Америкалық драманы әлемдік аренаға алып шықты
Юджин О’Нил шығармашылығы – жиырмасыншы жүзжылдықтағы Америка әдебиеті тарихының ең жарқын беттерінің бірі. Әсіресе, америкалық драманы дамытудағы О’Нилдің ролі өте жоғары. Егер, проза мен поэзияның негізі Америка жағалауларындағы алғашқы қоныстанушылар тұсында қаланып, XIX ғасыр ортасында ерекше гүлденген болса, америкалық драма ұлттық өнердің түрі ретінде XX ғасырға шейін мүлде болған жоқ еді. Сондықтан, осы елдің драмасы Ю.О’Нилге қарыздар.
Қаламгердің қалыптасуына әртүрлі бағыттағы суретшілер, ойшылдар мен қоғам қайраткерлері ықпал етті. Олардың қатарында: Ш.Бодлер, Дж.Конрад, Ф.Ницше мен О.Уайльд бар. Драматургтың айтуынша, Ф.Достоевский және А.Стриндберг туындыларымен танысуы арқылы шығармашылықпен айналысуға құштарлығы ояныпты.
Кейін О’Нил осы жазушылардың көркемдік тәжірибесіне бірнеше рет оралған, атап айтқанда, Нобель сыйлығын иеленгендегі сөзінде швед классикасына үлкен ризашылығын білдірген еді. Сонымен қатар, 1910 жылдардың ортасына таман О’Нилдің солақай радикалдармен, оның ішінде, театрға қызығушылығын оятқан Джон Ридпен танысуы анархизмге бейім драматургтың антибуржуазиялық көңіл-күйін нығайтуына сеп болған. Алуан-алуан қақтығыстардың әлеуметтік астары мен сипатын көрсеткен О’Нил Америка драматургиясын тұлғаның санаттан шығарылуы қазіргі уақыттың іргелі мәселесі екенін аңғартар философиялық тұжырымға шейін көтерді.
1936 жылы О’Нил Нобель сыйлығын иеленді. Ел-жұрт алдында шешенсуден қашқақтайтын ұяңдау драматург сол кезде ауырып, жүлде оған ауруханада тапсырылған еді. Осыған қатысты жазылған шағын сөзі кезінде өзін шабыттандырған даңқты драматург Август Стриндбергті де таң қалдырыпты. Биікке көтерілген О’Нил кенеттен ұзақ жыл бойына үнсіз қалады. Өміріндегі «Ұлы үнсіздікті» тек екі рет қана бұзыпты. Артында бай мұра қалдырған Юджин О’Нил шығармашылығы – Америка театры, драмасы мен Әлемдік драматургия үшін де қайталанбас көркем қазына. Драматургиялық дәстүр дамымағанымен де, ол – ұлттық драмаға әртүрлі стильдік және
жанрлық түр беріп, оны сол жылдардағы ғажап өсуді басынан өткерген роман мен поэзияға теңестіріп, Америка драмасын Әлемдік аренаға алып шықты.
Майя КОРЕНЕВА,
ф.ғ.д., РҒА Бас ғылыми қызметкері (РАН).
(Қысқартылып алынды).
Аударған
Елдос ТОҚТАРБАЙ.