Басты мақсат – татулық
Алматыда әр үшінші адам сотқа жүгініп дауласып жүр. Даулайтыны жер дауы, ажырасу, алимент өндіру, ағайын-туыспен мұраға таласу, көршісінің көп шуылдайтыны тағысын тағы. Республика бойынша алты миллион адам соттың есігін сығалап жүр. Үш миллионға жуық арыз сотта жатыр.
Қоғамда белең алған осы мәселеге орай, зиялы қауым өкілдері Алматыда « Татуласу: сотқа дейін, сот кезінде» жобасын жүзеге асыру барысында, алғаш рет бас қосты. Кездесу «Бірлесе даму» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту» қоғамдық қорының қолдауымен өтті. Статистикаға сүйенсек ең даулы қала Алматы көрінеді. 2017 жылы 8024 отбасының шаңырағы шайқалып, 16 мыңға жуық бала жарымжан отбасында қалған. Зиялы қауым бұл жиында осы ауқымды проблемаға айналып бара жатқан мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. Жоғары Сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен аудан әкімдерінің қарамағындағы ардагерлер кеңесін Билер Кеңесіне өзгертуді ұсынып, дәстүрлі құқық әдісімен дау-дамайдың басын қайтаруға шақырды.
Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов:
«Қазір мешітке бара қалсақ жастарды көреміз. Ол біздің халқымызда болашақ бар дегенді көрсетеді. Діндар адамдар имамға барып неге келіспейді? Имамдарды осы іске жұмылдыру керек деп есептеймін. Өйткені бітімгершілік жасайтын адам жүрегі таза, тоқтау айта алатын тұлға болуы керек», – деді.
Жиын модераторы Нұргүл Қарағойшина бұған «алдағы уақытта мешіттерде оқылатын уағызға татуласу тақырыбы да қосылуы мүмкін» деп жауап қайтарды.
Өз кезегінде Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет осы тақырып бойынша айтыс ұйымдастырылып, прозалық, тіпті жоғалуға айналған детектив
жанрындағы шығармаларға байқау жариялау жайлы ұсыныс айтып, халық естігенді тез сіңіреді, ал айтыс халықтың таным-түйсігіне тікелей әсер ететінін өнер екенін жеткізді.
Ал Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова «…шаңырақтың ұйытқысы – қыз бала тәрбиесіне балабақшадан көңіл болу керек», – деп ойын түйіндеді.
Ж.АДЫРБАЙ,
ХАТУ-дың 1 курс студенті.