Қаламгерлерді қолдау
8 желтоқсанда Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасы мен Қазақстан Жазушылар Одағы бірлесіп, тағы бір игі шараның беташарын жасады.
Қазақстан Жазушылары кітапханасында «Әдеби насихат пулы» жобасы аясында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» және Махмұд Қашқари сыйлықтарының иегері Қуандық Түменбаймен оқырмандар кездесуі болып өтті. Кездесудің басты мақсаты – ұлттық болмысымызға негізделген рухани құндылықтарымызды дәріптеу, мемлекетіміздің саясатын насихаттау, тәуелсіздігіміздің куәгері – ел тарихының бастауы және алтын қазығы болған Алматы қаласының абыройын асқақтатып, бүгінгі болмысын көрсету. Қала әкімдігі ұйымдастырған аталмыш іс-шара қаламгер мен оқырман байланысын нығайтуға елеулі ықпал ететін бағдарлама екені атап айтылып, болашақта атқарылар күрделі мәселелер сөз болды.
Ақын Ұлықбек Есдәулет әдебиет пен оқырман байланысы хақында терең ой толғап, жаңа өлеңдерін оқыды. Жазушы Қуандық Түменбай кейінгі жазған шығармалары туралы айта келіп, әдебиеттегі бүгінгі күн тақырыбына тоқталды. Қос қаламгер Алматының бүгіні мен болашағы жайлы айтып, оқырмандар сауалына жауап берді, жаңа кітаптарын кітапхана қорына қолтаңба беріп қалдырды. Кітапхана меңгерушісі Елена Ағайса оқырманның шынайы құрметіне бөленген қаламгерлерге ақжарма тілегін білдіріп, бұл игі шараның жалғасатынын жеткізді.
Кеше сондай-ақ Алмалы кітапханасында «Әдеби насихат пулы» жобасы аясында ақын-жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжанмен де кездесу өтті. Кеш барысында жазушы кітаптарының жазылу тарихымен бөлісіп, өнегелі оқиғалардан сыр шертті. Оқырмандар көкейіндегі сұрақтарын қойып, тұщымды жауап ала алды. Өскелең жас ұрпаққа Сауле Мағазбекқызы ақыл-кеңесін айтып, білімді, табанды, Отанын сүйетін патриот азамат болуға шақырды. Автор балаларға «Біртуар», «Мое чужое сердце» кітаптарын үйлестірсе, Алмалы кітапханасының қорына «Қасірет пен Тағдыр», «Үзілмеген Үміт», «Когда жива надежда» романдарын сыйға тартты.