Фантастикаға қолдау қажет пе?
29.06.2018
2139
0

Нарбин КЕНЖЕҒҰЛОВА, жазушы, аудармашы


Қазақ әдебиетінің тарихында фан­тасти­каның кенжелеп қалған жанрлардың қатарында екені жа­сыра алмайтын ақиқат. Себебі, бұл өзі өте күрделі, көптеген ғылымдар­дың ара­сынан жарып шыққан, заманауи ой-пікірлердің сим­биозы іспетті дүние. Болашақтану (футу­ро­ло­гия) ғы­лымынан бастау алып, қоғамдық сана­ны, жеке тұлғаларды қалып­тас­тырып, адамның ой-өрісін қатып қал­ған қалыптан тыс қалып­тас­ты­рып, жаңа көкжиектерге же­те­лейтін жанр. Бүкіл әлемдік тұрғыдан алған­да фантас­тиканың адамзаттың бо­ла­шағына ықпалы зор. Бұған бүкіл ға­ламшарымыздың тарихы куәлік ете алады. 1929-1950 жылдары бол­ған Америка­дағы ұлы дағдарыс­тан шы­ғуға мүмкіндік туғызған бірден-бір факторлардың бірі де біре­гейі де осы – фантастика. Фан­тастиканың ық­палымен ғылым мен техника қа­рыш­тап дамып, қазіргі керемет тех­но­логиялардың негізі салынып, ком­­пьютерлік жүйелердің алғашқы нұсқалары пайда болды. Қазіргі әлем­ге танымал: Эдмунд Гамильтон, Кли­ф­форд Саймак, Гарри Гарисон, Ай­зек Азимов, Ур­су­ла Легуин және де басқа фантас­тар­дың шығар­ма­ла­ры тың идеялар тудырып, қоғамның сыртқы да ішкі жаңаруына әсер етті.
Біздің қазақ қоғамы да бүгінгі таң­да дәл сондай жол айрығында тұр­ған жағдайы бар.
Фантастика кеңесінде жиырмаға жуық жазушылар бар. Олардың ба­сым көпшілігі аға буыннан. Екі құ­рыл­тайдың арасында біз екі аға буын­нан шыққан қаламгерлерден ай­рыл­дық Олар – Абдул-Хамид Мар­­хабаев, Шәмшидан Абдраманов аға­ларымыз.
Қазіргі қалам тербеп жүрген фан­тастта­рымыз да сол қаламгер­лер­дің соңынан келе жатқан лек. Рес­публика баспаларына шыққан кі­тап­тары да саусақпен санарлықтай. Мы­салы, белгілі жазушы Жүніс Сақ­ұр­пағы (Сахиев) көп сериялық кі­таптар үшін Халықаралық «Байқо­ңыр» сый­лығының лауреаты атанды. «Кеңіс­тік көшпенділері» атты ро­ман­дарының жалғасы «Күзетші» ат­ты кітабын «Елдорда» баспасынан шы­ғарды. Жүніс Сахиевтың шы­ғар­ма­лары бойынша ҚазМУ-дың сту­денті Назгүл Иса­ғ­ұлова «Жазушы болашақгер Жүніс Сақұрпа­ғы­ның ав­торлық сериялы ғылыми романда­ры­ның ғылыми-әдеби ерекшелік­те­рі» атты дипломдық жұмысын қор­ға­ды.
2014 жылы Астанадағы «Фо­лиант» баспа­сы­нан шыққан Жүніс­тің «Астрономия» атты ғылыми-көп­­шілік жанрындағы кітабы ға­­рыш­кер ағамыз Тоқтар Әубәкіров сын­ды көптеген авторлардың мара­па­тына ие болды.
2015 жылы Жүністің шығарма­ла­ры бойын­ша биобиблиографика­лық көрсеткішті фи­ло­ло­гия ғылы­мы­ның кандидаты Сембай Қи­сы­мов құ­растырып шығарды.
2016 жылы ҚазМУ-дың магист­ран­ты Айгүл Иманова «Жазушы Жү­ніс Сақұрпағының
авто­р­лық «Кеңіс­тік көшпенділері» сериялы ғы­лыми романдарындағы ғылыми идея­лар» тақырыбында диссертация қор­ғады.
Келесі фантаст жазушы Бердалы Рысбеков Шымкентте тұрады. Оның «Ақ көбелектер» атты балаларға ар­нал­ған фантастикалық кітабы «Ару­на» баспасына, «Құмды өлкенің құ­пиясы» және «Жұмбақ мадонна­ның сыры» атты хикаят­тары «Ақ арыс» баспасына тапсырылған.
Орыс тілінде жазатын фантаст Анд­рей Епитектовтің «Черный аль­пинист» және Бердалы Рысбековтың қол­жазбалары фантас­тика кеңесінің сараптамасынан өтті. Одақтың фан­тастика кеңесінің назарында қазір қаламгер Ғизат Сұлтановтың «ОГЖ. Голос огня» атты фантастикалық по­весі қаралып жатыр.
2013 жылы «Антология Казах­станс­кой фантастики» атты әрқай­сы­сы 30 баспатабақ­тық үш томдық ба­сылым «Сөздік» баспасынан жа­рық көрді. Антология орыс тілінде «Бай­қоңыр» айлағына арналған бай­қауға байла­нысты шықты. Басқа да 2 мыңнан астам шы­ғар­малар жа­рияланды. Көбі көркемдік жа­ғынан сын кө­термейді. Авторлары тәжіри­бе­сіз, әрі антология орыс тілінде еді. Анто­логияны шығаруға мұ­рындық болған ақын, жазушы Орынбай Жа­найдаровтың еңбегін жоққа шы­ғару­ға болмас. Десе де, Мемлекеттік тіл­де шығатын фантас­тикалық шы­ғармалар ауадай қажет-ақ!
Фантастика жанрында қалам тер­беп жүрген қаламгерлердің ма­ман­дықтары әрқилы, бірақта олар­дың бәрінің де ғылымға қатысы бар, көтеріп жүрген мәселелерінің де ғы­лым мен техникаға тікелей қаты­сы бар. Бұндай шығармалардың әде­биет әлеміне қосатын үлесімен қа­тар, жаңа технологиялар сала­сын­дағы өнертапқыштық пробле­малар­ға, әлі де ашылмаған ғылыми жаңа­лықтарға жастардың қызығу­шы­лы­ғын орнатуы сөзсіз.
Жастар әдебиетінің, соның ішін­­де фан­тас­тиканың жанашырла­ры жоқ емес бар. Елеулі қолдау көр­се­тіп отырған «ZHERSU» корпо­ра­ция­­сын атап өтпесе болмас. Осы кор­­­по­ра­цияның қолдауымен «Кәусар бұлақ» атты кітаптар шыға бастады. Бұн­да ең үздік шығар­малар басы­ла­ды. Осы байқаудың арқасында «Да­ра­боз» Халықаралық сыйлықтың иегерлері анықтал­ды. Соның бірі – 2013 жылғы «Ға­рыш­тың аманат ба­ла­сы» атты фантастика­лық әңгі­ме­­сі­нің авторы – Нарбин Кенжеғұ­лова.
Бір айта кететін үлкен мәселе – жас­тар фантастика жанрына көп ат салыспайды. Жазса да, бір-екі әңгі­мелерін жеке жинақтарға шығарады да, кейіннен басқа жанрға ауысып кетеді. Бұл, әрине, өте қынжылатын жай. Себебі, фантастика бірінші кезекте жастарға қажетті жанр.
Қазір біздің қолымызда бір анто­логияға жетерлік қолжазбалар бар. Онда қазақ, орыс тілдерінде жазыл­ған фантастикалық повестер, әңгі­ме­лер жинақталып тұр. Егер де Жазу­шылар одағы тарапынан қол­дау болса, екі тілде «Қазақстан фан­тастикасының антологиясы» атты кі­тапты шығаруға болар еді.
Аға буынға жататын, бұрыннан бел­гілі фантаст жазушылар Рысбек Бай­маханов, Советхан Ғаббасов, Тө­лен Әбдіков сынды әлемге таны­мал профессор, ғалымдардың да қор­жындарында әлі басылмаған шы­ғармалар жатуы әбден ықтимал.
Сонымен фантастика жанрының алдында қандай мәселелер тұр деген сұраққа жауап беруге тырысайық:
1. Жазушылар одағы жанындағы фан­тастика кеңесі физика-мате­матика мектебімен, сонда оқитын балалармен байланыс жасап, фан­тастика үйірмесін ұйымдастыруды жос­парлап отыр. Сол мектептегі жазу­ға қабілетті балаларды іріктеп, фан­тастика жазуға бейімдеу;
2. Фантастикалық шығармалар­дың қазақ-орыс тіліндегі анто­ло­гия­сын Жазушылар одағының қол­дауы­мен шығару;
3. «НұрОтан» жастар қана­ты­мен бай­ланысып, фантастикалық шығармаларға байқау ұйымдастыру. Осындай шара арқылы Респу­блика бойын­ша фантастика жанрында қа­лам тербейтін жастарды анықтау, жас фантаст жазушылардың қатарын кө­бейту.
4. Жазушылар одағы жанын­да «Ғарыш» атты фантастикалық ассо­циация ұйымдастыру, патриоттық болашақтану шараларды осы ассо­циа­цияның күшімен оқу орында­рын­да ұйым­дастыру;
5. «Зерде» атты ғылыми-таным­дық журнал мен «Ұлан», «Дружные ребята» газеттерімен тығыз қарым-қа­тынаста болып, олардың бетте­рін­де фантастикалық шығармалардың жа­рық көруіне ықпал жасау.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір