«Халықтың бір аты – әдебиет»
25.08.2015
1396
0

3«Әдебиет – халықтың айнасы» деген сөз бар. Абайға дейінгі, Абай заманындағы, одан кейінгі қазақтардың бейнесін сол кездегі әдебиет елестете алады. Абайға дейінгі әдебиет ұзақ мерзімді, басылым бетін көрмеген жәдігерлер. Ол үрдіс он сегізінші ғасырға дейін созылды.

Серік Қирабаев,
академик

Қазір солардан қалған мұралар, жалпы түркілік мирастар, ежелгі мифологиялық ағыстар, орта ғасырдағы шығыс мәдениетімен дамыған қолжазба кітаптар, тарихи шежірелік туындылар, ұлттық шешендік өнер бәрі араласып, сабақтасып, ең алғашқы қазақтың бейнесін көрсетеді. Кейін қазақ хандығы отау тігіп шыққан кезде қазақ әдебиетінің ең басты тақырыбы ел қорғау идеясы болды. Ел қамын жеген билеушілер, билер мен шешендер әдебиет бетінде із қалдырды. Осы кезде жыраулар деген ақындар тобы шықты. Олар хан сарайымен байланыста, ханның ақылшысы болды. Елдің қайғысын жырлады. Олардың шығармаларында халықтық мақсат мейлінше айқын болды. Демократияның алғашқы лебі байқалды. Олар тек қана елдің мұңын, тілегін жеткізді. Халықпен де, билікпен де жақын араласты. «Өнер алды – қызыл тіл», «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген әдебиеттегі қағидалар солардан қалған. Жыраулардың көбісі жорықшы, батыр болған адамдар. Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді, оның жалғасы кейін Махамбетке ұласып кетті. Осылардың шығармаларында батырлардың орны да айқын көрінеді.
Жаңа туған, ұлттық әдебиет нағыз қазақтың психологиясын жазды. Мағжанның «Түркістан – екі дүние есігі ғой» деп жырлайтыны елдің бәріне белгілі. Сол елдің бесігі болған қазақ жерінің төсінде өз заманының батырлары болған.
Кейін басқа заманның қазақтары туды. Олардың өмірі отаршылдыққа орайласты. Он тоғызыншы ғасырдан бастап қазақтың психологиясы да өзгерді. Сол кездегі күрескер, қайсар мінез де, сатқын, опасыз әрекет те әдебиет бетінде көрінді. Отаршылдыққа қарсы күресте Махамбеттің, Шернияздың шығармаларында халықтық дәстүр қалыптасты. Олар өз замандарындағы адамдардың қандай екені, кім болғанын көрсетіп берді. Одан кейін зар заман ақындары туды. Дулат, Шортанбай, Мұраттар. Осылардың шығармаларындағы суреттер сол заман мен адамдардың мінезін тануға көмектеседі. Адамдардың шенге сатылуы, қожа-молдаларды мазаққа айналдыру бәрі де әдебиетте айқын көрінді. Сонымен бірге, отаршылдық халықтың адамшылдыққа деген талпынысын көрсете бастады. Өткір сын, бетке айту деген кешегі Бұхар заманынан бастап үлгі болды. Ол Сүйінбайдың Тезек төреге, Жанақтың Рүстем төреге, Шернияздың Баймағамбетке, Махамбеттің Жәңгірге, Шөженің Алшынбайға айтқандары. Осы сияқты оқиғалар әдебиетіміздің халықтық дәстүрін жалғастырады. Он тоғызыншы ғасырда жаңа ақындардың тобы шықты. Сал-серілер, әнші ақындар. Осылардың барлығының шығармашылығы қазақтың өмірін, тұрмысын көрсете алады.
Абай тұсындағы әдебиетке ойыссақ, Абайдың өмірбаянынан, шығармаларынан сол заманның қазақтарын таныса болады. Одан кейін «Абай жолы» туды. Абайдың өзінен елін, халқын сүйген адамның жан сырын оқисыз. Сонымен бірге, кемшілігін, қайшылығын қатты сынау да бар.
Абайдан кейін заман өзгерді. Кеңес үкіметі елімізге өте қатты әсер етті. Оның ықпалы әдебиетімізден көрінбей қалған жоқ. Терең әсер етті.
Жиырмасыншы ғасырдың басында Абайдың ағартушылық идеясы демократтық көз¬қарасқа ұласып кетті. Орыс революциясының әсерімен.
Соғыс уақытында қатар отырған екі қазақ бір-бірімен барымен бөлісіп, аралас отыратын. Қазір екі қазақ қатар отырса үйлерін биік дуалмен қоршап, бірінің малын бірі ұрлайтын мінез тапты. Бұл да ендігі жазылар, жазылып жатқан әдебиетімізде өз орнын табады деп ойлаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір