Бурабай аспаны астындағы «Біржан-Сара» операсы
Ертең, яғни шілденің 14-інде Бурабайдың ашық аспаны астында Алаштың асыл ұлы, композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы сахналанбақ. Шығарманың музыкалық-сахналық редакциядан өткен тұсаукесері биылғы көктемде «Астана Опера» театрында қойылған еді.

Басшылық түгін тартса майы көрінер қазақ жерінің бай табиғатын көрсету мақсатында «Біржан – Сара» операсын Бурабайда қоюға шешім қабылдаған екен. Театр ұжымының тың көркем шешімі мен қойылымның сценографиялық үлгісін қатар алғанда драматургия толығымен сақталады. Алайда, театрдың мүмкіндіктерін ескере келе, қойылымды ашық аспан астында өткізу тәжірибесі жаңашылдыққа жол ашпақ. Партитураға сәйкес, Біржан өз ариясын алыстан шырқап, соның әсерінен орманның акустикасы әнге айрықша реңк бермек. Ең бастысы – ғажап әуен, орындаушылардың тамаша дауысы мен оркестрдің ойыны көрерменді бөлекше әсерге бөлейді. Басты назар – қос кейіпкер арасындағы махаббат уақиғасында болмақ. Біржан мен Сараның уақиғасы өскелең ұрпаққа ой салып, махаббат атты ұлы күшті құрметтеуіне сеп болмақ. Басты партияларды орындаушылардың қарасы қалың. Атап айтқанда, Біржан – көптеген халықаралық байқаудың лауреаты М.Байнеш, Сара – Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Мұхамедқызы, Жанбота – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ж.Шыбықбаев, Аналық – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Д.Хамзина, Алтынай – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері С.Ахметова, Жиенқұл – көптеген халықаралық байқаудың лауреаты Т.Ғалеев, Қожағұл – Ш.Расылхан, Серік – Р.Балакишиев, Естай – Б.Таңарықов. Қоюшы дирижер – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері А.Мұхитдинов, қоюшы режиссер – PhD докторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері А.Маемиров, кеңесші режиссер – Беларус Үлкен театрының Бас режиссері, Г.Тукай атындағы Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Панджавидзе, режиссер – Н.Кагадий, балетмейстерлер – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткеріА.Тәти, М.Авахри, қоюшы режиссердің ассистенті – Е.Тойкенов. Қоюшы суретшілер мен сценографтар –С.Тамсағамбетова мен П.Драгунов. Ал Бас хормейстер – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Е.Дәуітов. Алғашқы қадам сәтімен болғай!..
