Әдеби жыл қорытындысы өтті
Қазақстан Жазушылар одағында 2017 жылы жарық көрген кітаптарды талқылауға арналған дәстүрлі Әдеби жыл қорытындысы өтті. Жиынды ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет ашып, қазіргі қазақ әдебиетінің мән-маңызына тоқталды.
Президиум төріне Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан, хатшылар Есенғали Раушанов, Ғалым Жайлыбай, Бақытжан Қанапиянов, Жүсіпбек Қорғасбек, Ғалым Қалибекұлы жайғасты. Нәрбин Кенжеғұлова фантастика, Гүлзия Пірәлі әдеби сын, Армиябек Сағындықұлы шетелдегі қазақ әдебиеті, Қанат Қайым балалар әдебиеті, Талғат Айтбайұлы деректі проза, Любовь Шашкова орыс әдебиеті, Нұрлан Қами проза, Пәтигүл Мақсатова ұйғыр әдебиеті, Дәулетбек Байтұрсынұлы аударма, Ермахан Шайхыұлы сатира, Жарас Сәрсек поэзия, Ардақ Нұрғазы драматургия жанры бойынша баяндама жасаса, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек, Платиналы «Тарлан» сыйлығының иегері, ақын Исраил Сапарбай, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының басшысы Қойшығұл Жылқышиев, сыншы Әмина Құрманғалиқызы, жазушы Жанар Әбдішова мен Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының басшысы, ақын Ерлан Жүніс жарыссөзге шықты. Ал Әдеби жыл қорытындысын Одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет түйіндеді. Кеңейтілген материалды келесі нөмірден оқи аласыздар.