Ілияс ЖАНСҮГІРҰЛЫ. Бақытты Жамал
13.04.2018
139
3
(Басы өткен санда).

ІV

Таңертең. Ондағы-мұндағы жаңа кө­рі­ніп келеді. Қалашықтың сырт жағында­ғы кірпіш құйылып жатқан жерге екі атқа мінгескен төрт кісі келді. Су жырған бір шар­лауыттың астына келіп тоқтасты. Жар астында жатқан адамдар бар екен, олар дыбыстасып қалды:
– Ат ылауларың аман ба?
– Ойбай, аман болмадық, алдырдық қой!– «Аман болмадық» деген сөз естіл­генде:
– Ой, құдай-ай! Әй тәңір-ай! –деген дау­ыс су ете түсті. Жар асты жылау,өкіру, бір-біріне көрісті.
Әлемге нұр шашып қуанышты таң атып келе жатқанда, әлдеқайда Қытай жерін­де­гі бір қоқыр қалашықтың сыртындағы жар астында аш қасқырдың тобы ұлысқан­дай болды.
Бұл адамдар у-шу болып көріскеннен кейін жай-жайына отырысты. Осы мінгесіп келгендердің бірі Өтеген. Ол отырған кі­сі­лер­­дің бәрін таниды. Мынау көзі үңі­рейіп, аузы опырайып,жаралы қасқырдай жамбастап жатқан баяғы Есім болыс. О заманда Өтеген әкесі осының төлеңгүті бол­ған. Бұл болыс бұрын төңректегі елін тасқаяқтай қағыстырып билеп-төстеген адам. Ал, қазір үстінде іліп алар киімі жоқ, бұрын жасырып жүретін мерез жарасы әб­ден асқынып, өне бойы шұрқ-шұрқ те­сі­ліп кетіпті. Тек бір түте шапанды жамы­лып, бес батпан қара тұтқыш жейденің ішінде қыршаңды жылқыдай қасынады. Мынау отырған жапырақ қатын оның бес ұл тапқан бәйбішесі-Батсайы. Бұрын күндікті қайқайтып тастап, күмісті кебісті сүйрете басып, ақ құмғанмен ғана жүріп, болыс орнына билік әмір айтып отыратын кер азу қатын-қазір өрттен шыққан ит сықылды. Өң жоқ, түс жоқ, көзі алайып, жан– жағының бәрін жұтып жібергісі кел­гендей үңрең қағады. Жыртық киме­шек­тен желкесі жылтылдап, кеңірдегі со­райып, құтырған иттей алды-артына арс-ұрс етеді.
– Е, Сен неменеге сандалып келдің, бәл­шебегін жарылқамады ма?-деп Өте­ген­ге бір арс етіп қойды. Оған Есім еркектік қы­лып:
– Қой, жағын қарысқыр! Бет алды ал­быт­пай отыр! – деп басып тастады.
Оң санынан оқ тиген Жақыпбек бай бай-байлап жардың астын солқылдатып ыңқылдайды.
Мұнда келген қашқындар төртеу. Өз­гесі жолда үлкен қазаға ұшырады:
Өтегенді азғырып алған Жақыпбек қа­шатын күні қалхоздың маңындағы иесіз қыстауға бес бандитты тығып отырған болатын. Оның екеуі-осы жақтан барған Иса­қан, Тұрыспай дегендер. Исақан мы­нау отырған Есім төренің баласы. Сол түні Жақыпбек қалхоздың бір топ жылқысын қуа қашты. Жирен атпен Өтегенде бірге жөнелді. Бұлар түнімен қашып таң қараң­ғы­сында елсізге шығып Іле өзеніне түсті. Ол жерде жан-жақтан қашқан тағы бір­неше қашқын-бандидеттерге ұшырасты.
Бандиттер байырқап тұра алмай са­сып-сасқалақтап сал буып Іледен өтіп, Пұшықтың аралы деген жерге тығылып бекіністі. Жолда кісіней береді деп бар құлынды сойып, еттерін пысытқылап алысты. Ыстық күнгі бұл тоғайда аттарын да, өздерін де, маса-сона талап жатқыз­ба­ды. Жақыпбектің жас балаларының бет­тері көнектей болып, аттардың ұмасы ісіп кетті. Келесі кешіне ғана жөнеліп, шегара­дағы өзеншеге түн ортасында келіп ілінді. Қашқындар бас аяғын сол жерге жиып енді өтіп кетеміз деп өзенге түсе қалғанда күзетші біліп қалып, тарс-тұрс мылтық атыл­ды. Бандиттер быж-тыж болды. Бет-бетімен қашты. Сол апыр-топырда алды­мен суға түскен Жақыпбек, Исақандар ар жаққа өтіп шықты. Атыста Жақыпбектің қалып, өзіне оқ тиіп, әзер құтылды. Оның қатын-баласы пагран әтіреттің қолында қал­ды. Аудан абақтысынан қашқан Бан­дит Жаңқашпай оққа ұшты. Борсықпай, Салтақпай дейтін қашқын бандылар қал­хоз­дан барымталап келе жатқан жылқыла­рымен ұсталып қалды. Онан-мұнан құра­лып қашқан отыз шамалы қашқындардың қалғаны тек осы арада мінгесіп жеткен төрт кісі. Оққа ұшқан Жаңқашпайдың, қолға түскен Борсықпай, Салтақпайлар­дың қатын-бала, туысқандары ұлардай шу­лап жер астын күңірентіп жатты.
Күн шықты. Құмырсқа-қоңыз інінен өріп, қонақтаған құс ұшып, жан-жануар тіршіліктің қамына кірісті. Жар астындағы жыласып жатқандарда қоңыздай жорға­лап өре бастады, Есім ақсақал ақсай ба­сып, арыққа барып, дәретін алып, ай да­ла­да намазын оқыды. Батсайы бәйбіше қара бедреге су асып, ыстықсу қайнатты. Келген Жақыпбектерге қайнатып беруге бір қайнатым шай іздеп жар астындағы жайдақ қостың бәрін аралап шай таппады. Тек ақ су да болса қуырған бидаймен «шай» ішісті. Бұл жапан жер, жардың ас­тында, жадағай жерде бас қосып отыр­ған­дар: кешегі бір болыс елді бір шыбық­пен айда­ған Есім аксақал, екі жағына екі то­қал ауылын қондырып, ортасында қайы­ған інгендей қайқақтап, малайларға кіжі­ніп, күңдерге күжілдеп жүретін Бат­сайы бәйбіше, Қатудың тауында қансо­нар­да құс салып, ит жүгіртіп, күміс үзенгіде шіренген Исақан мырза, кешегі аудан мен ауыл арасындағы қалхоздың торы қасқа жорғасы мен тайтаңдатып жүрген «жылы-бұлақ» қалхозының «бастығы» Жақыпбек, олардың ішінде отырған Жамалдың байы, жирен аттың иесі, «қалхоз мүшесі» Өте­ген-барлығы бір жар астында қуырған бидайдай бытырасқан бастары қосылып, дәм татысып отыр.
Өтеген аң-таң. Қайдан келіп, қайда отырғанын ажырата алмайтын сияқты. Көптен бергі көксеген жерге жетіп, бұйыр­ған дәм-тұзды татып отыр. Енді бұдан әрі барар жер, басар тау жоқ. Басын қорғап, «бақыт іздеп» кеңес жерінен қашқан адамдардың бір сыпырасы осы жар ас­ты­на жетіп жығылыпты. Бар тапқан осы жар астындағы тұрмыс сықылды.
Бұдан асып бақыт тауып алуға қашан­нан «күшті» деп ойлайтын Есімдердің де қолынан келмепті. Өтегенді азғырып, осы жақтан ұжмақ өмір, тәтті тұрмыс елесте­тетін Жақыпбектің де жетіп жығылған жері осы болды. Бұларға енді біреудін ең­бегін пайдалануға қолында дәулет, қалтасында ақша жоқ, енді өздері еңбегін біреуге жегізбесе күн көре алмайды. Бұл жердегі тіршіліктің заңы сол-кімде кім күн көремін десе не біреудің еңбегін жеу керек, не біреуге еңбегін жегізу керек.
Бұдан бір жыл бұрын кетіп, қарқ «болып жатыр» деген адамдардың түр-тұрпатын көріп отырған Өтеген өзін кеңес жерінен бақыт емес, сор қуып щыққанды­ғын түсінді. Өз қатасына опық жеп, өкіну­мен болды. Емін-еркін, ел ішінен безіп шыққанда еркіндік іздеп өрттің үстіне түскен құстай қанаты күйіп, қайранға соғылған балықтай болғанын бір-ақ білді.
Өтеген не үшін мұнда келді? Не үшін ол өзінің туған жерін тастады? Не үшін ты­ныс тұрмысын бұзды? Не үшін ол қал­хозды тастап қашты?
Ол еңбексіз табылатын бақыт іздеді. Еңбексіз бақыт бұл жақта деп Жақыпбек­тен естіді. Жақыпбек мына отырған Есім төренің жекжаты. Бұл төре болыс бол­ғанда, Жақыпбек екі сайлау старшын болған. Кейін кеңес үкіметі келіп төрелер­дің – төрелігі кеткенде Жақыпбек Есім төренің бір қызын алып күйеу болып шыққан. Ол күнде Жақыпбек каператсия­ның малын ұстаушы еді. Сол Есімнің кіші қызы Гүландам жаңа бойжетіп келе жат­қан­да Есім төрелер арғы бетке қашып кет­ті. Бұлар кеткеннен кейін Жақыпбек Өтегенге:
– Қап, олардың өзінен қызы жақсы еді. Егер бұл жақта болғанмен балдызым­ды сөзсіз саған алып берейін деп жүр ед­ім-деп қойған еді. Оған Өтеген сенің­кіре­мей:
– Жақа, оны әшейін айтасыз ғой, төре Төлеңгүтке қызын беруші ме еді? – де­генде Жақыпбек:
– Бермесе мен қызын қалай алдым, тө­ренің қараға қыз бермейтін заманы адыра қалған, қайта Есім болыспен бәй­бі­шесі сені сыртыңнан сөз қылып: не болса да Өтеген өзіміздің адам еді, осы баланы бір белсенді алып кеткенше, Өте­ген­ге қол ұстаттырсақ өз баламыз болар еді-деп отырғанын есіткем-деген, Өтеген мұны өтірік деп айтуға түк қисына жоқ болып көңілі сенген. Сонан бері күндіз-түні ойында Гүландам болып, есі-дерті Есім жақта болатын. Ол Есім кетіп қал­ған­да қатты өкініп, қайғыға түскен. Есімнің кеткен жерін іздеп табысса, оның батасын алып, Гүландам қызға қосылса-өзін ба­қыт­ты болатындай сенімін бекіткен. Сон­дық­тан ол Жақыпбекпен жампаң болып, со­ның дегеніне кеткен. Сондықтан, ол Жа­малдан суынып, үй-тұрмысын тастап, қалхоздан қашып, неше түрлі азаппен осы жерге жетіп еді. Бірақ, іздеген Есімнің жар астындағы тұрмысынан түңіліп, көңілі ит жегендей болып отыр.
Ол жан-жағына қарайды. Гүландам кө­зіне түспейді. Оның қайда екенін сұ­рау­ға Жақыпбек жанымен қайғы. Тек үнде­мей отырып, Батсайы бәйбішенің баласы Исақанға сөйлеп отырған сөзіне құлақ са­лады:
– Біз көрмеген қорлықты көрдік. Біз­ді шет жұрттың адамы деп жау көбейді. Малда билік, баста теңдік жоқ. Келеді, қызыққан нәрсеңді алады. Қытайдың ше­рігі үйімізді тінтіп, осындағы іске татыр нәрсені сыпырып әкетті. Оның ожай зангі­нің әкімшілері келіп, ауыр салық салды. Төлемесең қайта кет!-деді. Не қылары­мыз­ды білмей қысылған соң Гүландамды ожай зангіге жеті қараға сатып, салықтан құтылдық. Қолымызда сонан бір егіз қа­лып еді, оны баяғы поштабайдың балалары болыс жесірімді сатып жіберген деп ба­рым­талап алып қойды. Амал барма, бұ­рын­нан партияласып жүретін иттер осын­дай қанғырып жүргенде болыстың са­қа­лына қолы тигені қорлық болды! Қай­тейік, құдайдың салғаны шығар… деп Батсайы бәйбіше ахлағанда жардың астын солқ еткізгендей болады. Бәрін де де үн жоқ…
Мұның бәрі Өтегенге әбден түсінікті. Оның іздеген бақыты бекер болып шықты. Жақыпбек жанымен қайғы. Енді ол не қы­лады? Қайда барады? Қапелімде қал­хоз­дан қашып, қалайша мұнда келіп қал­ды? Жақыпбектің сөзіне неге ерді? Не үшін жанындағы жалғыз қатыны Жамал­дың сөзіне құлақ салмады? Төрт-бес жыл­дан бергі төсек татуы Жамалды Жа­қып­бектің сөзімен тастап, оған қиянат істеді? Не үшін ол өзінен тып-тыныш отыр­ған қалхоздың тұзына түкірді? Жал­пақ елдің бәрі жарлы-жалшылары, қал­хоз­ға ұйысып, ойнап-күліп тіршілік істеп жатқанда –елден ерекше шыққаны қалай? Елден шыққан бір топ бандының тіліне еріп, өз тұрмысын өзі бүлдіргені қалай? Соның бәрін, бұл не үшін істеді? Әрине, ең­бексіз бақыт үшін, қыз үшін…Гүландам үшін? Бірақ , ол бақыт қайда? Гүландам қай­да? Ол келмеске кеткен. Онан енді Өте­генге бұлт жуық… Енді қайда барар? Ба­рар жер, басар тау қайда? Барғанда қай­да сияды? Қолында не өнері, не қайраты жоқ қараңғы Өтеген-баспаған жер, көрмеген елде қайтып күн көреді? Әлде қайтіп кетсе ме екен? Қайтса қалай елге жетеді? Жетер еді-ау, не бетімен қайтады? Кешегі өзі бірге жауып кеткен қалхозға қалай көрінеді? Бұл қашқын емес пе, қалхоздың дұшпаны емес пе, елден шығып етегін кескен дегеннің кебінде отырған жоқ па?…
Осындай кері кеткен ойлармен Өт­е­ген­нің басы әңкі-тәңкі. Ол Есім болыстың дастарқанынан бытыраған бидайдан аузына да салған жоқ. Дел-сал, тірліктен бір жола түніліп, белі кеткен жыландай сұлық отыр. Тек анда-санда байлаулы тұрған жирен атына қарайды. Ең жақыны аты сықылды. Оның қалхоздан алып шыққан малы да, жаны да осы жирен ат еді. Бұл ат өзінің қанаты тәрізді, ендігі үм­іт жалғыз осы атта. Осы атпен ол кеше әтірет атқылаған оқтың астынан да жанын ал­ып шықты. Осы атпен ол әлі де бұл жақ­ты аралайды. Аяқ жетер жерге шейін жүріп, жан бағатын жер қарайды. Қайда болса да мынау битін сығып, қанын жалап отырған жерден аулағырақ жер тауып, тағы да еңбексіз бақытын сынайды. Бәл­кім еңбексіз бақыт табыларда…
Бұлар ыстық суын ішіп болмастан кір­піштің пөдретшігі келіп ақыра бастады:
-Әлі жұмысқа шықпағансындар! Өң­шең арам тамақтар! Сен иттерге ақшаны бос­қа төлемекпіз бе?…
Жар астындағылар қапыл-құпыл жиналысты. Пөдретшіктен кешегі күні жұмыс алғандар жүгіре-жүгіре басып кір­піш басына жөнелді. Жұмыс ала алмаған­дары, қатын-қалаштары «жұмыс беріңіз» деп жалынды. Пөдретшік олардың көбін жұмысқа алған жоқ, тек бірнеше тың адам­дарды айдап жұмыс басына қайтты.
Есім Өтегенді ымдап шақырып өзі басын көтерді. Өтеген келіп Есімге талай отыр­ды. Есім де өзінің қайда отырғанын ұмытқандай, бұрынғы ақ орданың төрінде төрт қабат көрпенің үстіндегі шіренетін дағдысына салып, малдасын құрып, кеу­де­сін қөтеріңкіреп, оң жағына бір қа­қыры­нып тастап, Өтегенге сөз сөйледі:
– Өтеген шырағым, біздің жасымыз осы, «Адам басы алланың добы» деген. Бір күнде мың айдаған адамдар едік, құлына не қыламын десе де құдіреттің қолында екен! Көзіміз көрді. Ақыры мұндай бол­дық. Көрмеген жердің отын оттап, суын ішіп отырмыз. Жасыратын жоқ, бұл жақта жан бағу қиын. Елден алып шыққан ақша, малымыздың бәрін тауыстық. Тіпті, қанша бар болғанымен берекесі болмады. Ұлығы да, ұрысы да талады. Бұл жақта не жер, не суымыз жоқ. Қолда мал, аста көлік жоқ, жұмыс бірде бар, бірде жоқ, бар жұмысты жапырып істерлік– бұрын жұмыс істеп өскен адамдар емеспіз. Кішкентай жұмыс­қа түссек ауырамыз…
Атаң мен атам жолдас болған адам еді, өлсек тірілсек те бір жерде болалық. Біз­д­ің жақсы күніміз де, сенің жаман кү­нің­де асырадық, сақтадық, сен біздің бала­лармен бірге бұлаңдап өзіміз болып өстің, енді құдай уақытысы болып біздің басымызға мұндай күн туғанда сен бізді тастамайсын? Туысқанның керегі осындай киын-қыстау тағы.
Өтегенде үн жоқ. Мойнына су төгіл­гендей сүмірейіп кеткен. Тек жер шұқып Есім сөзін тыңдауда.
Өтеген мұңайған сайын Есім есіп отыр:
– Алдымен саған айтатыным-мынау атыңнан айырыласын. Ұры әкетеді. Ұраға жығылып өледі. Біреу жала қып алады, бұл жақта кім озбыр болса-сөз соныкі. Пәле де,пәре де неше түрлі бұзықтық та осы жақта екен. Атыңды аманында сатып жіберсең-ақылды болғаның. Жаның ты­ныш болады. Өлсек-тірілсек те бір бола­мыз…
Өтеген Жақыпбекке қарады. Жақып­бек ыңыранып жатып:
– Болыс дұрыс айтады. Осы атты біреу танып тартып алып кетеді. Сонан соң басына бәле болады. Онан да бүгін Иса­қанға бер, базарға сатып қайтсын деді.
Есім жирен атты жейтін аш қасқырдай үңіреңдеп қарап отырды да:
– Есер-жабық ескі еті бар екен, жарау күнінде базар көтереді-деп қойды.
Өтеген жирен аттан айырылғысы кел­мей анау-мынау деп көріп еді, Есім-Жақып­бек, Исақан тағы басқалары Өте­ген­ді тіпті тыпыр еткізбеуге айналды. Өте­ген де олардың атты саттырып қаражат қылуға жармасқанын іші сезіп, бермеуге қолынан келмей лажсыз көнуге айналды.
Көп кешікпей жирен аттың жаман ер-тоқымын сыпырып тастап, Исақан базар­ға алып жөнелді. «Өзім де барайын» деп Өтеген түрегеліп еді –Есім, Жақып­бектер:
– Е, сен не аласын? Ар жақтан қашып келген деп қытай ұлығына біреу айтып қойса, өзіңді жауып тастайды деп қорқытты. Өтеген жаяу қала берді.

V

Тау басында дем алып тағы жүріп кет­кен жолаушы бөктерге түсті. Оған тағы қырауар егіндік кездесті. Күн түс қиып барады. Ыстығы әлі қайтқан жоқ. Ерсілі-қарсылы отіп жатқан мәшине толас бер­мейді. Желсіз, ыстық күні жолдың шаңын шүйкелеп ілгерінді-кейінді жүйіткиді. Жаяу жолаушының аузы-мұрнына топырақ тығылып көзіне шаң боратады.
Жолдың екі жағы сынысқан қалың егін. Әртүрлі мәшине астық орып, тасып тынбайды. Шөп, жоңышқалар әлдеқашан шабылып шошаққа салынған. Олар сарға­йып, қырға қаптай қонған қалың ауылға ұқсайды. Жолаушының алдында тас жол жазық жерге түскен соң түзеліп, бейне тартпадай тартылып жатты.
Жолаушы өзі өміріне көрмеген алуан түрлі мәшинелерге таң, аузы аңырайып, құлағы шыңылдап, паңгыріп өткенге де кеткенге де қарай-қарай келе жатыр.
Жаяу жүре-жүре егін арасынан сыл­дырап ағып жатқан арықтағы суға кез кел­ді. Су сынаптай таза, көпкеңбек, мөл­дір; Арық жағасына біткен шөп бейне елтірідей. Су түбінде малта тастар жыл­тырап, су сылдыр-сылдыр етеді. Суда ши­тідей кіршік, жалғыз құрт, инедей шірік шөп жоқ, көк қасқа бұлақ егіске қарай сырқырап бұлаң қағады. Жолаушы мұн­дай бұлақты көптен көрген емес…
Ол жалма-жан арқасындағы түйін­шегін тастай беріп, суға сүріне-жығылған­дай, арыққа бас қойды. Күн ұзын кенезесі кеуіп келе жатқан жолаушыға жан-жағына қарау қайда, суға төніп түсті де тек екі қолды тарбайтып, кеңірдегіне шейін суға сұғынып, құлақты жылқыдай қайшылап жатыр.
Жолаушы дәл осындай қалда жат­қан­да дүр-дүр еткен дыбыс шықты. Бір мә­ши­не гүжілдеп қоя берді. Ол суды шала-шар­пы ішіп, жалма-жан басын көтеріп, са­сып-сасқалақтап түрегелді. Енді бол­маса мәшине басып кете жаздаған екен!
Бұл қалай қорқпасын? Өмірі мәши­нені көріп тұрғаны осы. Мәшине бұған алып-ұшып тұрған әлде қандай асау алып сықылды. Кейде осқырып-пысқырып осы­ны басуға әдейі ұмтылған сияқта­нады…
Мәшине сыр етіп арықтан өте шықты да тұра қалды. Ішінен үлкен көзілдірікті, кепкелі , жеңін сыбанған, сымдай бір жігіт шығып, шелек алып судың жанына келді. Су алып мәшиненің төбесіне құя бастады.
Жолаушы аң-таң:
– Өй керемет-ай! Бұрын біз еститін аптамабел деген осы болса, отпен жүреді деп еді ғой, мұның су ішіп жатқаны қалай? Бұл жануар да атша шөлдейтін болды ма?
Шопыр мәшинеге су құйып, қайтып арыққа келді. Су алып жатып жолаушыға жауап қатты:
– Ағай, алыстан келесіз бе?
Жолаушы аңырып қалды. Ертегі ада­мын­дай сайтан арбаны айдап отырған айналы көзді адамзат қазақша жауап қатқан соң қапелімде жауап таппады. Буыны дірілдеп, үрккен өгіздей үңірейіп, тұрды да ақырындап арықтан аттап мә­шине тұрған жаққа шықты. Бұған жер, көк, ай, дала, адам, мәшине-барлығы жат, жаңа көрініп келе жатқанда мынау шопырдың «қайдан келесіз?» деп қазақша жауап қатқаны күтпеген іс болды. Ілбіп басып, имене аттап, мәшинеге су құйып тұрған шопырға жақындады.
– Алыстан келем… Шырағым өзің қазақпысын?
– Әрине, Қазақ болмағанда кім деп едіңіз?
– Е, тегінгісін айтқаным ғой…
Жолаушы меңірейген. Аузына сөз түспей алақ-жұлақ етеді. Алдында тұрған адамның қазақ екендігіне таңданады.
– Қазақ!… Өзіміздің Қазақ!… Қазақ та аптамабел!… Бұл екеуінің басын бір жерге қосуға ақылы жетпейді. Қазақ ба­ла­­сы мәшинеге мініп, аптамабел айдайды деп ол өміріне ойына келтірмеген. Оның ойынша қазақ деген осының өзі сықылды. Өзі көріп келген қытай жеріндегі надан қазақтар сықылды, қашаннан қазақтың «ең пысығымыз» дегендерінің де ешқа­шан мәшинені жүргізгенін көрген емес.
– Барысыңыз қай жақ? – деді.
– «Жылы бұлақ» қалхозына бармақ­шы едім.
– Бұл жақта ондай қалхоз жоқ еді ғой.
– Бар еді, шырағым!
– Жоқ, ағай, жаңылып тұрсыз! Мен білем ғой. Ондай атты қалхоз бар деп ес­ті­генім жоқ.
Жолаушы желкесін қасыды. «Жоқ!» деген сөз оны тіпті жасытып жіберді. Жа­яу-жалпы тентіреп келе жатқанда, іздеген ауылы орнынан табылмаса?.. Тағы қайда тентірейді? Ол тұрып-тұрып:
– Кім біледі, шырағым… Мен білетін қалхозды «Жылыбұлақ» деуші еді, дүние тағы өзгеріп кетпесе…
– Сіз білетін қалхоз қай жерде еді?
– Жылыбұлақта…
– Е, ол жерде қалхоз бар. «Мірзоян» қалхозы.
Шопыр сонан әрі мұнымен сөйлес­педі. Мәшинеге су толтырған соң шелегін орнына қойды да, жүруге айналды. Оның қимылына көз ілеспейді. Мәшинені сырт еткізіп ашып жіберіп, ішіне кіріп отыра қалды да, маторды дүр-дүр еткізді. Жо­лаушы сескеніп кейін шегінді.
– Отырыңыз, ағай!-деді шопыр жолау­шыға.
Жолаушы аң-таң: Не дейді? Кімге ай­тады? Шын айта ма? Жоқ, мазақ қыла ма? Мұның маған жаны ашып шынымен-ақ мінгізейін дегеніме, жоқ, әлде қайда алып қашып ойын қылғысы келе ме?– Сене қоймады. Шопыр жолаушының пәңгіріп тұрғанын сезіп:
– Отырыңыз,-деймін, ағай!-деп мәши­не­нің артқы қақпағын сырт еткізіп ашып жіберді. Жолаушының жүрегі дірілдеп, үрккен түйедей ежірейіп келіп, мәшиненің табалдырығына аяғын салды. Өңе бойы шымырлап барады. Қорынып, қолымен ұстанып, ептеп ішіне кірді. Іші былқ етті. Шопыр сырт еткізіп қақпақты жауып жі­бер­ді. Мәшине дүрілдеп жылжып кетті. Жылжыған жоқ, дүр етіп ұша жөнелді. Жо­лау­шының жүрегі дөңгелектей дүріл­деп, өкпесі қабынып алқымына тығылып, көзі жасаурап сала берді. Алды-артыңа қарауға дәрмені жоқ. Тек алдындағы шо­пыр­дың екі иығынан аса қараса, аспан әлде немене боп көзіне бұлдырайды. Ал­дында аппақ болып жатқан кең жол, жіп-жіңішке таспадай созылады. Екі қолы­мен өзін-өзі ұстап, екі жағынан ептеп қараса, таулар бұлдырап кейін көшіп бара жатқан тәрізденеді; Мәшине екпіні шап­қан аттан қатты, атылған оқ сықылды се­зі­леді. Жер сызылып кейін қарай заулап, жер-дүние жылжып, толқып кеткендей. Жолаушыда зәре жоқ, қай жерге құлатып күл-талқан етер екен деп жаны шығып келеді.
Бұлар көп жерге кетті. Жүре-жүре жолаушының бойы да үйренейін деді. Ептеп есі кіре бастады. Жасаураған көзін сүртіп, өзінің отырған орнын абайлап қарады. Іші-дәретсіз кісі баса алмайтын­дай былғары қаптаған былқылдақ күміс сандықтың ішінде келеді. Айылмен арқа­ла­ған жұлым шекпені мен ашық ауыз көн етігі де қалмапты, қасында келеді. Күні ұзын тасты жолдан тасырқап, титы­ғын құртып келе жатқан жаралы аяғы, шала үйіткен қойдың сирағындай қап-қара болып дем алып отыр. Рақат. Жап-жаңа, жалтырауық мәшиненің бір жерін былғап алар ма екенмін дегендей, қозғалуға қым­сынады. Өсіп кеткен шаш, сатала сақалды шаң басып, топырақты терден айғыздалған түрі үңірейіп, түсінде де көрмеген сайтан арбаның үстінде келе жатқаны қызық. Таң қалады. Тағы. Бейне қырдағы қара құй­рық­тың бірін тірідей ұстап алып, байлап мәшинеге салғандай. Өзіне-өзі сенбей үрке қарап, үңірең қағады. Мұның жұлма-жұлма, шаң-шаң түрі мен жалт-жұлт еткен мәшиненің қапылыста қосылып қалғаны –түс тәрізді. Мәшинеге, өзіне қарап, өз бойынан өзі жиренеді.
Мәшине бұрынғысынан да құлды­рады.

VI

Күн дем алыс еді. Жамал дүкеннен қай­тып үйіне кірді. Кәперетіптен алған бір құшақ нәрсесін үстел үстіне қоюға келгенде столда жатқан бір жапырақ жазу­лы қағазға көзі түсті.
Жамал!
Біз барамыз, бәйге шайды бапта, қайната бер!
Ормабұлақ біригадісінің абысында­ры, – депті. Жамал мырс етіп күліп қойды. Хатты Жазған Қазила екенін қолынан таныды. «Абысындардың» кім екенін өзі біледі. Олар, Жамалмен бірге бір біри­гаді­де істейтін әйелдер.
Жамал қолындағыларын орналас­тырды да, киімдерін ауыстырып, үйдегі жеңілтек жұмыс киімін киді. Самауырынды қағып, су толтырып, шайды қойды. Үйдің ішін қағып-соғып жиыстыра бастады: терезелердің желбіректі ақ перделерін тартып, ашпалы терезелерді ашып жібер­генде, үйге салқын соғып қоя берді. Үй ішіне төселген қарала текемет пен ала сырмақты шығарып қағып, қайтып орнына салды. Төр алдындағы тұтасынан ұсталған қызыл ала кілем үстінен ілінген кереге сағаттың жүрісін дұрыстап, тілін түзетті. Көз алдына ілінген Сталіннің үлкен суретінің астындағы календардың күніне қарап, ертенгі қырмандағы жұмысқа шыға­тындығын ойлап қойды. Темір кіреует­тің үстіндегі кіршіксіз ақ жастық­тар мен бәйшешектей жасалған төсек-орнына бір қарап, олпы-солпысын түзетті де қозғамаса да болады-дейді. Кіреуеттің аяқ жағында жапырақ өрнекті жасыл кілионке жамылған столдағы түрлі кітап, қалам, сауыт, қарындаштарды қайтадан жиыстырып, реттеді. Онан патепонды ашып, түннен ішінде қалған «Қараторғай» дың пыластенкесін алып, өз үйіріне қосты да: осыған кешікпей қап тігіп алмасам, шаң түсе берер деп, үйдің екінші бұры­шын­да тұрған аяқ мәшинесінің қақпағын дұрыстап жапты. Онан шамаданын ашып, ішінен Бақыттың таза киімдерін шығарып қойды да, кіреуеттің бас жағындағы кішкене үстеліне келді. Мұның үстінде тұрған топсалы айнасын орнықтырып қойып, оның жанындағы теже тауарлары­ның өзді-өз орнын реттеді. Столда бұрын­нан тұрған әдемі сауыттағы әтір майы мен тыройной адикалонның қасына жаңадан гүл суынан жасалған адикалонды әкеп отырғызды. Кішкене рамкедегі Бақыттың бала суретінің пиала тозаңын сүртіп, оны емізгендей елжіреп қарап тұрды да, оның өте кішкене күнін еске түсірді. Сүйтіп, Жамал түпкі үйінен тағы-тағы әлде неле­рін, әлде нелерін түзеп ауыстырып, сүртіп, тазалап, жайлады да, алдыңғы үйіне шықты. Ауыз үйге төселген киізді қағып-сіл­кіп, үлкен дөңгелек үстелді ортаға қой­ып,үстіне шашақты ақ дастарқан жай­ды. Үйдің босағасына ілінген жуын­ғышқа, су құйып, бұл жерде тұрған иісті сабынды, қылодоронтты, сүйек сапты аппақ тіс тазартқышты реттеп, жанындағы шегедегі ақ орамалды ауыстырды. Сүйттідағы, жа­сыл ала потнастың үстіне шайнек, шы­наяқтарды үйіп, тазартуға тысқа алып шығып кетті.
Оқушы Жамалды бұдан бірнеше жыл бұрын біледі. Оның байы Өтеген тастап, қа­шып кететінде Жамал жыртық қараша үй­де қалған. Сонан бері төрт-бес жыл өтті.
Қалхоз басынан талай күндер кешті. Қалхозды бұрын бастай алмаған берекесіз басшылар кетіп, іскер басшылар келіп, іске мықтап кірісті. Бай-құлақтың құйыр­шығы болып, қалхозды бүлдірген белсен­ді­лер бытыратылып, қалхоздың іші тазар­тылып, қалхоз жұмысы жаңа жолға түсіп, жұрттың бәрі шын ынтамен жұмысқа кіріс­ті. Жалғыз Жамал ғана емес, бұл өлке­дегі сондай мың-мүлиен адамдардың қалхозды көркейтуге, қалхозды көгертіп, өз тұрмыстарын жақсылауға алаңсыз кіріскен кезі болды. Солардың бірі-Жамал еді. Ол, Өтеген кеткеніне тіпті жасыған жоқ. Қойнындағы қосағы тастап, қалхозға істеген Жақыпбектердің жаулығын көзі­мен көрген соң, Жамалдың көңілі бұрын­ғы­сынан да бекіді. Не болса да өз еңбегіне сенуге, коммуніс партиасының соңына еруге бел байлады. Қалайда қалхоз көгер­се-өзінің де көгеретініне көзі әбден жетті. Бұрын байым бар деп, еңжарланып, иек сүйейтін Жамал, жау жақыннан шыққан соң көңілі бір жола алаңсыз болып, қалхоз жұмысына шындап кірісіп, өзін-істе ши­рат­ты. Қалхоз қалының қиын күндерінде айнымай, табандап қызмет қылды. «Арғы бетке байын өзі қашырып жіберіп отыр, бір күні бұл да қашып кетеді»-деген төңі­ректегі күңкіл өсектер жаңына қанша бат­са да, қажымастан қайта қайраттана түсіп, қалхоздың алдыңғы адамдарының қатарына шықты. Ол қашан да қалхозға– келешектен таудай үміт күтті. Қалхозым өседі, өзім адам боламын деп, өмірге өте көңілді болды. Әсіресе аман-есен босанып ұл тапқан соң Жамалдың қуанышы қойнына сыймады. Қалхозды-құтым, ба­ла­­сын-Бақытым-деп бекінді. Сондық­тан, баласының атын «Бақыт» қойды.
Жамал шәйнек, шынаяғын жуып, тазартып, сүртіп болғанда, қойылған са­мауы­рын да қайнап, тасып төгілді. Жамал шайын шығарып, самауырынын еселеп болған кезде, самбырлап сөйлеп үйге қалхоз абысындары да келісті. Бұлар: Қа­зи­ла, Мәржан, Ырыс, Дәмелі-төртеуі еді. Жамал оларды жайраңдап қарсы алды:
– Келіңдер, келіншектер!…
Әйелдер дабырлап сөйлеп, сықы­лықтап күліп Жамалдың үйін ел көшкен­дей дүрілдетіп, жасаулы тұрған стол айналасына отырысып жатыр. Бірін-бірі атып-қаққан қалжың сөз. Бұлар Жамал­дың достары, бұлар Жамал айналасын да бір топ болып, қалхоздың қарсы көшесінің әйелдерімен орақ жарысына түскен. Жарысқа түсушілер сегіз-сегізден 16 әйел еді. Орақ басталған соң өзара шарт жаса­сып, жарыс басына комиссиа сайланған. Жарыста бұлар қыздыра істеді. Осы үш бес күндіктің үшеуінде де Жамал жағы жұ­мыстың алдын бермей асып түсіп отырды. Өздеріне лайықтап алған егін түгіл, өздеріне қарсы түскен әйелдердің де егінін орып, ада-күде орақты бітіріп шықты. Күні кеше ғана бұлардың жұмы­сына қортынды жасалып, Жамал жағы бәйге алды. Сол он алты әйел ішінде, әсі­ре­се, Жамалдың жұмысы көзге түсіп, жыл­дағысындай жаңа ауызға ілінді. Жа­малдың біригадісіне қалхоз бәйге берді. Берілген сыйлықтың ішінде көгала қағаз­ды 400 грам мәміле шай бар еді. «Бәйге шайы»-деп абысындар соны айтады.
Жамал самауырынын үйге кіргізіп, дастарқанын жайлап, жасалған кеселерге қою қаймақ қатып, қызыл бұйра шайдың иісін бұрқыратып құя бастады. Ақ шәй­нек­тің шүмегінен құйылған шайдың ағ­ы­ны сырқырап, мәміле шайдың иісі бұр­қырап,үй ішін аса бір көңілдендіріп жі­бер­ді.
– Ішіңдер, жеңдер!– деп Жамал қонақтарын құрмет қылады.
– Құя бер, жаным, шайын да шекер, бауырсағын да бал екен!-дейді Мәржан.
Қою шай, қуанышты мәжіліс, әйелдер абысын-ажын әзілмен бірін бірі қағытпаға салады:
– Мына қатынның бауырсақ тартысы-тақ Нұржамалдың кірпіш қалауындай екен. Қараңдаршы, алдын жапырып жіберіпті-деп Дәмелі Ырыстыны мысқыл­дай­ды. Оған анда-санда бір сөйлеп қоя­тын Ырыс:
– Менің тамағым да, қалауым да осын­дай! Оған Мәржан араласып:
– Бұл қатын кісі алдын бермейді, бұл қатынға ілесем десең, Салиқа, Қарақыз, Кеусерлерді қосып бір біригады болып, жарысқа түсуіміз керек. Әйтпесе бізді жаңына да ілестірмейді. Көрмейсін бе, алдындағы бауырсақтың бітіп бара жат­қанын…
Жамалдың жүзі жарқын, қабағы қуанышты. Ағы-ақ, қызылы-қызыл болып, абысындарымен алаңсыз әңгімеде:
– Бәйгені біз аларманға келгенде Уа­зи­палардың қипалақтағаны ай! Ахметті қандай айналдырды?
– Соны айтсаңшы «бұлардың жерін қайта өлше»-деп қандай өңештеді.
– Шіркін-ау, әлі, қаулыға келгенде Қарақыздың байы, қатынына бүйрегі бұрып, әлек болмады ма? Ұялмай-қызар­май «бәйгені екі жағына бірдей бөліп берейік» – деп болмады ғой.
– Қайтсін, байғұс, өзі ат үстінде жүр­гендігін бір көрсетіп, көптің бәрін бірдей көрейін дейтін шығар.
– Е, міне, сонысы жаман ғой, көптің бәрі қалай бірдей болсын?
– Е, жаным-ай, бүгінгі тәртіп бойынша әркімнің ісіне қарай да.
– Біз басында білмедік, егерде ешкі сақал қайнағаның үйіндегі діңкілдек абысынды өзімізге қосып алғанда, біз орақты бұдан ертерек бітіретін едік.
– Рас, ол бір алып әйел ғой, оған жұ­мыс шыдамайды.
– Ей, жеңеше-ай! Соны мақтамашы, алып абысын арсаң-ұрсаң еткенімен жұмысы тындым емес. Білемісін, егінді қолмен орғанда қалай орушы еді. Орған жерінен өткеніңде қып-қызыл маса қат көпір болып жатушы еді.
– Мейлі, не болса да болды. Сүйтіп, орақты бітірдік. Түйір түсірмей жинап алсақ болар, – дейді Жамал.
-Е, ол да бітіп қалады. Көз қорқақ, қол батыр деген. Ертеңнен бастап үш қырманға да қол қойылады. Сонан соң немене, осы айдың қараңғысына жібермей ада-күде астықты жиын-терін қыламыз…
– Біз биыл орақта да қалхоздың алды болып едік, басқаларға бастыруда да жеткізбейміз, – дейді Қазила.
– Егінді елден бұрын жиып алып, қыр­ман бәйгесіне тағы бір машине алсақ тым жақсы болар еді, – дейді Жамал.
Әйелдер осылай дауылдасады. Қуаны­шында шек жоқ. Әсіресе, мынау Жамалдың жанына жиылып, бәйгіге алған шайды ішіп отырып, абысын әңгімеге түскен қандай қызық. Оны мұны сөз қылады. Өздерінің біригадісіндегі жарыс үстінде болған бәсеке, қалжың – бәрі сөз.
Осылай дауылдасып отырған үйге Ба­қыт кіріп келді. Үстінде ақ көйлек, мой­нында қызыл галсток, көзі күлімдеген қара домалақ бала үкілеген құнандай жұлқып, Жамалдың жанына тұра қалды. Жамал:
– Айналайын, шырағым, – деп Бақыт­тың қас-қабағына түскен шаңды сүртіп, баланы айналып үйірілді де қалды.
– Тарқадыңдар ма?
– Иә! – деп Бақыт басын жұлқып, еркелеп, бұрандайды. Үйде отырған әйел­дің барлығы да Жамал мен Бақытқа қарап қалысқан. Анаға елжіреп, балаға қызығып Жамалдың куанышына ортақтасып отыр.
– Айналайын-ау, менің Әбітайымда үйге барды ма ?-деп Бақыттан Ырыс сұ­рай­ды.
– Иә, ол да үйіне кетті-деп Бақыт ба­сын изелектейді. Өзі сүйттідағы ойына көр­ген-білгені түсіп кетіп, Ырыстыға қа­рап, қолын сермеп, көзі жанып сөйлеп кетті:
– Апай, Әбітайдың жасаған тыракты­рын сіз көрмедіңіз, ол қандай қызық тырактыр жасады. Оған Ырыс еміреніп:
– Е, айналайын-ай, көргенім жоқ, қандай қызық тырактыр жасапты, менің Әбітайым. Қайда жасады оны?
– Бізді Айныш апай сонау, сонау су бойына алып барды ғой…
– Сонан соң? Онда қызық болды ма?
– Онда біз суға шомылдық. Балшық­тан көп-көп малдар, мәшинелер, үйлер жасадық.
– Сен не жасадың?-деп Жамал Бақыттан сұрады.
– Мен Борошиліпті жасадым. Тор қасқа атына мініп, қызыл әскер алдында келе жатыр ол…
– Менің Күлтайым не жасады? – деді Мәржан.
– Ол паравоз жасады.
– Азат не жасады.
– Азат түкте жасаған жоқ, өзінің га­зет­тен жасаған самолөтін ұшыртып жүрді.
– Шіркін-ай, қызық болған екен-ау,-деді Қазила күліп.
Бақыт апайларының өзіне-көңіл бөлгеніне насаттанып, күн ұзынғы көрге­нін сөйлеп кетті. Тәрбиеші әйел балаларды қайда, қалай алып жүргенін, ол жақта нелер көргендерін бір-бір тізе жөнелді.
Жамал Бақыттың сөзіне сүйсініп, рақаттанып тыңдап отырады да, іші елжі­реп кетіп құшақтап алып, қысып сүйіп-сүйіп жіберді.
– Сүй, шырағыңды, сүй, қызығын ғой! –деді Қазила.
Еңбектің еркін шайына жадырап, өз көңілдестерімен әзілдесіп отырған тәтті мәжілістің үстіне балалар майданынан Бақыттың келіп арсалаңдап сүйгізіп тұр­ғаны Жамалдың шаттығын шарықтатты. Жүрегі шынайы тулап, шын қуанып, жол­дастарына сыр қылады.
– Бұл Бақытымды сүймегенде мен кімді сүйем? Менің тарыққанда тауып алған, зарыққанда көргенім емес пе? Мұның маған бір күнінен бір күні қызық. Тілегім, ермегім осы. Иіскеймін, сүйемін, сөйлеген сөзін тыңдап рақаттанамын. Қашан жұмыстан шаршап қайтқанымда осыны көрсем, сүйсем жадыраймын да кетем. Еш бір шаршап, жалыққанымды білмей кетемін. Осы үйдің ішінде өзіміз бір рулы елдей дүрілдесіп отырамыз. Ма­ған бұдан артық кім керек? Байды керек қылам ба? Менің бақытым осы емес пе?…
Абысындардың есіл-дерті ана мен балада. Олар Жамалдың Бақытына қы­зығып елжіресіп отыр.
Әйелдер әзіл-әңгімемен отырып шай­ды тауысты. Жамал самауырынды шы­ға­рып, шай жабдығын жууға кірісті. Қа­зи­лалар Бақытты былдырлатып қа­л­­­­жыңдасып отырды да түп үйдегі па­те­понды ортаға алысты.
Бұл патепон Жамалдың өткен жыл­дағы обылыстық сүлетке барғандағы алып қайтқан патепоны еді. Үр жаңа. Әйелдер Әлбомдағы Жамалдың пыластенкелерін қарастырып «Гәкку», «Сар жайлау», «Қара торғай», «Қалыбек», «Ерніс Телман»… деп таңдап алып, қойысып жатыр. Бақыт та бұлардың қасына келіп, Ырысты иықтай отырып, «патепон жайын білеміз»-де­гендей пыластенкелерді пәлен-түген деп атап, апайларына көмектеседі. Патепонға пыластенке қойылып, зарлай жөнелгенде Бақыт:
– Бұл Манарбек! – деді.
Әйелдер тынып тыңдай қалысты. Салқын соққан, жұпар сасыған Жамалдың үйінде шыққан патепон дауысы сыңғыр­лап, көңілді мәжілісте күй қобдидың көмейінен Манарбек домбыраға қосылып сұңқылдатты…
Алтайдың кен шығардым саласынан,
Биік тау, терең жар тас арасынан…

Латын қарпінен кириллицаға түсірген:
Айжан ОРАЗБАЕВА.
(Жалғасы келесі сандарда).

ПІКІРЛЕР3
Мұхамет 19.07.2018 | 00:11

Бұл шығарманың аты «Бақытты жамал емес».

Аноним 17.02.2024 | 21:07

Жалғасын шығарсаңыз, таппай жатырмын

Аноним 01.04.2024 | 22:52

Жалғасын қайдан табамыз?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір