Тіл – рухани діңгегіміз
01.06.2018
4845
0

Фаузия ОРАЗБАЕВА,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
педагогика ғылымының докторы, профессор


– Саналы өміріңізді тіл біліміне ар­нап келесіз. Осы орайда тіл білі­мі­нің маңызы туралы ойыңызды қыс­қа­ша түйіндеп айтуға бола ма?
– Тіл – адамзаттың ерекше қа­зы­насы, жаратылыстың сыйы. Тіл ар­қылы біз ойымызды жеткіземіз, пі­кірімізді бөлісеміз. Қазақта «тіл та­бысу» деген әдемі тіркес бар. Кез кел­ген тілдің табиғаты осы ұғым төр­кінінде жатқандай. Адамзат бол­мысында тіл – сөйлесу, пікірлесу, тү­сі­нісу құралы. Түсіністік болған жерде тіл табысу іске асады.
Алаш жұртының арыс тұлғалы пер­зенті, ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлы: «Қазақтың атадан балаға мұра етіп қалдыратын екі қазынасы бар. Оның біріншісі – байтақ жері, екін­шісі – бай тілі», – дейді. Жер, тіл туралы Ахаңнан асырып айту мүм­кін емес. Қазақтың шешен де ше­жірелі тілі – ұлттың рухани бай­лы­ғы.
Тілдің ұлт өміріндегі мәні мен маңызы, қоғам дамуындағы орны мен қызметі ғылыми-теориялық тұр­ғыдан негіздеуді қажет етеді.Линг­вистика – артық сөзді қажет етпейтін, математика тәрізді нақты ғылым . Тіл ғылымын танып-білген сайын ол күрделеніп, тереңдей тү­седі. Тілдің тарихы, теориясы, та­ным­­дық кеңістігі салаланып, кеңейе береді.
– Сіз Алматы қаласындағы үш не­гізгі оқу орнындағы: Шет тілдер уни­верситеті, ҚазМУ, ҚазҰПУ-нің қа­зақ тілі және жалпы тіл білімі ка­фед­раларында қызмет атқарған екен­сіз. ҚР-дағы Жоғары оқу орын­дарындағы білім беру қалай өріс ал­ған?
– Қазақстан Республикасының оқу жүйесі үздіксіз білім беруге не­гіз­делген. Бұл үдеріс бірнеше са­ты­ны қамтиды: бала-бақша, бастауыш мек­теп, жоғарғы сынып, бағдарлы сы­нып, арнаулы орта білім беретін кол­ледждер, жоғары оқу орны (ба­ка­лавр, магистратура, докто­ран­тура), Мемлекеттік қызметшілер Ака­демиясы. Басты мақсат – білім­ді, Отансүйгіш, бәсекелестікке қа­бі­летті, интеллектуалды ұлт өкілін тәр­биелеу. Негізгі бағыт – алған білім­ді өмірде пайдалана алатын нә­тижеге жеткізу. Осы бағытта атал­ған оқу орындары өз мақсат – мін­деттеріне сай маман тәрбиелеп ке­леді. Үздіксіз білім беру жүйе­сін­дегі өзекті мәселе – ұлттық рухани құн­дылықтарды бойына сіңірген, үздік өркениетті игерген, озық тех­но­логияны дәстүрлі әдіс-тәсілдер­мен ұштастыра білетін, танымы жоғары, білікті маман тәрбиелеу.
– Басқа ЖОО салыстырғанда Абай атындағы ҚазҰПУ ерекшелігі не­де? Білім берудегі мақсат-мүдде жо­л­ында Сіз қызмет атқарып жүрген уни­верситет ұжымы қандай іргелі іс­тер атқаруда?
– Абай атындағы Қаз ҰПУ – ұлт бі­лімі мен ғылымының қарашаңы­ра­ғы, еліміздің тұңғыш жоғары оқу ор­ны. Басты мақсатымыз – рес­пуб­лика бойынша педагог маман әзір­леу, білімді де білікті ұстаз даярлау. Даңқ­ты батыр бабамыз Бауыржан Мо­мышұлы: «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет», – деп бекер айтпаған. Ұлт алдындағы «ұлы қызметтің» үде­сінен шығу – әр мұғалім үшін абы­ройлы міндет. Ұстаз – ұлт тағ­дыры мен ұлт болашағын да анық­тай­тын ұлы іс! Өйткені ол ұрпақ пен ұлт­қа біліммен қоса тәрбие береді.
Биыл Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 90 жылдығы. Осынау мерейлі ме­­рекеге орай университет рек­то­ры, педагогика ғылымының док­то­ры, профессор Тахир Оспанұлы Ба­лықбаев университет ұжымымен бірігіп оқу орнының маңызын, та­ри­хын, бүгіні мен болашағын бағ­дар­лайтын игілікті іс-шараларды жос­парлы түрде жүзеге асыруда. Жиыр­­масыншы ғасырдың елең-алаң кезеңі тұсауын кескен қара­шаңырақтың бай тарихы мен баян­ды бүгінін толық қамтамасыз ететін бұл шаралар ұлт ғылымы мен білі­мі­нен мол хабар беріп, тәуелсіздік дәуірі қалыптастырған білім жүйе­сіндегі үлкен өзгерістерді тануға, тал­дауға себін тигізері сөзсіз. Мем­лекеттік тілдің қолданылу аясы ту­­ралы тұғырлы шаралар да бар­шы­лық. Өйткені біздің оқу орнымыз – тіл ғылымы мен білімнің тума бас­тауы.
– Сіз төрт рет Президенттік сай­лау кезінде Президенттікке үміт­кер­лерден мемлекеттік тілден емтихан қа­былдайтын лингвистикалық ко­мис­сияның мүшесі әрі хатшысы бол­дыңыз. Мемлекеттік тіл аясының кеңеюіне мемлекеттік қызметкер­лер­дің қазақ тілін білмеуі кедергі болып отыр деген пікірге қалай қарайсыз?
– Төркінінде шындық бар пі­кір… Әрі-беріден соң, мемлекеттік тіл­ді білмейтін адамның мемле­кет­тік қызметте болуының өзі парадокс емес пе?! Ұлы Абай айтатын «толық адам» тұрғысынан қарар болсақ, бұл – туған жерге «толық қызмет» көр­сетпеудің көрінісі… Мемле­кет­­­тік тілдің әлеуметтік қызметін әр­түрлі параметрлерде іске асы­ру­ға болады. ҚР мемлекеттік қыз­меткерлерден жұмысқа ор­наласар кезде мемлекеттік тілден ем­тихан қабылдау; тілді оқыта оты­рып, кәсіптеріне қатысты ма­мандардың сұранысын, талап-ті­легін ескеру; тілді меңгерту арқы­лы адам танымын кеңейту сияқты мә­селелер мемлекеттік тілдің мәр­­тебесін арттырары ақиқат.
Сұрақ басында айтылған уәж­ге қайта оралсақ… Президенттікке кан­дидаттардың мемлекеттік тіл­ді білу деңгейі лингвистикалық заң­дылыққа сәйкес төмендегі өл­шемдер бойынша бағаланды. Олар: тыңдалым, оқылым, айты­лым, жызылым, тілдесім. Осы та­лап­тар мемлекеттік тілден ем­тихан тапсыратын кандидат­тар­дың бәріне бірдей қойылды. Ол туралы кезінде ақпарат құрал­дарында жарияланды. Кан­дидат­тар қатарында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та емтихан тап­сырды. Турасын айту – парыз. Біз­дің Елбасы – төрткүл әлем ал­дында ойлау жүйесінің өзге­ше­лігі­мен, сөз саптау өрісінің кең­дігімен дараланған тұлға. Емтихан кезінде соған тағы да көзіміз жете түсті. Мәселен, ауызша тілдесім ба­рысында мен комиссия мүшесі ре­тінде Елбасына: «Сіздің жа­дыңызда бойтұмардай сақталған қазақтың сөзі бар ма?», – деген сұ­рақ қойдым. Сонда ол кісі: «Абай­дың: «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» де­ген сөзін үнемі жадымда ұстай­мын. Осы сөзді ел ішінде кез кел­­ген жерге іліп қойса, артық бол­­мас еді», – деді. Менің ойым­ша, бұл сөз тек Елбасының ғана емес, әр қазақтың жадында бола­тын қасиетті сөз!
– Алаш арыстарының 100 жыл­­дығы өтті. Сіздің «Алаш арыс­тары­ның аманаты – тіл» атты баян­дамаңыз қалың жұртшылық тарапынан ерекше ықыласқа бө­ленді. Осы бағыттағы зерттеу­леріңіз­ді жалғастырасыз ба?
– Алаш арыстарының ең­бек­терін зерттеп-зерделеу кезінде өз басым қоғамтану мен ұлттанудың жаңа мектебінен өткендей бол­дым. Не деген әмбебап, кемеңгер тұл­ғалар десеңізші!? Әрқайсысы бір­неше салаларды еркін игерген. «Ұлт бәйтерегі – ана тілі» деп өсиет қалдырған, елдік мүдде мен ұлттық сананы, адамзаттық құн­ды­лықты бәрінен жоғары койған Алаш зиялыларының пікір-көз­қарасы тоғысқан тұс – қазақ тілі, оның ғылыми негізі, қоғамдық – әлеуметтік қызметі. Тарихи ру­ха­ни тамырымыз болып табыла­тын Алаш арыстарының ана ті­лі­не қатысты пікірлерін жи­­­нақтап, жүйелей келе, бұл тұжырым­дар­дың жаңа дәуірдегі маңызын, та­рихи сабақтастығын талдауға ты­рыс­тым. Алаш зиялыларының көз­қа­р­ас­тары – бүгінгі ұрпақ үшін өзін-өзі тануға, мақсат-мұраттарын анық­тауға көмектесетін білім мен ғы­лымның, таным мен табандылық­тың мектебі.
– Ғылым мен білімнің ара қатысы, бір-бірімен байланысы жөнінде не айтасыз? Біздің елдегі ғылымның қол­да­нысқа ену қарқынына қандай баға берер едіңіз?
– Ғылым үшін қоғамдық сұра­ныс­қа ие болу – басты мақсат.
Құдайберген Жұбанов: «Білімге айналмаған ғылым – пайдасыз ғы­лым. Ғылымды білімге айнал­дыратын – мек­теп», – деген. Ғылымға келетін адам­дар көп. Ал сол ғылым елге, мем­лекетке, ұрпаққа қызмет етіп жатыр ма?.. Мәселе сонда. Ғылым қажетті­лік­ті өтеп, айналымға енсе, сонда ғы­лым мен білім арасына көпір ор­найды.
– Филология ғылымының док­торы, профессор Тыныштық Ерме­кова ғылыми еңбегіңіз туралы мақа­ласында сізге «Синкретті тұлға» деген баға берген екен. Бұл сіздің ғылым­дағы теория мен методиканы қатар алып келе жатқандығыңызды айқын­дап тұр. Сіз екі үлкен саланың: фило­логия ғылымының кандидаты, педа­гогика ғылымының докторы ғылыми дәре­желерін алғансыз. Осы мәселе жайындағы пікіріңізді білгім келеді.
– Біріншіден, филология ғылы­мының докторы Тыныштық Ерме­кова­ның мақаласында алдымен академик Ра­биға апай Сыздықова туралы ай­тылады.
Академик Рабиға Ғалиқызы Сыз­дықова – қазақтың рухани әлеміне өшпес із қалдырған кешегі арыстары­мыз бен алыптарымыздың заңды жал­ғасы. Рабиға апай – қазақ топы­ра­ғындағы алашойлы биікке көте­ріл­ген, ана тіліне сіңірген өлшеусіз ең­бе­гімен руханият әлемін кеңейтіп жүр­ген, жаратылысы бөлек, ұлттық тұл­ға. Мұндай тұлғаларды уақыт ту­ды­рады. Мен Рабиға Ғалиқызын ерек­­ше құрметтеймін, үлгі тұтамын, өмір мен ғылым жолындағы ұстазым деп білемін.
Екіншіден, ғылымда теория, ме­тодика дейтін екі іргелі сала бар. Док­торлық жұмысымда тілдің ко­муникативтік негізін, оның ерек­шелігін теориялық тұрғыдан зерт­те­дім және бұл саланың методикалық әдіс-тәсілдерін дамытып, Қазақстан Рес­публикасындағы қазақ тілін оқы­ту әдістемесіне комуникативтік тео­рияны қостым десем болады. Дис­сер­тацияда қарастырылған ко­му­ни­ка­тивтік әдіс-тәсілдердің көпшілігі ме­нің өз шәкірттерімнің зерттеу­лерін­де кеңейтіле дамытылып, қазақ тілін оқыту методикасына енді.
– Сіз – қазақ тіл біліміндегі ком­му­никативтік саланы қарастырған ал­ғаш­қы ғалымсыз. Бұл мәселеге қалай кел­діңіз?
– Жетпісінші жылдары Алматы қа­ласындағы №57 орыс мектебінде қа­зақ тілі пәнінен сабақ бердім. Осы кез­де қазақ тілін оқытудағы қарама-қай­шылықтармен бетпе-бет келдім. Қыз­мет барысында орыстілді мек­теп­тегі қазақ тіліне деген атүсті көз­қарас пен ана тіліміздің жағ­дайы, тілдік қарым-қатынас мә­се­лесі мені көп ойландырды.
Кейіннен тіл маманы ретінде мен бұл тақырыпқа қайта оралдым. Ұлт руханиятындағы аса көрнекті тұл­ғаларымыздың бірі, ғұлама ға­лым, абызбітімді ұстазым Әбдуали Қайдар ағамен болған келелі әң­гіменің бірінде: «Тіл білімінде комуникативтік лингвистиканың маңы­зы зор. Қазақ топырағында «кому­никативтік» деген сөздің баламасы да жоқ. Бұл мәселе мені көп­тен мазалап жүр. Осы проб­леманы қарастырғым келеді…», – деген ойымды айттым. Жаратылыс бойына сарқылмас сабыр берген, қазақ ұғымында кемел кісіліктің ғажайып үлгісін қалыптастырған, тіл тағдырын ұлт тағдыры санайтын, тіл тарихын ел тарихымен ұштас­тырған, кесек мінезді, кенен ойлы Әбдуәли аға мені мұқият тыңдап алды да, ойымды қолдады. Ұстаз тілегі мен батасы жолымды ашып, 1996 жылы тілдің комуникативтік негізі, теориясы және әдістемесі мәселесі жайында профессор Нұр­жамал Оралбаеваның жетек­ші­лігімен докторлық диссертация қор­ғадым.
– Сіздің жетекшілігіңізбен Абай атындағы Қазақ Педагогикалық уни­верситетінің тілші ғалымдары қазақ тілін оқытудың жаңа методикасын жасап шығарғаны белгілі. Қазір оны білім беру орындары қолданып жүр ме? Сіздер ол методиканы әзірлеуде нені басшылыққа алдыңыздар?
– Егемендік өмірімізге де, ғы­лымға да түбірлі өзгерістер алып кел­ді. Тәуелсіздік дәуірі қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқытудың қа­жет­тілігін алға тартты. 2006 жылы Білім және ғылым министрлігі Мем­лекеттік тілді оқытудың жаңа ме­тодикасын енгізу мақсатында конкурс жариялап, еліміздегі іргелі оқу орындарына тапсырыс берді. Таңдау Абай атындағы Қазақ Ұлт­тық педагогикалық универси­те­тіне түсті. Бұл кезеңде, яғни 1996-2006 жылдар аралығында менің біраз шәкірттерім қазақ тілін оқыту әдістемесін зерттеп, ғылыми жұ­мыс­тар қорғаған еді. Министрлік жариялаған бәйге менің докторлық диссертациям мен өзге де ғалым­дардың зерттеу жұмыстарын қолда­нысқа енгізуге жол ашты.
Сөйтіп, 2007 жылы қазақ тілін деңгейлік оқытуға арналған тұңғыш оқу-әдістемелік кешен өмірге келді. Кешен: қарапайым, негізгі, орта, ортадан жоғары, жоғары, же­тік деген алты деңгейден тұрады. Әр деңгей алты кітапты қамтиды. Оқу кешені барлығы 36 кітаптан, 6 электрондық нұсқадан құралады. Бір деңгей оқулықтан, оқулыққа қосымша әдістеме кітабынан, жат­тығулар жинағынан, дидак­ти­калық материалдардан, лексика-грама­ти­ка­лық минимумнан, бақылау тес­тіден тұрады. Мемлекеттік тілді өз бетімен үйренуге арналған бұл оқу- әдістемелік кешенді әр азамат өзінің қажетіне, қабілетіне қарай пайдалануға құқылы. Тілүйрену­шілер тарапынан кешен жоғары бағаланды. Сол кездегі тендерді жеңіп алған «Жазушы» баспасы кітап­тарды облыстарға жіберді. Тира­жы аз болғасын ба, кітаптар ха­лық арасына кең тарала қоймады. Алты деңгейлі тіл меңгерудің мето­дикасы көп қолданысқа түспеді.
– Қазақ тіл білімінің тамыры те­рең­де, қалыптасқан сара жолы бар. Жаңа заманда сол тілді не себепті ев­ропалық стандартқа сүйеніп оқы­туға бел байладыңыздар?
– 2010 жылы Білім және ғылым министрлігі ағылшын, орыс, қазақ тіл­дерін өзгетілді мектептерде дең­гейлеп оқыту керек деген бұйрық шығарды. Алайда нұсқау болға­нымен, оған қатысты оқулықтар да­йын емес еді. Өзгетілді мектеп­терде «Қазақ тілі» пәнін деңгейлік оқытуға арналған оқулық жазу қажет болды. Көп іздендік, ең ал­ды­мен, тілді оқыту туралы нор­ма­тивтік құжаттармен таныстық. Әлем елдерінде екінші тілді оқыту халықаралық, европалық стандарт­тарға сүйеніп жасалады. Сол себепті TOEFL, ALTEL деп аталатын ха­лық­аралық стандарттардың маз­мұнымен, принциптерімен таныс­тық. Ұзақ ізденістен кейін осы халықаралық стандарттар негізінде қазақ тілін деңгейлік оқытудың қа­зақстандық моделін жасап, стан­дартқа негізделген типтік бағдар­лама жаздық. Типтік бағдарламаның негізінде 1-11 сыныптарға арналған оқу-әдістемелік кешен әзірледік. Бұл жұмыс 2014-2015 жылдары да жалғасты. Оқулық кешен дайын бо­лған соң Қазақстандағы мектеп­терде эксперименттен өту керек болды. Білім министрлігі Қазақстан Республикасындағы 41 мектепті эксперименттік мектеп деп бекітіп, біздің оқулықтар бір жыл бойы экс­перименттік-сыннан өтті. Еуро­палық стандартқа сүйенген бағдар­ламаның артықшылы: өзге ұлт өкіл­деріне мемлекеттік тілді кому­никативтік бағытта сөйлеуге үйре­туді мақсат етеді. Оқулықтар бала­ның қабілеті мен деңгейін ескере отырып, қызығушылығын арттыру­ды, қазақша сөйлеуге үйретуді көздейді. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттік тілді комуникативтік тұрғыдан дамыту жолындағы мем­лекеттік тапсырма қазақ тілін дең­гейлік оқытуды қолға алу арқылы тиімді орындалған еді. Оның дәлелі: алғашқы – 2007 жылы шыққан 6 деңгейлік оқу- әдістемелік кешен, екінші – өзгетілді мектептердің 1-11 сыныптарына арналып «Көк­жиек-Горизонт» баспасынан 2015 – 2016 жылдары шыққан 4 дең­гейлік оқу- әдістемелік кешен.
– 1-11 сыныптарға арналған әдіс­темелік кешенді мұғалімдер мен ата-аналар жақсы бағалағаны белгі­лі. Жаппай қолданысқа енбеуіне не себеп?
– Бұл әдіс арқылы тек оқушылар ғана емес, ата-аналар да қазақ тілін үйренуге ықыласты бола бастаған еді. Авторлар құрамына жақсы пікір білдірген көптеген хаттар келді. Кей ата-ана «Бұрын мен баламды қазақ тілі сабағына күштеп жіберу­ші ем, балам ол пәнге еш қызықпай­тын. Осы оқулықты пайдалана бас­та­ғалы балам сабаққа қызыға бас­тады. Оның ықыласын оятқан не екенін білу үшін оқулыққа ден қойып ем, өзім де қазақ тілін үйре­нуге қызыға бастадым», – десе, мұ­ға­лімдер «Осы оқулықтармен оқи бастағалы балалар өзіндік жұ­мысты асқан ықыласпен орын­дай­ды», – деген хаттар жазды. Біз өз оқулықтарымызда баланың креа­тивтік ойлау қабілетіне, өзіндік жұмы­сына басымдық берген едік. Тілді оқыту барысында баланы же­тек­теп отыруды мақсат етіп дайын­даған оқулықтарымыз бұл ретте өз міндетін орындады десем артық айт­қандық емес. Өйткені, бұл ке­шен бойынша баланың қателігін м­ұ­ғалім айтпайды. Қай жерде қа­те­лескенін бала өзі тауып, өзі жөн­дейді.
Өздеріңізге белгілі 2016-2017 оқу жылынан бастап барлық мек­тептер жаңартылған оқу бағдарла­ма­сына көшті. Жаңартылған оқу бағдарламасының әдіс-тәсілі өзге­ше, үш тілді қатар меңгертуге ба­ғыт­тал­ған. Ал біздің бағдарлама мен оқу­лықтарымыз өзгетілді мек­теп­терде қазақ тілін коммуникативтік тұр­ғыдан деңгейлеп оқытуға арнал­ған.
– Сонда қалай?.. Әлденеше жыл сарп етіп, қажырлы еңбекпен жасал­ған бұл оқулықтарды бірде-бір мек­теп қолданбай ма?
– Бұл әдістемелік кешен 41 мектепте эксперименттен өткеннен кейін біз облыстық білім беру де­партаменттеріне хабарласып, өз оқулықтарымыздың мақсатын, артықшылығын түсіндіру үшін көп семинарлар өткіздік. Шығыс Қа­зақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бастаған құзырлы билік басшылары, білім беру саласының мамандары мектеп мұғалімдерін ша­қырып, біздің оқулықтарға экс­пертиза жасатқызып, жаңартылған бағдарлама енгенге дейін оқулық­тарымызды сатып алды. Қазір біз­дің оқулықтарымыз сатылымда бар.
– Осы кешенді дайындау бары­сында жазған мақалаңыздың бірінде «Бүгінгі қоғамда қазақ жерін мекен­деген өзге этностар мен этникалық топтардың қазақ тілін үйренуге деген мүддесін тудыратын алғышарт өз деңгейінде қалыптаспай отыр», – деп жазған екенсіз. Тілші ғалым ретінде айтыңызшы, мұндағы алғышарт деп ең алдымен нені атар едіңіз?
– Қазақ тілі – мемлекеттігіміздің басты нышаны ретінде осы елде тұратын әр азамат пен әрбір ұлт өкілі тарапынан мүлтіксіз орын­далу­ға тиіс конституциялық норма. Сонымен қатар тіл – еліміздің ішкі бірлігі мен ынтымағын, толерант­тығын, түсіністі өмір сүру қалыбын қалыптастыратын басты құрал.
Қазір бізде мемлекеттік тілдің жаппай қолданысқа енуіне әлеу­меттік фактор жетіспейді. Бұл фактор жүзеге аспаса, яғни Қазақ­стан дейтін алып кеңістікте тұратын әрбір ұлт өкілі қазақ тілінің қажет­тілігін сезінбесе, тіл үшін жүргізілер мемлекет саясатының өз мәнінде атқа­рылмағаны… Елімізде мемле­кеттік тілде іс-қағаздар толтыру, сөйлеу, саяси, экономикалық, р­у­хани қажеттіліктер мемлекеттік тілде қалыптасу, қысқасы, тәуелсіз ел ретінде қазақ тілінің әлемге ер­кін шығу басымдығын айқындай­тын алғышарттар толық іске асуы тиіс. Өкінішке қарай, әлеуметтік орта әлі қалыптаспай жатыр… Бір мысал: Біздің оқу орнына шетелден кел­ген студенттер «Қазақстанға кел­ген соң, осы елдің мемлекеттік ті­лін білуге тиіспіз», – деп қазақ ті­лін үйрене бастайды. Біз оларға өзі­міз дайындаған, халықаралық стан­дарттарға негізделген 6 дең­гей­лі оқулықты (студенттің дең­гейіне қа­рай) ұсынамыз. Арада аз-кем уа­қыт өткенде әлгі шетелдік сту­дент­тер бізге келіп, ағылшын тілінде «Ренжімеңіз, біз қазақ тілін үй­рену керек екенін түсінеміз. Бі­рақ, көшеге шыққанда, қоғамдық орындарға барғанда, бізге қазақ ті­лінен гөрі орыс тілі көбірек қажет екен. Сондықтан қазақ тілін келесі жы­лы үйренейік», – деп орыс тілін үйрететін дайындық тобына жа­зы­лады. Бұл – орта сұранысының жоқ­тығы… Міне, әлеуметтік фактор де­геннің қарапайым мысалы. Мем­лекеттік тілге деген сұранысты жол­ға қоймасақ, тіл көшінің тұра­лауы мүмкін… Мемлекеттік тілдің тағ­дыры мемлекеттік деңгейде ше­шілуі қажет.
– Өзіңізге белгілі қазақ тілін ла­тын графикасына көшіру туралы жар­лық шықты. Алда кешенді түрде ла­тын графикасына көшу қолға алын­бақ. Бұл тұста методика ең ке­рек дүние болғалы тұр. Қандай ұсы­ныс айтар едіңіз?
– Латын қарпіне көшу – өте ау­қымды мемлекеттік іс.Қазіргі мә­селе – оны іске асырудың тетіктерін дәл, ешкімге зиянын тигізбей, ба­ла­ның психологиясына салмақ түсірмей, қолданысқа енгізу. Латын қар­піне байланысты қандай үлгіні енгізу керек дегенде кәсіби тіл ма­мандарының пікіріне құлақ асқан жөн. Бұл мәселемен Ахмет Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутының білікті мамандары айна­лысады. Біздің міндет – мемлекеттік деңгейде бекітілген, кәсіби маман­дар ұсынған нұсқаны алып, оны іс­ке асырудың ұтымды әдіс-тәсіл­дерін енгізу.
Латын қарпіне көшудің ке­зеңдері мен шараларын республика бойынша бірыңғай бағытта және ортақ ұстаныммен жүргізген жөн. ҚР ғылым мен білімнің сабақтас­тығын қамтамасыз ететін латын қарпіне көшудің жүйелі әдістемесін әзір­леген дұрыс. Латын қарпіне көшу нәтижелі болу үшін, ҚР аза­маттарының жасын, психоло­гия­лық ахуалын ескере отырып, әр са­ла­ға қатысты оқу-әдістемелік ке­шен шығарған тиімді.
Бұған қоса, конкурстар ұйым­дас­тырылып, озық тәжірибелер на­сихатталса, әліпбиді меңгеру жан-жақты жүзеге асады.
– Тілші ғалымдар жөнінде бір­не­ше мақала – эсселер жаздыңыз. Бұл ғылымдағы ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісі десек қате болмас. Қазір осы сабақтастық қалай жалға­су­да? Өзіңізден кейінгі жас ғалым­дар­дан кімдердің еңбегін бағалайсыз?
– Бізден кейін өте білімді, та­ны­мы терең ұрпақ өсіп келеді. Олар­дың көңілге қанат бітірер бір ерек­шелігі – алға қойған мақсат-мін­деттері айқын, істері ширақ, өз­дері іскер. Менің көп уақытым шә­кірттерімнің жұмысын оқуға жұм­салды. Бірде бір шәкіртімнің жұ­мысын оқымай жіберген емес­пін. Шәкірттерімнің жақсы жазыл­ған жұмысын оқығанда қуанып, толқып жүремін. Кейде көшірілген дү­ниелерді кездестіре қалсам, көңі­лім құлазып, қиналып қаламын.
Шәкірттерімнің ішінде ғылым докторы атанған Тазагүл Әбдікәрім, Гүлфайруз Еркебаева, Жанат Дәу­летбекова, Шынар Құрманбаева, Қар­лығаш Қабдолова, Райгүл Рах­метова, Нағима Илиясова, Бария Жа­хина, Құлахмет Молдабек, Шәр­­­бану Майгелдиева сияқты тілші-ғалымдарды ерекше баға­лай­мын. Мен тіл теориясы мен әдісте­ме­сіне қатысты 50 шәкіртті қорғат­тым. Қазақ тіл білімінің дамуына ең­бек етіп жүрген ізденімпаз шә­кірттерімнен, әріптестерімнен көп үміт күтемін.
– Мектеп қабырғасында бала оқы­тудан бастаған ұстаздық ж­о­лыңыз­ды жоғары оқу орнында білім берумен жалғадыңыз. Қазақстандағы мектеп мұғалімінің мәртебесі жөнінде не ойлайсыз? Бұл мамандық тек әйел адамдарға ғана тән мамандық болып бара жатқан жоқ па?
– Мұхаммед Пайғамбардың с.ғ.с «Ілім үйреніп, одан соң оны бас­қаларға үйретпеу, мол байлық жиып алып, оны көміп қойғанмен бірдей», – деген сөзі бар. Баланы мек­тепке берерде біз мектепті емес мұғалімді таңдаймыз. Осының өзі мұғалімнің қоғамдағы орнын ай­қындап тұрған жоқ па?.. Мұғалім­дік­те әйел адаммен бірге ер адам­ның да орны айырықша бөлек. Ер адам жүрген жерде Алатаудай сүйе­ніш жүргендей елестейді. Ер адам­ның дүниені қабылдауында ерекше ірілік бар, ал әйел адамда нәзіктік ба­сым. Табиғаттың ерекшелігін жа­сандылықпен бүркеу орынсыз. Ер мұғалімнің алдында оқушы өзін бас­қаша ұстайды. Ер адам жасайтын ірі қадам, жылдам шешім оларға оң әсер етеді. Баланың бір жақты бо­лып қалмауы үшін қоғамда ер мұға­лімдердің көбірек болғаны абзал.
– Қазақ тілінің өрісін қалай кеңей­туге болады? Біз қай тұста ақ­сап жүрміз?
– Тіл – ұлт руханиятының дің­гегі. Тілдің діңгегі – отбасы. Өзінің ана-тілін отбасында үйренген бала сол ұлттың барлық ерекшелігін бойына сіңіріп өседі. Әсіресе, қазақ сөзінде ұлттық танымға тән ерекше мән-мағына бар. Мәселен басқа ұлт­тарда «Айналайын» деген сөз жоқ. Ал бұл сөзде қандай мейірім, қан­дай таным, ұлттық мән-мағына, мә­нер жатыр?! Бұл – ұлттың қа­сиеті. Оны балаға сіңіретін – ана. Ана­ның бойындағы бар асыл қа­сиет балаға оның сөзі мен ісі ар­қы­лы өтеді. Оны іске асыру – сол от­басының міндеті, парызы.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Адамның ойында жүретін, осы­ны іске асырсам дейтін мәселе­лер болады ғой. Сіздің сұрағыңыз атақты актриса Алиса Фрейндлихтің мына сөзін есіме түсіріп отыр: «Единс­твенная моя ошибка: «Три чет­верти жизни я думала, что все у меня впереди». Коммуникативтік тіл білімінің зерттеуді қажет ететін мәселелері көп… Рабиға Сызды­қова, Қанипа Бітібаева, Алма Қы­раубаева туралы еңбектер, ақын-жазушы жұбайларының пси­холо­гиялық-педагогикалық күйі жөнінде эссе­лер жазғым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Назым ДҮТБЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір