ДОСЫМНЫҢ ТУҒАН КҮНІ ЕДІ…
Тұрсынжан ШАПАЙ
«Туған күнін тойлауды алғаш бастаған адамды буындырып өлтірер едім», – депті Марк Твен… Бұл рәсімді ол кісі неге сонша жек көргенін білмеймін, бірақ менің неге ұнатпайтыным өзіме анық. Біреуге – мына тұрған, мен үшін – қиырдағы Алакөлден Ғалекең, Ғалым Доскен (суретте)жылына бір айналып соғатын сол атаулы күнімнің бар қызығын былғап, улауға келген сияқты Алматыға… Әркімге-ақ мерейлі, күтулі күнді осы досым мен үшін азапқа айналдырды!..

Ғалым ДОСКЕН
Ғалекең Алматыға келгенше, менің де туған күнім жұрт қатарлы – дәл сол күні, аяқ астынан, дос-жаран, туған-туысқа ерекше қадірлі бола қалып, аяқ астынан, көл-көсір ықылас, зор сый-құрметке бөленіп, бір күндік абырой-даңқ, дабыра-шу, қызық-думанымен ың-шыңсыз өтіп жататын. Ол келген соң, бәрі бүлінді. Онымен алғаш танысқан бозбала кезден бастап, қай жылғы, қай туған күнімде болсын, мен өзімді жас сезінуден қалдым… Содан бері, әр туған күнім жақындаған сайын, үмітсіз қарттықтың табалдырығында тұрғандай қалтыраймын…. Оған себеп – Ғалекеңнің мені құттықтаудағы өзгеше салты. Оны сәл кейінірек айтам.
Рас, дос-жақынның қуанышына лебіз білдіріп, біреуге бірдеңе сыйлағаннан артықша ләззат алатын бір адам болса, ол – менің осы досым. Өзінің туған күнінде телефонды өшіріп, есік-терезесін бекітіп, ұйықтаған жайындай дымы білінбей, xабар-ошарсыз «су түбіне» бұғып жатып алатын, не демалыс алып, әлдебір жаққа қашып кететін Ғалекең басқамыздың жақсылығымызда ешкімді ескерусіз қалдырмай, бәрімізді жағалай құттықтап шығады. Құдды, дүниедегі ең маңызды, ең сүйікті жалғыз шаруасы – осы сияқты!.. Алыстағымызға телефон соғылады, xат жазылады. Жақындағыларды шайға шақырады. Мен сияқтылардың баса-көктеп үйіне келеді… Құтты болсын айтқанға тамылжыған сөз, азды-көпті сый-сияпат табылар-ау, бірақ көңілі жақын қауымға деген осынша ықылас-пейіл, ыстық көңіл қай жерінен шыға береді!.. Қарекеті қауырт, уақыты тығыз, өмірі шаруадан қолы босамайтын адам соның бәріне қалай уақыт табады?!
«Көп жасағаннан көрген бір тамашамыз» демекші, қырық жылдан бері мен сырына жетпеген бір ғажап – осы!..
Жалпы, шынымды айтсам, туған күн дегенге мен де аса мән бермеймін. Мазам кетеді… Бірақ дәл сол күні кеу-кеулеп құттықтасқан ағайын-достың көңілі еріксіз сені де бір эйфорияға түсіргендей болады. «Сен ту-у-ған күн – мерекеміз» деп әндететін жастан баяғыда өтіп кетсең де, енді қаншасы қалғаны белгісіз кезекті туған күніңді, аз уақытқа болса да, шынымен мәнді оқиға екен деп қаласың… Ал енді Ғалекеңнің өз туған күніне көзқарасы, жаңа айттым – тіпті, әдеттен тыс. Дегенмен, қырық жыл бойы қашып жүрсе де, ғайыптан тайып, бізге ұсталып қалған сәттері де жоқ емес. Әрине, шай ішіледі… Туған күнінің дауасыз қашқыны мұндайда өз құрметіне жиылған топтың абыр-дабырына елтіген, ризашылық білдірген адамның түрін көрсетіп, өңкей жындының ортасына түскен Масғұт кейіптеніп, сыр білдірмей, жайбарақат отыра береді. Рас, мына отырысты, ынтаң болмаса да, қарамасыңа қоймай орынсыз тықпалаған бағасыз қойылым, мағынасыз комедия көретінін езуінен кетпеген бір усойқы мысқыл айтып-ақ тұрады… Әлде маған солай сезіле ме…
Туған күнді мен неге ұнатпаймын – енді соған оралайық. Жоғарыда айттым, осы досымның «арқасында» мен өзімді жас сезініп жарытпаппын. Өйткені, мен жасқа толған сайын, «Түке-ау, сен де осыншаға келіп қалдың ба?!» – деп, жүрегін ұстап, аһлап-уһлеп Ғалекең отырады… Жасқа толған сайын, Ғалекеңнің түріне қарап, қылмыс жасағаннан бетер қысыласың… Бірер көйлек бұрын тоздырған менің алда жүретінім түсінікті ғой – айталық, бұрын туған соң, қырыққа да мен бұрын жетіппін…
– Міне, сен де елуге келдің!.. – дейді, көкірегі сөгіле күрсініп. – Құдай-ау, енді неғылдық!..
– Қырыққа жаңа толып жатырмыз ғой…
– Дұрыс, – дейді, жаңа ғана жорта таңырқап, өтірік күрсініп отырған дос. – Бүгінше қырыққа келе тұр… Ертеңнен бастап, бәрібір, елуге қарай емпеңдейсің ғой енді!..
Қойшы, сонымен, қырыққа келесің. Келгеніңе толық тәулік, жиырма төрт сағат өткен жоқ – Ғалекең жанындағы кісіге: «Естімеппін… Оны мен тұрмақ, мына елуге келген Түкең де білмейді» – деп, әңгіме айтып отырады… Немесе, «Алпысқа келіп қалдың ғой, дастарқанға сен бата жаса!» дейді… Бұл – маған елуге келіп жатқанымда көрсетілген «құрмет…».
Бұған кейінірек Гүлнар қосылды. Жүйке қытықтауды ол да: «Түкемсал, сіз биыл осыншаға келеді екенсіз ғой!», – деп соны жаңа білгендей қатты таңырқап… қуаныш білдіруден бастайды. Ақын қарындасымды маған айдап салып, қызығына қарап, ар жағында Ғалекең отырғаны айтпаса да түсінікті. Бұл – барлау ғана. Ары кеткенде, жеңіл артиллериямен жұмсақ төмпештеп алу… Одан кейінгі шаруа – ауыр танктің табанына салып, езгілеп-таптау – менің абзал досымның жылдар бойы машықтанған сүйікті ісі… Бірте-бірте, жауыңа да тілемейтін бұл тағдырға, ақыры, көнесің. Көнесің де… басыңа енді келесі туған күніңде түсетін осы мазаққа дайындала беру – әдетке, парызға айналады. Және сол үйренген мазағың әлдеқалай кешігіп жатса, біртүрлі… сағынып, елегізи бастайтыныңды қайтерсің!..
Содан ойландым: осы Ғалекеңнің күні бұрын шықылықтап, осыншаға келдің деп мазақтап, мазасы кететінінде не сыр бар?.. Және соған өзі мәз болатыны несі?.. Мені «қартайтқаннан» оған не пайда?..
Ақыры, түсіндім. Бұрынырақ туған мен – мина көмілген қауіпті алаңға Ғалекеңнің алдын аршып, жол салуға жіберілген жанкешті сапёр іспетті екенмін… Ғалекең көреді: сапёр – тірі. Отызға келді – аман. Қырыққа толды – сау… Жоспарлаған қаншама шаруасы – жоспар күйінше қалды, қырыққа келгенше қиратам деген қанша қамал қақпасын өзі ашып, әне, мазақ қылып, күліп тұр – өлген жоқ!.. Және қырыққа келген досының бұған қатты қайғырып, жұбату күткен түрі тағы көрінбейді. Демек… өмір сүруге болады… Барлық мағынада!..
Досым, меніңше, осылай ойлайды. Ойламайды, бұл – оның түйсік түбінде жатқан, өзі де анық танып, дөп түстемеген бейсана қорқынышы. Мәселен, мен асқан қырықтан, міне-міне, ол да аспақ. Мен келген елуді, ізін суытпай, ертең ол да еңсермек. Алпыс – иншалла, менің өкшемді баса, бірдеңеден құр қалғандай аптығып жетіп, «қызығын» асықпай көрер көрешегі… Басқаның емес, бала күннен жанында, көз алдында жүрген күнделікті, үйреншікті достың өз көңілінде өзгермеген байырғы келбетін дәстүрлі түсініктегі осындай «мәртебелі» жасқа жеткен бейнеде қабылдау оған қиын тиетін сияқты. Ал сол межеге бүгін-ертең жетпек өзі туралы ойлау – тіпті, қорқынышты болса керек. Мен – баяғыша айтар болсақ, жайшылықта жаудан жүрегі қайтпаған батыр досымның дүниедегі сол жалғыз қорқынышының заттанған тұрпаты, тірі елесі болуым керек, сірә… Мұншаға келдің деп жала жауып, мені күйдіре беруі – сол түйсігін тыныштандырып, өзін жұбатқан түрі… Мен солай ойлаймын. Ойламаймын, анық білем – кезекті бір қанымды ішіп, қажап отырған сәтінде осы сезігімді өзіне айтып едім, ұрлығының үстінен түскендей, қапелімде абдырап қалып, күліп жіберген. Бұдан артық қандай дәлел керек!..
***
…Сөйтіп, мені қартайта алмай жүріп, күндердің күні Ғалекеңнің де шашына қылау кірді. Менің, қатты сиресе де, әзірге мүлдем түсіп қалмай, бас теріме тісімен, тырнағымен жабысып бірсыпырасы әлі аман жүрген, Есенғалидыкінен қалыңдау, Әмірxанның алдында ұяттылау тал-тал шашыма қарап, қызғанышпен:
– Осы, сенің шашың ағармайды,ә… – деп күңкілдейді.
– Генетика ғой, – деймін мардамсып.
– Санасыздық, – дейді Ғалекең. –Қайдағы генетика…
Мейлі ғой, айта берсін… Өйткені, оның сөзінің де жаны бар. Шынында да, Ғалекеңді «қартайтатын» мың-сан уайым, қам-қарекеттің, тым құрғанда, ширегі ойына келіп көрмеген алаңсыз бастағы шаш ағарып қайтсін…
…Сөйтіп жүріп, сөздің қысқасы, мені өз туған күнімнен безер қылды досым. Бірақ осы дүниедегі бар-жоқ орныңды, азды-кем қадіріңді Ғалекеңдей білер жан тағы жоқ. Онымен дос болу – Құдай тағаланың маған берген есепсіз игілігі ғана емес, мойныма артқан адам айтқысыз жауапкершілігі де: Ғалекеңнің әділетіне, адамшылығына, мінсіз достығына, болмасам да ұқсап бағып, өмір кешу маған оңай деймісіз… Досым, әлбетте, әулие емес. Мінсіз адам табиғатта жоқ. Бірақ мінсіз Дос – бар, анық!.. Бұл дүниенің азабы да, раxаты да – Ғалекеңмен дос болу!.. Сенің жайыңды өзіңнен артық түсінетін, сені – сенің өзіңнен жақсы көретін адам бар, ақпейіл дос бар: сырлассаң, жүрегіңде кір қалдырмас, мұңдассаң – жаның ауыр жүктен арылғандай… Қызметіңе жүгіргенде – құлың сияқты, айтқанын тыңдатқанда – патшаңнан бетер… Қай сырын айтып тауысарсың… Және жұмыр басқа тағдырдан бұдан артық не сый сұрайсың!.. Азабы?.. Осы тұсқа дейінгі әңгімемнің бәрі сол азабы туралы болатын… Әсіресе, туған күнге қатысты…
***
…Әлдеқалай басы ауырып, балтыры сыздай қалғанына алаңдасаң, қашанғы ер көңілінен айнымай: «Сені тоқсанға, қаласаң жүзге жеткізіп, ана жаққа өз қолыммен абыроймен аттандырып салмай, маған бәле-жала жолай қоймас. Мен күңірентіп құран оқимын, Гүлнар тебіреніп өлең оқиды – жақсылап шығарып саламыз, саспа!», – дейді міз бақпай. Тоқсан, жүз дегені, меніңше, сәл артықтау енді… Бірақ бұл кісілер не оқыса да, ризамын ғой – Тәңірі тілегіне жеткізсін!..
Шынымды айтсам, xалқым үшін емес (менсіз де елім деп еңіреп жүрген ерлер көп қой), бала-шағам үшін емес (өсті, ер жетті, бой жетті, олар үшін тіршілік майданындағы ендігі ролім – саxна түкпіріндегі тамаша декорация есепті ғана болса керек), тіпті, менсіз де қазір көзі тірі классиктерін сидыра алмай, кеңірдегінен шыға мелдектеп, екі иінінен әрең дем алған қайран қазақ әдебиеті үшін де емес – осы досымның көңілі, мезі қылған мазағы үшін-ақ жүз жасауға бармын!.. Әлбетте, Жаратқан-Алланың арнайы рұқсатымен.
Бәрін айт та, бірін айт – Ғалекем осы қарқынмен, құда қаласа, міне, асқаралы алпыстың асуына да жақындап келеді. Аман-есен жетсін! Еліне сіңген еңбегі, жарнама-дабырасыз, айғай-ұрансыз-ақ ұлт мүддесіне сарп қылған қыруар қажыры, кешегі алаш руxынан жеткен бір шөкім нұр, жалғыз үзік сәуледей тектінің ардақ тұлғасы туралы сонда бір айтылар. Ал әзірге… Ертең оның туған күні… Өз табағын өзіне тартып, «Масқара-а… Сен де алпысқа келіп қалдың ба, құдай-ау!..», – деп, өзі құсап өтірік күңіреніп, отырған жеріне құттықтап кіріп бармақпын. Ғалекең, әрине, жақтырмас, кіржиер… «Алпыс қайда, біреу қайда… Әлі…» деп, шалқаяр. Менің өш алмақ боп келген сұрыма қарап, күлер… Мейлі. Маған бәрібір ғой – келмесе, енді келеді. Міне, тіпті, келіп те қалды – бір жыл… екі жыл… Мұны қойшы, бәрінен бұрын, ол ұнатсын, ұнатпасын, мен үшін аса маңызды бұл жаңалықты қадірін білер ел-жұртына күнібұрын жария қылудың сәті бүгін орайымен туғанына ризамын – талай жылғы жылап кеткен есем түгел қайтқандай марқайып отырмын!..