Саңлақ саясаткердің еңбегі
01.06.2018
1445
0

Бірден айтайық, бүгінгі сөз аты-жөні, тегі-сойы алты Алашқа мәшһүр түрколог-ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Құрманжанұлы Ахметов туралы болмақ. Алайда біз бұл мақалада ол кісінің Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында туғанын, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан және Ресей жоғары мектеп ғылым академиясының академигі екенін, соноу ХХ ғасырдың 90-жылдарында «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер (салыстырмалы этно-лингвистикалық зерделеу)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғағанын, Алматы қалалық атқару комитетінің сыртқы байланыстар бөлімінің жетекші маманы, Алматы қаласының АҚШ-тың Тусон қаласындағы өкілі болғанын, Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің ректоры, Қазақстан-Британия техника университінің ректоры, ҚР Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министерлігінің Білім беру комитетінің төрағасы, ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, ҚР-ның Ирландия Республикасындағы, Норвегия Корольдігі мен Швеция бірлескен Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарғанын, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, ЕҚЫҰ-на Қазақстан төраға болған кезде ұйымның мұсылмандарды кемсіту және шеттетуге қарсы күрес жөніндегі өкілі болғанын, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі, ҚР сайлау заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болғанын, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде емін-еркін сөйлеп-жаза алатындығын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері екенін сөз еткелі отырған жоқпыз.


Есесіне біз бұл мақаламызда тәуел­сіздігіміздің алғашқы ширек ға­сырында өмірдің сан тарауында, қыз­меттің алуан баспалдағында, Ота­нымыздың тәулсіз ел ретінде қа­лып­тасуы мен дамуы жолында абыройлы да жемісті еңбек еткен, оқығаны көп шын зиялының, тоқығаны мол заң­ғар тұлғаның жаңа кітабын сөз ет­пек­піз.
Кітаптың аты – «Ғасыр ғибраты». «Фолиант» баспасынан жарық көр­ген кітап белгілі публицист-қалам­гер, әдебиеттанушы-ғалым, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омарұлының кө­лемді алғысөзімен басталады. Кө­ле­мі – 17 баспа табақ.
Кітаптың атының өзі-ақ кез кел­ген саналы оқырманды, өткеннен ғиб­рат алғысы келетін, ертеңіне елең­дейтін ойлы азаматты бірден бау­рап алары хақ. Өйткені жеке тұлға бол­сын, ұлт болсын, мемлекет бол­сын, өткен күндердің сабағы мен ға­сырлардан қалған ғибраттарды өз тір­лігіне қыбланама ете отырып тір­лік кешеді һәм ертеңгі болашағын бағ­дарлайды. Төтенше бір жағдай­лар­да болмаса, жұрттың бәрі барар жеріне негізінен ілгергі адамдардың табан сорабы қалған жолдармен, соқпақтармен жүреді. Көздеген жерге діттеген уақытта жету үшін әрбір адамның тыңнан түрен салып, ай далада адасып жүруі әсте ақылды­лық­тың белгісі емес. Ес-ақылы түзу адам­ның бәрі қалыптасқан жолдар­мен жүреді. Өйткені ол жолдар қауіп­сіз. Ондай соқпақтар алда кездесетін құзар-шыңдардан, өзен-көлдерден, өзге де сын-қатерлерден аман-есен алып өтеді. Ұлттың да, мемлкеттің де ертеңгі күнге деген, жарқын бола­шақ­қа деген тоқтаусыз шеруі де осы сияқты. Мынау неге құздан құлады? Анау неге саз-батпаққа құйлап қал­ды? Ол қарлы дауылда жолынан адас­ты. Есті кісіге, ақылды отағасы­на, білікті басшыға осы сұрақтардың себеп-салдарының бәрі сабақ болуға тиіс. Атамыз қазақ «Ағаш ағаштан мәуе алады, адам адамнан тәлім алады» де­генде осыны керекті. Академик Әділ Ахметовтың «Ғасыр ғибраты» атты жаңа еңбегінің де жалпы айтары, меңзері – осы.
Кітап жалпы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Жаһанданған әлемнің гео­саяси келбеті» деп аталады. Бұл бө­лімде ғалымның оқыған кітап­та­ры­нан алған ой-тұжырымдары, ше­тел сапарларынан алған әсерлері топ­тастырылған. «Ли Куан Ю әлемі», «Ізгілік иірімі», «Сұңғыланың пайым­дары», «Нарық пен мораль», «ХХІ ғасыр: футуристің көзімен», «Сы­на қағылған сызат», «Америкада өткен президент сайлауы», «Брита­ния­да өткен Парламент сайлауының ерек­шелігі», «Әлемнің азық-түлік қауіп­сіздігі», «Гери Киссинджер тара­зы­лаған Қытай», «Қолайсыз шын­дық­тың» астары», «Financial times 125-ке толғанда», т.с.с жиырма шақты мақаланың көтеріп тұрған жүгін жиырма томдық таң­даулы еңбектің салмағымен шен­дес­тірсек, әсте де қателеспейміз.
Атап айтқанда, ғалымның кітап­тағы «Ли Куан Ю әлемі» атты мақа­ла­сы, айтулы саясаткер Гери Кисинд­жер­дің алғысөзімен 2013 жылы АҚШ-та жарық көрген, Сингапурды 31 жыл басқарған, абырой-атағы ал­ты құрылыққа мәшһүр Ли Куан Ю ту­ралы кітапты оқығаннан кейінгі ой-қорытындысы. Мақала авторы атал­мыш кітаптың негізінде Ли Куан Юдің өмір жолы мен биліктегі таң­ғажайып жетістіктері туралы егжей-тег­­жейлі таныстыра келіп өзінің ке­зек­ті емес, өзекті бір ойын: «Ли Куан Ю жүргізген табысты реформалардың бірі ғана емес, бірегейі де ағылшын ті­лін мемлекеттің әкімшілік және биз­нес тіліне айналдыруымен бай­ла­ныс­ты болғанын ерекше атай кетудің реті бар. Соның арқасында Сингапур жарты ғасырдан бері өзінің ең жақын экономикалық әріптесі болып сана­ла­тын АҚШ-тың басымдықтары мен мүм­кіндіктерін өте шебер пайдалана оты­рып, ол елден инновациялық тех­но­логиялық технологиялар мен бі­лік­ті мамандар тартуды да, тікелей ин­вестиция әкелуді де жақсы жолға қойып алған», – деп түйіндейді. Бұн­дайды қазақ «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деп тәпсірлейді. Тіп­ті осы бірінші бөлімдегі ғалымның бар­лық еңбектерін «қызым саған ай­там келінім сен тыңда» жорал­ғы­сы­ның ауқымына жатқызуға болады. Мә­селен, ғалымның «Ізгілік иірімі» ат­ты мақаласы Том Батлер-Боу­донн­ың «Ғұмырыңызды өзгертуге серпінді шабыт сыйлайтын классикалық 50 кі­тап» атты туындысымен егжей-тег­жейлі танысқаннан кейінгі ой тол­ға­нысы. Аталмыш еңбегінде Том Бат­лер-Боудон есімдері әлемге әйгілі Лао-Цзы, Марк Аврели, Боэций, Бенджами Франклин, Далай-Лама, Дейл Карнеги, Дипак Чопра, Пауло Коэ­льо, Стивен Кови сынды 50 ке­меңгер ойшылдар мен ұлт көсем­де­рінің кітаптарындағы ғибратқа толы ой-түйіндерін өз шығармасының өзе­гіне арқау еткен. «50 кітаптың» бі­реуі – АҚШ-тағы Гарвард уни­вер­си­тетінің түлегі профессор Стивен Ко­видің «Жолы болғыш адамдардың 7 дағдысы» атты еңбегі екен. Атал­мыш еңбегінде С.Кови «адам тағ­ды­рындағы кез келген сәтсіздік қолда бар ресурстарды, оның ішінде уақыт та бар, тиімді пайдаланбаудың сал­дары­нан болады» деп есептейді.
Том Батлер-Боудон өз туын­ды­сына енгізген кемеңгерлердің енді бі­рі АҚШ-тың Егемендік Декла­ра­циясы мен Конституциясын сомда­ған қаламы қарымды авторлардың бі­рі, XVIII ғасырда Батыстың саяси өмі­рі мен өнеркәсіп әлеміне үлкен ық­пал еткен тарихи тұлға, бүкіл әлем­ге есімі әйгілі ғалым – Бенд­жа­мин Франклин және оның «Автог­ра­фия» атты еңбегі. Профессор Әділ Ах­метов өз мақаласында Б.Франк­лин­нің аталмыш еңбегіндегі адамды ке­мелдікке жеткізеді дейтін этикалық қағидалардың 13 түрін атайды. Олар: «ар­тық астан тыйылу, бос сөз айтпау, тәр­тіп сақтау, тәуекелге бел буа білу, ысы­рапшылдықтан аулақ болу, ең­бек­қорлық, ой пәктігі, әділеттілік, шек­тен шықпау, тазалық, сабыр­лы­лық, нәпсіні шектей білу, биязылық». Міне әр бір оқыған кітабының ішін­дегі туған халқына пайдасы бар-ау, әсіресе жас буынның өсіп-жетілуіне кө­мегі болады-ау деген пәлсапалық ең түйінді пікірлерді осылай беріп отыру профессор А.Ахметов еңбе­гінің құнын одан сайын аспандатып тұрғаны жасырын емес. Ал ғалымның «Америкада өткен президент сай­лауы» атты мақаласының да Қазақ елі үшін мәні мен маңызы ерекше дүние. 2008 жылы қазанның 29-ы мен қара­шаның 6-сына дейінгі аралықта ЕҚЫҰ Парламент Ассаблеясының де­путаттар тобы АҚШ-та өткен пре­зидент сайлауын байқап қайтқан бо­латын. Бұл топтың құрамында Қа­зақстаннан сол кездегі Парламент Се­натының депутаты Әділ Құқрман­жан­ұлы да бар еді. Сайлау нәтижесін­де Барак Обама есімді тегі африкалық қара нәсілді азамат АҚШ президенті бо­лып сайланды. Бұл жағдайға жал­пақ жаһан таң қалды. «Афроа­ме­ри­ка­лық азамат қалай ғана АҚШ пре­зи­денттігіне өтіп кетті?» деген сұрақ саясаттан сәл ғана хабары бар жұ­мыр­­басты пенденің бәрінің көкейін­де бас көтерді. Бұл сұраққа Әділ Құр­манжанұлы сөз болып отырған сарап­тамалық еңбегінде мәселені 12 пунктке бөліп қарастырып, жінтіктеп тал­дай отырып, өте ғылыми да тұщым­ды жауап береді.
«Ғасыр тағылымындағы» келесі бір қызықты да өзекті еңбек «Аме­ри­калық макроэкономистің пайымдары нені аңғартады?» десек қаталеспейміз.
Автордың аталмыш мақаласы Но­бель сыйлығының иегері, амери­ка­­лық макроэкономист Пол Круг­манның 2008 жылы жарық көрген «Деп­рессия экономикасы қайта орал­ды ма?» деген кітабы мен 2013 жы­лы «Бұл дағдарысты дәл қазір тіз­гіндеу қажет!» деген кітабын шолу не­гізінде жазылған. Шолудың ара­сы­нан Пол Кругманан алынған: «Нарық эко­номикасының заңдылығы бойын­ша , бір адамның шығыны – екін­ші бір адамның табысына ай­на­ла­тыны белгілі аксиома. Бірақ билік ба­сындағы кейбір саясаткерлер бұл заң­дылықты жете түсіне бермейді. Де­мек экономикалық дағдарыстар мен рецессиялардың кейбір себептері сая­сат тізгінін ұстағандардың әлжуаз эко­номикалық доктриналарынан туын­дайды», – деген секілді «құлақ­қағыстарды» да оқуға болады.
Жалпы академик Ә.Ахметовтың осы мақаласын оқып отырып, әлем­дік қаржылық-экономикалық дағ­да­рыстың қыр-сырына, себеп-салдары­на кәдімгі сол дағдарыстың салқынын сезіп отырған адам ретінде, бір елдің са­налы азаматы ретінде ойлана бас­тай­сың, өзіңше оның себебін іздес­тіре бастайсың. «шынымен де неге бұлай?» деп әжептәуір басың қатады. Өйтпей ше?! Аспан аман, жер бүтін. Кәдуелгідей таң атып, күн батып жа­тыр. Төрт маусым уақтылы алмасып жа­тыр. Тамақ желініп, киім киіліп жа­тыр. Планетамыздың тұрғындары бар­ған сайын көбеймесе азайып отыр­ған жоқ. Қалалар, елді мекендер то­лас­сыз бой көтеруде. Егін егіліп жа­тыр, мал бағылып жатыр. Зауыт-фаб­рикалар өнімдерін шығарып жа­тыр. Мұнай мен газ, өзге де пайдалы қаз­балар алынып жатыр. Пойыздар жүйт­куін, ұшақтар самғауын тоқ­тат­қан жоқ. Сонда бұл «дағдарыс» деген бәле қайдан шықты?! Бұл сұраққа біз секілді ақын, филолог-ғалымыңыз бы­лай тұрыпты, экономика саласы бойын­ша Нобель сыйлығының лау­реаттары, әлемдік деңгейдегі, мүйізі қарағайдай экономист-ғалымдардың өзі жауап таба алмай дағдаруда. «Ол үшін, ең алдымен, Пол Кругман айт­пақ­шы, бұрыннан қалыптасып қал­ған әрі догмаға айналған саяси-эко­номикалық доктринаға бүкіләлемдік тә­жірибенің ең үздік үлгілерін батыл енгізе отырып, мүлде жаңа саяси-эко­но­микалық доктринаны айна­лымға енгізу керек», – дейді Әділ Құр­ман­жанұлы аталмыш мақала­сында.
Аталмыш кітаптағы келесі бір ең­бектің аты «Әлемнің азық-түлік қауіп­сіздігі» деп аталады. Бұл мақа­ласында автор АҚШ жер саясаты инс­титутының президенті әрі іргелі ой­шыл ғалым Лестер Браунның «Жос­пар Б 3.0: өркениетті сақтап қалу­ға жұмылу» көлемді зерттеу ең­бе­гін басшылыққа ала отырып, ға­лам­шардағы экологиялық, эко­но­ми­калық және азық-түлік мәселелеріне зер салады. Лестер Браунның көлемді зерттеуін жан-жақты саралай келе ака­демик Ә.Ахметов былай дейді: «Атал­мыш монографияда көтерілген проблемалардың басым көпшілігі біздің елімізге де тән. Ауыл шаруа­шы­лығына мемлекет тарапынан бө­лінетін субсидия ірі қожалықтармен қатар, әсіресе аула қожалықтарына, ала­ланбай, тұтас жететін болса, әрі бұл мәселеге бақылау күшейтіліп, Үкі­мет тарапынан жіті қадағаланса, ел­ді мекендердегі халықтың ынта-жі­гері еселеніп, жергілікті тұрғын­дар­дың жерге деген көзқарасы тез өзге­ріп, жер кәсіптің көзіне айналар еді. Сөйтіп ауылдық жердегі жұмыс­сыз­дықтың тамырына балта шабылар еді». Бұл секілді еліміздің тағдыры мен болашағына керекті, атқа мі­нер­лердің қаперінде жүрер өзекті ойлар мен ұтымды ұсыныстар кітаптың өне бойында тұнып тұр.
Әрине, кітаптағы әр бір мақаланы осы­лай жінтіктеп талдап шығатын бол­сақ, кітап туралы кітап жазылуы бек мүмкін.
Ал «Ғасыр ғибратының» екінші бө­лімі «Ұлы дала елінің жаһандық гео­саясаттағы дара жолы» деп аталса, үшінші бөлімге «Мұсылман әлемі» деген айдар берілген. Бірінші бөлім­дегі «Шерлі шежіре шындығы», «Жел­тоқсанның көлеңкесі мен күн­шуағы», «Қазақстан дипломатия­сы­ның жеңісі», «Ғасырға татыр 25 жыл», «Ұлы дала елінде жаңғырған ұлт­­тық сана», «Мәңгілік елдің өрке­ниет­тік мұраттары» т.с.с. мақалала­ры­ның айтар ойы мен салмағы жө­нінен бір-бір томдық еңбектің жүгін арқалап тұрған дүниелер. Кітаптың үшінші бөлімін құрап отырған «Ис­лам діні және мұсылман қауым­дас­тығы», «Ислам конференция ұйымы Қа­зақстан төрағалығының қарсаңын­да» деген екі мақала да Ислам діні, мұ­сылман қауымдастығы, Ислам кон­­­ференция ұйымы туралы сын­дар­лы ойлар мен жаңа көзқарастарға тұнып тұр.
Қысқасы, академик Әділ Құман­жанұлының «Ғасыр ғибраты» атты еңбегінің жалпы оқырманға, оның ішінде еліміздің атүстінде жүрген мем­­лекетшіл тұлғаларына берер тағ­лы­мы ұшан-теңіз. Әсіресе, Үкімет төра­ғасынан тартып, әр бір облыс, аудан, ауыл әкімдері, барлық ми­нистрлер мен олардың орынбасар­лары, комитет төрағалары бұл кітап­ты күнделікті жанқалталарынан тас­тамай оқып жүрсе, еліміздің эко­номикасы мен халықтың әл-ауқа­ты­нан, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен ке­лешегінен алаңдауға еш орын қал­мас еді. Осы арада біз кітап авто­ры­ның Лестер Браунның «Жоспар Б 3.0: өркениетті сақтап қалуға жұмылу» туралы айтқан: «бұл ғылыми туын­дыда жинақталған құнды ақпаратты мемлекетіміздің басқару жүйесінде қызмет істейтін әрбір азаматтың, әрбір маманның білуі, біліп қана қой­май, әлгілердің ең құнды дегендерін сүзіп алып, іске жаратуы міндет дер едім», – деген пікірін біз түп қотара осы Әділ Құманжанұлының өз кіта­бы­на қарата айтсақ та еш қателес­п­е­ген болар едік.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н.Гумилев
атындағы ЕҰУ кафедра
меңгерушісі, профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір