Әр қадамның маңызы
25.08.2015
1571
0

саясат 111Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың институттық реформалар бағдарламасын іске асыру үшін жариялаған «Мемлекет құрылысындағы бұдан былайғы 100 нақты қадам» іс-қимыл жоспары бүгінде еліміздің әр өңірінде талқылануда. Ел болашағы үшін маңызды саналатын мұндай ірі талқылаулардың бірі таяуда Қарағанды қаласында да ұйымдастырылып, Қарағанды Мемлекеттік медицина университетінде Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптау тобының отырысы өтті.

 

Келелі кеңесті Қарағанды облысы ҚХА ҒСТ төрағасы, ҚарММУ-дың оқу-тәрбие жөніндегі проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вилен Молотов-Лучанский ашып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа ұсынған Ұлттық жоспары төңірегінде былай деп ой өрбітті:

– Біз бұрынғы қауырт жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз. Қазір «100 нақты қадам» ұлттық жоспарын талқылау бойынша тығыз жұмыстар жүргізуіміз қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы ғылыми-сараптау қауымдас­тығы осы Ұлттық жоспарды жан-жақты талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салады деп бізге үлкен үміт артып отыр. Жоспар­дың нақты өмірде жүзеге асуы өте маңызды. Әлемдік дағдарыс әзірге тоқтайтын емес, қайта күшейе түсуде. Бәсекелестік өршіп тұрған кезеңде және түрлі сынақтар жағдайында Қазақстан халқы ілгері дамуы үшін өз бағдарын айқындап, әр қадамын елеп-ек­шеп алуы қажет. Сол себепті Президен­ті­міз халыққа ұсынған Ұлттық жоспар егжей-тегжейлі талқыланып, оның әрбір қадамның мән-маңызы барша халыққа түсіндірілуі тиіс, – деді ол өз сөзінде.

Қарағанды облысының ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ерлан Құсайын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы маңызды тұстарға кеңінен тоқталып өтті:

– «100 нақты қадам» Ұлттық жоспары­ның негізгі мәселелеріне тоқталып өткім келеді. Қазір ҚХА-ның ғылыми-сараптау тобына үлкен үміт артылып отыр, себебі заң саласында көптеген өзгерістер болмақ. Көптеген заңдарға, тіпті Конс­титуция­ның өзіне өзгерістер мен қосымшалар енгізіледі. Негізгі мақсат – ең дамыған елдердің отыздығына ену және Қазақстанның ЭЫДҰ елдері стандарттары­ның жүзеге асырылуы. Біздің Президент 2020 жылға дейін осы елдер стандартын жүзеге асыру және 2050 жылға қарай осы елдердің отыз­дығы­на ену міндетін алдымызға қойып отыр. Осындай ұлт көшбасшысымен, бірлігі мықты халықпен бұл мақсатқа жете аламыз деп сеніммен айта аламыз. Неге «100 қадам» деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл – Мемлекет басшы­сының 100 тапсырмасы. 15 қадам – мемлекеттік аппараттың кәсібилігін түпкілікті көтеруге арналған; 19 қадам – сот жүйесін және құқық қорғау органдары жұмыстарын жаңғырту жұмыстары; 50 қадам – жоғары технологиялы экономика­лық өсуге ынталандыру шаралары; 6 қадам – жалпы қазақстандық біртектілік пен қоғам бірлігін нығайту, Мәңгілік Ел құндылықтары жүйесін дамыту; 10 қадам – ашық Үкімет жұмысының механизмдерін жетілдіру, ашықтық және мемлекеттік органдардың есеп берушілігіне арналған. Мемлекет басшысы 1 қыркүйек күні Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Ұлттық жоспарды ұсынбақ, бұл шын мәнінде тарихи құжат. Біз «Біртектілік пен бірлік» деп аталатын 4-ші реформаға көңіл аударуымыз керек. Астанада тамыз айының соңында «Мәңгілік Ел» республикалық акциясы өткізіліп, сонда осы патриоттық актінің тұсауы кесілмек, – дей келе Ерлан Құсайын сөзін былай түйіндеді:
– ҚХА аясында мұндай көлемді реформа бұрын-соңды жүргізілген емес. Бұл дегеніміз Ассамблеяның шын мәнінде жалпы халықтың саясаттан жоғары орган болғанын көрсетеді.

Қазіргі мемлекеттегі жастардың ролі туралы Қарағанды облысы әкімі аппара­тының «Қоғамдық келісім» КММ-ның Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық-бұқаралық шаралар ұйымдас­тыру және құрылымдармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Александр Урмашов айтып берді:

– Жастардың мәселесі өте күрделі. Ең басты проблема – біздерді не мектепте, не университетте стратегиялық ойлауға үйретпейді. Жастар өз сұрағының жауабын негізінен ғаламтордан іздейді. Біздерде жас ұрпақты жақсылыққа ынталандыру тетігі жоқ. Жастар еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, қоғамға пайдалы болып, өмірден өз орнын табуға тиісті. Осы тұрғыда жастар саясатының жандануына Мемлекет басшысының 5 институттық реформасы көмектеседі деген сенімдеміз.
Қарағанды облысының ҚХА ҒСТ төрағасының орынбасары, ҚММУ-дың кафедра меңгерушісі, Құдайберген Темірбаев, кафедраның аға оқытушысы Динара Жақыпова мемлекет пен қоғам­ның маңызды проблемаларына тоқталып, халық бірлігі, тыныштық, этноаралық келісім, толеранттық және осы құндылықтарды дамытудағы ҚХА ролі жайлы кеңінен толғады.
Отырыстың соңында қазіргі азаматтың үрдістегі ҚХА ролін жетілдіре түсу және «100 нақты қадам» ұлттық жоспарын іске асыруға орай ұсыныстар қабылданды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір