған өнер майталмандарына үй беріліп, біз көшіріскен едік. Екі-үш жігіт Қадырды екі бөлмелі үйіне орналастырып, төменге түскенімізде, бұлар Рамазанның дүние-мүлкін түсіріп жатыр екен. Аяқ асты жолығып, абыр-сабыр болдық та қалдық. Ол кезде бәріміз жаспыз, тасыған судай аңқылдап жүрген уақытымыз, арамызда тек мөп-мөлдір қағытпа әзіл-қалжың ғана бар, аяулы бір шақ еді. Сол кезде Қадырбектің тұлғасы мен қаба сақалы маған Америка жазушысы Джек Лондонның шығармаларында Алясканы аралап жүретін жиһанкездерге ұқсап кетті. Жолында жүк қалдырмайтын қара нар, алысса алдырмайтын алып, сөйлесе ақ көңілімен жарқылдап кететін, қай істі қолға алса да тындырмай тынбайтын қазақтың ертегіде кездесетін батырындай әсер берді.


Мен бұлардай емес, жазу-сызуға енді келген кезім еді. Әрі бұл салаға тағдырдың өзі айдап келген. Негізі менің балалық арманым дәрігерлік болатын. Сөздің қысқасы, бұл салаға келгесін қарап жүрмейсің ғой. Оның үстіне сол кезде менің алғашқы жырларымның бірі – «Жүкші» атты өлеңім өмірге келген.
Күн шығады кірпігінен от өріп,
Мен де шығам жүкті арқама көтеріп,
Осылайша өтеді әрбір күндерім,
Сағат сайын өз борышым өтеліп.

Күн батады бұйра бұлтты ысырып,
Мен де қайтам жүкті арқамнан түсіріп,
Келем үйге кең әлемнің төріне
Көңілімнің көгершінін ұшырып.

Ағараңдап таңмен бірге атамын,
Рахатқа күнмен бірге батамын.
Мен, достарым, қарапайым жүкшімін,
Түсімде де жүк көтеріп жатамын, – дегендей. Бұл өлеңім жырсүйер қауымның ортасында әжептәуір жақсы пікірге ие болған. Мұны айтып отырған себебім, осы өлең Қадырбектің тау тұлғалы «Жүкшілі­гін» еске түсіргендей болды. Шындығында балаң күндегі сол ойым, кейін араласа келгенде ақиқатқа айналды.
Біздің ортамызда өзінің ақкөңіл қал­пы­мен ұлттық театр өнерінің аруана жүгін арқалап келе жатқан бір азамат болды. Ол – осы Қадырбек Уәлиұлы еді. Басқаны қайдам, өз басым шығармаларын оқысам, қазақ театрының бүкіл жаратылысындағы құбылысты егжей-тегжейлі зерделеп шық­қандай боламын.
Қадырбек Уәлиұлы тап кешегі халық арасынан шыққан алыптар тобының бірсыпырасының сахнадағы жүзі мен өмірдегі дидарын өз бойларындағы аңыз әңгімелердің өресінде өріп шыққан. Бұл қасиет тек өз қанымыздың қалыптасқан қағидасы екені де айқын. Кешегі өнер оша­ғымыздың есігінен жасқаншақтай енген жас ұлан, бүгінгі таңдағы сол өнер ордаларының тарландары туралы толым­ды еңбектердің көзін ашып, көкейіндегі көп жайды көбесінен көтеріп жүргеніне ешкімнің таласы болмас.
Оның өзі туып-өскен қазіргі Тараз (Жам­­б­ыл облысының) қаласы орталы­ғын­дағы Абай атындағы қазақ драма театрының жүріп өткен шығармашылық жолының іргелі шежіресін айқындап берген «Көгілдір шымылдық көтерілгенде» атты еңбегі еді.
Ал, екінші бір күрделі еңбегі «Сахна – менің өмірім». Мұнда кешегі балаң ой­лы Қадырбектің бой түзеп, ел ағасы ре­тінде салиқалы сөзге кеңінен барып, ке­мел­денген әңгіменің кенересін қүр­­де­­лен­­діре көрсете білгендігі еді. Та­мыр­лы бағытына баппен барып, бағдарлы да байсалды, сарабдал әңгіме өрбіткені рас еді. Бұл еңбектің жолы бөлек. 1981 жылы «Өнер» баспасынан шыққан жинаққа бар болғаны жеті мақала енген. Онда үлкенді-кішілі өнер саңлақтарының жеті қыры барынша айқындала жазылған. «Тұңғыш халық әртісі – Елубай Өмірза­қов», «Сахна – менің өмірім» – Камал Қармысов, «Асқар асқан асулар» – ұлы ре­жиссеріміздің бірі Асқар Тоқпанов туралы, «Құштарлық» – аса талантты актер Әнуар Молдабеков, «Өнерпаз болсаң арқалан» – белді режиссерлердің бірі Маман Байсеркенов, «Шеберлік бастауы» – режиссер Тұрар Дүйсебаев, «Қадырдың қайырлы қадамдары» режис­сер Қ.Жетпісбаевтың шығар­ма­шы­лығын сөз етеді. Осы шығармалардың бәрінде автор өнер адамдарының өз тұлға­сынан ұшқындайтын ізденіс іздерін немесе ак­тер­­лердің сахналық шеберлік­терін шы­найы суреттеген еді. Режиссер­лер­­дің сол спектакльдің жарқырай шығуына үлес қосқан тапқырлықтарын жіті бақылап, жіліктеп, қайсыбір жетпей жатқан тұста­рына сыншылық көзқарасын анық аңғартқан еді. Мұның бәрі біздің Қадыр­бек­тің әр актер мен режиссердің ішкі жандүниесіне еркін ене білетіндігін көр­се­тетіндей.
Өнер алыптарының бірі Серәлі Қо­жам­құлов ағамыздың шығармашылығы мен азаматтық келісті келбеті хақында жазылған «Актер және азамат» пен «Тұ­ғыры биік тұлға» атты кітаптары (Мұнда тағы бір өнер алыбы – Ыдырыс Ноғайбаев хақындағы лебіздер шоғырланған) ұлттық мәдениеттің өлмес шежіресі деуге тұрар­лық дүниелер.
Кезінде Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы мен Мұхтар Әуезовтің «Түр­кіс­тан солай туған» туындылары бойынша киносценарий жазып, көптеген аударма жасап, шарқ ұрған ізденістері де болған.
Қадекең кезінде А.Толстойдың «Эми­грант­­тар», А.Стравицкийдің «Қасіретті жекпе-жек», Жан Коктоның «Адам дау­сы», М.Ғапаровтын «Тұзды шөл», Чех пре­зиденті В.Гавелдің «Жат тілділер» пьесаларын аударып, театрларымыздың репертуарын байытқанының өзі не тұрады. Оған қоса, Д.Мамин-Сибиряктің «Ақбоз ат» повесін, А.Кононовтың «Көпір үстінде» әңгімелер жинағын, А.Сера­фи­мовичтың «Үш дос», «Орман тынысы» атты әңгімелер жинақтарын, С.Алексеев­тің «Суық торғай» әңгімелерін, Маршал Гречконың «Соғыс жылдарында» атты мемуарлық кітабын, Ян Маранның «Тұм­сы­қай-пілдің баласы» повесін, тіпті, В.Степаненконың «Таңғы шық» роман­да­рын қазақтың төл тумасындай сөйлет­кенін қалай ұмытармыз.
Ұлтымыздың би өнері төңірегінде сөз қозғап, кезінде Болат Аюханов, Инесса Манскаялар жетекшілік еткен «Алматы­ның жас балеті» жайлы да біраз сыр шерт­кені елге аян. Сондай-ақ, эстрада, цирк, сурет-бейнелеу саласы қайраткерлері ту­ралы тағылымды, танымды әңгімелер өрбіткенін оқырмандары жақсы біледі.
Мұндай жан-жақты еңбек жасаған адамның шығармашылық лабораториясы аса бай екені рас. Қазір сексеннің сеңгіріне шыққан ол қазақтың маңдайына біткен Асқар Тоқпанов сынды дара режиссері мен ұлтымыздың біртуар артистерінің бірі Әнуар Молдабеков жайлы әр кезде жазыл­ған қаламдастар пікірлері мен мақалала­рын жинақтап, оларды өзінің редакциясы­нан өткізіп, екі томдық дүние жинақтап қойғанын да назарда ұстағанымыз абзал. Дос туралы мақаламды тұжырымдай келе сөз аяғын өзімнің арнау жырыммен аяқ­тау­ды жөн көрдім.
Баладай аңқылдаған азаматсың,
Даладай көңіліңмен ғажап-ақсың.
Заманың көтермеген мінезіңді
Үндемей соңғы кезде жазалапсың…

Біз соңғы түлегі едік ерке өмірдің,
Алдымыз күйін кешті келте өмірдің.
Соңымыз не боларын кім біледі.
Қиылмасын тілейік желкеміздің.

Дүрілдеткен кешегі ардың жырын,
Қайда бүгін дос-әзіл балдай-шырын.
Біздерді әлдилеп тұр о достым-ау
Жарқыраған көзге тек алдамшы күн.

Қаншама алып болсын жүрегіміз,
Ұрпақтың үстінде ғой тілегіміз.
Еңбегі сүйген жардың ғаламат қой.
Әрқашан аман болсын тірегіңіз.

Бір кезде асып-тасқан қайран көңіл,
Жамбастап жатып алу саған жеңіл.
Тұр орныңнан, шалжиып жата бермей,
Мысымызды баспасын мыстан өмір, –
демекпін. Сексеннің сеңгіріндегі абзал достың төсек тартып жата бермей тез сіл­кінуін тілеймін. Болашақ ұрпақтарың­ның ортасында ақ сақалды ата болып отырға­ның­ды көргіміз келеді. Қымбатың да ақ әжелік парасат биігінен көріне берсін!

Сейфолла ОСПАНОВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір