Сегіз қырлы, бір сырлы адам еді…
Шора Шамғалиұы Сарыбаев – қазақ тіл ғылымының ақсақалы, тәуелсіздік алған кезеңдегі қазақ тіл білімі саласындағы үш корифей академиктерінің бірі еді. Тәуелсіздік кезеңінде қазақ тіл ғылымын жаңа ұлттық бағытта дамуына үлес қосқан ғалымдардың бірінен саналады. Сонау Кеңес үкіметінің тырнағы батып тұрған кездің өзінде Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін тілтанымдық-библиографиялық көрсеткіштеріне қосқан батыл ғалым. Шора Сарыбаевтың Қазақ тілтанымдық еңбектерінің библиографиялық көрсеткіштерінің жинағы ғалымдар зерттеулеріне үлкен көмекші болған, таптырмайтын құралдардың бірі. Шора Сарыбаев дегенде, ең алдымен осы библиографиялық көрсеткіш еске оралады. Сондай-ақ, Шора ағайдың қазақ тіл ғылымындағы морфологиялық білімдер жүйесінің қалыптасуына қосқан үлесі зор. Ол кісі одағайлардың тіл табиғаты туралы үлкен еңбектер жазды. Сонымен бірге, Шора Сарыбаевты қазіргі кез келген тілтанушы маман қазақ диалектологиясының атасы деп те таниды. Ең алғашқы қазақ диалектологиясының үлкен аймақтық сөздігінің шығуына мұрындық болған, жалпы редакциясын басқарған. Қазақ тілінің бұрынғы диалектологиялық сөздіктерінің шығуына, ол сөздіктерге база болатын тілтанымдық материалдың жинақталуына Шора ағай ерен еңбек сіңірді. Сол кездегі қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі көнекөз қариялардың жадында сақталған диалектілік дүниелерді жинауға экспедициялар ұйымдастырып, экспедиция материалдарын жүйелеп, үлкен картотекалық базаның жинақталуына Шора ағай тікелей еңбек сіңірді. Бүгінгі күні тәуелсіздік алған заманда, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қалыптасып, оның ликсикалық қорының бай көздерінің бірі болып диалектілер танылған тұста, Шора ағайдың осы ерен еңбегі таптырмайтын базаға айналды. Жаңа терминдер жасауда диалектілік сөздердің, көнерген тарихи сөздердің әлеуеті зор екенін бүгінгі күні көріп отырмыз.
Шора ағай көп қырлы адам еді. Ол тек қана тіл ғылымымен айналысқан жоқ. Сонымен бірге, Қазақстандағы монеталардың, теңгелердің тарихи мұраларын сақтауға да өз үлесін қосты. Қазақтың атақты нумизматы болды. Ол кісінің коллекциясында көне дүниелер көп. Шора ағай сонымен бірге әзіл-қалжыңның да коллекционері еді. Өзінен бұрынғы, тілтанудағы, қазақ ғылымындағы ақсақалдардың әдемі қалжыңдарын да жинақтады. Шора ағайдың басқа да қырларын бір ғана сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ол кісі сегіз қырлы, бір сырлы адам еді. Сондағы сегіз қырының басын қосып тұрған бір сыры – туған тіліне, халқына деген сүйіспеншілігі болатын.
Жаны жаннатта болсын!
Анар Фазылжанова,
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары.