Ұстазға ескерткіш қойылды
Тіл, дін, дәстүр, тарих және атамекен. Осы бес құндылықты көзінің қарашығындай сақтап, бойтұмары еткен болашақ ұрпақ бағзы бабалар аманатынан адаспаса керек. Баға жетпес бес рухани байлыққа «Бес анық» деп ат қойып, айдар тағыпты ұлт ұстазы. Өз ұлтын, қала берді өзін тереңірек танығысы келген адам алдымен Мұхтар Арынның тәрбие туралы толғамдарын бір оқып шыққаны жөн-ақ. Кешегі кеңес кезінде Алаш азаматтарын ардақтаудан тайсалмай, қазақ тілінің тағдырына алаңдаушылық білдірген, егемендіктің алғашқы жылдарында ұлт мүддесін қорғайтын жүйелі заң шығаруға ықпал етіп, адалдық пен ар-намысты бәрінен биік қойған арда ұлға Бақалы ауылдық Мәдениет үйінің алдынан еңселі ескерткіш-бюст ашылды. Тағылымды шараның салтанатына алыс-жақыннан белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, елге танымал ақындар мен журналистер, ғалымдар мен саясаттанушылар келді.
Қай заманда да қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған Мұхтар Арын есімін бүкіл ел біледі. Дүниеден озғанына ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, ой-толғамдары ел ортасында әлі күнге дейін айтылып келеді. Өміршең сөздері кейінгі жастарға өшпес өнеге. Алаш үшін атқарған абыройлы істері қазіргі қоғам үшін айнымас темірқазық. Балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, тар заманда есейген ауыл баласы алысқа көз тікті. Білімге деген құштарлық Алматы Шет тілдері институтына жетелеп, филология ғылымының кандидаты дәрежесіне дейін көтерді. Әр жылдары бірнеше жоғары оқу орнында, министрлікте абыройлы қызметтер атқарды. Ғұмырының соңғы он екі жылын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректорлығына арнады. Қандай қызметте жүрсе де, ұмыт қалған ұлттық мұраларды қайта жаңғыртуға күш салып, ғаламат ғылыми еңбектер жазды. Халықтың рухын оятып, қызыл саясаттан сарғая бастаған тілін тірілтетін мақалалар жариялады. Заңғар тұлға туралы зиялы қауым айтар пікір де бір төбе. Бәрі де ел үшін туған перзенттің парасат-пайымын әңгімелеп, жарқын істерін жоқтайды.
Саналы ел ерін ұмытпайды. Оған аядай ауылға жиналған алқалы топ дәлел. Аймақта өткен Алаштың атаулы күніне халық көп жиналды. Ұлын ұлықтады, көзіне жас алып, кемеңгерлігін сөз етті. Қабірстаннан аттамайтын қазақ алдымен Бақалы өңірінде мәңгілік тыныс тапқан Мұхтар Арынның кесенесіне келіп, рухына құран бағыштады. Еңселі ескерткіштің ашылу рәсімінде Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков осындай өнегелі іске Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы түрткі болғанын айтып, шараға қатысып отырған Мұхтар Арынның зайыбы Райхан Бердіқожақызына, асылдың сынықтары Ерлан мен Нұрланға ізгі тілегін арнады. Сонымен бірге, облыс әкімі Амандық Баталовтың сәлемін жеткізді. Шарада ұлт ұстазының үзеңгілесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы сөз сөйлеп, қайраткердің сан қырын тебіреніспен еске алды. Философ ақтөбеліктердің ыстық сәлемін де арқалай келіпті.
– Құрметті ағайын! Мұхтар Арын – бүкіл қазақ халқына ортақ тұлға. Әсіресе, оның есімі ақтөбеліктерге өте ыстық, – деп бастады Амангелді Әбдірахманұлы алғашқы сөзін. – Мұхтар Ақтөбеде ұзақ жыл ректор болды. Көп ректорлардың бірі емес, келелі ой айтатын кемеңгер басшы еді. Мұхтар Ғалиұлы студенттерді ғана тәрбиелеп қойған жоқ. Сонымен бірге, халықтың тәрбиешісіне айнала білген абзал жан. Біле білсеңіздер, Рухани жаңғырудың алғашқы кезеңі тәуелсіздік алған жылдармен сәйкес келді. Сол жаңғырудың алғашқы легінде Мұхтар Арын жүрді. Ол қандай іске де қазақ руханияты тұрғысынан қарайтын. Адамды тірісінде мақтап жатады. Өлгеннен кейін ұмытады. Бірақ ұлы істерімен ұмытылмайтын адамдар бар. Ондай тұлғаны халық іздейді, сағынып тұрады. Мұхтар Арын қазақ халқымен бірге.
Сонау бір жылдары қазақтың батыр қызы Әлияны комсомол мектебі тәрбиеледі деп кеуде соққан коммунистер көп еді. Ал Абайды орыс мәдениеті өсірді деген ұшқары пікірлер жиі айтылатын. Мұхтар Арын ұлт рухын жаныштайтын теріс идеологияларға қарсы шығып, халықтың маңдайалды мақтаныштары ең алдымен қазақтың ұлттық тәрбиесінен нәр алғандығын дәлелдеп бағатын. Амангелді Айталы Алаш ағартушысының көпке үлгі боларлық істерін әңгімелеп берді.
Мұхтар Арындай ұлт ұстазының ұрпағын өрбітіп, киелі шаңырағының отын маздатқан Райхан анамыз да алқалы әлеумет алдында ақтарыла сөз сөйлеп, барша жұртқа рахметін айтты. Сондай-ақ, ескерткіштің авторы, белгілі мүсінші Қадыржан Кәкімовке аналық алғысын жаудырды.
Салтанатты шараның екінші бөлігі «Мұхтар Арын: ұстаз, ағартушы, қайраткер» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Мұнда Сарқан ауданының әкімі ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы Жеңіс Қасымбектің, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хаттарын оқып берді. Конференцияда әр облыстан келген ғалымдар, оқытушылар ұлт тұлғасы жайлы естеліктерін айтып, сыйлықтарын табыстады. Атап айтқанда, Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Абылай Мұхамбетжан баяндама жасап, «Ақтөбенің Абайы» атанып кеткен текті азаматтың атқарған ұшан-теңіз істеріне тоқталды. Сонымен қатар, конференцияға ескерткіштің ашылуына ыстық ілтипаттарын білдіріп, ізгі тілектерін жолдаған танымал тілтанушы ғалымдар Әбдуәли Қайдардың, Рабиға Сыздықтың және Өмірзақ Айтбаевтың сәлемдемелері жеткізілді. Бұдан бөлек, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Атырау облысы әкімдері мен университет ректорларының құттықтау хаттары оқылып, жаңа жинақтар, ғылыми кітаптар, портреттер тарту етілді. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес Мұхтар Арынның күріштен бейнеленген портретін сыйласа, Павлодар мемлекеттік университетінің проректоры Арман Ақышев ғалымның жары Райхан анамызға зерлі камзол жапты.
«Ауылдағы еш жерде оқымаған, сақалы беліне дейін түскен қарияға өзіңнің ғылыми идеяларыңды түсіндіре алсаң, сонда ғана нағыз ғалым боласың, балам!» – деген екен Мұхтар Арын. Әттең, осы сөзді бүгінгі тым терминшіл ғалымдар әр диссертациясының маңдайшасына жазып қойса ғой деп күйінеміз. Қайран, ұстаз…
Қуаныш ТҰНҒАТАР.
Бақалы ауылы,
Сарқан ауданы,
Алматы облысы.