Қазақ сахнасында Кен Кизи
Астана қаласының 20 жылдығына орай Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры маусым айының 7,8 күндері «7+1» драмасының премьерасын ұсынады.
Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Қоюшы суретшісі – Ерлан Тұяқов. Хореограф – Салтанат Жолымбаева.
Қойылым американдық жазушы Кен Кизидің бестселлерге айналған «Көкек ұясының үстінен ұшып өткенде» («Над гнездом кукушки») атты романының желісі бойынша сахналанған. Жарық көрісімен бестселлерге айналған туынды негізінде 1975 жылы әйгілі кинорежиссер Милош Форман түсірген фильмнен кейін ерекше даңққа бөленіп, күллі әлемге таралған болатын.
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының белгілі режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков Кен Кизидің осынау романы бойынша адам және қоғам туралы ойлы қойылым жасады. Әйгілі туынды елімізде қазақ театры сахнасында алғаш рет қазақ тілінде сахналанып отыр. Аударған – Әлімбек Оразбеков.
Бас кейіпкер Макмерфидің күрескерлік дүниетанымы: «Рухың күшті адам болғың келсе, бар нәрсенің күлкілі жағын көруді үйрен». Ол емханада шерменде өмір кешкен жандарға «Мың күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейтін қағиданың шындығын ашып берді. Бұл жолда Макмерфи құрбан болып кеткенімен, оның азаттыққа деген сүйіспеншілігі басқалардың сана-сезіміне айтарлықтай өзгеріс әкелген еді. Кен Кизидің авторлық идеясы бойынша, оқиға орын алатын жындыхана әлемнің бір шағын моделі, үлгісі сияқты.
Елордалық өнерсүйер қауым спектакльден театрымыздың белді артистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұркен Өтеуілов, Мейрам Қайсанов, Боранбай Молдабаев, танымал театр және кино
актрисасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек, театр және кино актері Ержан Нұрымбет, Самат Байыров, Аманжол Молдахмет және Жанат Оспанов, Шах-Мұрат Ордабаев сынды көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас буын артистердің өнерін тамашалай алады.