Күміс білезік
01.06.2018
2083
0

Әпкем Гүлбахира мен анам Тұрған Қалмамбетқызы. (1925-1975)

Бұл білезік үш ғасырдың куәгері. Өрнегі мен сән салтанаты сол қал­пын­да сақталған. Соққан шебері бел­гісіз. 1921-22, 1930-33-жыл­дар­да­ғы ашаршылықта халқымызды ажал­дың қандауырына байлап беріп, жар­тысына жуығынан айырыл­ға­ны­мыз тарихтан белгілі. Қолдан жа­сал­ған бұл қырғынның лағынет нәу­бе­тін, ауыртпалық, күнәсін кімнің кө­теретіні адамға да, Аллаға да аян! Он тоғызыншы ғасырдың екінші жар­тысының аяғына таман Тараз қа­ласы жанындағы Тектұрмас ел­ді­мекенінде ғұмыр кешкен Қалмамбет ақ­сақал менің нағашым еді. Ба­ла­лары шешек, қызылша ауруына шал­дығып, бірінен кейін бірі баудай тү­сіпті. Аман қаларма екен деп, бірін есіктен,бірін терезеден шығарса да болмапты. Он бала бірдей кеткесін, тоқ­тарма екен деп, кенжесінің атын Тұр­ған қойыпты. Халық басына түс­кен нәубеттерге қосылған бұл қай­ғыға шыдай алмаған атамыз, құса­дан, балаларының артынан мәң­гі­лікке сапар шегіпті. Бәйбішесі Бегімкүл жал­ғыз қызы төрт жасар, менің ше­шем­­ді құшақтап қала береді.Ұзаққа бар­майтынын сезген апамыз, Бек­берді ақсақалдың ұлы, Сыдық қа­рия­ның әйелі Қызтәліп абысынына: «Қызым Тұрған, жас қалып бара жа­тыр, мына білезік анамнан қалған жал­ғыз көз еді, осыны қызым бой­жет­кесін қолына тақ, менің оған қал­­дырған жалғыз мұрам, осы бі­ле­зік қана», – депті де, ол кісі де ба­қиға ат­танып кете барыпты. Бекберді ақ­­­сақалдан Әлімбай, Сыдық, Сәкеш де­ген азаматтар өрбиді. Әлімбай Тек­тұрмаста қалып, Сыдық Сәкеш­тер біраз ағайындарымен қазіргі Жам­был облысы, Байзақ ауданы Ша­қан ауылына көшіп келеді. Апам осы кісілердің үйінде қалады. 1931 жыл­дары өкімет тарапынан жетім­дер­ді қаладағы балалар үйіне жинай бас­тайды-да, Тегістік ауылына жоға­ры­дан уәкілдер келіп, жетімдерді тізім­деп, арабаға отырғызып, қалаға бет түзейді. Мұны, аңда жүрген Сә­кеш есітіп, арабадағы уәкілдерді қуып жетіп, аспанға мылтық атып тоқ­татыпты. «Айналайындар мына ал­ты жасар қызды шешесі бізге ама­наттап кетіп еді, егер балалар үйіне кет­­се бұл қыз жоғалады, орнына бас­­қа ұл бала берейік, ұл тірі болса елін табады, бар ауыртпалығын өзім кө­теремін», – деп жалынып-жал­ба­ры­нып, апамды алып қалыпты. Апам, осы кісілердің қолында бой же­теді. 1941-жылғы Ұлы Отан со­ғы­сының сұрмергені болып, Севос­то­польде бір аяғынан айырылған әкем, 1944 жылы көктемде елге оралады. 19-дан жаңа асқан анамды құда түсіп аларда, Қызтәліп апамыз: «Мына күміс білезік анасының көзі, ама­на­ты», – деп апамның қолына салып­ты. Әкем Мұстафаның бірінші әйелі Күл­паршын соғысқа кетерінің ал­дын­да дүниеден озып, ол анамыздан Назымкүл атты қызы қалады, екін­шісі менің анам Тұрған Қал­мам­бет­қызынан Тілеуқұл, Күләйлә, Гүл­ба­хи­ра, Садығұл, Қойшығұл, Қой­­­шы­ман алтаумыз.Әкем бес уақыт на­мазын үзбей, анам әкемнің қаба­ғы­на қарап, бәйек болумен өтті. Ағам Тілеуқұл 19 жасында Алматыға оқуға кетті, әкпем Күләйлә Тараз­да­ғы СТАТ техникумын аяқтап, ауылға ке­ліп екі жылдай қызмет жасап, 20 жа­сында тұрмысқа шығып өз жөнін тап­ты.
1966 жылдар. Ауыл ақсақалдары әке­ме келіп шаш алдырып, ертоқым, жү­гендерін реттетіп, қамшы өргізіп, өткенді еске алып, әңгіме дүкен құ­ра­тын. Бірде, шешемді жеті шақы­рым жерден өгіз арабамен әкелуге бар­ған әкемнің атқосшы інісі Тас­танов Жайнақ деген ақсақал үйде оты­рып, шешемнің қатты қорық­қа­ны жайындағы әңгімені бастады. Бұл 1944 жылдың күзі еді дейді. Ол кез­де колхоз бастық Байсеркеев Мейір­манқұл деген кісі болыпты. Өзі коммунист, жұмыста өте қатал бол­са керек. Ауылдағы азын-аулақ егін орағының жүріп жатқан кезі. Ор­талық қырманға әкемді қарауыл, әрі ұста ретінде жұмысқа қабыл­дап­ты.Сынған араба, үзілген божы, жү­ген, кетпен, күректерді саптап, орақ, шалғыларды шыңдап, ретке кел­тіреді екен. Жалақы жоқтың қа­сы, ауыз жарымас тиын тебен. «Қа­зан асқан қаспағын қырар», – де­мек­ші деп, әкем бастыққа жағдайын ай­тады. Бастық, еңбек ақысына бір уыс бидай, орташа жүгері сотасын алу­ға рұқсат етіпті. Әкем күніге түскі, кешкі асқа келгенде, бастық айт­қан затты шекпенінің екі қал­та­сына салып әкеліп жүріпті. Ше­шем­нің аяғы ауыр, әкелген жүгері мен би­дайды екі ала қапқа салып жинай бе­ріпті. Сонымен қатар, өкіметке кү­ніге бір таба нан өткізетін тап­сыр­ма бар. Өкімет берген ыржанай қара ұнға қол диірменмен бидай, жүгері тартып араластырып, қоңырқошқыл етіп, әдемі нан пісіріп, өткізеді екен. Бір күні түскі асқа дайындық жасап жат­са, үйдің жанына колхоз бастық келіп: «Ой,мен жоғалтқанымды тап­тым-таптым», – деп аттан түсе бас­тап­ты. Шешем жерошаққа нан пі­сіріп, бір-екі таба нанды пештің ер­неуіне қойып отырса керек. Оның ар­тынша есепшісі келеді. Анам, мы­на сөзді естіп, аяқ-қолы дірілдеп, ор­нынан тұра алмай қалады.Сол сәт­те әкем де төбеден асып, есекпен ке­ле жатады. Бастықтарға: «Оу, жол бол­сын, үйге кіріңдер», – деп дауыс­тап­ты. Үйлері-қамыстан тұрғызып, сыр­тын сары балшықпен сылап, те­резесіне қойдың қарынын тарт­қан, екі бөлмелі тоқал, жаппа там. Кол­хоз бастық: «Бір нәрсе жоғалтып жүр едім, соны осы үйден тапқан сияқ­тымын», – депті. Оны естіген ше­шем одан бетер дірілдеп, екі көзі қарауытып, басы айнала бастайды. Ол кезеңде бір пияла бидайға сот­тайтын кез! Әкем даусын көтеріп, ше­шеме: «Неғып отырсың, қонақ­тар­ға шәй дайындамайсың ба», – де­ген кезде, есін жиып, үйге жүгіре ба­­сып барып, бүйірлері томпиған ала қаптағы бидай, жүгерінің бетін ала­шамен жауып, келесі бөлмеге шай дайындапты. Дастархан мәзірі, қуыр­ған бадырақ жүгері, құрт, пәтір нан, қаймақ болса қаймақ, не керек, үйде не бар, барын салып, апам дас­тар­хан жасапты. Бастық, есепші, әкем үшеуі үйге кіріп жайғасып, әке­­м­нің қақпан сап ұстап әкелген қоя­нының сорпасын ішіпті. Шайға қан­ғасын әкем: «Ал айтыңыз, не жо­ғал­тып жүрсіз», – дейді ғой баяғы.Сонда бастық, есепшісіне қарап: «Ауыл­дағы ел, өкіметке бір таба нан­нан өткізетінін білесіз, соның ішінде бір ерекше піскен таба нан келеді, дәмді, әр сапалы. Соның егесі Әмір­тай ақсақалдың бәйбішесі Бүзи апай ма дедім, оған барсам ол емес, жас­тары үлкен болғасын Ұлтан,Тәтен апайларға бардым, олар да болмай шық­ты. Сол нанды алып, әйеліме апа­рып беріп, орнына бір таба нан өт­кіздім де, енді сен нанды осылай пі­сір деп, тапсырма бердім. Ол да, «Еге­сі кім екен», – деп қызығу та­ныт­­­ты. Нанның егесін іздегеніме бі­раз уақыт болды, иесін таппай жүр­сем, осы келін екен ғой, мен бұл ке­лін деп, тіпті ойламаппын, қара­шы қателескенімді», – деп қарқыл­дап күліпті. Сол кезде барып ше­шем­­нің аласұрған жүрегі орнына түсіп, «уһ», – деп терең демалыпты. Бас­­шылар, шай ішіп болып, рахмет ай­тып, орындарынан қозғалады. Ше­шем колхоздастыру кезін, өткен­дерін есіне алғысы келмейтін. Же­тім­діктің зардабы бар, ауыр тұрмыс, ауыр жұмыс, жастық, балалық де­ген­нің не екенін білмей өскендіктен, ауыр сезінетін еді. Садан ағам екеу­міз апама қолғабыс болып, ауыл сыр­тынан тезек теріп, қажетті отын­да­рын әкеп беретінбіз. Кейде арба­мен құмға тартамыз. Бұл біз үшін сая­хат жасағанмен бірдей еді. Ауыл­дан бір шақырымдай жерде Кө­кө­зек­тің айналмасында үлкен арал бар. Егістік, алмаларды жағалай жабайы жиделер өседі. Гүлдері майда, сары түс­ті, иісі жұпар атады, қолыңмен ұс­тап тартсаң майда үлпілдеген түгі қо­­лыңа жұғып, ұсақ тікендері қо­лыңа кіріп, ашытып, мазаңды алады. Жол жағалай биік түйе жоңышқа бой көтереді, гүлдері ашық сары. Оны­мен жағаласа тікен-тікен шоңай­на, мұның гүлі күлгін, одан ары­ректе жусан, ебелек, жерге жа­быса өсетін бозқыраудай қараотпен араласа сиягүл, шие түстес майда гүл­ді жантақ, алабота, мия,мияның гүлі ақшыл болып келеді,ал кекіре өте ащы шөп, мұның гүлі қызғылттау ерекше, онымен қатарласа қырық­буындар сап түзейді. Сәл әріріректе алаңқайды өрт шалғандай жайқалған қыз­ғалдақтар, түрлі-түсті сүмбүлі сұлу шөптер, кілемшедей құл­пы­ра­ды-ау десіз! Осылай табиғаттың әсем жара­тылысына қарағыштап оты­рып, құм жиегіне де жетіп қаласыз. Мысалы, жүзгеннің гүлдері солғын қызғылт болып келеді, өзіндік әсем жұ­пар иісі бар, шыпырлап бұтағынан тө­гіліп тұрады. Жиектің сәнін кір­гізген жыңғылтектес қоянсүйектер, шиге ұқсас аткүде жайқалады. Құм­ның жықпыл сайларында шеңгел өте көп өседі. Оның гүлінің иісі бол­майды, күрең қызғылт гүлдері та­биғаттың сәнін кіргізіп тұрады. Шең­гелі көп болғасын ба «Шеңгелді ой», – деген жер атаулары кездеседі. Ал ол жерде қоян өріп жүреді. Құм­ның жиегінде изен, лақса, селеу, іші­­не кіре түссең ажырық шөп, бая­лыш, қараматау, жаужымұр өседі. Ашаршылық кезінде елге сол жау­жымыр азық болыпты. Қылшаның я, сәбіздің жабайысы. Көктем біті­сі­мен құмның ауа райы күрт өзгеріп, ысый бастайды. Ол кезде құмда жа­лаңаяқ жүру өте қауіпті. Табаның үл­біреп алынып қалады. Құм қызған кез­де кесірткелер де жүзгеннің ба­сына шығып, құйрығын біресе қайы­рып, біресе жазып, ауызын ашып, жанын қоярға жер таппай бе­зек қағып тұрады. Осы бір кезең­дерде, құмның үстіне жұмыртқа қоятын болсаңыз, пісіп қалуы кәдік. Осын­дай аптап ыстықта да ағам екеу­міз құмнан отын алып қайта­тын­быз. Мен, құмнан құмсағыз те­ріп алып, ауызым құм-құм болып, шай­нап жүретінмін. Құмсағыз, ақ гү­лі бар жусан тектес шөптің тамы­ры­нан алынады. Пісуі жетпесе та­мыр­дан әппақ болып сүт ағады. Міне табиғаттың кереметі дегеніңіз. Құм аралас тамырды шайнай берсең құм­нан тазарып, сары түсті созыл­ғыш сағызға айналады. Ол ауылда көп балаларда бола бермейді. Құмда мал бағатын малшылардың бала­ла­рында ғана болады. Ол уақытта ауыл­да тоқал, жаппа тамдар көп бо­ла­тын. Біздің үйде солардың бірі еді. Еденіне қамыстан тоқылған ма­ты жайып,оның үстіне алаша, одан киіз, оған көрпешелер жайып, ұйық­тай беретінбіз. Жеріміз кең, үйдің алдында шағын орман ағаштары өсіп тұратын да, оның шетіне таман ауылдың су арығы өтіп жатады. Арық­тың алдына шешем сеткадан тос­па жасататын, үйткені оның ішін­де үйрек, тауық дегеніңіз қаптап жү­ретін еді. Апам бізге, үйрек тауық­тың жүнін тергізіп, одан құс жастық жа­сап беретін.

Анамның күміс білезігі

Шешемнің әрбір заттары, ыдыс аяқтары кіре бірістегі бөлмеде сан­дық, қобдишаларда тап-тұйнақтай болып тұрар еді. Міне ол заманның үй жиһаздары. Осыған да ол заман­ның адамдары қанағат жасайды. Анамыз өте таза,кірпияз, шамадан тыс пысық адам еді. Үйдің айналасы­на көлденең ши жатпайды, тазалап сыпыртып тұратын. Біздің елдің әйел­деріне тән ұлы қасиет, үлкен кісі­лерді айтпағанда, қайныларының ат­тарын атаған емес. Молдажан, мыр­зажан, төрежан, шырақ, кіш­ке­не бала, көзжақсым т.т. жалғаса бе­ре­ді. Көршіміз Әбилім ақсақалдың Ұл­жан деген кемпірін, апам Аттеріс деп атайтын.Үйткені үлкен атала­ры­мыздың бір кемпірінің аты да Ұлжан бол­ған екен! Ал енді аталарымыздың үй­леріне барғанда есіктен кіре сәлем жа­сап, иіліп кіретін. «Төрге шығуғуа бол­майды, үлкен үй», – деп есіктен сәл жоғары отырар еді. Жалғыз ме­нің шешем емес, ауылымыздың көп әйел­дері солай болды. Әлі күнге дейін сол кісілердің көзін көрген жең­гелеріміз солай жасайды. Не де­ген имандылық, недеген инабат­ты­лық, ізеттілік десеңізші. Үлкен кі­сі­лердің алдынан қия өтпейді, алыстан көре қалса, тосып тұрып, ол кісілер өт­кесін сәлем жасап барып, өз жол­дарына кетер еді. Қайран асылда­рым ай, қара жердің қойнына қалай ғана сыйып жатыр екенсіңдер.
Апам, жас күнінде өзімен трак­тор­ды бірге айдаған замандастары Ұлту­ған, Зайпан, Шәрімкүл, біздің кін­дік шешеміз Ереңсіз апаларымыз кел­генде өткендерін есіне алып әң­гімелеп отыратын. Кейде, көзде­рі­не жас алып, кейбір қызықтары есте­рі­не түскенде күлісіп те алады. Ше­шем­нің көзіне көзім түсіп кеткенде көзі боталап, жанары жасқа толып тұр­ғанын байқайтынмын. Көз жа­нар­ындағы моншақтары мөлтілдеп, төгіліп-төгіліп кететін. Мені байқа­ған сәтте басқа жұмысын жасап, ән­д­еткен болып кете беретін. Сол қиын замандар, бізге ертек айтып отыр­ғандай көрінетін еді. Дегенмен, бәрі рас. Жастық шақтарының осын­­­дай тақыр заманға тап кел­ге­ніне өздері, кейде өкінбейтін де: «Ал­лаға шүкір сөйтіп жүрсек те ұл, қыз сүйіп отырмыз», – деп тәубе жа­­сап, отырар еді. Бұл әңгімені тың­дап отырған менің де бала жүрегім ел­жіреп, қобалжып көмейіме өксік ты­ғылатын. Апам өте шебер тігінші бол­ды. Қол машинесі әлі күнге үйде сақ­таулы. Сол машиненің арқасында біз­дер небір көйлек, шалбарлар ки­дік. Айтпақшы, көйлек кигеннен шы­ғатын тағы бір әңгіме бар. Ұлды сүн­деттету әкеге, қыздың құлағын тесіп сырға тағу, шешеге парыз деген де бар екен-ау! Астында құла жирен аты, басында оралған сәлдесі, қо­лын­да жалаңдаған өткір ұстарасы бар Есентай деген молда атамыз, ме­нің есімде қатты қалды.Өйткені ол кісі, қаншама ауыл болса, бәрінің балаларын сүндеттеді. Қожекең кеп кет­кесін, әкпелерінің көйлегін ки­ген 3-5 ұстатпай қашып жүреген 7 жасар балалар көшелерде талтаң­дап,ойнай бастайтын. Қазір ойла­сам, сол кісі қаншама сауап жинап, алғыс алды екен. Апам, мәшинесін са­қылдатып,ерінбей жалықпай құрақ көрпешелер тігетін еді. Үйдегі құрақ көрпелерге көрші-қолаңдар бірдей таңғалып, шешеме: «Жеңеше осының бәрін қалай ерінбей тігесіз», – деп мақтап та кететін. Ал енді, «көр­пе-көрпеше тігуді бастаймын», – десе бізге жүн түту науқаны баста­ла­ды. Қатар қатар отырып, жүннің не­бір түрлерін, түннің біраз уақы­ты­на дейін түтеміз. Еріншектік деген жоқ, бір жағынан денсаулығы жоқ болғасын, апама жанымыз ашитын. Егер шаршай бастасақ, «Әй, аздап шыдаңдар, қазір мұрындарыңнан мон­шақ түседі», – деп қояды. Біз со­ған шын сенетін едік. Түрлі-түсті ма­талар, помбарқыт, қыжым дейсіз бе, неше түрлі қйындыларды ерін­бей-жалықпай жинап, оны қиыс­ты­рып тігіп, көрпеше, неше түрлі бөс­тектер жасап, қара қызыл пом­бар­қытпен жиектеп, жүнін салып көр­пешелерді жайып тастағанда не­деген ғаламат, үстінде отыра бер­гің келеді. Ондай құрақ көр­пе­ше­лерді мен сирек кездестірдім. Мұны әри­не шебердің-шебері жасайтын болуы керек. Ал енді күзге салым, қой­дың күзем жүнін қырқу,киіз басу ке­зеңі басталады. Күзем жүнді түту өте оңай, кейде оны түтпей-ақ са­баумен сабап-сабап, киізге дайын­дай­тын еді. Жаздың ыстығы өте, киіз басу науқаны басталады. Ол, бір үл­кен мереке. Ауылдың біраз әйел­дері жиналып, дайындалған жүнді сорттайды. Қарасын астына деп, бөлек қояды, қоңырын арасына дей­ді,ақ жүнді түр салуға деп ерекше­лей­ді, кейбірін қызыл, жасылдатып түрлі бояуларға бояйды. Осы кезді пай­даланып, біздер де, жүнді қай­на­тып жатқан бояуға, асықтарымызда салып, түрлі-түсті етіп, бояп аламыз. Қызыл, жасыл,сары асықтар-ай, қан­дай керемет, ойнағанда көздің жауын алып, қаз қатар тізіліп тұра­ды. Бәрінен киіз басу науқанына қа­рап, қатты қызығатынмын. Кіші­гірім той. Сол маңайды тоқылған ши­мен дөңгелектеп қоршайды да, сыр­тына су шашып, шаң көтерілмес үшін дегдітіп қояды. Үлкен апа­ларымыз жүнді жыңғыл сабаумен илен­ген теріге басып, сабап, жайыл­ған ши матыға тастап отырады. Орта жас­тағы әйелдер қара жүнді түтіп отырып тегістеп, өзінің өлшеуімен реттеп, керекті қалыңдығымен жая­ды. Ол біткесін жас қыздар қошқар мүйіздетіп, түрлі-түрлі, қызылды-жа­сылды, текеметтің түрін оюлап салуға кіріседі. Кесте тігіп жүрген қыз­дар, оюды да өте шебер салады. Бә­рі біткесін кемпірлер, мұқият тек­середі де, текеметті шиімен бірге асықпай, еш жерін бүлдіріп алмай орайды. Арнайы жасалған жіңішке қыл шылбырмен шандып байлайды. Шеттері сөгіліп кетпес үшін тартып қысады да қайнаған ыстық су құяды. Сонымен киіз тебу басталады. Оған барлық жиналғандар атсалысады. Қатар-қатар тұрып, қолдарын ай­қастырып киізді он метр ары-бері қуа­лап тебеді. Шаршағандарын біз­дер алмастырып отырамыз. Енді киіз­ді ортаға қойып, екі жағынан ал­ма кезек секіріп, бір сағаттай ма те­біске түсіреді. Киіздің жақсы бекуі үшін ыстық су дембіл- дембіл құйылып тұрады. Алмақ-салмақ жа­сап тебеміз.Не керек тағы да бір са­ғат­тан аса тебу секіру, қызу жүреді. Ен­ді үлкендер, жастары бар, бәрі ар­найы сойылған тоқтының бал­бы­раған жас етін жеп, сорпасын ішіп, бір рахаттанады. Үлкен сары самуыр­лар буы бұрқырап,қайнап, әйел­дер әңгіменің көрігін қызды­рады дейсіз. Түс ауа кемпірлер әбден шайға қанғасын киізді ашып, жайып көреді. Сосын егде әйелдер қатар-қа­тар тізерлеп отырып, білектеуге кі­ріседі. Ол да оңай жұмыс емес, бі­лек­тері қызарып, ашып, әйтеуір әрең дегенде шаршап-шалдығып жү­ріп, кешке салым киіз басу опе­ра­циясы аяқталады. Ең соңғы жұ­мыс, біткен киізді ыңғайлап бүктеп, үш аяқты пештің үстіне қояды. Киіз­дің суын сорғытуға түнге қалдырады. Таңертеңмен үй иесі бар, және екі үш әйел жиналып, киізді жаяды. Көз­дің жауын алатындай әсем ою­лар жарқырап түрленіп, қара киізге түс­кен ақ оюлар рең беріп, құлпырып шы­ға келеді. Мінеки біздің апал­а­ры­мыздың машахаты көп, қол өнер­лері осындай еді. Бұл шаруа қазір азайып бара жатыр. Біздер осындай табиғи киіз құрақ көрпелерге аунап өс­тік. Әрине әркімнің өткен өмірі өзі­не қызық, қимастықпен сағы­на­сың. Кейде базарлардан, немесе мұра­ғаттардан, киіз, немесе құрақ көр­пе көрсең, ауылың, балалық ша­ғың есіңе түсіп,өткендер көз ал­дың­нан сырғып өте шығады. Сол кездер нет­кен қызық еді деймін, құдды бір ше­берлер ауылында жүргендейсің. Қай­ран апалар-ай, әсемдігі бір-бірі­нен өтіп тұратын. Кимешектері кір­шіксіз дөңгеленіп,бастарына ақ қар­дай болып қона қалып, қолда­рын­дағы түрлі білезік, сырғалары сың­ғырлап, отырар еді. Бәрі көненің көз­дері екен ғой. Мен солардан есті­ген, көргендерімді ғана жазып отыр­мын. Ақсақалдардың өнегесі ол кез­дерде керемет болушы еді. Бір-біріне құрметі,баппен сөйлеудің өзі, мә­дениеттің ең шыңы дерсіз. Үл­кенінің қадірін кішісі білетін, алды­нан қия өтпей, иіліп, амандасып тұ­рар еді. Ұлылықты қадірлей біле­тін ұрпақ екен олар. Аналарымыз да үлкенді-үлкендей, кішіні-кішідей ұлық­тап, әр қайсысының қадір қа­сиетіне бас иетін заман екен-ау! Со­­ғымнан сыбаға деп, сырттағы туыс, ағайындарға кәделі жіліктері­мен бөлектеп қойып, келгенде асып бе­ретін еді. Небір шежірелер ол кісі­лер­мен бірге кетті- ау! 1973 жылы әкем өмірден озып, 1975 жылы анам қатты ауырып, әкпем Гүлбахира ау­дан, қала дәрігерлерінің есігін тоз­дыр­ды. Сәуір айында емханадан үй­ге әкеліп, төсек тартып жатып қал­ды. Әкпем, жанында аузына мақ­та­мен су тамызып, шырылдап отыр­ды. Кешкісін апам әкпемді ымдап жанына шақырып,анасынан қалған күміс білезігін табыстады да, «Анау ағаң Тілеу, ауылға енді келе қоймас, мы­на жетімектерді саған тапсыр­дым, ие бол», – деп соңғы сөзін ай­тып, ауыр күрсінді. Түн түңдігін түре, таң бозарып, жарқырап Шол­пан шыға анамыз мәңгілік сапарына ат­танып кете барды. Бұл 1975 жыл­дың Сәуір айының 27 ші жұлдызы таңғы сағат төрттен отыз минут кет­кен кез еді. Сол уақытта анам, 49 дан өтіп 50 ге қараған. Анамды соң­ғы сапарына аттандырғасын үлкен кі­сілер, ағайындарымыз ағама: «Ал­матыны қой да елге кел, мына ба­ла­лар­ға қара», – деп ақыл-кеңес берді. Бірақ ағам ауылға келмеді. Анамның аманатын арқалаған әкпем, қолына күміс білезігін тағып жүріп, бәрімізді үй­лендіріп, үй-жайымызға көмек­те­сіп, өзі отбасын құра алмай қалды. Қазір қарап отырсам мұндай бауыр­ма­шылдық, батырлық, өзінің өмірін бауырлары үшін сарп ету, қызба­ла­ның ғана қолынан келетін іс екен! Еңбегін біздер қалай өтер екенбіз де­ген ой, мені жиі мазалайды! 1996 жы­лы отбасыммен ақылдасып, әке, ше­шем, ағама Қордайдың мәрмар қы­зыл тасынан жондырып, қор­шауына Алматы АЗТМ зауытына ар­найы тапсырыс беріп, ауылға алып бардым. Бір мал құдайы жасап, ағайын көршілерді жинап, құран оқыт­тық. «Апаң ашуланып, «Менің ба­сыма ақтас,көктас қоямын дейсің ба?», – деп сені шыбықпен тартқан­да, «ия мен қоямын тасты», – деп жы­лаушы едің айналайын, сөзіңді Ал­ла қабыл етіпті-ау», – деп апам­мен жасында бірге трактор айдаған Шә­рімкүл замандасы көзіне жас ал­ды. Міне осы әңгімені жазып отыр­ғанымда 93 жасында Шәрімкүл апа­мыздың да қайтыс болғаны жө­нінде хабар алдым. «Елу жылда ел жаңа, Жүз жылда қазан»,деген тәм­сіл­ді әкелеріміз айтып отырушы еді.

Зарлы (Қошан)
Қойшығұл Мұстафаұлы,
Халықаралық Ж.Жабаев атындағы
сыйлықтың лауреаты,
«Құрмет» орденінің иегері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір