Көміліп жатқан көмбедей, Көрінбей жүрмін ешкімге…
Нұрлан ӘБДІБЕКҰЛЫ
Ой түбінде
Ой түбінде ойланып,
Тіл ұшында күрмеліп.
Көз алдымда сайланып,
Жылтыраған жүз беріп.
Заман жүріп өтті кеп,
Заң-зәкүні сыбырлап.
Үстіңгілер көк тіреп,
Астыңғылар қыбырлап.
Ертелі кеш далақтай,
Ақ жаныммен желпілдеп.
Ашылмайтын қабақтай,
Көздің асты көлкілдеп.
Тіршіліктің қырына,
Кейде өкпелеп баладай.
Кейде жалғыз ұлына,
Еміренген анадай.
Түн жарымда жыр жазып,
Уақытын өлтірген.
Мен қағылған бір қазық,
Суықтөбені жерсінген.
Жанымнан бір жау шығып,
Өз өзімнен безіндім.
Қара терге малшынып,
Қара жерде езілдім.
Желіккен жар жау бүгін,
Жауап берер кім неге.
Жалау қылып жаулығын,
Әйелдер жүр мінбеде.
Бұл қазақтың ұрығы ем,
Арқасының желі бар.
Құлдай қызмет қылып ем,
Бидей сыйлар жөні бар.
Қойдай жуас халықтың,
Қойшысында сылдырмақ.
Жаңғырыққа қарық кім,
Көздің жасы бір құрғап…
Қолымдағы сабырым,
Сабын алтын жаратқан.
Тәуелсіздік – Тәңірім,
Құдайым ең жоғалтқан.
Шабыт, шіркін
Шабыт шіркін шаппай көп,
Болдырғандай болады.
Арқандалған аттай боп,
Күн ұяға қонады.
Таң атады кеш кіріп,
Көзіңді ашып жұмғанша.
Көз алдымда көш жүріп,
Көрген заман бір қанша.
Төс табаны тағдырдың,
Тыпырлатпай тұр басып.
Тас астында жаңғырдым,
Тамырыммен сырласып.
Бұйырмай тұр маған бақ,
Жол жоқ енді кер қайтар.
Ертең күнге алаңдап,
Тіл ұшында қалды айтар.
Артық жүкті тастадым,
Асқар алпыс тұр қарап.
Бойымда жоқ басқа мін,
Жүрмін жанды жұлмалап.
Жоқты қуып жете алмай,
Тілден тікен шығарып.
Барға тәубе ете алмай,
Бас бәйгеде – бұл анық.
Қайда кетті ар намыс,
Болып алдық өлермен.
Адамға адам алданыш,
Аларман мен берермен.
Өткен күндер сыр алған,
Бір қиықтан бір қиық,
Өмірбаян құралған,
Түбі оның тұңғиық.
Тасығам да төгілгем,
Жұма күткен жан емен.
Жеті қазына өмірден,
Жалғыз мұра – қара өлең.
Қанағат қылып
Қанағат қылып бес күнге,
Бейкүнә ғұмыр кештім де.
Көміліп жатқан көмбедей,
Көрінбей жүрмін ешкімге.
Ноқтаға басым байланған,
Темірден қазық айналғам,
Сұқтана жүріп сүйсінгем,
Сүйсіне жүріп ойланғам.
Көлденең көрмей пайда алып,
Арамнан өттім айналып,
Міндетім жоқ, назым бар,
Шарыққа жүрмін қайралып.
Базары кеткен басынан,
Балбалдың өттім қасынан.
Қайың да сауған қазақ ем,
Той беріп бүгін тасығам…
Арғымақ аттың жалы үшін,
Алысып өткен ар үшін.
Қолымнан шығып барады,
Найзаның ұшы – намысым.
Бақ ішінде
Бақ ішінде отырмын бағым қайтып,
Бастады бала-шаға қамымды айтып…
Сиреді дос-жаран да бірте-бірте,
Қойды ғой ағайын да сағынбай түк.
Артымда қуғыншы бар, алдымда – аран,
Демеймін екі ортада қалдым қараң.
Сөз сатқан ақын деген атымыз бар,
Алғанды баяғыдан ар қылмаған.
Таршылық үстем тұрған малғұн заман,
Нәсібін ақындардың бар қылмаған.
Алдым – жар, артым – соқпақ өмірімде,
Былғаған талай жерде аузымды арам.
Басында әр пенденің болған іс көп.
Біріне бірі жаулық қолдан істеп.
Жалғаннан шындық іздеп керек пе өзі,
Адамға адам жүрер алданыш боп.
Шақырған азанына мұнарадан,
Біз ертең аттанамыз бұл арадан.
Пендеден пейіл кетіп тұрған шақта,
Құдайда көз барына шүбаланам.
Жаңғырған жартас кеуде әр кімде бар,
Толқынды кезегімен толқын жабар.
Қайтейін жоқтың күні бірге жүрген,
Оқылған кітаптай боп орның қалар.
Бұл көктем
Бұл көктем,
Не істеймін бойға жын кеткен.
Періштем, келші аймалап,
Күнаға батқан бұл беттен.
Сіркіреп жауған жаңбырға,
Қараймын үміт-құрметпен.
Бұл көктем,
Болса ғой шіркін жыр көктем.
Дүрілдеп мен де дүрмекпен,
Қатарда жүрсем деп едім,
Оралып есем бір кеткен.
Түнеріп кеше түн кеткен,
Оралсын күліп күн көктен.
Бұл көктем,
Төгіліп шуақ – нұр көктен,
Сірескен мұзды індеткен.
Айнып та кеттік міндеттен,
Жазылмай жатыр жыр көптен.
Ақын да ара секілді,
Жайылған қырда гүлді өпкен.
Бұл көктем,
Қырларға келіп кірді еппен,
Көгерді беттер сұр кеткен.
Қыз-қырқын киімі жеңілдеп,
Көзімнің алдын түрленткен.
Тіршілік шіркін тамаша,
Жадыра сен де бұл көппен.
Бұл көктем…
Жылы жел жетті түнгі өткен,
Көтерер көкті қыр, беттен.
Уызбен бірге уылжып,
Сәуірден хабар шын жеткен.
Жеңілдеп сайлар су кеткен,
Қораның ішін шулы еткен.
Бұл көктем…
***
Көктегі қарға-қырғилар,
Шыбын да шіркей ұстарсың.
Қазақта қазір бір би бар,
Қалғаны бәрі старшын.
Қазақта қазір бір-ақ би,
Көзіңнің жасын жылап тый.
Киім де тозды, өң де озды,
Байлардан ескі сұрап ки.
Жатырмын іштен іріңдеп,
Тексерген кім бар түбін кеп.
Жусанның түбін иіскеймін,
Жеті ата – аруақ құным деп.
Жаңбыр
Ай туды шалқасынан мырза болып,
Сонан соң қораланды нұрға бөгіп.
Төгілді суық сәуле төбемізден,
Аулада қара ағаш тұр сырға берік.
Берді аспан ағыл-тегіл көзіне ерік,
Тамшылар түсіп жатыр сезімге еніп.
Сіркіреп жылы жаңбыр жер бетіне,
Сәуірдің шуағына кезі келіп.
Сәуірдің күні алғашқы тәуір келді,
Жазатын болдық енді жауыр белді.
Жабысып жүні үрпиген денесіне,
Жабағы жаңбырды да ауыр көрді.
Еңіреп аспан күнде,
Жыла көктем,
Тәңірдің көз жасындай құла көктен.
Көк аспанға қараймын үмітпенен,
Көңілді алай-түлей сұрақ еткен.
Тірлік
Аяғы барлар сабылған,
Аңдыған жері – бір нәсіп.
Тірліктің шарты бағынған,
Бұйырмай бағы жүр қашып.
Қуғанмен қашқан құйындай,
Тіршілік – нәсіп ордасы.
Бағың бір кетсе бұйырмай,
Шығады тағы жол басы.
Құлайсың тағы сүрініп,
Тұра сап қайта жүгіріп.
Тамағың таппай тырмысып,
Аш күзендей бүгіліп.
Ерніңе тисе күнделік,
Бойыңнан өтер жоқ болып.
Дүниең жиған үлгеріп,
Қалады бәрі боқ болып.
Дүние деген құдірет,
Тірнектеп жиып қыбырлап.
Байлыққа тізең бүгілед,
Дәметкен ернің жыбырлап.
Қуады байлық жұрт нәғып,
Арманы жұтса бұл көмей.
Дүниені мынау сырт бағып,
Үкідей қатам үндемей.
Суық әлем
Күн суық, суық әлем, суық дүние,
Ішінде мен келемін қуып дүние.
Көргенім иттің күні секілденіп,
Қарғы бау алқымымды буып, дүние…
Десек те керек осы пендеге ерлік,
Қалмады қылар қайрат менде дерлік.
Бойдағы бар қуатты сарқа жұмсап,
Кезінде ағайын мен елге бердік.
Періште кезде анашым бар қасымда,
Ол күндер өтіп кеткен он жасымда.
Ағайын алыстады жан-жағымда,
Көбейді жылтыраған «жолдасым» да.
Адамдар айналамда мені алдайды,
Көңілім әлденеге алаңдайды.
Көбейген табақтастар жан-жағымда,
Бірінен кейін бірі тағы арбайды.
Ісімен «бауырлардың» сөзі келмей,
Жылайды ақ жанымның көзі көлдей.
Сүйкімі жоқ тіршілік арасында,
Әйтеуір келе жатыр сезім өлмей.
Қыздырған бір заманда құлай лебі,
Күннің суып барады шырайлы өңі.
Айналам әппақ аяз бет қарыған,
Қайда алып барасың, Құдай, мені.
Алпыстың аулы
қол бұлғап
Тұра алмай шалмен қатарға,
Шыға алмай жаспен сапарға.
Сұрықсыз күндер кеп жетті,
Сұлу жоқ құшақ ашарға.
Саяқсып қалған сәуріктер,
Кафеде жүрген даурықкер.
Алпысты талтүс дегенмен,
Тәңірім, денге саулық бер.
Ашудың бәрін жырдан ап,
Жүрек те өзін бұлдамақ.
Мұрша жоқ сені тыңдамақ,
Артыңды көрші бір қарап.
Барады өмір сырғанап,
Жыртығымды жыр жамап.
Сырқырап о жер, бұ жерім,
Танытып қояд сұр қабақ.
Алпыстың аулы қол бұлғап,
Қызуы бойдың солғындап.
Өмірден тірі өтем деп,
Жиғаным өлең – сол қымбат.
Тойларда толқып жүресің,
Жиылмай кейде бір есің.
Алпысты қалдым алқымдап,
Ақылым, қашан кіресің?..
Захраға
Ай жүзді, арман ару, Захра қыз,
Мен де бір ағаң едім атым аңыз.
Сен періште бәрінен биік тұрған,
Біз пендеміз сатамыз… сатыламыз…
Сен мөлдірсің секілді таза бұлақ,
Арман жоқ жүрген жанда саған ұнап.
Секілдісің жаралған таза ауадан,
Сен жақтан бір ғажайып самал ұрад.
Саған кейде қарауға жасқанамын,
Көзім тиіп кетердей боп қаламын.
Сенің жаның жарқырап нұр шашады,
Мені кейде қысады қап-қара мұң.
Ай жүзді, арман ару, Захра қыз,
Өртеніп махаббаттың отына біз,
Әр басқан қадамыңа гүл жаудырып,
Жігіттер айналаңда аһ ұрамыз…
Захра, Захражан, Захра қыз…