Отаншыл сезім ұялатқан…
Дана халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрінде үлкенді сыйлау, ізет білдіру, өткенді құрметтеу, ата-бабалар рухына тағзым ету тәрізді игі қасиеттер мол. Солардың бірі ұрпақтар айта жүретіндей өнегелі із қалдырған, тарихта өзіндік орны бар тұлғаларды еске алып, олардың рухына құран бағыштап, ас беру дәстүрі.
_________________________________________________________________________
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Созақ ауданының Сызған ауылында өткен осындай бір игі шараның куәсі болдым. Атап айтқанда табиғаты әсем қарт Қаратаудың етегіндегі айналасы ат шаптырым жасыл алқапқа қоныс тепкен Сызған ауылында орналасқан Саңғыл би кесенесіне жиналып, баба рухына арнап ас берген халықтық рәсімге қатысудың сәті түсті.
Жалпы, көне Созақ өңірі қазақтың ежелгі тарихына бай өлке ғой. Мұнда аяқ басқан адам халқымыздың сонау бағзы замандардан сыр шертетін талай ескерткіштеріне тәнті болары сөзсіз. Созақ аулындағы Қарабура әулие, Хақназар хан кесенелері, Құрбан ата бейіті, Бабата ауылындағы Ысқақ баба кесенесі, Құмкент ауылындағы Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесі, Ақсүмбе ауылындағы Ақбикеш мұнарасы – бұлардың әрқайсысы сан ғасырлық өткенімізді көз алдымызға елестететін шежірелер.
Жоғарыда өзіміз әңгімелеген Саңғыл би кесенесі де осылардың қатарында аты аталып жүрген тарихи орындардың бірі. Бұдан бұрын да баспасөз беттерінде есімі аталып жүрген Саңғыл би жөнінде қысқаша тұжырымдар болсақ, ол – заманында дүниені дүр сілкіндірген және оның төңірегіндегі дау-дамай күні бүгінге дейін толастамай келе жатқан атақты қолбасшы Шыңғысханды қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Шыңғыстау баурайында ақ киізге отырғызып хан көтеруге қатысқан қазақтың әйгілі биі Майқының замандасы болып шығады. Замандасы ғана емес, Майқымен үзеңгілесе жүріп, ханды таққа отырғызушы он екі бидің бірі.
Қазақ даласында болған бұл тарихи оқиға жөнінде заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев 1997 жылдың 14 наурызында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Елдік пен ерлік киесі» атты тарихи эссесінде былай дейді: «Ескі аңыз бойынша, Шыңғысты ақ киізге көтеріскен үйсін Майқы биге хан: бұдан былай ұраның – салауат, құсың – бүркіт, ағашың – қарағаш, таңбаң – сүргі болсын», – депті. Қоңырат Саңғыл биге: «ұраның – қоңырат, құсың – қыран, ағашың – алма ағаш, таңбаң – ай болсын», – депті». Ал 2000 жылдың 7 желтоқсанында «Астана ақшамы» газетінде жарияланған «Рухани түлеуіміздің көкжиегі» атты мақаласында: «Қаратауда ұлтымыз қалыптасар тұстың ұлы тұлғаларының бірі, атақты Майқы бидің замандасы Саңғыл би мен Сарыарқада ХVІІІ ғасырдағы ұлт-азаттық күресінің көсемдерінің бірі, даңқты қолбасшы Қабанбай батырдың кесенелерінің көтерілуі тарихи санамызды тереңдетіп, отаншыл санамызды биіктеткен оқиғалар болды», – деп түйіндейді.
Жалпы алғанда, Саңғыл бидің есімі орыс және қазақ тілдеріндегі бірсыпыра зерттеу еңбектерде аталады. Бұл орайда Н.А.Аристовтың «Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности» (СПБ, 1897) деген еңбегін айтуға болады. Ш. Құдайбердиевтің «Шежіресінде» Саңғыл бидің аты Сеңгеле деп берілген. Аса көрнекті ғұлама, қазақ тарихының білгірі А.Машановтың әл-Фарабиге арнаған зерттеулерінде бұл есім анығырақ – «Саңғыл» деп жазылған. Ал жазушы Қ.Салғариннің зерттеуінде «Саңғұлы би» делінген. Дерек көздерінде аты аздап бұрмаланып айтылуына қарамастан, мұның бәрі нақты бір адам – Саңғыл би екені шүбәсіз.
Соңғы жиырма шақты жыл ішінде бұл тарихи тұлға туралы зерттеу аясы кеңейе түсті. Ол жөніндегі мәліметті Тәуелсіздік жылдарында жарық көрген «Қазақстан» энциклопедиясынан да табуға болады. Академик Салық Зимановтың жетекшілігімен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында жарық көрген «Қазақтың ата заңдары» атты 10 томдық жинақтың ІІІ томында «Саңғыл би» атты зерттеу мақала жарияланды. Кейінгі кезде би жөнінде қалам тербеушілер қатары молайып, баспасөз бетінде зерттеу мақалалар жарық көре бастады. Атап айтқанда бұл бағытта Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданынан Рахманберді Жаппарқұлов, осы облыстың Кентау қаласынан Рақым Балабиев, шымкенттік Сәрсенбек Сахабат, алматылық Әділхан Берікқараев тәрізді азаматтар қалам тербеп жүргенін айта кеткеніміз жөн.
Тарихта із қалдырған осындай тұлғаларды неғұрлым кеңірек насихаттау, олардың үлгі-өнегесін жастарды отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеуге пайдалану, ең бастысы – елді ынтымаққа, бірлікке шақыру құралына айналдыру – ас берудің негізгі мақсаты болса керек.
Міне, осындай мақсатпен жыл сайын берілетін астың биылғысы бұрынғылардан өзгешелеу, аясы кеңдеу болғанын аңғардық. Біздің ойымызша бұған Қазақстан
Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған құнды пікірлер игі ықпалын тигізген.Онда ел аумағындағы қасиетті орындарды өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыру үшін «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру тапсырылған еді.
Осыған орай «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы дүниеге келді. Осы мекеменің директоры, белгілі қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат Берік Әбдіғалиұлы басқарған ұжым Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылып, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері топтастырылған сарапшылар тобымен бірлесе жұмыс істей отырып, үлкен шаруалар тындырғанын атап көрсетуіміз керек. Соның бірі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаның аясында «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты қос томдықтың жарық көруі дер едік.
Республикамыздың барлық өңірлеріндегі тарихи ескерткіштерді қамтыған көлемді де салмақты еңбекке Саңғыл би кесенесінің де енгізіліп, тарихының баяндалуы биылғы асқа жиналған ағайынның мәртебесін бір көтеріп тастады. Әсіресе, үлкен жиынға сонау Астанадан әдейі ат басын бұрып, сарапшылар тобының мүшесі, танымал академик, қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Есім мен «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Анар Екімбаеваның келуі, жұртшылық алдында сөз сөйлеп, рухани жаңғыруға байланысты Елбасының алға қойған межелерін түсіндіруі халықтың серпілісін туғызды.
«Саңғыл би» қорының президенті Бәкен Мақұлбеков жиынды ашық деп жариялағаннан кейін академик Ғарифолла Есім тарихтың тереңінен әңгіме қозғап, қазақ деген елдің өткені мен бүгіні жөнінде тебіренді. Ақын Қадыр Мырзалиев айтқандай, қалың тарихымыздың оқулығы Кеңес үкіметінің кезінде жұп-жұқа болғанын, қазір Құдайға шүкір, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгенін, ХІІІ ғасырда өмір сүрген үлкен тұлға Саңғыл би есімінің жаңғырып, кесенесінің көтерілуі соның айқын айғағы екенін, ендігі жерде биге қатысты зерттеу жұмыстарын бұдан да тереңдетіп, бүгінгі заман технологиясының күшімен деректерді байыта түсу керектігін жеткізді. Мұнан кейін сөз алған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Анар Екімбаева өзі қызмет ететін орталықтың компьютрлік базасында Қазақстанның киелі жерлері, оның ішінде Саңғыл би жөнінде де деректер қоры жинақталу үстінде екенін, тарихымызға қатысты материалдарды байыта түсу мақсатында орталық қызметкерлерінің Қазақстанның жер-жерлеріндегі өлкетанушылармен үнемі байланысып тұратынын айта келіп, жергілікті өлкетанушыларды Саңғыл би туралы деректерді молықтыра түсуге атсалысуға шақырды. Сөзінің соңында «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты қос томдықты кесенеге байғазы ретінде сыйға тартты.
Жиын соңы Қазақстан Жазушылар одағы поэзия кеңесінің мүшесі, танымал ақын, «Мырзашөл» журналының Бас редакторы, Мылтықбай Ерімбетовтың Саңғыл биге арнап өлең оқуымен, осы журналдың Саңғыл биге арналған нөмірінің 500 данасын жұртшылыққа тегін таратуымен, би жөнінде деректі фильмді, жергілікті көркемөнерпаздардың би өмірінен дайындаған қойылымын, концертін тамашалаумен, түрлі спорттық шаралармен, ас беріліп, Саңғыл би рухына Құран бағыштаумен одан әрі жалғасты.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымының
кандидаты,
мәдениет қайраткері.