Оқулық – білім тұғыры
Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор
Біз әдетте жоғары оқу орындарына арналған оқулық пен лекцияның қатарластыра тілге тиек етеміз. Себебі – екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Қай оқу орны болсын, оның кадрлар дайындаудағы басты құралы – арнайы жазылған оқулық болуы тиіс. Әрі ол тиісті министрліктер бекіткен, жан-жақтылы зерделеніп, ғылыми тұрғыда жазылуы қажет. Қазіргі таңда өмір сұранысы өзгеше…
_________________________________________________________________________
Сондықтан оқулық та жаңартылып, қайта басылып отырады. Оған тәжірибелі, білімді, маман ғалымдар қатысады. Бұл – уақыт талабы. Ал лекцияны кімдер оқиды? Әрине білімді, білікті, тәжірибелі мамандар. Оқулық, лекция, лектор бір-біріне сай болған жерде алға қойылған мақсат пен талап өз дәрежесінде орындалады. Қандай да бір ірі қоғам қайраткері болсын өзіне тағылымды лекция оқыған, семинар жүргізген ұстаздарын ұмытпайды, атын мақтан тұтып, есіне алып жүреді. Жақсы оқулық, талантты лектор – ол жоғары оқу орнының көрсеткіші.
Мәселе университеттің атында не басшылығында ғана емес, кімдер сабақ беретіндігінде. Егер шынайы білімдар, беделді ұстаз сабақ жүргізсе, сол аудиторияның ұйытқысы. Әрі ол ғылыммен де үздіксіз айналысады, оқулық та жазады. Қай заманда болсын жақсы оқулықты тек тәжірибелі профессорлар жазған. Өйткені, олардың білімі терең, лекциясы тыңдаушы жастар реакциясы арқылы шыңдалған. Бұл теория мен практика бірлігі. Театрға келіп, билет аларда көрермен: «Бүгін басты рөлді кім орындайды?» деп сұрайтынындай, жоғары оқу орнына түскендер де бір кездері мұнда қандай профессорлар лекция оқиды екен деп ынтыға сұрайтын. Мәселен, Мұхтар Әуезов лекциясын іздеп барып тыңдайтындар көп болғаны ақиқат. Жақсы артист, талантты радио дикторы, тәжірибелі, білімді лектор – бұл – мәдени, ғылыми дәреже, ұлт көрсеткіші. Әрине, әрқайсысының орны, ролі түрліше, бірақ қоғамдағы еңбегі дәрежелес – мәнді, маңызды. Студенттер баяндауды емес, логикаға (уәжге) негізделген ғылыми тұрғыда байытылған лекцияны тыңдауға құмартады. Әр лекция – мол дайындықты талап ететін сын.
Білмеймін, өмірді интернет өзгертті ме, соңғы жылдары барлығы да стандартталып бара жатқан сияқты. Лекторларды екшемейтін, бәріне бірдей көзқарас қалыптасқан. Университетте лекцияны кім оқиды деген сұрауға: «Профессор», – деп жауап беріледі. Бірақ олардың дәрежелері тең болғанымен білік, білімдері әр деңгейде ғой.
Жақсы лекция оқитын оқулық авторларын, білімді профессорларды студенттер мақтан тұтады, сыйлайды, құрметтейді, бағалайды. Атағы ісіне сай еместер де кездеседі. Ол ащы шындық.
Кей лектор сабақ кезінде: «Студенттер, тынышталыңдар!», – десе, онда лекцияның мәні төмен болғаны. Лектор мен студенттер арасындағы байланыс үзілді деген сөз. Мұның екі себебі бар. Біріншіден, лектор оқулықты қайталайды. Басқа қосып, дамытып айтары жоқ. Ондайда студенттер өзімен-өзі болады. Екіншісі, өкінішті, профессор лекцияға дайындалмай келеді. Берілген минуттарды өткізу үшін әр нәрсені бір қаужап, уақытты өлтіреді. Өмірде бұндай да болады. Әрине, студенттер ондай лекцияға да келеді, бірақ тек көріну үшін. Өйткені, әр ұстаз барлық студенттерді тізім бойынша жоқтайды. Бұл – тәртіп. Әрі емтихан кезінде лектор оған қатаң мән береді. Ал студент лекторға лекцияңыз ұнамайды деп айта алмайды. Бұл – шындық. Сонда не істеу керек? Тиісті орындар арқылы ұдайы бақылап отыру керек. Кеңес жылдарында министрлік жиі комиссия жіберіп, қадағалап отыратын. Мен өзім де ондай комиссиямен талай оқу орындарында болғанмын.
Бүгін ондай тексеру комиссиясы жоқ. Әр оқытушы, профессор өз беделін өзі сақтайды дейміз. Бірақ олай бола бермейді. Өйткені, ғылыми еңбек, оқулық жазу, лекция дайындау оңай шаруа емес. Бірақ жасалуы керек. Сонда арың таза, еңбегің адал болады. Қазіргі таңда оқу орындарында беделді лекторлар бар ма? Әрине, бар! Оларды кім іріктейді? Әрине, студенттер. Тек солар барлығына баға беретін. Профессор оқытушылар соларға қызмет етеді.
Біз кейбір ғалымдарды Нобель сыйлығын алған деп мақтап жатамыз. Ол дұрыс. Ондай атаққа ғылымға, қоғамға ендірген жаңалық табыстары материалдық пайда келтірген ғалымдар қол жеткізеді. Қайсыбір сондай талантты ғалымдардың көзге шалынбай қалатындары да бар. Олар ғылыми еңбегін де жазады, сабағын да тыңғылықты жүргізеді. Бір орыннан екінші орынға жүгірмейді, ақша, құрмет қумайды. Барына риза. Көптің бірі болып қызмет атқарады. Ең бастысы – жастарды қоғамға қажетті маман етіп дайындайтын да – солар. Оларды кім көріп, кім бағалап жатыр? Ал нағыз патриот, қоғам қайраткерлерін дайындайтын да тек солар. Бұрынғыны айтпай-ақ қояйық, соңғы егемендік алғаннан бері талай адамдар Президент сыйлығын алып жатыр. Бірақ солардың ішінде бірде-бір қатардағы оқытушының, тәжірибелі оқулық авторының, лекциясы аса тартымды лектордың тым сирек екені, әрине өкінішті. Мен жоғары тілекті төмендетсін деп отырған жоқпын, керісінше, еңбегі ескерілмей жүргендерді елге танытайық, өнеге тұтайық деймін. Халық сыншы: «Әу дегеннің бәрі әнші емес», – дейді. Қоғамдық талап планкасын көтеріп отыру керек. Жайбарақат болуға, бәрі орнында деп, соған қанағаттана салуға болмайды. Ұдайы талпыныс болмаған жерде, тоқырау басталады.
Расында бұл күндері оқулықтарды кімдер жазып жүр? Оған мән беретін оқытушылар қауымы болуы керек. Оқулыққа талап қойып, баға беретін де солар. Оқулық – мемлекеттік ортақ рухани құрал, жеке біреулердің жекеменшігі емес.
Қазір елдің бәрі жаппай сауатты. Соның ықпалы болса керек, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша кітап жазатындар қаулап барады. Бұл дұрыс-ақ дейік. Бірақ олар не жазып жүр? Онда ешкімнің жұмысы жоқ. Іліп алар өзіндік ойы, әдебиетке қосар үлесі жоқ қампиған кітаптар кімге керек? Әрине ғылыми атақ алуға. Мәселен, адам өмірі қайшылықтардан тұрады, жақсылық пен жағымсыздық әр адамның өмірінде қайшыласып жатады. Оның қайсысы басым? Ол – бір. Екіншіден, адам өзін қалай тізгіндеп, тәрбиелейді. Бұл іштей күрес. «Алтынды көріп, періште жолдан таяды». Әр кітаптың ол ғылыми еңбек болсын, көркем шығарма болсын, көтерер қоғами жүгі болуы керек қой. Таза еңбегімен өмір сүріп жатқандар бар немесе өзгелерді қанау арқылы байып жатқандар бар, міне, қаламгер зерттеуші осылардың аражігін ажырата көрсетуі тиіс. Бұл қоғам психологиясын ауруды емдейтін дәрігерлерше саралайтын нысан. Оны ашып жазса, ол – тәрбие кілті. Бір ғажабы – жаны таза адамның тәні де таза. Баю ке-
рек. Бірақ мәселе қандай жолмен баюда. Бәріне АҚШ сияқты елдерде мән береді, жөнсіз байып көр, не болар екен? Бізде де мұндайды саралайтын – халық!
Енді ең тиімді оқулықты жазатын кімдер деген сұрауға қайтып оралайық. Әрине, тәжірибелі оқытушы. Ол нені айтуы, жазуы керек екенін, қайткенде алға қойылған мәселе айқындалып, оқушылар санасына сіңетінін біледі. Әрі ол оқытушы ғылымды дамытуға да өз үлесін қосады. Және сол білімді де тәжірибелі оқытушы-профессордың лекторға лайық жағымды дауысы болса, нұр үстіне нұр.
Мәселен, Д.И.Менделеев Петербург университетінде органикалық емес химиядан дәріс оқып жүріп, «Жалпы химия» пәнінен оқулық жоқ екенін сезіп, «Химия негіздері» кітабын жазуға кіріседі. Бірақ химиялық элементтерге келгенде жұмыс тоқтап қалады. Себебі, ол кезде 70-ке жуық қана химиялық элементтер белгілі болатын. Ал оларды студенттерге қалай түсінікті етіп жазу керек. Сапырылысқан элементтерді жүйелеу үшін нені негізге алуы керек? Ол жағы мұқиятталмаған болатын. Автор көп ізденіске түсті, қиналды. Ақырында шешім Д.И.Менделеевтің түсіне енді. Элементтерді атомдық салмағымен реттеу керек екен. Содан студенттерге ең жеңіл Берилий, Гелий сияқты элементтерден бастап таныстыруды ұйғарды. Сөйтіп, белгілі элементтер кестеде өз орнын табады. Жоғының орны бос қалдырылады. Ол кейін жаңа табылған элементтермен толықтырылады. Сөйтіп, Д.И.Менделеев өзінің химиялық элементтер периодикалық (қайталау) жүйесін жасап, әлемдік жаңалық ашады. Оған итермелеген оның студенттерге сабақ беруі, солардың талап, тілегіне назар аударуы еді. Студенттермен өз ойыңды бөлісу, лабораторияның ең тиімдісі. Бұл екі жаққа да тиімді. Біріншіден, студенттерді ғылымға тартады, екіншіден, профессор өз ойын сынға салады.
Тағы бір мысал. Н.Е.Жуковский МГУ-ді бітірген соң Бауман техникалық жоғары училищесіне сабақ бере бастайды. Ол сабақ беріп жүріп «Ұшу теориясын» ашады. Себеп болған кездейсоқ мына жайт. Бір күні көшеде келе жатып, ол нөсер жауын астында қалады. Аяғын суламас үшін байқап тастан тасты аттап келе жатып, жауын суының қарсы алдында жатқан тасқа сәл бөгеліп, оның екі жағына бөліне сарқырағанын көреді. Бірақ тастың артқы жағында шөп-шалаң жиналып қалғанын байқайды. Оны қатты ағын су неге іліп әкетпей жатыр, мұны не ұстап тұр деген ойға қалады. Бұл – бір. Кейінірек осы құс қалай ұшады деген ой тағы да мазалайды. Ол ауада қалай қалықтайды, деген ой оны құс қанатына әкеп тірейді. Қанатын қаққанда құс ұшады, ал қақпаса, ол топ етіп жерге құлайды. Сонда мәселе қимылдаған қанатта деп ой қорытады. Ақырында қанат қозғалғанда көтеретін күш қалай пайда болатынын зерттейді. Ауыр денені сол ауада ұстайтын күш қанат құрылысында дей келіп, оның формуласын жасап, ұшу теориясын ашып, нәтижесінде ғылымға үлкен жаңалық ендіреді. Сиреген ауа өзіне шөп-шалаң тартады, не жоғары көтереді. Көтеру күші дегеніміз – осы. Құс та, самолет те ауада қалықтайтыны содан. Бірақ ұшақ көтерілуін көтерілсе де, ауада тепе-теңдік сақтай алмай, құлай беретін болған. Енді оның көк жүзінде ұшуын қалай тұрақтандыруға болатынын анықтау үшін ұшақтың моделін жасап, сол модельді әлемде бірінші болып аэродинамикалық труба арқылы бақылайды. Сөйтіп, әр дененің орталық салмақ нүктесі болатынын зерделейді. Сол нүктені тапса болғаны, ұшақ құламайтын болады. Ұшқыштар өмірі сақталады. Міне, бұл Н.Е.Жуковскийдің ұшу теориясынан кейінгі екінші жаңалығы еді. Осының бәрін Н.Е.Жуковский Бауман техникалық жоғары училищесінде сабақ беріп, дәріс оқып жүріп жасады. Бұл да студенттер аудиториясының профессор-оқытушыға тікелей творчестволық әсері еді.
Кейін Кеңес үкіметі ЦАГИ (Орталық авиа гидродинамикалық институт) ашып, авиацияны мейлінше дамытты. Әнеки, студенттер нағыз ғалымды рухтандырып, оған шабыт береді. Студенттердің өздері де ондай ұстаздан қуат, жігер, білім алады. Дамыған елдерде де ғылымды дамытатындар тек оқу ордаларының ғалымдары. Оларға ең тиімді рухани лаборатория – студенттер аудиториясы.
Н.Е.Жуковскийді Петербург Ғылым Академиясы академик етіп сайламақ болып, шақырады. Бірақ Н.Е.Жуковский оқытушылық қызметті Академияға айырбастағысы келмейді. Академик атағынан бас тартады. Себебі, егер ол академик атағын алар болса, Петербургке көшу керек еді. Жастарға дәріс оқып, олармен ой бөлісу өзінің жұмыс жүргізу қабілеті мен бойындағы мол творчестволық потенциалының көзін ашатынын түйсінген ғалым, ертеңгі ізденістерін де баянды ету үшін биік атақтан бас тартады. Нағыз ғалымдар сондайлардан шығады. Бұл – менің өмірден түйгендерімнің қорытындысы. Университет – теоретик ғалымға таптырмайтын орын. Ал ізденіс иесінің талантын ашатын ғалым-ұстазды тыңдап отырған, аудиториядағы ойы, жүрегі таза студенттер қауымы. Сені творчестволық тұрғыдан шабыттандыратын ондаған, жүздеген жастардың қадалған көздері, бет-бейнесі, ынтасы. Бұл – заңдылық. Ал оқу ордасы беделін көтеретін, оның озық ойлы, талантты ғалымдары.
Шынайы ғалымдар ешуақытта мансап қумайды. Студенттерсіз ол бойындағы дарынын, талантын дамыта алмайды. Жастарға керегі соны ой, жаңаша көзқарас. Білімді лектордың әр лекциясы – ол творчество. Жақсы лекция оқулықты қайталамайды. Тақырыпты негізге алып, оқулық бағытында оны жан-жақты толықтырып, логикаға құрып, тереңдетеді. Ой салып, студенттер санасын қозғайды. Олардың алдында бедел алу қазір оңай емес, өте ауыр жұмыс. Ол үшін көзмайыңды тауыса ізденуің керек.
Келешекте оқулықтар да логикалық тұрғыда жазылатын болады. Тек дерек, дәйекке ғана сүйеніп қоймай, лекциялар логикаға негізделетін болады. Бұл алдымен оқулық көлемін ықшамдатады. Екіншіден, жастардың сезімін, ойын қозғап, қанаттандырады.
Тәуелсіз ел болғанымызға ширек ғасырдан асты. Бірақ бірде-бір рет оқулықтар талқыланған емес. Бұл – күрделі мәселе. Оқулықты шыңдау үшін жазғы демалыс кезінде талқылап отырған жөн. Өйткені, оқулық – идеология, негізгі мемлекеттік құрал. Біреудің жекеменшігі емес. Интернет заманында лекция оқу да оңай емес. Бұл – өмір шындығы.
Жалпы, баса назар аударар болсаң, тірлікте көңіліңе түйер мәселелер көп. Әрине ол талғамың мен білік, біліміңе байланысты.