Робототехникадан республикалық байқау
21 маусым күні Астана қаласында робототехникадан «KazRoboProject-2018» ғылыми-зерттеу және шығармашылық жобалар байқауының финалы өтті. Өз аймақтарында үздік шыққан 26 жоба ақтық кезеңде жарысқа түсті. Қатысушылар жас ерекшеліктері бойынша екі топқа бөлінген: 10-15 жас аралығындағы мектеп оқушылары өз арасында сайысқа түссе, жоғарғы топ жеңімпаздары 15-21 жас арасынан таңдалды.
Жарыстың басты талабы – қазақстандықтардың өмірін жеңілдетуге арналған әлеуметтік жоба жасау. Байқау білім берудегі робототехниканың елімізде кеңінен таралуына, дамуына және өсіп келе жатқан балалардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін арттыруға бағытталған.
Жарыс нәтижесі бойынша Павлодар қаласынан келген оқушылардың жылдам және автоматтандырылған құймақ пісіруге арналған роботы кішілер лигасында үздік атанды. 5-сынып оқушылары Айпара Сыздықова мен Артем Малых жүргізген зерттеу бойынша сыныптастарының 90%-ы таңғы ас ішіп үлгермейді екен. Дәл осы себептен, уақытты үнемдеп, ыстық құймақ дайындап беретін құрылғы жасау идеясы келген. Оқушылар жарыста ұсынылған роботтың осыған дейін төрт нұсқасын құрастырып шыққан.
Ал 15-21 жас арасындағы қатысушылар арасында Алматы қаласынан келген Любовь Дудченко мен Чалышкан Селимжанның көзі көрмейтін жандарға арналған «Oqyp ko’r» жобасы жеңімпаз атанды. Құрылғы кез келген мәтінді мобилді қосымша арқылы Брайль шрифтінде оқуға немесе аудио нұсқасын тыңдауға арналған. Бұл – жас өнерпаздардың алғашқы жеңісі емес. Осыған дейін «Жас Отан» Жастар қанаты ұйымдастырған «Nurintech» инновациялық жобалар байқауына қатысып, 1 млн. көлемінде қаржылай ұтыс алған еді. Қатысушылар ол қаражатты құрылғыны техникалық жағынан жақсартуға және мобильді қосымша жасауға қолданғандарын айтты.
Бұдан өзге 10-15 жастағы қатысушылар арасында жүлделі орынға мүмкіндігі шектеулі жандарды қала ішінде тасымалдауға арналған робот-арба, нейро-интерфейс арқылы басқарылатын қол протезі лайық деп табылды. Ақтаудан келген Алексей Куричев, Марк Сергеев, Валерий Панфилов қол протезін Роботрек конструкторының негізінде жасап шыққан. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қала ішінде белгіленген орынға тасымалдауға арналған жобаның авторлары алматылық Құнанбаев Бекболат пен Тоқберген Нұрали: «Жоба көп жандардың күнделікті қиындықтарын шешуге сеп болар еді», – дейді.
Үлкендер арасында 2-орынды Астана қаласынан Дикин Александр мен Куклин Илья ұсынған электр қуатын есептеп, қолданылған артық қуат көзі жайлы ескерту жасайтын құрылғы алды. Солтүстік Қазақстан облысынан келген Сабитов Олжас пен Хафизова Алина аэропоник технологиясымен өсімдіктерді ауада немесе сулы ортада топырақсыз өсіруге арналған жобасымен 3-орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға және барлық қатысушыларға робототехикамен айналысуға арналған әр түрлі көлемдегі конструкторлар жиынтығы табысталды.
Осы жылдың 29 мамыр – 9 маусым аралығында еліміздің 16 аймағында байқаудың іріктеу кезеңдері өтіп, 200-дей жұмыс ұсынылған. Жобаны бірнеше жыл қатарынан Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника «Казроботикс» федерациясы ұйымдастырып келеді. Байқауды өткізуге «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры», «Жас Отан» Жастар қанаты, «Казпочта» АҚ, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі және «Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясы қолдау білдірді.