Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойылған тұлғалық спектакльдердің қатарына премьерасы 2017 жылы 1-3 желтоқсанда өткен «Шәмші» элегиясы енді. Абай, Сәкен, Мұқағали, Әміре, Зере бейнесі сахналанып, репертуарда жүріп жатқан бұл театр қазақ вальсінің падишахы атанған Шәмші Қалдаяқов әлемін жарық еткізіп, жаңғыртуға ұмтылды. Элегия авторы – белгілі лирик ақын Серік Тұрғынбекұлы. Ақын қолтаңбасына жан бітірген режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов болса, екеуі бірлескен қос спектакль – «Мұқағали» мен «Шәмші» – суреткерлік жаратылыс туралы. Жер мен көктің арасын қиял-сезімі жалғап жатқан дарын иелерінің сырын ұғуға, көркем жадын тануға құштарлық тұнған қос спектакльдің ерекше сәтті шығуына қоюшы режиссер Болат Ұзақовтың сіңірген еңбегі ересен.
Сондықтан Серік Тұрғынбекұлы спектакльді тапсырған күні қоюшы режиссерге ағынан жарылып, ініге риза көңілін бүкпесіз білдірді: «Мен Болатқа сенгенмін. Мұқағалиға барған адам Шәмшіге бармауы мүмкін емес. Режиссер мүлде басқа дүние жасады. Шәмші мен ән егіз ғой. Спектакльдің жаңашылдығы сонда, елге, жас буынға қапысыз ұнайтын көркем дүние туған. Ән құдіретін әкелген, әннің үстемдігін көрсетуге ниет еткен.».
Композициясы эмоционалды-поэтикалық, жанры моноспектакльге бұратын «Шәмші» – ә дегеннен жастық сезімнің шалқарына айналып, құс қауырсын сұлулық үйіріліп кете барады; жас өскін, бал құрақ жастардың оң әсері анық көрінеді, жастар табиғи харизмасымен спектакльді қанаттандырып жібергені анық.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, хормейстр, театр спектакльдерінің ширек ғасырлық аранжировкасын жасап келе жатқан музыка маманы Амантай Жұмашевтың кәсіби шеберлігі айдай жарқырап, жұлдызы жарқырай түскен қойылым. Бұл үлкен музыкалық спектакль, Шәмшінің бақыты, дара болудың жазмышын беру. Пьесаның басында Естай, соңында Естай бейнесі бар. Шәмші Естайдың «Хорлан» атты әнін жауһар дүние деп өте сүйіп бағалаған. Мұқағали жыры Шәмші тұлғасын аша түседі. Сол арқылы дәстүрге адалдық сақталған.
Спектакльдің қоюшы суретшісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қанат Мақсұтов, музыкамен көркемдеген Олжас Жақыпбек, балетмейстер Адыл Эркинбаев, киім суретшісі Алма Сырбаева.
Талқылау үстінде театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов: «Пьесада драматургия жоқтың қасы. Режиссура басым. Хореграф Салтанат Жолымбаеваның еңбегі өте тамаша», – деп нақты баға бергені көкейге қонады. Элегияда көпшілік көріністері көз тартарлық шыққан. Театрға жаңа алынған талантты жастар тобы негізгі труппа ажарына ажар қосқанымен артық.
Қаллеки театры артистерінің вокалдық таланты жарқырай көрінді. Жеке дауыста Гаухар Жүсіпова тамаша ән салды, Жасұлан Ерболат пен Шахмұрат Ордабаевтың мықты тенор екені ашылды. Шәмшінің музасын скрипкашы Маржаннұр Жомартқызы беріле ойнайды.
Естайдың «Хорлан» атты классикалық әніне ғашық болған ұлы композитор Шәмшінің былайғы жұрт түсіне қоймайтын жан шалқуы мен қуанышпен қатар жүретін қайғы-мұңын элегия авторлары ән арқылы беруді мақсат еткені білінді. Суретші, хореография, бәрі-бәрі үйлесімді қосылған біртұтас ұжымдық қойылым болып шықты. Қаллеки театрына жаңа туынды, жаңа түр, жаңа леп келді. Конфликт жоқ, дәуір колориті бар. Абстракция, ностальгия тұнып тұр, өйткені суреткерлік табиғатына бұл ұғымдар жат деп ешкім дауласа алмайды. Бірде от, бірде мұз болып аласұрған Шәмшіні қоюшы режиссер Болат Ұзақов ойшыл дәрежеге көтерген.
Басты рөлді сомдаған белгілі артист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов Шәмшіні көзі жасқа шыланып, жан-жүрегімен ойнады. «Шәмшінің жалғыздығын, жан айқайын түсінуге барымды салдым. Шәмші ұзақ жылдар гаражда өмір сүргенде, анасының жерлеуіне келе алмай қалғанда не ойлады?! Мен үшін жұмбақтың көкесі. Ана туралы керемет ән жазды. Шәмші ішкі еркіндігі мықты адам. Дербес, тәуелсіз, ешкімге бағынбайды. Оған сән-салтанат, жайлы жағдай, дүние-мүлік керек емес. Азға қанағат ұстайды. Қарапайымдылық пен ұлылықтың түйісуі бір Шәмшінің бойынан табылды. Онда осы қасиет қатар бар. Кей адамның ұлылығын көрсек, қарапайымдылығын көре алмаймыз. Қарапайымдығын көрсек, ұлылығын көре алмаймыз. Бүкіл дүние оның өзінде тұр. Ол өмірдің ғажап екенін білді. Арзан дүниеге қызықпауы содан. Сол қоғамда өмір сүрген қазақтардың биік рухы аты аңызға айналған композиторда бар. Шәмші қазақтың асыл рухын бір жерге түйістіре білді», – деді Нүркен.
Шәмші Қалдаяқов бейнесі қазақ драматургиясы үшін көп вариантты. Бұрынырақта белгілі ақын Исраил Сапарбаев «Сыған серенадасы» драмасын сахнаға шығарды.
Баянын 1957 жылдан бастайтын «Шәмшінің жүрегі» атты кітап авторы, белгілі өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақанов «Шәмшінің қай әні қалай туғаны – менің көз алдымда. Шәмшінің өмірі ешқандай рахаты жоқ беймаза жылдар еді»,– деп жазады. Элегия авторлары буырқанған сұлу ән әлемінің еркесі таңдаулы еркесі дарын иесінің тірлікте икемсіз, тағдыры өзгеше жан екенін көрсетуге күш салып баққан.
Белгілі жазушы Серік Байхоновтың «Жадымның жаңғырығы» атты кітабының «Тірі жәдігер» атты тарауында 1980 жылдардағы Шәмші Қалдаяқовтың портреті бар: «Анда-санда консерватория маңынан біздің ауылдың әнұраны іспеттес «Сыр сұлуы» атты әнінің авторы Шәкеңді, «ішімдік ішуден алдына жан салмайды» деген атағы жер жарып тұрған Шәмші Қалдаяқовты көріп қалам. Қашан көрсең де ине-жіптен жаңа шыққандай су жаңа киім киіп, жараған сұлуторы аттай болып жүреді. Соған қарағанда Шәкеңнің «атасынан қалмаған аспен» біржола қош айтысып жүрген кезі болса керек».
P.S. 2018 жылы 8 наурыз күні Қаллеки театрында «Шәмші» элегиясы қойылды. Аншлагпен өтетін әр спектакльді көрермен қауым сүйіп қабылдауында шек жоқ. Бұл жолы спектакль біткен мезетте залдан екі жас сахнаға атып шығып, дөңгелене вальс билеп кетті. Театрда мұндай қылыққа рұқсат жоқ, той-думан емес. Спектакльдің жүрек тербейтін, адам баласының рухани әлемін аспандататын құнарлы дүние екенін осыдан-ақ түсіну қиын болмас.
«Шәмші» – шетелдік фестивальдарға алып баруға бек лайық пьеса!
Айгүл Кемелбаева