«Бостандық! О, бостандық, сені іздегем…»
Өткен сәрсенбіде Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетішілер үйінде белгілі ақын, аудармашы, республикалық бірнеше жыр бәйгелерінің жүлдегері Зейнолла Тілеужанұлының 75 жасқа толу мерейтойына орай «Бостандық! О, бостандық, сені іздегем, Жерде ме ең, аспанда ма ең, теңізде ме ең?..» атты шығармашылық кеші өтті. Кешті белгілі ақын, айтыскер Аманғазы Кәріпжан әулеті жүргізді. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып мерейтой иесінің шығармашылығы туралы кеңінен толғай сөз қозғап, иығына шапан жапты. Ақынның кіндік қаны тамған Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданынан арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев Зейнолла Тілеужановты жерлестері атынан құттықтап, аудан әкімі Ділдабек Оразбаевтың жеделхатын оқып, сый-сияпат жасады.
Жиын барысында той иесінің жаңа шыққан «Қаракерей Қабанбай» атты кітабының тұсауы кесіліп, оның лентасын қию құрметіне ие болған ақын-жазушылар Бауыржан Жақып, Рафаэль Ниязбеков, Тұрысбек Сәукетаев қаламгердің шығармашылығы мен өмір өткелдері туралы ой өрбітті. Белгілі ғалым, жазушы Қайрат Раев, мерейтой иесінің басқа да әріптестері мен туған-туысқандары ыстық лебіздерін білдірді. Жиын өнер шеберлерінің концертімен көркемделді.
ПІКІРЛЕР1