Климаттық жағдайлар мен елімізде болған түрлі ауа райы құбылуларына қатысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы Гүлнұр Мұсралинова әңгімелейді.
Гүлнұр МҰСРАЛИНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы
– Соңғы жылдары әлемнің түкпір-түкпірінде ауа райының күрт өзгеруі байқалуда. Мәселен, мүлде қар жаумайтын сахараның өзіне қар түскені әлеуметтік желілердегі видеолар арқылы таралған болатын. Әлемді былай қойғанда, биылғы Астанадағы боран елдің үрейін ұшырды. Еліміздің басқа да аймақтарындағы су тасқынынан да қаншама халық зардап шегуде. Жалпы, мұндай өзгерістердің себебі неде? Ауа райы болжаушылары тарапынан мұндай тосын жағдайларға төтеп беру мен қандай алдын алу шаралары атқарылады?
– Қазір климаттың жаһандық жылынуы байқалуда. Бұл мәселе климаттың өзгеруіне және жер бетінде әр түрлі құбылыстардың туындауына, сондай-ақ ауа райы өзгеруіне алып келуде. Биылғы жылдың қысы Қазақстанда қарлы борандарымен, әсіресе солтүстік, орталық және шығыс облыстарында ауа райының күрт салқындауымен есте қалды. Осы қаңтарда байқалған синоптикалық жағдай бұрын да тіркелген: мысалы, 1953 және 1968-1969 жылдардағы қыс мезгілі.
Қазгидромет мекемесінің синоптик мамандары алдын ала осы дауылды жағдай жайлы ескерту дайындап, құзырлы органдарға хабарлама береді.
Мұндай төтенше жағдайларда алдын алу қызметімен синоптик мамандары айналыспайды. Синоптиктер қауіпті және апатты табиғат құбылыстарына бақылау жүргізіп, дауылды ескертулер болжамын жасап, мемлекеттік органдарды, әкімшіліктерді және Төтенше жағдай департаменттерін осы ақпараттармен қамтамасыз етеді. Ал, алдын алу және төтеп беру іс-шараларын жүргізетін жоғарыда айтылған мемлекеттік органдар.
– Республикамызда ауа райын болжау мен атмосфералық құбылыстарды зерттеу саласының тарихы қандай?
– Еліміздің ауа райын алғаш зерттеген ғалым Шоқан Уәлиханов болатын.
Ол Іле, Жоңғар Алатауындағы атмосфера қысымын, ауа температурасы мен ылғалдылығын, жел күшін құрал-аспаптармен бақылап зерттеген. Қазақстанда алғашқы аспаптық метеорологиялық бақылау жүргiзу 1855 жылы Қазалы және Семей қалаларында басталған болатын. Ал 1917 жылы Қазақстан аумағында 94 метеорологиялық станциялар мен 49 бекеттер, 123 гидрометеорологиялық бақылау бекеттерi жұмыс iстедi. 1999 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №185 қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Халықаралық метеорология күнi болып Дүниежүзілік Метеорологиялық Ұйымның шешiмiмен 23 наурыз тағайындалған.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «Метеорология» мамандығының тарихы туралы айтып өтсеңіз?
– Қазақстанда ауа райын болжауды, зерттеуді «Метеоролог» мамандарын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінде метеорология және гидрология кафедрасында дайындайды. «Метеорология» мамандығы КСРО «Гидрометқызмет» бас басқармасының және Қазақ ГМҚБ (гидрометқызмет басқармасының) қолдауымен физикалық география кафедрасында 1960 жылы 1 қыркүйекте ашылған болатын.
Метеорология және гидрология кафедрасы бакалавр гидролог және бакалавр метеоролог мамандарды даярлайтын республикадағы жалғыз кафедра. ҚР Тәуелсіздігін алғаннан кейін жоғары метеорологиялық білім беру құрылымына алғашында үш сатылы білім енгізілді: 1 – бакалавр-метеоролог, 2 – магистр-метеоролог (екі жылдық оқу), 3 – Phd докторант. Мамандықтарды дайындау қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Кафедраның лабораториялары оқу процестерін толық ұйымдастыру үшін оқу-лабораториялық метеорология орталығы жұмыс атқарады. «Гидрометқызметтің» қолдауымен керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыздандырылған. Оқу метеорологиялық станса 1988 жылдан бастап бірінші разрядты. Бұл стансада тұрақты метеорология бақылауларды, жазғы практика кезінде жылубалансты бақылауларын өткізуге мүмкіндіктері бар.
– «Метеорология» кафедрасы студенттерге ауа райын болжаудан басқа қандай дүниелерді үйретеді?
– Ауа райы болжаудан басқа, мысалы, метеорологиялық аспаптардың шығу тарихын, бұлттылықтың классификациясын, замануи аспаптардың құрылысы мен жұмыс істеу принциптерімен таныстырудан басқа, еркін атмосферада болып жатқан процесстерге бақылау жасауға мүмкіндік беретін аспаптармен танысып қана қоймай, жұмыс істеу принципін де игеруде. Оптикалық құбылыстардың пайда болу себептерін түсіндіріп, мағлұматтармен толықтыруда.
Жердің жасанды серіктерінің метеорология саласында да маңыздылығының бар екенін, оның қаншалықты маңызды екенін таныстырып, ол аппарттардан алған сурет кескіндерден ауа райы болжауын жасауды, мәліметтерді қолдануды үйретуде. Геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) бағдарламасымен танысып, ауа райы болжамына қажетті жұмыс жасауды үйретеді.
– Жалпы, біздің елімізде бұл сала қаншалықты дамыған және осы салада тереңірек нені дамыту керек?
– Бұл сала біздің елімізде әлі дамытуды талап етеді. Ауа райы және қауіпті құбылыстардың, болжамдардың ақталушылығын арттыру мақсатында заманауи сандық әдістерін және сандық модельдеуді қең түрде дамыту керек.
– Осы салада басқа елдермен тәжірибе алмасу жайы қалай?
– Әрине, басқа елдермен тәжірибе алмасу мәселесі алға қойған мақсаттарымыздың бірі. Осы орайда біздің Метеорология және гидрология кафедрасы Ресей мемлекеттік Гидрометеорологиялық университеті (Ресей), Халықаралық Мәскеу унвиерситеті (Ресей), Ноттингем Университеті (Ұлыбритания), Кипр Университеті, Валенсия Техникалық Университеті (Испания), Лейпциг Университеті (Германия), Мидлсекс (Улыбритания) сияқты жоғарғы оқу орындармен тығыз байланыста. Яғни, Академиялық ұтқырлық саясаты негізінде бүгінгі таңда ішкі және сыртқы академиялық мобильділік бағдарламаларын сәтті жүзеге асырудамыз. Студенттердің шетелдік жоғары оқу орындарына барып білім алуы, тәжірибеден өтуі, жазғы мектеп сияқты жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, оқытушылар мен осы саланың ғалымдарының шетелде конференциялар мен дәрістерге қатысуы, ғылыми жобаларға қатысуы, ғылыми мекемелерінде қызмет атқаруы жиілей түсуде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ.