Махаббат пен ғадауат майданы немесе Абайдағы рух түсінігі
11.06.2018
2857
1

Абай жайында көп айтылады, дегенмен айтылатын әңгіме әлі де көп. Бір мысал, 1898 жылы жазылған «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?..» өлеңіндегі «Жүрегіңнің түбіне терең бойла» жолындағы «жүрегімнің» бе әлде «жүрегіңнің» бе деген сұрақтың жауабы белгісіз. Мүрсейіт көшірмелерінде «жүрегіңнің» деп, ал Тұрағұлдың жазбасында «жүрегімнің» делінген, кейінгі басылымдарда «жүрегімнің» деп беріліп жүр, бірақ түсіндірмесі жоқ.

_____________________________________________________________________

Абай бұл өлеңде өз жағдайы­нан хабар беріп, өзінің қаны қа­ра, жа­ны жара жұмбақ адам еке­нін ай­тып, «мені түсіну үшін жү­регім­нің түбіне терең бойла» де­гендей, әйт­песе, әркім өз жү­ре­гіне терең бой­лап, Абайдың жұм­бағын түсіне қоя­ды деген қи­сынсыздау көрі­не­ді.
Ал данышпанның жүрегіне те­рең бойлау үшін оның жүре­гі­нің қақпасын ашатын кілт керек. Кілт осы өлеңдегі ақынның жү­ре­гінде «махаббат пен ғадауаттың май­дан­дасқанында» жатқан сияқ­ты.
– (‘адауатун) ғадауат—1) дұш­пан­дық, қастық, жаулық; 2) ын­ты­мақсыз, қырғи қабақтық, жек көру­шілік. Нұртас Оңдасы­нов­тың араб­ша-қазақша сөзді­гі­нен. 2 том.
«Ғадауат» арбаша-ағылшын­ша сөз­дікте «a state of deep-seated ill-will» – терең орныққан қия­нат­шыл­дық күйі, яғни «анти-махаб­бат» деп түсінсек болады.
Неге махаббат пен ғадауат май­дан­дасып, ғаділетті жүректің әді­ле­ті бұзылады?
Ақынның өзі «Өлсе өлер та­би­ғат, адам өлмес» дейді де, «Кі­тап тас­диқта» «Әуелі адамның адам­ды­ғы ақыл, ғылым деген нәр­се­лер­менен» дейді. Бұдан тү­сін­ге­німіз, адамда табиғаттан бө­лек өл­мейтін мазмұн бар, «адам­ның адам­дығы ақыл мен ғы­лым» өл­мей­ді екен, яғни таби­ғат­тан тыс бо­ла алады деген қи­сын.
Осы өлең жазылған жылы Абай елу үш жаста екен, бұл жас­та ақын кімді, нені сүю керектігін біл­­геніне шүбә жоқ. Яғни «Има­ни гүл» кейінірек жазылса да Ал­ланы сүю, адамзатты сүю жә­не әділетті сүю ақынның жүре­гін­де орын ал­ған деп сеніммен ай­та аламыз.
«Рақымдылық, мейірбан­ды­лық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай олар­ға да болса игі еді демек, бұ­лар – жүрек ісі». Он төртінші қа­ра сөз.
Сонда ғадауат қайдан шы­ға­ды, не­ге махаббатпен майдан­дас­­­қысы ке­леді?
Адамның адамдығы ақыл, ғы­лымда болса және бұлар фәни та­­биғаттан, өткінші дүниеден тыс бол­са, Шәкәрімнің «нұрлы ақы­лы­на» келеміз. Шәкәрім рух де­ген «нұрлы ақыл» дейді. Рух Ал­ла та­рапынан, ол батини-транс­цен­дент­ті, яғни көрінбей­тін әлемнің өкілі, оңайлықпен қабылдау, түй­сіну, тану қиын. Жаратушы адамға рух жайындағы түсінікті шектеп бер­ген және солай деп Құранда ай­тылған. Адамда Рух патша болуы керек. Шәкәрімнің «Нұрлы ақыл» деп бөлгеніне қарап отырып «нұр­сыз ақылдың» бар екенін се­зесіз. Енді «нұрсыз ақылға» ке­лейік, нәпсі фәни, заттық дүние­ден болған соң оның көзге көрінер қызықтырар жағы көп, байлық, билік сияқты, захири-иманненті. Яғни ақыл негізінен адамды жа­нуар­дан айыра танытатын рухтың құрамдас бөлігі, мазмұны, екі дү­ниеге ортақ, бірақ адамның өмірі сынақ фәни-материалдық дүниеде өтіп жатыр. Сондықтан ақыл да нәпсінің ықпалына түсіп қалады, рухқа қарсы шыға бастайды. Ақылдың «нұрсызға» айналуы осы жер. Рух оқшауланып қалады.
Енді майдан не үшін жүретінін Абайдың басқа өлең, қара сөз­дері­не зер салып, шама келгенше сара­лап көрейікші.
«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес»
«Әділеттік, арлылық, махаббат пен – Үш жолдасың қабірден әрі өт­кен­де». Осы жол «Көк тұман — ал­дың­дағы келер заман» өлеңінде «Үй жолдасың» деп қате беріліп жүр.
«Тегінде, адам баласы адам ба­ласынан ақыл, ғылым, ар, мінез де­ген нәрселермен озбақ. Онан бас­қа нәрсеменен оздым ғой де­мек­тің бәрі де – ақымақтық». Он се­гізінші қара сөз
«Ғаділетті жүректің әділетін бұ­зыппын».
Яғни екі дүниеге ортақ, өл­мейтін – әділет, махаббат, ақыл, ғы­лым, ар, ғаділетті жүрек, мінез бұл – рух өлшемдері. Қабірден әрі өткенде о дүниеге сізбен бірге баратын серіктеріңіз – Қиямет кү­нінде, Мақшар майданында Пай­ғамбардың шапағаты мен Алланың мейірінен кейін сізге жар болатын Рух, көпше түрі Аруақ осы.
Абайда «жүректер» көп: «ет жү­рек», «қайран жүрек», «ғаділетті жүрек», т.б.
Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерін жет­кізуші атақты Әбу Һурайра (Ал­ла оған разы болсын): «Жүрек – патша, дене ағзалары оның әс­кері. Патша жақсы болса, әскері де қуатты келеді. Егер патша жа­ман болса, әскері де кесапат бо­ла­ды», – деген.
Адам рухының Аллаға, Алла­ның сүйіп жаратқан адамына, Ал­ланың бір сипаты – Әділетке де­ген сүйіспеншілігі, Абайша айт­қан­да «түп иесін көксеуімен» адам нәп­сісінің бұл дүниеге деген сүйіс­пеншілігінің өзара соғысы адам жүрегін жаулау мақсатымен үздік­сіз жүріп жатады.
Яғни, сіздің жүрегіңізде рух пат­ша болса нәпсіңіз тиылып, мі­не­зіңіз түзеледі. «Ғаділетті жүрек» рух болғанда адамның нәпсісі оның әділетін, адамдық қалпын бұ­зады, сондықтан жүректе ма­хаб­бат рухтың өлшемі ретінде нәп­сі­мен майдандасып жатады.
«Уайым – ер қорғаны», рух – нұр­лы ақылдың ісі. Сары уайым – нұрсыз ақылдың – нәпсінің ісі. Ол дүниеден, байлық-мансаптан құр қалғанда өзін текке қажау.
«Жә, біз енді ақылды еркіне жі­бермесек, Құдай Тағаланың ақы­лы бар кісіге иман парыз деге­ні қайда қалады? «Мені таныған – ақылменен таныр» дегені қайда қалады?» Жиырма сегізінші сөз.
Ақыл бар кісіде рух бар, оған ғи­бадат парыз, сондықтан діні­міз­де есі дұрыс емес, ақылы кем адам­ға ғибадат парыз емес. Ұйықтаған адамның дәреті бұзылады, өйткені ұйқы кезінде рух тәннен Жара­ту­шыға, бастауына барады, тән таза нәп­сімен қалады. Тән кірлесе, был­­ғанса, ләззатқа бөленсе, нәпсі кү­шейгеннен дәрет бұзылады. Есірт­кі, арақ-шарап ішкенде рух тән­нен қашады, тәнді нәпсі би­леп, сайтанның сыбырына еріп, «ба­тыр» болады.
«Расында нәпсісін тазартқан кі­сі құтылды да;
Әлде кім оны кірлетсе, қор бол­ды». («Шәмс» сүресі, 9-10 аят­тар).
«Ғақлиат тасдиқатта», отыз се­гізінші қара сөзде хакім «мінез жайындағы жәдігер» дейді де, әрі қа­рай мінез туралы сөз қозғайтын сияқты көрініп, иманның «әділет пен мейірім» екеніне тоқталып, то­лық адамның қасиеттерін – «ғы­лым», «әділет», «мейірім» жайын тіліне тиек етеді. Осы үш қасиет те өлмейтін екі дүниелік рухтың маз­мұны, бұлардың соңына түссеңіз, рухыңыз күшейейді, мінезіңіз жақсы жағына өзгереді. Рух кү­шей­ген жерде нәпсі төмендейді, жа­ман мінез нәпсіден туындай­тыны белгілі.
Иман келтіру – Жаратқан мен пен­де арасындағы келісім-шарт, тү­зелем деген уәде, яғни өзін жақ­сы жағына өзгерту керек, содан кейін қоғамның жақсаруына атса­лысуы керек.
«Расында бір қауым өздерін өз­гертпейінше, Алла олардың жағ­дайын өзгертпейді» («Рағыд» сүре­сі, 11-аят).
«Кеше мен ақылды болып, әле­мді өзгерткім келді. Бүгін мен да­нышпанмын, сондықтан мен өзім­ді өзгертіп жатырмын». Руми.
Бақара сүресінің 11 аяты: «Олар­ға: «Жер жүзінде бұзақылық қыл­маңдар (жіктемеңдер, азғын­дық­қа бастамаңдар, ірткі салмаң­дар)!», – делінсе, олар: «Біздер тү­зеуші ғанамыз (жақсарту­шылар­мыз, түзетушілерміз, реформа жа­саушылармыз, татуластыру­шы­лармыз)», – дейді».
Қорыта айтқанда махаббат пен ға­дауаттың майданы – ол рухпен нәп­сінің майданы.
Дұрысын Алла біледі.

Сұлтан Ыбырай,
абайтанушы.

ПІКІРЛЕР1
Қастер Сарқытқан 17.06.2018 | 11:57

Абайдың рухани дүниесінің жарық нұры күллі қазақ даласына төгіліп тұрса да, содан тәлім мен тәрбие алып жатқан қазақ аз. Барша қазақ тілді мектептерде Абайтануды маңызды пәндер қатарында оқу жоспарына енгізсе артық болмас еді. Елімізде Абайтанушылар да көп емес, саусақпен санарлық қана. Соның ішінде, соңғы кездері Сұлтан Ыбырай өзінің тың әрі тосын көз-қарастарымен Абай әлемінің бір пұшпағын көтеруге талпынып жүр. Абай — мәңгілік нұрдың сәулесі, оны әрбір ұрпақ өзіне зерттеп, зерделеп, өзіне қажетін алатын болуы тиіс. Сонда ғана «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру»-деген науқандар шынайы, толық қанды, тұрақты түрдегі ұлттық мінезіне айналады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір