Әлем кеңістігіндегі Абай
25.08.2015
3740
0

АбайҚазақ – Еуропа әдеби қарым-қатынасы тарихына ерекше үлес болып қосылған, ол, әрине, Абайдың орыс, поляк, неміс және ағылшын классиктерінен аудармалары. Михаил Лермонтовтың нәзік лиризмімен ағынан жарылуы, Иван Крыловтың драматизмі, гротексі мен сатирасы, Михаил Полонский мен Адам Мицкевичтің элегиялысы тек ұлы Абайдың поэтикалық дарынына бағынышты еді. Ұлы ағартушы және гуманист Абай Құнанбаевтың поэзиясы ХХІ ғасырда орыс тілінде қайта қауышып, ал неміс, беларусь, поляк және корей тілдеріне алғаш рет аударылды.

Светлана Ананьева,

М.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институты

Сыртқы әдеби байланыстар және

аналитика бөлімінің меңгерушісі,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

2006 жылы Пушкин мен Абай жылына арналып «Абай. Отыз жеті өлең» деп аталатын жаңа басылым жарық көрген болатын (құрастырушысы әрі аудармашысы – Марат Әдібаев). Кітаптың ең басты ерекшелігі – Абайдың 37 өлеңінің әрбіреуі түпнұсқа тілінде берілген, содан кейін сөзбе-сөз аудармасы беріліп, сол туындының шыққан мерзімі бойынша орыс тіліне аударылған барлық танымал аудармалары жинақталды. Жинақтың соңында М.Әдібаевтың жаңа поэтикалық аудармасы берілген. Бұл әр авторды және олардың шығармашылық деңгейін, түпнұсқа мәтініне жақындап келуін және оны өзге тілге жеткізудегі ұстанымын салыстыруға мүмкіндік береді.
Жазушы, публицист, аудармашы Г.Бельгер «Абайды аудару не үшін қиын?» деген сұрақ қойған, әрі ойланып барып, оған өзі жауап берген еді: «Абайдың бейнелері ұлттық дүние қабылдау мен ұлттық дүниетанымға тұнып тұр. Оны қайта дәлме-дәл жаңадан жасау орынсыз дүние… Поэзия – поэзиямен, тағдыр – тағдырмен аударылады. Ішкі жан-дүние – ішкі жан-дүниемен астасады. Тек осылай ғана жоғары деңгейдегі өз үйлесімін таппақ». Абайдың 1886 жыл­дан 1902 жылдары шыққан 20 өлеңін неміс тіліне Леонард Кошут аударған. Осы сериямен «Оenel Verlag» баспасынан «Abai. Zwanzig Gedichte» деп аталатын кітап тамаша басылыммен шықты. Абайды неміс тіліне аударуда көп көмек көрсеткен аудармашы Г.Бельгер, ал аудармалардың ең алғашқы тыңдарманы – Л.Кошуттың жұбайы, әлем халықтарының ұлттық әдебиеттерін аударған танымал аудармашы Шарлотта.

Г.Бельгер мен Л.Кошуттың Абай поэзиясын неміс тіліне аудару мәселелері жайындағы хат алмасулары Германияның Өнер академиясының мұрағатында сақтаулы. Абайдың өлеңдеріндегі кең тыныс пен сазды әуенін, ырғақ пен өлшемін неміс тіліндегі аудармаларда түпнұсқадағыдай жеткізу өте қиын. Тек Л.Кошут қана, өлеңді түпнұсқаға жақындатып, екпінін сәйкестендіріп, сөз құрамын ұқсатып жеткізе алған.

Соңғы жылдары жанданған Қазақстан мен Беларусь арасындағы мәдени және әдеби байланыстардың қорытындысы ретінде «Абай. Стэпавы прастор. Выбраныя вершы» (2010) кітабы жарыққа шықты. Абайдың таңдамалы өлеңдер жинағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Николай Метлицкийдің аудармасымен, әдемі өрнектелген кітаптың бастапқы беттері ақын бейнесі туралы оның алғысөзімен ашылады. Кітаптың мұқабасында жиегіне қазақтың ұлттық өрнектері орналасқан қазақтың даласы бейнеленген. Абай өлеңдерінің беларусь тіліне аударылуы өте сәтті шыққан, себебі, өлеңдері музыкаға үйлесіп тұр. Енді міне, Абай беларусь тілінде сөйлеп, кең байтақ беларусь әлеміне, Еуропа жазығына аяқ басты.

Қазақ–корей әдеби байланыстарының тарихында Абай поэзиясы алғаш рет корей тіліне аударылды. «Абай. Алтын киіз үйдегі өлеңдер» кітабы 2010 жылы Сеул қаласында жарыққа шықты. Кітапқа Абайдың 100 өлеңі (табиғат лирикасы, философиялық лирика, махаббат лирикасы, қайғы-қасірет лирикасы, сегіз аяқ, күлдіргі поэзия) мен ақынның биографиясы және Ким Бен Хактың қысқаша түсініктемелері енген. Кітап суретші Е.М.Сидоркиннің иллюстрациясымен безендірілген. Аудармашы Ким Бен Хак кітаптың алғысөзінде «Корей халқының Абайдың жерінен өзінің қонақжайлы атамекенін тапқанын, корей халқының атынан алғыс ретінде қазақ халқына сыйға» деп саяси қуғын-сүргін кезінде жер аударылып келген уақытта баспана беріп қамқорлық көрсеткен қазақ халқына өз алғысын білдіреді. Корей халқының оқырмандарына жеткізе отырып аудармашы Орталық Азияның көшпелі мәдениеті мен қазақ халқының дәстүрін терең ұғынып көз алдарына елестеді деп сенім артады. Абай поэзиясының беларусь және корей басылымдары үшін сөзбе-сөз аудармасын жасаған «Тәржіман – әдеби аудармашылар одағы» АҚ Басқармасының төрағасы, ақын, аудармашы Қайрат Бақбергенов.

Абайдың «Қара сөздері» А.Мицкевич атындағы Познань университетінің оқытушысы Хенрик Янковскидің арқасында поляк тілінде таныла бастады. 2013 жылдың 10 маусымында Варшавада Абайдың поляк тіліндегі «Қара сөздерінің» тұсаукесері өткен болатын.

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы ХХІ ғасырда әлемдік танымалдылықтың шекарасын едәуір кеңейтті. Грузияның Бас ғылыми редакциясы ресми басылымдар қызметінің «Достастық» деген аталымы бойынша Грузиядағы қазақстандық мәдени-ақпараттық орталық пен Шота Руставели атындағы Грузин әдебиеті институты және «Әлемге қызмет ететін кітап» Халықаралық ағартушылық қорының дайындауымен «Абай – Илья» кітап-альбомы жарық көрді. Грузияның Мәдениет және ескерткіштерді қорғау министрі Николозо Руруаның алғысөзі мен Шота Руставели атындағы Грузин әдебиеті институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ирма Ратианидің «Абай – Илья. Параллельдер» деп аталатын тыңғылықты мақаласы болашақта салыстырмалы зерттеулер жүргізіп, әдебиетаралық диалог орнатуды көздейді.

Абай поэзиясы мен прозасының оқырмандар аясы жаңа елдер мен континенттерді қамтып дүние жүзі бойынша өз кеңістігін кеңейтіп келеді. Әлемдік әдеби кеңістік аса көрнекті ойшыл ақын Абай Құнанбаевтың мәңгі әрі өзекті терең философиялық ойларымен, оның классикалық әдеби мәтінінің эстетикасымен баюда.

Қазақшаға аударған
Айнұр Қалиасқарова.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір