Қазақстан Паралимпиадада алғашқы медалін иеленді
Италияда өтіп жатқан қысқы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшы Ербол Хамитовтың жанкүйерлері қуанышқа бөленді. Жарыс үш кезеңнен тұрды. Пара-шаңғы жарысының 1500 метрлік классикалық спрей санатында алдымен ірктеу, артынан жартылай финалында үздік алтылық анықталды.

Жүлделер сарапқа салынған финалдық сында орталық сөреден алға жүйткіген жерлесіміз шебер қимылдап жылдамдығын жоғалтпады. Финалдық алтылық тауды еңсеріп сөреге жақындағанда, қарсыластары да қамшы басты, бірақ Ербол ерледі. Мәреге үшінші келді және әлем кубогі кезіндегі жүлделерінің қатарына паралимпиада қоласын қосты. Ол қашықтықты 2 минут 29 секундта еңсеріп, жарыстың үздік үштігін түйіндеді.
Ербол Хамитов пара-шаңғы жарысында көрсеткен нәтижесі туралы журналистерге берген сұхбатында: «Бұл менің асқақ арманым еді, бұдан екі ай бұрын Мемлекет басшысы еліміздің көк байрағын маған табыстады. Бұл маған үлкен жауапкершілік болды. Осы жеңістерімді еліме арнаймын», – деді.
Алтын медаль қытайлық Лю Цзысюйге бұйырса, күміс жүлдені бразилиялық Кристиан Вестемайер Рибера еншіледі. Жарыста Ю.Березин, А.Грачева, Н.Әлімов және В.Ковальда өнер көрсетті. Енді ұлттық құрама спортшылары он шақырымдық бәсекеге жарыс жолына шығады. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз.
Арнұр ТОЛЫБАЙ
ПІКІРЛЕР1