Табиғат аясында
Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, публицист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Мен жылдың төрт мезгілінде ат-өгіз бен түйеге жүгін артып, даланы басып, таудан да асып, «таудан асқан бұлттармен араласып» көшіп-қонған көшпендінің баласы болдым. Сұлу табиғаттың әлі де қаймағы бұзыла қоймаған, аңы мен құсы жыртылып айырылған Аспантау өңірінде туып өстім. Әкем атақты аңшы болды. Айналамызда басқа да ағайын-туыс аңшылар аз болған жоқ. Бұғанамыз қатып, ат жалын тартып мінуге жараған соң, біз де сол кәсіпке қызығып, сол кісілерге ұқсап бақтық. Соларға ілесіп тау-тасты кезген аңшы бала болдық.
Қаршадай кезден қанға сіңген сол қасиеттен кейін де көпке дейін қол үзе қойған жоқпыз. Елдегі аңшы, малшы, орманшы ағайындардың арасында жиі болып, олармен бірге мылтық алып та, бүркіт салып та аңға шығып жүрдік.
Бала кезден бастау алған осынау өмір жолы ұлы табиғатты танытқан табиғи мектеп болды; оны шексіз сүюге, аялап қорғауға, ол туралы жырлауға алып келді; тіпті жан дүниеміздің, мінезіміздің қалыптасуына дейін әсер етті. Сондықтан да болар, қазір мен ойлануға жағдайы жоқ, у-шуы мен даңғазасы көп жиын-тойда болғаннан гөрі оңаша ойланып орман ішінде, табиғат аясында жүргенді ұнатамын.
Енді сол тума табиғатпен етене араласуымның арғы-бергі бір-екі сәтін еске түсіріп, оны қалай шығармашылық кәдеге жаратқанымды айтып берейін.
І
Мына Кетпен тауының солтүстік етегінде, Қарадаланың қақ төрінде Сүмбе деген үлкен ауыл бар. Онда менің туысқандарым мен ауылдастарым тұрады. Ертеректе сонда бір барғанымда Дүңгенбай інім мен Сарбұлақтағы орманшы Асанбайды алып Сүмбенің жайлауына шықтым.
Бала кезден бірге өскен, ақ
көңіл, аңқылдақ Сәбетханның үйіне барып түскенбіз. Бір малын жеп, қымызын ішіп, әңгіме-дүкен құрып дегендей сонда қондық.
Ертесінде Керімбек деген көршісін қосып алып, бес жігіт бес атқа мініп, төрт мылтық асынып аңға шықтық.
Бет алысымыз – Беріктұғыл деген жер. Бұл – Сүмбе өзенінің аңғарындағы мал аяғы тимеген, адам аяғы баспаған шыңырау шатқал, берік «қамал». Шығыс жақ қапталы – бір-біріне мінгесіп-ұштасқан тұтас ақ жартас. Ал батыс жақ беткейі ит тұмсығы батпайтын қалың орман, ұзын да биік жалама жартас, табан тұрмас тайғанақ қия болып келеді.
Бұл шатқалға бұрынырақта бір-екі жүрек жұтқан аңшы арқан байлап түскен екен. Біреуі өз мылтығына арандап, енді біреуі аюға таланып әрең жандары қалыпты. Содан бері мұнда жүрегі дауалап ешкім түскен емес дейді.
Бұл шыңырау шатқалды тауешкі-таутеке, аю сияқты жартаста жүре беретін аңдар мен бүркіт тәрізді қиянға ұя салатын құстардың берік қорғаны деуге болады. Тіпті, бұл жерден тас үстінде күнге қақтанып, жарқырап жатқан алып жылан – айдаһарды көрдік деушілер де болған.
Беріктұғылдан біздің көздеп бара жатқанымыз – тауешкі-таутеке. Олар жартасты паналайтын жануарлар ғой. Қасқыр қуса да биік жартасқа шығып кетіп жан сақтайды. Беріктұғылдың адам түсе алмайтын құзар тастары оларға бұйым емес. Тыныш кезде жартастан бері шығып жайылады да, қауіп төнсе қашып шатқалға түсіп кетеді.
Бес аңшы Беріктұғылдың мал баратын тұсына дейін атпен келдік те, одан ары қарай жаяу кетпек болып, Орыстекше деген жерге көлігімізді тастадық. Мылтығы жоқ Дүңгенбай да аттарға қарап сонда қалды.
Төрт аңшы қаруымызды иыққа асып шатқалға қарай еңістедік. Қарағай мен тал, шетен, бұта аралас өскен қалың жыныстан әрең өтіп, Беріктұғылдың шатқалын бойлай созылған құз жартасқа келіп тірелдік. Бір тепсеңдеу жерге сәл аялдадық та, кімнің қай бағытта жүретінін белгіледік. Және екі сағаттан кейін осы арада қайта кездесетін боп келістік.
Сәбетхан екеуіміз жартасты жағалап төмен қарай кеттік. Бірімізден қашқан аң бірімізге кезіксін деген оймен жұбымызды жазып, бөлек-бөлек жүрдік.
Мен едәуір алға озып кеттім. Тау баласы болсам да жартастың қабағына онша жақындамай, сақтана жүріп келемін. Кейбір қия жерлерден ағаш, бұта, тастардан ұстай, әупірімдеп өтіп, жартас желкесіндегі үй орнындай тепсеңге келдім. Мұндағы бұта мен шөп арасынан бес-алты таутекенің жатқан жатағы мен құмалақтары көрінді. Сонда тұрып төмендегі шатқал жаққа көз салдым. Шыңырау табанындағы Сүмбе өзенінің өзі көрінбейді, сарылы естіледі. Бір бүркіт астыңғы жағымнан сыза ұшып өтті. Жалпылдата қанат қақпауына қарағанда ол да біз сияқты аң қарап жүрген болу керек. Арқа-басы жирендеу, үлкен құс екен.
Осы көрініс өзіме ерекше әсер етіп, оның табиғи суретін сөзбен салған, «айналасы теп-тегіс жұмыр» бір шумақ өлең бас құрағандай болды. Оны ұмытып қалмау үшін:
– Шыңырау шатқал жатыр
шалқасынан,
Түсе алмай біздер жүрміз
жартасынан.
Көретін көкке қарап бүркітті де,
Көреміз төмен қарап арқасынан, – деп екі-үш мәрте қайталадым.
Қай жерден кезігер екен деп аң қарап жүрміз ғой, әлгі тепсеңнен тағы да ары қарай аяңдадым. Екі жартастың арасындағы жырашықтың желкесінен өте бергенде астыңғы жақтан домалаған ұсақ тастардың сылдыры естілді. Отыра қалып қарасам, бір тауешкі былтырғы екі лағы мен биылғы екі лағын ертіп, жартаспен жоғары шығып барады екен. Атайын десем, кілең ешкі-лақ. Оқ тисе де шатқалға қарай құлайды, оны барып ала алмайсың. Босқа обалына қалмайын деп атпадым. Олар артта келе жатқан Сәбетханнан үріккен болу керек, әне-міне дегенше қайтадан артқа қашып, шатқалға түсіп кетті.
Сағатыма қарасам, уәделі уақыт таяп қалыпты. Сол жерден келген ізіммен кері қайттым. Сәбетхан алдымнан шықты. Ол жаңағы ешкі-лақтарды жартастан шыққан жерінде көріпті. Мылтығын оңтайлай бергенде, олар да байқап қалып, жалт беріп жөнеліпті.
Екеуіміз сыбырлай сөйлесіп, әлгі жиналатын жерімізге жеттік. Сәлден соң Асанбай мен Керімбек те келді. Ентігімізді баса отырып, не көріп, не білгенімізді айттық. Олар егіз қонжығын ерткен қоңыр аюды көріпті. Тауешкі-таутеке кезікпепті.
«Енді не істейміз?» деген сұрақ болып еді, оған кәнігі аңшы Керімбек жауап беріп: «Бұл жерде аңды айдап ата алмаймыз. Қашып шыққан тауешкі-таутеке дереу шатқалға түсіп кетеді. Олар қазір қалтарыс-қалтарыста жусап жатыр. Кешкі жайылымда ашыққа шығады. Сол кезді күтейік», – деді.
Ол аузына тістеген темекісін тұтатпақ болып, шырт еткізіп сіріңке жағып қалып еді. Бізден 60-70 метрдей жердегі үйдей тастың түбінен бір таутеке атып шықты! Керімбек жалма-жан оқтаулы шиті мылтығын кезеп, бір атып қалды. Теке кішкентай белеңнен асып, көрінбей кетті. Бірақ асқан жерінде бір талдың басы қимылдағандай болды. Біріміз: «Тиді!» дедік, біріміз: «Тимеді!» – дедік. Не болса да барып көрейік деп, орнымыздан тұрып, текенің ізіне түстік. «Бәсе, тигендей-ақ болып еді», – деп Керімбек шөпке тамған қанды көрсетті.
Дереу белеңге шықтық. Теке ары еңкейе беріп-ақ жығылған екен, құлап барып бір түп талға тіреліп тоқтапты. Жануарды Керімбек өзі бауыздады.
Әр мүйізі жарты шаңырақтай нән теке екен, үлкендігі тайыншадай бар. Жатқан жері тым қыя. Сою үшін есік пен төрдей өр жағындағы текшеге шығару керек болды. Ол жерге төрт жігіт жабылып, әрең сүйреп апардық. Мен шаңырақтай мүйізіне қызығып, іштей осының басын алсам ба екен, сонда оны қалаға қалай жеткіземін?», – деп тұр едім. Керімбек: «Мұның басын Сүмбедегі үйіме апарып, сыртқы есіктің маңдайшасына орнатып қоямын», – деп қалды. Содан кейін мен әлгі әрі-сәрі ойымнан арылдым.
Текені сойдық. Оқ екі өкпені қатар түйреп өтіпті. Ішек-қарынын ақтарып, одан бауыр, бүйрек, жүрегін ғана алдық. Бұтын бұт, қолын қол етіп бұзып бола бергенде, Құдайдың күні сіркіреп кеп жауды дейсің. Үсті-басымыз малмандай су болды. Жүретін жеріміз – ит тұмсығы батпайтын қалың жыныс. 70-80 келі ет тұрмақ өз қара басымызды алып жүрудің өзі мұң.
Бір-бірімізге қарап: «Мұны атқа қалай жеткіземіз?!» – дейміз. Оның да амалын Керімбек тапқандай болды. Ол ағаш арасынан әлді-әлді екі сырық алып келді. Етті екіге теңшеп бөлді де, қолын қол, санын сан күйінде соған тесіп өткізді. Сөйтіп екіден жұптасып, сырықтың екі басын иыққа қоя көтеріп алып кеттік. Бірде тайып, бірде ағаш-бұтаға шалына жығылып жүріп, ат келетін жерге жеттік, әйтеуір.
Орыстекшеде отырған Дүңгенбайға айқайлап, аттарды алдырдық. Етті қоржын-қаптарға салып алып, атқа міндік. Керімбек таутекенің басын арбита алдына өңгеріп алды.
Күн бата шатқалдан шығып, Асанбайдың сонда отырған ағасының үйіне келіп түстік. Таутекенің етін жіліктеп бұзып, бөлісіп алдық. Ұжымшардың қойын бағатын Сәбетхан мен Керімбек: «Малымыз бар», – деп шайға да қарамай үйлеріне кетті. Қалған үшеуіміз осында қондық та, ертесі Сарбұлақтағы малшыларды аралай ауылға қайттық.
Бұл сапарда бұрын көрмеген сай-сала, шыңырау шатқалдарды көріп жер таныдық; тума табиғаттың өзінен, аңшы-малшы, орманшы өмірінен көрген-білген, көңілге түйгендеріміз де көп болды. Олар кейін «Қоңыр қонжық», «Шыңырау шатқалында» деген повестерімді жазғанда кәдеге асты.
ІІ
Жоғарыда баяндалған жайт осыдан 40 жылдай бұрынғы бір аңшылық еді. Одан кейін бүркіт салып саят құрғаным болмаса, мойынға мылтық асып аңға шыққан емеспін. Ал, қазір мылтық алып та, бүркіт салып та аң ауламаймын. Өйткені, табиғаттың сәні болған ешбір жабайы жан-жануарды жазым еткім келмейді.
Бұдан менің табиғат аясында болуым, табиғатпен етене араласуым азайып қалған жоқ. Ол жүректің қалауымен, ештеңеге еш зиян келтірмейтін, мәнді де мағыналы басқа бір түрге – табиғатқа саяхат жасауға ауысты.
Қазір бос уақытта үйде көп тұрғым келмейді. Ең болмаса қасымдағы Медеу, Шымбұлақ, Алмаарасан, Үлкен Алматы көлі сияқты жерлерге шығып кетемін. Жаз кезінде алысырақтағы Асы, Екіаша, Қарқара, Шәлкөде және басқа атақты жайлаулар мен Қайыңды көлі, Саты сайы, Көлсай көлдері сияқты көрікті жерлерге жиі барып тұрамын. Жаяулап жүріп, таза ауа жұтып, таза су ішіп, сұлу табиғатты тамашалап дегендей демаламын.
«Жүрген аяққа жөргем ілінер» демей ме, сондайда шығармашылық жұмыста кәдеге асатын, тіпті жеке шығармаға арқау болатын дүниелер де көп кезігеді.
Енді сондай ештеңеге зияны жоқ, мәнді де мағыналы бейбіт «аңшылықтың» бірін баян етейін.
Осыдан бірнеше жыл бұрын:
– Сәлем, Көлсай,
інжу-маржан тағынған,
Бір көрген жан ғашығындай сағынған.
Мен де келдім аңсап сені, арман жер,
Артық көріп қаланың гүл, бағынан…
Ата болып кеткеніме қарамай,
Саған келсем қуанамын баладай.
Неше түрлі әнші құсын сайратып,
Қарсы алады тұрып қалың қарағай, –
деп, бала-шаға, немерелерімді алып Көлсай көлдеріне барғаным бар.
Көлігімізді арнайы тұраққа қойдық та, жүктерімізді арқалап жаяуладық. Күнгейдегі қарағай мен арша, бұтаны аралай өтетін соқпақ жолмен бір сағаттай жүріп, көлдің өзен құйып жатқан жоғарғы басына келдік. Күн жауса пана болады деп, түзең жердегі қарағай түбіне шатыр тігіп, сонда түнедік.
Ұйқыға жатар алдында шатырдан шығып, бір сәт түнгі көріністерді тамашаладық. Қоңыр салқын тымық түн. Таза ауа. Айнала қоршап, қарауыта көрінген тау жоталары. Мүлгіген жым-жырт орман. Сансыз жұлдыз жыпырлап, алтын табақтай Айы жарқыраған ашық аспан. Соларды айнасына түсіріп, тұңғиығында көрсеткен көл айдыны. Әлдеқайдан тымық түнді жара «бәәу, бәәу» деген елік дауысы естіледі.
Барша табиғатпен бірге біз де түнгі ұйқыға кеткенбіз. Таңертең алдымен мен ояндым. Қасымыздағы орманда бір әнші құстар сайрап, тоқылдақ ағаш тоқылдатып жатты. Көл жақтан саралақаздың саңқылы естілді. Орнымнан тұрып, олай-былай жүрдім, өзенге барып беті-қолымды жудым.
Балалар да орындарынан тұрған екен, екі немеремді шақырып алдым да, өзен ағысында адамнан зымырай қашқан патша балық-форельдерді көрсеттім. Бір иірім жерге барғанда бізден ыршып суға түскен шегірткені балық жарқ етіп қағып әкетті. Оны көрген балалар суға шегіртке тастап, оларды балықтың қалай қақшығанын тамашалады.
Ертең жұмыс күні болғандықтан бүгіннен қалмай қалаға жетуіміз керек еді. Сондықтан өзен бойында көп жүрмей, жатқан жерімізге келдік. Таңертеңгі шайымызды іштік те, төмен қайтудың қамына кірісіп кеттік. Мұнда көп кідірместен, жүктерімізді арқалап жолға да шықтық.
Жарты сағаттай жүрген соң, көлге жақындау бір биікке аялдап, кішкене демалдық. Көл беті тымық, айнадай жарқырап жатыр. Әр-әр жерден балықтың суды шолп еткізіп жем қаққаны көрінеді. Бір саралақаз кішкентай бес балапанын ертіп, көл бетін өрнектеп жүр. Балапандарға көз тіккен бір қарақұс төбелеріне таман келіп еді, қаз қаңқылдап, балапандар суға сүңгіп-сүңгіп кетті. Олар қарақұс кетісімен қайта шығып, енелерінің соңынан ерді.
Осы жерде «Саралақаз» деген өлеңімнің:
– Көлдің жүзін көркейтіп балапаны,
Көзді өзіне еріксіз қаратады.
Кейде суға шолп етіп сүңгиді де,
Шеңбер-шеңбер толқынын таратады, –
деген шумағы есіме түсті.
Таудан бір қара бұлт көтеріліп, күннің түрі бұзыла бастаған. Жауынға ұрынбай, жетер жерімізге жетіп алайық деп қайта қозғалдық. Алдымыздағы қарағайлы жыраға таяй бергенде жаңбырдың алды да қуып жетті. Біз бір үлкен қарағайдың түбіне паналай қалдық. Өткінші жаңбыр сатырлата сабап өте шықты. Аспанның арты ашылып, қайтадан күн жарқырап, жер бусанды.
Қарағайлы жыраның қырына шыға бере екі таудың арасын жалғаған, керемет бояуы қанық кемпірқосақты көрдік. Балалар таңғала тамашалап, суретке түсіріп жатты. Менің осы сапардан жазған «Сәлем, Көлсай» деген өлеңімдегі:
– Күн жауғанда аспаннан нұр шашылып,
Күн шыққанда бұлттан көзі ашылып,
Кемпірқосақ жер мен көкті жалғайды,
Бір тауыңнан бір тауыңа асылып… –
деген шумақ осы көріністен туған еді.
Көл басына келіп, көппен араласып кеттік. «Ел іші – алтын кеніш» емес пе, сондағы бір қымыз сатып тұрған жігіттің ауызынан ғажайып бір оқиғаның шет-жағасын естіп қалдым. Суыртпақтап сұрай-сұрай сол оқиғаны көзімен көрген адамның аты-жөні мен мекен-жайына дейін біліп алдым. Ол жолымыздағы Саты ауылында тұратын Бердібек деген жігіт екен. Табиғатпен байланысты бұл оқиға маған өте қызық көрінді де, оны бүге-шігесіне дейін білгім келді.
Көл басынан асығыстау аттанып, жолай Саты ауылына соқтық. Сұрай-сұрай Бердібектің үйін тауып, сонда біраз аялдадық. Бала-шаға ауыл іргесінде жарқырап жатқан Шелек өзенінің бойына түсіп кетті де, Бердібек екеуіміз оңаша қалдық. Мен өзімді таныстырып, іздеп келгендегі бұйымтайымды айттым.
Бердібек – адам сыйлай білетін тәрбиелі де ақылды азамат екен. Ол жұмысқа асығыстығына қарамастан, болған жайды болған күйінде қысқа да нұсқа етіп айтып берді:
– Ол өзі былай болды, аға. Мына Шелек өзенінің бойындағы Сарыкер деген жер көктеуіміз еді. Соған көшіп барғанбыз. Бір үлкен қоңыр сиырымыз тууға жақындап, желіндеп жүрген. Бір күні кеште басқа малдың бәрі қораға келді де, сол жануар өрістен келмей қалды. Туып қалды ғой деп, біраз жерге іздеп барып, қас қарайып кеткен соң қайтып келдім. Ертесінде малды өргізіп жіберіп, өрісімізді түгелдей атпен аралап шықтым, маңайымыздағы малшылардан да сұрадым. Ешбір дерек болмады. Оның ертесінде «Бұл жануар бошалап, оңаша бір жаққа барып туған болар» деген оймен орман-тоғайлы таудың біраз сай-жырасын сүзіп шықтым. Бұғы-маралға дейін кезікті, бірақ қоңыр сиыр табылмады. «Аман болса бұзауын ертіп өзі-ақ келер», – деп үміт үзбей үйге келдім. Шай ішіп, кішкене көз шырымын алайын деп қисайған едім, кәдімгідей ұйықтап қалыппын. Бір уақытта оянып, сыртқа шықсам, кеш кіріп, малдың алды қораға келе бастапты. Ерте-жарықта түгендеп, бас-аяғын жиып түсейін деп, мамада тұрған атыма мініп, былай шыға бергенде анадай жерде келе жатқан қоңыр сиыр көзіме аттай басылды! Қасында бұзауы да бар сияқты. Әрі табылғанына қуанып, әрі бұзауын көруге асығып, қасына шауып бардым да, өз көзіме өзім сенбей, аңырып тұрдым да қалдым! Сөйтсем, қоңыр сиырдың соңынан ертіп келгені өз бұзауы емес, сирақтары серейген, арқасы ақ теңбіл шұбар бұғының бұзауқасы екен! «Ой, тауба! Мұндай да болады екен-ау, ә!» деп таңғалып, бұларды жайлап үй жаққа айдадым. «Қоңыр сиырдың өз бұзауы қайда? Әлде оны мынау сияқты бұғы ертіп кетті ме екен?» деймін ішімнен. Үйге таяғанда жабайы аңның баласын көрген ит те абалап келіп еді, қоңыр сиыр оны бұзауқаға жуытпай қуып тастады. Қораға келген басқа сиырлар да көздерін алайта қоршап, біреулері оны сүзбек болып еді, қоңыр сиыр олардың өзін мүйіздеп, бұзауқаны жанын сала қорғады. Сөйтіп малымыздың басы, үлкен қоңыр сиыр таудағы жабайы бұғының баласын бұзау етіп алды.
Бердібек әңгімесін аяқтағандай болған соң мен:
– Қоңыр сиырдың өз бұзауы не болыпты? – дедім.
– Оны да кейін таптық, арыстай көк бұзау екен, қос кіндік болып өлі туыпты, – деді.
– Бұлар бір-бірімен қалай табысты екен, ә? – деп едім, Бердібек:
– Соны мен де білмедім, аға, – деді.
Мына әңгімеге жерден алтын тапқандай қуанып, Бердібекке шексіз ризашылық білдіріп, рақметімді айттым. Бесін ауа Көлсай-Сатыдан Алматыға қайтып кеттік.
Бұл сапардан «Сәлем, Көлсай» деген 7 шумақ өлең және «Бұғының бұзауқасы» атты мақала жазып, кейін оны әңгімеге айналдырдым. Менің табиғат аясындағы қазіргі тіршілігім, міне, осы тақылеттес болып келеді.