Шалқар көш үзілмесін десек…
29.06.2018
1097
0

Ардақ Нұрғазы,
сыншы, ақын


Тарихқа үңіл­сек, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мү­сіре­пов­тер, т.б. бас­таған алғашқы шоғыр сал­ған шығар­машылық жолды Т.Ах­та­нов, С.Жүнісов, О.Бөкеев, Ш.Мұртаза, Қ.Ысқақов,
Ә.Тарази, А.Сүлейменов, Т.Нұрма­ған­бетов, Д.Исабеков, И.Ғайып, Р.Отар­баев, С.Асылбекұлы, С.Бал­ға­бай, Р.Мұқанова, т.б. драматургтар жал­ғап бүгінге жеткізді. М.Әуезовтің «Қа­рагөз», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жі­бек», т.б. спектакльдері әлдеқашан қа­зақ сахна өнерінің алтын діңгегіне ай­налып, ұлттық классикамыздың н­е­гізін қалыптастырды. Бұл үрдіс өткен ға­сырдың 60-70 жылдарында сәтті жал­ғасын тапты. Қазақ сахна өнерінің, дра­матургиясының өсіп жетілуі Рес­публикада жаңадан театрлардың көп­теп ашылуына негіз қалады. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық драма театры, Ғ.Мүсірепов атын­­дағы Қазақ мемлекеттік ака­де­мия­лық балалар мен жасөспірімдер театры бастаған өнер ұжымдарының ре­пертуары кемелденіп, заман талабы­на сай түрлене түсті. Т.Жүргенов атын­дағы Ұлттық өнер академиясының құ­рылуы мен дамуы қазақ театр өнерін кә­сіби деңгейде кадрлармен толық­тыруға зор мүмкіндік жасады.
Тәуелсіздіктің келуімен қазақ театры мен драматургиясында тың өз­геріс пен даму беталыс байқалды. Бұл кезеңде өткендегі саяси идеологиялық шектеулердің себебінен драматург­та­рымыздың қалам тартуына мүмкіндік болмаған тақырыптарға жол ашылды. Ұлттық тарихымызды бойлап, хал­қы­мыздың басынан өткерген саяси қу­ғын-сүргін қасіретіне үңіле отырып, мем­лекеттілік пен ұлттық идеологияны жал­пы беттік сахна тілімен қаузау тәуел­­­сіздік тұсындағы дра­матург­тері­міз­дің басты беталысы болды. Бұл үр­діс бүгін де сәтті жалғасын тауып ке­ле­ді. Айталық, бұл қатарда И.Ораз­баевтың «Шыңғысхан» (1994), «Мен ішпеген у бар ма?» (1996), М.Бай­сер­кеновтың «Абылайханның ақырғы күн­дері» (1996), Ә.Кекілбаевтың «Абы­лай хан» (1998), Шахимарденнің «То­мирис» (2000), Қ.Ысқақ пен Ша­хи­мар­деннің «Қазақтар», Д.Исабековтің «Жау­жүрек» (2011), «Жүз жылдық ма­хаббат» (2014), Ә.Рахимовтың «Шә­кәрім» (2012), Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» (2013), Ш.Мұртаза мен Е.Жуас­бековтың «Ай мен Айша» (2015), М.Омардың «Ақтастағы Ахико» (2016), І.Есенберлин шығармасы негізінде Ә.Бағдаттың «Ал­мас қылыш» (2016) қойылымдарын атауға болады. 2017 жылы бұлар М.Әуе­зов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық драма театрында сах­наланған А.Сүлей­ме­нов­тің «Адасқақ» (режиссері Ә.Рахимов) және М.Омар­дың «Көмбе нанның дәмі» (ре­жиссері А.Кәкішова) спек­такльдерімен толыға түсті.
Қазақ театрының жоғарыдағы екі үрдісін атап айтудағы себебіміз өткен жылы сахналаған шығармаларымыз да осы беталысты ұстанды.
Қазақ театр өнерінің осы деңгейін ұс­тап тұруына 2009 жылдан Мәдениет жә­не спорт министрлігі ұйымдас­тыр­ған драматургтердің «Тәуелсіздік тол­ғауы» бәйгесі, Тұңғыш Президент қо­ры өткізген «Алтын тобылғы» бәйгесі, қазақ хандығының құрылғандығының 550 жылдығына орай өткен «Алаш та­рихының ақиқаты» бәйгесі, 2017 жыл­ғы тұңғыш кезекті «Рух» Халықаралық кон­курсы, т.б. сахналық шығарма­лар­ға бағытталған бәйгелердің маңыз­ды рөл ойнағанын атап айтуға тиіспіз. Атал­ған конкурстар аға буын дра­ма­тург­тердің бірегей жаңа шығармалар беруі­не, орта буын драматургтердің өріс ашуына, сондай-ақ, жас автор­лар­ды қатарға тартуда өзіндік үлесін қос­ты. Драматургияның дамуына қузау са­лып, жаңа пьесалардың жазылуына түрт­кі болып, театрларымыздың ре­пер­туарын қомақты қормен толық­тыруға мүмкіндік берді. Бір өкініштісі, өткізілген кейбір конкурстардың дені белгілі бір тұлғаның атымен аталып, тақырып, шығармашылық ұстаным жағында шектемелікке ұшырады. Мұн­дай тақырыбын атап-түстеп жол­ды сызып беретін бәйгелер көбінде өнер­дің өресін төмендетіп, сапасыз туындылардың ортаға шығуына мұ­рын­дық болып жатады. Бұл да ойла­нар­лық жағдай. Десе де, Үкімет пен Мә­дениет және спорт министрлігінің театр өнеріне көрсеткен ықыласты қол­дауы мен еңбегін қалай бағаласақ та артық болмайды.
2017 жылы қазақ драматургиясы мен театры тарихында жаңа бет ашыл­ды. М.Әуезов атындағы Қазақ мем­ле­кет­тік академиялық драма театры жазу­шы-драматург, мемлекеттік сый­лықтың иегері Д.Исабековтің «Жау­жүрек» (қоюшы режиссері Е.Обаев) спектаклін Лондон сахнасында қойды. Бұл батыстық көрерменнің қазақ театр өнерінің бүгінгі кескін-келбеті мен қарымын тануына мүмкіндік бергені анық. Осы жылы әкемтеатр және жазу­шы-драматург М.Омардың «Ақтастағы Ахи­ко» (қоюшы режиссері А.Маеми­ров) спектаклімен Жапонияға гаст­роль­дік сапармен барып қайтқанын да атап өткіміз келеді. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік стратегиясы аясында өт­кен тұңғыш кезекті «Рух» халықаралық кон­курсында жазушы-драматург
С.Асыл­бекұлының «Қазақша ашылып сайрау» комедиясының драматургия жанры бойынша бас жүлдені жеңіп алғаны да осы жылдың басты жаңа­лықтарының бірі болды.
Жоғарыдағы деректерге қарап бү­гінгі қазақ театр өнері мен драматур­гия­сының төрт құбыласы сай, есебі тү­гел, кемшіліктерден таза деп айта ал­маймыз. Театртанушы сыншылары мен күнделікті баспасөзде жиі айты­латын сын-пікірлер бүгінгі сахна өнері мен театрда орын теуіп отырған мәсе­ле­лердің әлі де қомақты екенін көрсе­теді. Сынның айтылуы орынды және ол шындықтан да алыс емес деп ой­лаймыз. Айталық, бүгінгі театрға бай­ланысты мынадай сын жиі назарға ілі­неді. Соның бірі театр директорлары мен режиссерлердің «жақсы сахналық шығармалар жоқ» дейтін уәжі. Бұл сөздің өзіндік негізі бар. Драматург пьеса жазады, режис­сер оны сахна­лайды, актер ойнап шығады. Бұл арада театр мен режиссер­дің сал­мағы басым, шешімінің де үстемдік ала­ры анық. Біз 2017 жылы М.Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық драма театры, Ғ.Мүсіре­пов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық балалар мен жасөспірім­дер театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мем­лекеттік академиялық музыкалық қазақ театрында өткен жаңа қойылым­дардың премьерасын бір шолып шық­тық. Сонда байқа­ғанымыз кәсіби дра­матург ретінде М.Омардың «Көмбе нан­ның дәмі» мен А.Аламанның «Жү­ре­гімнің иесі» шығармасынан тыс жоғарыдағы өнер ұжымдарында жаңа қойылған спек­такльдердің бәрі дерлік ақын-жазушылардың, одан қалды әлемдік классик шығармалардан тұр­ғанын көрдік. Облыстардағы театр­лардың жағдайы да осыған саяды. Қазақ әдебиетінде ақын-жазушы­лар­дың драматургияға баратыны кеше мен бүгін қалыптасқан жағдай емес. Айталық, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтер­ден кешегі Т.Ахтанов, С.Жүнісов,
О.Бө­­кеевтерге дейін, одан бүгінгі Д.Иса­беков, С.Асылбекұлына дейін ақын-жазу­шыларымыз шығар­ма­шы­лығында драматургияны қатар алып жүр. Бірақ бүгінгі таңда театрдың ай­на­ласында орын алып отырған жағдай ре­жиссер­дің қалауымен ақын-жазу­шылардың драматургия жанры­нан басқа роман, әң­гімелерінен спектакль жасау үрді­сінің белең алғаны және ол қадамның қаншалық сәтті орындал­ғанына лайық­ты сынның көрініс таппауында бо­лып отыр. Бұл арада назар аударуға тұ­рарлық мәселе әлгіндей спек­такль­дердің исцени­ров­касының дра­матургияның жанрлық ерекшелігін қан­шалықты сақтап, қандай өреге жет­кеніне барып тіреледі. Ол пьеса дең­гейіне жеткен мәтін, бе жоқ па? Мә­селе осында. Кәсіби драма­тургияны алғышарт ету кенжелеп, оның орнын өзге тәсілдермен толтыру үрдіс алған жағдайда сахнаға қара­байыр спек­такль­дердің де бірге келеті­нін қашан да ұмытпауымыз тиіс. Бұл мәселе бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Бірақ естір құлақ, сабақ алар өнер ұжымдары бол­са игі. Ұлт театры ұлт­тық драма­тур­гия­сыз өміршеңдігін жоғалтатынын айта берудің өзі артық. Сонау Арис­то­тель заманынан тартып қалыптасқан сах­на тіліндегі драмалық қайшылықты біз сахналық шығарма­ның жанрлық жаны деп атауымызға болады. Уа­қыт­тың өтуі, өнердің дамуымен қай­шы­лық­тың формасы құбылып, сахнадағы ор­нында өзгеріс болғанымен, оның қа­жеттілігі жоққа шыққан емес. Оны поэ­зияның образ­ды тілімен, прозаның баян­дау тілімен шатастыруға немесе алмастыруға болмайды. Бұл түйінді ескермеу театр өнерінің мәндік ерек­шелігін сақтамау болып есептелер еді. Өкінішке қарай, бүгінгі қазақ теат­ры­ның айдынында бұл мәселе басы ашық күйінде қалып отыр. Содан да сах­на­мыз­да мәтіні шалажансар қойылымдар мен ән-күйден тұратын музыкалық спек­такль сымақтар көптеп кездесе бе­ре­ді. Ондай спектакльдер уақыт сы­нынан өтпей, қалай қойылса, солай саханадан түсіп те жатыр. Бірақ оның ұлы театр өне­ріне көлеңкесін түсіріп, кө­рермен тал­ға­мын төмендете береті­нін ұмыт­пасақ екен деймін.
«Жақсы сахналық шығарма жоқ» дей­тін уәж кейде кешегіні аңсайтын кө­рермен қауым жағынан да айтылып қалады. Олар бүгінгі сахнадан 60-70 жыл­дары көрген спектакльдерінің еле­сін іздейді. Қуандық Шаңғытбаев, Қа­­набек Байсейтовтердің комедия­ларын тамашалап, сахнадан қыздар рөлін сомдаған Нүкетай Мышбаева, Рау­шан Әуезбаеваны, желбуаз ақын­ның рөлін сомдаған Райымбек Сейт­метов пен ұялшақ суретшіні ойнаған Сәбит Оразбаевты көргісі келеді. Бұл заңды да. Өкініштісі өткенді сахнада қай­та тірілдіруге мүмкіндігіміз жоқ. Бас­тысы заман басқа, қоғам басқа. Со­ған орай сахна да басқа.
Кеңес Одағының ыдырауы біз үшін тәуелсіздік болып келсе, жалпы адам­зат қоғамы үшін үлкен бетбұрыс ке­зеңі болып келді. Ғылымда «бұрылыс (change direction) кезең», «бетбұрыс кезең» делінетін арнайы ұғым бар. Ол қоғамда белең алған әлгіндей түбірлі өзгерістердің себебінен салада бұрын­ғыға ұқсамайтын, өзге сапада, жаңа бір баспалдаққа көтерілген кезеңнің орын алуын меңзейді. Тәуелсіздікпен қатар біздің қоғам мен өмірімізде әне сондай түбірлі өзгеріс басталды. Анық аң­ғар­масақ та өткен мен арамызда санада үзіліс орын алды. Көп жағдайда осы бір назардан тыс қалуға тиіс емес, аса маңызды түйін бізде тәуелсіздік ұғы­мының тасасында қалып, өз маңызын жоғалтып алған сияқтанады. Бүгінгі батыстың әлеуметтану ғылымында «Жаңа Тарихизм» (The New Historisism) деп аталатын философиялық ағымы бар. Оның пайымынша тарихта, қоғам да бір ізді болмайды, оны бір ізді қылатын адамның өзі қалыптастырып алған дүниетанымы. Дүниетаным бірізді болған жерде жалаңлогикалық (monological) түсінік басымдық алады. Мұндай ойлау жүйесі мен түсінік өткен мен бүгінді толық түсіндіруге шарасыз. 1990 жылдан кейін орын алған әлемдік дамудың беталысы міне осы ұстанымға барып сияды. Біз бұл ұстанымға қан­шалық дайынбыз. Оған дайын бол­масақ, әлемдік ойдың дамуынан тыс қалумыз әбден мүмкін. Бүгінгі қоғам қаласақ та, қаламасақ та жаһандық деңгейде толық интернеттік байланыс­қа кірген, үздіксіз, сәт сайын жаңарып отыратын информация тасқыны астындағы әлем. Дүниетанымға барып тіре­летін бұл өзгеріс біз жоғарыда айт­қан «бұрылыс кезеңнің» анық көрінісі. Дүниетанымдағы өзгеріс құндылықтар мен эстетикалық талғамды өзгертетіні әуелден белгілі. Сондықтан да бүгінгі және ертеңгі көрермен кешегі көрер­меннен мүлде басқа талғам иесі болып отыр. Уақыт өткен сайын, ұрпақ ауыс­қан сайын бұл барыс тіптен көрнек­тілене түсетіні анық. Театрды өзек етіп айт­сақ, қазіргі көрерменнің санасы сах­надан бүгінге дейінгі көрерменнен мүл­де басқа, жаңа кеңістікті, өте үлкен ин­формацияны, тың сапаны талап ету­де. Дүниетаным, бі­лім, эстетикалық талғам, тақырыпқа көз­қарас, шығар­машылық стиль, жазу ше­берлігі жа­ғында заманның ең ал­дың­ғы ой-толғамы деңгейінде жұмыс істе­мей, шығарма жазбай бүгінгі кө­рер­мен мен өнердің талабын қана­ғат­тандыра алмайтынымыз даусыз. Бұл талаптан шықпау, өткенмен өмір сүру, аға ұрпақтың салып кеткен жолын шиыр­лай беру драматургияның бола­шағын күңгірттендіреді. Бұл бүгінгі ор­та буын драматургтар мен жас буын­ға жүктеліп отырған тарихи мін­деттің жүгін айқындаса керек. Үздік дра­матургия болмаған жағдайда қуат­ты өнер ұжымы да, білікті режиссура да ұзаққа бармайтыны, барса да, өнер­дің көкжиегін бағындыра алмайтыны тағы белгілі. Бұл қазірдің өзінде қазақ театрының сахнасында көрініс беріп отырған жағдай. Қазіргі театрлардың репертуарын толықтырып, құтын қа­шыр­май ұстап тұрған ұлттық клас­си­камызбен қатар аға буын авторлардың жемісті шығармалары десек, артық емес. Ал орта буын мен жас буын өзіне жүк­телген міндетті толық арқалап, әсі­ресе, заман талабына сай әлемдік драматургияның бүгінгі биігі негізінде жазылған шығармаларымен ортаны толтыруға шарасыздық танытып отыр. Театртанушы сыншылар мен өнер­тану­шы мамандардың қашанда жас драматургтардан гөрі, жас режиссерлер мен актерлер туралы көбірек айтуды қалайтынының бір себебі де осыдан бол­са керек.
Жоғарыдағы жағдай драматург­тер­ді заман талабына сай әзірлеудің ке­шенді жобасы қажет екенін аңғартады. Біз­де қалыптаса бастаған жас буын ав­торлар бар. М.Омар, Ә.Бағдат, Қ.Мұрат, Ы.Шалғынбай, А.Нұрбақыт, М.Қосын, А.Аламан, Ә.Айтуар, т.б. осы буынды одан ары жетілдірудің берері де маңызы да зор деп білемін. Дра­матургтарды тәрбиелеу Өнер академеясын бітірумен аяқталмауға тиіс. Шығармашылықта өзін тұлғалай бас­таған авторларды Англия, Фран­ция, Германия сынды елдердің білімін жетіл­діретін арнайы курстарына жіберу қажет-ақ. Оларды және театрға тартып, бірлесіп қоян-қолтық жұмыс іс­теуге мүмкіндік жаратып, практи­ка­лық дүниетанымын қалыптастыруға жағдай жасалса дейміз. Бұл драматург, режиссер, актерден тұратын шығар­ма­шылық әлемнің үндестігін тудырып, қа­зақ театр өнерінің өз топырағынан қуат алып өркендеуіне берік негіз қалар еді. Елімізде және шетелдерде театр фестивальдері өтіп жатады, оған біздің республикалық және облыстық деңгейдегі театр ұжымдары белсене атсалысады. Өкініштісі, осы берекелі шарадан драматургтеріміз үнемі тыс қа­лып қояды. Бұл тіпті түсініксіз, театр­дың өзі отырған бұғатын өзі шап­қандай ыңғайсыз жағдай. Бұл да ой­лан­дырады. Шетелдерде өткен театр фес­тивальдеріне, шетелдегі қойылым­дар кезінде шараға драматургтерді де тарту күн тәртібіне алынса дейміз. Елі­мізде ұйымдастырылған Халықара­лық театр фестивальдеріне шетелдік даңқ­ты режиссер, актерлер, актриса­лар­мен қатар мықты драматургтерді де неге шақырмасқа. Бұл олармен біз­дің драматургтер арасында ой, тәжі­ри­бе алмасуға көпір болар еді. Мұнан тыс батыс елде­рі­нің үздік драматургтерінің, айталық Нобель сыйлығын алған драматург­тердің пьесаларын, олар туралы зерттеу ең­бектерін жүйелі түрде қазақ тіліне ау­д­арып кітап етіп жарыққа шығаруға, олар туралы өз авторларымыздың зерт­­теу еңбектер жазуына мүмкіндік жа­салса дейміз. Ол жас буынның шы­ғар­машылық дүние­танымына оң ық­пал етері анық. Мұны Қазақстан Жазу­шылар одағы Мәде­ниет және спорт министірлігіне ар­найы жоба ре­тін­де ұсынса деген ойы­мыз бар. Жазу­шылар одағы Алматы мен Астанадағы жетекші театрлармен тығыз жұмыс істеудің тетігін қарас­тырса, шығар­ма­лық байланысты арт­тырып, драматург­тер­мен өнер ұжым­дарының арасына көпір болуға ат салысса, драматургия­ның жанда­нуына мүмкіндік туар еді. Бұл қадам өз кезегінде қазақ драма­тургиясы мен театрының дамуына қуат беріп, театр саласын шын мәнінен ру­хани жаңартар еді деп ойдамыз.
Жалпы, драматургтың қаламы мен қағазынан қанат қағатын театр әлемі­нің ұзақ болашағын ойласақ, қазақ руханиятының көкжиегін кеңейтеміз десек, алдымен ұлттық драматургияны дамытуды басты орынға қоюға тиіспіз. Сонда ғана театр сынды ұлы рухани көштің тоғанағы тоқ, шаңы үзілмей ұзақ­қа баратынына сенімдіміз. Театр­дың туын ұстап, көшін бастаған өнер ұжым­дарының директорлары мен режис­серлері заманның тамырын дәп басып, бүгінгі күннің қаны тамып тұр­ған мәселелеріне ден қойып, сапалы туын­дыларды сахна төріне шығарады, қазақ өнерін одан ары асқақтата түседі де­ген ізгі үмітпен сөзімді ақырлас­тыр­ғым келеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір