КӨРЕРМЕН ТЕАТРҒА СӨЗ ТЫҢДАУ ҮШІН КЕЛМЕЙДІ
20.07.2018
1730
0

Әридаш ОСПАНБАЕВА, режиссер


Әридаш Оспанбаева – қазақ режиссурасындағы жаңа есім. Ол үлкен сахнадағы алғашқы жұмысын жас драматург Айдана Аламанның «Жүрегімнің иесі» пьесасын сахналаудан бастады. Қойылым тұрмыс құрмаған қыздың жан дүниесін ақтару арқылы, көрерменмен сырлас етеді. Режиссер алғашқы жұмысының жанрын да бұрын қазақ сахнасында көп атала қоймаған психофизикалық драма деп атапты. Әридашпен әңгіме алғашқы қойылымы және қазақ режиссурасындағы жаңа бағыт туралы болды.


– «Жүрегімнің иесі» қойылымы сіздің үлкен сахнадағы алғашқы жұ­мысыңыз. Премьера өткен соң «Qamshy.kz» сайты «Театр әр­тіс­тері сахнада шешінді» деп жаз­ды. Актерлерді шешіндіруге не се­беп болды?

– Актерлер шешінді деп айта алмаймын. Әр қойылымдағы ак­тер­дің қимылы кейде өзін-өзі ақ­тай­ды, кейде ақтамайды. Бас кейіпкер – Дариғаның жас күнін­дегі қателігін көрсету арқылы кө­рерменді ондай қателікке ұрын­бауға үндедім. Сол себепті бұл көрініс өзін-өзі ақтап тұр деп айта аламын. Тіпті, бойжеткен ондай қателікке ұрынған күннің өзінде өмір онымен тоқтамайды, адам әрқашан алға ұмтылу керек деген ойды айтқым келді. Әркім­нің ойы әртүрлі. Сахна өнері кез келген көріністің эстетикалық сипатына мән береді. Махаббат эмоциясының шарықтау шегін көрсеткен сахнада эстетикаға қайшы көрініс бар деп ойламай­мын. Меніңше, көрермен мұны дұрыс қабылдай алады. Ол көрі­ністі Дариғаның тағдырын нақты жеткізу үшін пайдаландық, шешіндіру басты мақсат емес.
– Қойылымның жанрын пси­хо­физи­калық деп атадыңыздар.
Те­атр сыншысы Анар Еркебай өзі­нің Фейсбук парақшасында «Мұны нақты психофизикалық қойылымға жатқыза алмаймын, тек белгілі бір элементтері бар», – деп жазды. Сіз о баста қойылымды оқыған сәтте жан­рын осылай көрдіңіз бе, әлде бір­те-бірте осы шешімге келдіңіз бе?
– Пьесаның бірінші нұсқасы сахнаға шыққан нұсқадан мүлде бөлек еді. Автормен келісе оты­рып өзгерттік. Сол тұста мен бір­ден қойылым психофизикалық драма болады деп елестеттім. Ан­ар апайдың айтқанымен қо­сылу­ға болады. Өйткені, қойы­лым­ды үш құрам ойнады, тиісін­ше әр актриса әр жанрға тартуы заң­дылық. Мысалы, Саяжан Құ­лымбетованың ойынында драма басым, Әсел Сайлауовада психофизика бар. Ал Гүлнұр Шың­ғысова мелодрамаға жақын ой­найды. Сондықтан көрермен пі­кірі қай құрамдағы актердің ойынын көргеніне байланысты әртүрлі қалыптасады.
– Еліміздегі жас режиссерлер­дің қойылымдарын бақылап жү­ре­сіз бе? Замандастарыңыздың бета­лы­сы қандай?
– Шамам келгенше бақылап жүремін, аяқ алысы жақсы ре­жис­­серлер бар. Бізден бірнеше буын үлкен режиссерлердің ішін­де де мықтылар көп. Жалпы, қа­зақ сахна өнеріне, қазақ режис­сура­сына реформа жасауға тал­­­­пы­нып жүрген жастар бар­шы­лық.
– Ол қандай реформа? Жастар нақты нені өзгерткісі келеді?
– Заман талабына сай жұмыс істегісі келеді. 3D форматта жұ­мыс істеу әзірге қиынға соғып тұр. Дегенмен, талпыныс пен бағ­дар дұрыс. Облыстағы жас режиссерлерді көтеріп, олардың өзін-өзі танытуына жағдай жасап, фестивальдерге қатыстыру үрдісі қарқын алып жатыр. Оған мен қатты қуандым. Бізде көп адам режиссерлік мамандықты игеріп шыққанымен, әсіресе, театр сала­сын­да жұмыс істейтіндер өте си­рек.
– Ерлан Біләл сұхбатында «Қа­­зіргі актерлер техникалық мүм­кін­дікпен бәсекеге тү­сіп жатыр», – деп айтты. Сол бәсекеде сіз ак­тер­­лерге қалай көмек бере аласыз?
– Қанша жерден техникалық бәсекеге түскенмен, 3D, гал­ло­г­рафиямен қойы­лым қойғанмен ак­терлік ойын бірінші орында тұ­руы керек. Се­нің режиссерлік шешімің де, қол­данған эффек­тілерің де актерге кедергі болмауы шарт. Тек ак­тер­лік ойын арқылы ғана жақсы туынды жасауға бо­лады.
– Әлемдік театрдағы тен­ден­ция­­лармен өлшегенде қазақ жаста­ры­ның талпынысын қалай бағалай­сыз?
– Жаңашылдықты «шетелге еліктеушілік» деп, көп жағдайда сынап жатады. Бірақ әлемнің өзгеше мәнерін сезініп, ондағы бағыт-бағдарды қайталамаса да, соған қарап өзгеше бір дүние жа­сау­ға тырысқан жөн деп ойлай­мын.
– Шетелдік режиссерлерден кім­дердің қойылымдарын ұната­сыз?
– «Студия театрального ис­кус­ства» театрының негізін қа­лаушы Сергей Женовач. Француз театр режиссері Филипп Жанти­дің идеялары мені ойлантады, қанаттандырады.
– «Жүрегімнің иесіне» қайта оралайық. Қимылға байланысты шешімнің барлығын хореографқа сеніп тапсырдыңыз ба?
– Психофизикалық қойылым болған соң хореграфия басым. Себебі, ойды сөзбен емес, қи­мыл­­­мен беретін тұстар көп. Кейіп­кердің характерін ашу үшін көбіне сөзден гөрі қимылға жүгін­дік. Хореограф Гюзель Мұхамед­жанова екеуміз бірігіп жұмыс іс­тедік. Өзім би маманы бол­­­ма­­­ға­сын, Гюзельге өз ойымды, не қалайтынымды нақты айтып отырдым, ол оны іске асырды. Тек Гюзель екеуміздің арамызда ғана емес, жалпы шығармашылық ұжымда жақсы тандем болды.
– Қазақ қыздарының әр жаста­ғы көңілін, тұрмыс құрмаған қыз­дың ойын, тұрмыстағы келіншектің күйін боямасыз жеткізуге тырыс­тыңыз. Сіздің ойыңызша, қоғамда осы екі қыздың қайсысы көп зардап шегеді?
– Байқап отырсаңыз, әркім­нің басында өз қиындығы бар. Мейлі ол тұрмыс құрған қыз бол­сын, «жүрегінің иесін» таппаған адам болсын, бір толымсыз дүние бар. Дегенмен, қойылымның түйіні әйел бақытына тіреледі. Сол себепті, тұрмыс құрмаған қыз­дарға қиынырақ деп ойлай­мын.
– Өнердің тілі қоғамға әсер етуі үшін, өткір болуы керек пе, көркем болуы керек пе?
– … Өнердің ең басты мақсаты – ой айту. Әрбір өнер туындысы жәй ғана коммерциялық мақ­сат­ты ұстанбай, адамзаттың рухани деңгейін көтеруге талпынуы тиіс. Өкінішке қарай, бізде қойылым біткенде көрермен не көргенін түсінбей қалатын қойылымдар өте көп.

– Ендігі жерде сізге қандай тақырып қызық?
– Мен тақырып пен жанр таң­дамаймын. Берілген дүниені ойдағыдай сахнаға шығаруға ты­рысамын. Әрине, ойда жүрген та­қырып көп. Осы маусымда «Теа­тр көктемі» фестивалінде көр­сетілген Николай Эрдманның «Өле қалсам қайтеді» («Самоу­бийца») қойылымы қазылар алқасының жақсы бағасын алды. Бас кейіпкерді сомдаған актер – Ермек Бектасов «Көрермен кө­зайымы» номинациясына ие болды. Бірақ, театрдың гастрольге кетуі себепті премьераға үлгере алмадық. Дегенмен, келесі мау­сым­да премьера өтеді деп жос­парлап отырмыз. Н.Гогольдің «Жындының жазбаларын» трей­лер ретінде 10 минуттық нұсқада көрсеттік. Оның да форматы
ер­ек­ше. Болашақта спектакль ретінде қойсақ, өте қызықты шығарма болады деп ойлаймын. Оны қарапайым көрермен қалай қабылдайтынын білмеймін, фестивальге апаратын туынды ретінде сахналағым келеді.
– Театр фестиваліне арналған қойылымдар мен халыққа арналған қойылымдар арасында ерекшелік бар ма? Әлде екеуіне қойылатын талап біреу ме?
– Екеуіне бір талап қойылады деп айта алмаймын. Ешкімді жамандағым келмейді, бірақ қара­пайым жұрт көбіне жеңіл дүниеге, комедияларға ұмтылады. Әрине, талғамға талас жоқ, кейбір көрермен жеңіл-желпі дүниені қолдап, соған қуанып жатса, енді бір көрермен ойлы қойылымдар­ды мақтайды. Дегенмен, комедия жанры да адамның көкейіне бір түйін тастағаны абзал. Театр ха­лық­ты тек рухани тұрғыдан ғана өсіре алады. Адам санасы өзгер­мей қоғам дамым­ай­ды.
– Қолыңызға алған кезде «Жү­регім­­нің иесі» пьеса­сы қанша бет бол­ды. Сіз оның қан­ша бетін іске асыр­ды­ңыз?
– Бес-сегіз бет­тей болды. Дра­матур­­гияның оқы­ған­да қызық, бірақ қойғанға келмейтін түрі болады. Ең алғаш «Жүрегімнің иесін» оқығанда қоюға қиын деп ойладым. Өйткені, әрекетке құрыл­маған еді, автормен келісіп әрекет, шие­леніс қосып, негізгі фор­масын сақтап, 60 пайызын өзгерт­тік.
– Жаңа заманның драматур­гиясы көп сөзден арылу керек деп жиі айтылады. Оның тілге зияны болмай ма?
– Мәселе – тілде емес. Мәселе – ойды қалай жеткізуде. Кө­рер­мен театрға тек сөз тың­дауға кел­мейді. Оқиғаны көруге, тыңдауға, сезінуге келеді. Кейде айтылмаса болмайтын сөздер болады, оны сақтаймыз. Ал, кейде ешқандай мәні жоқ бос сөздер болса, оны әрекетке құрамыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА


ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір