Алғашқы көш куәгерімін
Алдан СМАЙЫЛОВ,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
Астананың көшіп келгенін 20 жыл толу мерекесі, әрине, бәрімізге ортақ. Ал мен алғашқы көш қонысының куәгерімін. 1972 жылдан бері Ақмолада тұрамын. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы сөз көтеріле бастаған тұста бұл жақтағы облыстарды Қазақстанға қалдырып қоя салмаған дұрыс деген жақын тұстағы ағайындардың әңгімелері де өрбіді.
Осы жақтағы бес облыс басын қосып, жеке автономиямызды құрамыз деген қарсы әрекеттер де басталды. Облыстық, қалалық кеңес басқармасындағылардың көпшілігінің егер орыс тіліне мемлекеттік мәртебе бермесе, өзімізді-өзіміз билеп, Мәскеуге тікелей бағынуға дейін барамыз деген әңгімелер өрекпіп-өршіп жатты. Сол кезде Нобель сыйлығының лауреаты Солженицын деген жазушының аузыменен бес облысты Ресейге қосу туралы ашық айтыла бастады. Осындай кезде тікелей әрі сенімді шешім қабылдау жүректілердің ғана қолынан келетін іс қой. Ел жүрегі – Астананы орталыққа жылжыту міндет еді. Мұндай қадамдарды кезінде Ататүрік Түркияда жасаған. Стамбұлдан елдің ортасы Анкараға астананы көшірді, оның да саяси стратегиялық мақсаты болған. Ел тәуелсіздігін енді алып, «…тұрымтай тұсымен» кетіп жатқан тұста шұғыл шешім жасау, әрине, ешкімге жаға қоймағаны рас. Көш көлікті болып, астана 1997 жылы Ақмолаға келіп қоныстанды. Сөйтіп, саяси әңгіме шорт тоқтады. Өйткені, астананы көшіре отырып, елдің Тәуелсіздігін, жерін, тұтастығын сақтап қалу – басты мәселе еді. Астана қайда болса, бүкіл билік құрылымдары сонда шоғырланатыны белгілі. 1995 жылдан министрліктер көшіп келді. Мен сол кезде «Қазақстан» телерадио корпорациясының Астана студиясының Бас директоры болатынмын. Көшіп келе жатқандарды пойыздан қарсы алатынбыз. Мақсаттар қойылып, іс-шаралар жүзеге асырылып жатты. Соның бәрін күнде теле эфир арқылы халыққа жариялап тұрдық. Астананы көшіру арқылы саяси мәселені ғана емес, экономикалық мәселелері де шешімін тауып жатты. Неге десеңіз, қала құрылысына көптеген жабдықтар керек. Кірпіш, цемент, темір, т.б. секілді. Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, т.б. облыстардағы 1990 жылдары тот басып қалған құрылыс бұйымдарын шығаратын кәсіпорындардың барлығы қайта іске қосылды. Сол жерлерде жұмыс күштері қайта жанданды. Бұл экономикалық жағы ғана. Арғысы Астананы салуға шетелден көптеген инвестиция тартылды. Әсіресе, Түркияның, Еуропаның, басқа да іргелі елдердің құрылыс компаниялары осында тартылды. Совхоздар тарап, кәсіпорындар тоқтаған кезде екі қолға бір күрек таба алмай қалған мыңдаған адамдар Астана құрылысын жүргізу арқылы жұмысқа орналасты. Бұл оның әлеуметтік мәні. Біртіндеп мәдени ошақтар да келе бастады. Алдымен келгендер ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер адамдары болды. Еуразия Ұлттық университеті қайта жабдықталып, соған сабақ беруге Сейіт Қасқабасов, Серік Негимов, Алма Қыраубаева және көптеген ғалымдар келді. Сол кездегі университеттің ректоры Мырзатай Жолдасбеков Алматыдағы белгілі ақындарды да шақырды. Оларға да сол университеттен жұмыс берді. 2002 жылы Жазушылар одағының Астанадағы бөлімшесінің директоры қызметі маған тапсырылған еді. 1997 жылға дейін Астанада бар-жоғы 10 шақты ғана ақын-жазушы болса, 2005 жылы олардың саны 80-ге жетті. Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, Ш.Мұртаза бастаған дарынды қайраткерлер осы Астанада шоғырланды. Енді әдеби кештер ұйымдастырылып, мектептерде, жоғары оқу орындарында кездесулер өткізіліп, еліміздің бүгіні мен болашағы туралы әңгіме қозғалды. Көптеген бастамалардың басында қазағымыздың қыздары жүрді ғой, Айман Мұсақожаева ерлікпен ақ қар, көк мұзда Ұлттық музыкалық академияны ашты. Соның төңірегіне Алматыдан көптеген музыканттар келіп жиналды. Осы академияда ұлт атағын әлемге әйгілеген композиторларымыздың бірі – Еркеғали Рахмадиев те жұмыс істеді. Қазір ол өнер ордасына Ұлттық университет құқығы берілген. К.Бәйсейітова атындағы Опера және балет театры ашылып, кейіннен Астана опера театры болып қайтадан құрылды. Оларға жаңадан зәулім ғимарат салынып берілді. Қазір Астана ұлт мәдениетін танытып отырған үлкен орталық.
Астананы Алматыдан Ақмолаға көшуі, әрине, тарихи таңдау еді.
Ендеше, Астана мерекесі – жалпы қазақстандықтар мерекесі екені рас.