«Қыр мен қала хикаялары» (1998), «Алтай новелласы» (2001), «Қызыл бөлтірік» кітаптарының авторы, жазушы Асқар Алтайдың «Казино» атты жинағының жарыққа шыққанына биыл он жыл. Қазақ елінде аса қадірлі, қарымды жазушылар баршылық. Солардың арасында, орта буын өкілдерінің ішінде, өзінің шығармаларымен дара шыққаны – Асқар Алтай.
Асқар Алтайдың айтулы кітабына әдеби сараптама жасаудан аулақпыз. Бұл жинақтағы отыз әңгіменің әрбіреуі оқырман үшін аса құнды. Кітаптағы шығармалардың сомдалуы – Өр Алтайдың қалың қатпарлы мызғымас тауларының, жал-жоталары мен қыраттарының беріктігіндей мығым. Қойнауы терең, қасиетті Алтайдың өзіндей бекем. Тау табиғатындай таза дүниені қайталауға ешкімнің жүрегі дауаламасы анық.Жазушы шығармаларындағы әрбір сөз теңдессіз көркемдікке ие, әңгімелеріндегі эпизодты өз сөзіңмен қайталасаң сұлулығына сызат түседі, мінсіздігі бұзылады. Өйткені, шығарма желісі, тіл көркемдігі, оқиғалардың баяндалу әдістері –байырғы қазақтың сұлу қыздары зерлеп тіккен кестедей мінсіз. Қаламгердің тасқынды шабытынан туындаған дүниелер оқырманды бей-жай қалдырмайды, оқиғаларға сырттай қарап, бақылау жасап тұра алмайсың. Жазушының қаламұшы оқырманның жан-дүниесін кейіпкерлермен бірге толғандырады, сұммен арпалыстырып, залыммен күрестіреді. Кейіпкерлер басынан нені өткерсе де оқырман соның бәріне қатысқандай әсер алып, шығарманың ішкі әлеміне еніп кетеді. Бей-жай қалу мүмкін емес. Кітап ішіндегі әр әңгіме оқырманды тылсым да терең тұңғиыққа бойлатады, қайғыртады, күйзелтеді, жүйке жүйең сансырап, құр сүлдерің қалады. Сонымен бір мезгілде ой-жүйеңді кеңітіп, санаңа қозғау салады.
Әдетте әдебиеттанушылар Асқар Алтай шығармашылығы туралы сөз қозғағанда адам мен қоғам мәселесі көтерілгенін айтады. Алайда, Асқар Алтайдың қаламынан туған дүниелердің дені ұлы табиғатпен байланысты, туындыларында қоршаған орта тағдыры өткір көтерілгеніне мән беруіміз керек. Қатыгездіктің әлеуметтік бейнесін де Асқар Алтай әңгімелерінен көресің. Жан иесіне тән өр мінезділік пен намыс-жігердің де шыңдағы көрінісі – Асқар Алтай туындыларында. Айтулы кітаптағы отыз әңгіме отыз түрлі ғаламатқа жетелейді. Әдеби шығарманы парақтау бар да, түйсініп оқу бар. Көркем туындыны түйсініп оқымаған жан әдебиет әлемінен алыста деген сөз.
Бүкіл жан-жануар, мақұлық, барша жан иесіне керегі – ең алдымен тыныс алар ауа. Одан соң бір жұтым су. Үшіншісі — тұла бойды көтеріп жүре алу үшін аяқ басуға қажетті күш-қуат. Алайда, бұл үшеуі жабайы аңға да, ұшқан құсқа да керек, ортақ нәрсе. Олардан сенің айырмашылығың неде? Екі аяқты екендігің ғана ма? Жоқ, мынау Жерді жаратқанда, осындағы биосфера ортасында тіршілік етуге кісі баласын шығарған кезде, оның мойнына зор міндет жүктелген. Бүкіл үлкен Әлем қойнауында болмаған биосфералық тіршілікті осы Жерде бастап беріп, соның ортасында адами өмірді жарқырату үшін басқаратын ақыл иесі керек болды.
Жалпы, әлемді Ақыл, Ой, Парасат және Сана басқаратыны белгілі. Осы төрттік толымды болса, үлкен Әлем бар болады. Ондағы өмір жалғасады. Сол төрттік кез келген пенденің бойында түгел емесін білетін Құдай мынау Жерді сол кемістіктерді толтыруға бола тіршілік ортасы етіп шығартты. Бұндағы мақсат, кісі баласына бірінші қажеті — рухани азық. Рухани азықтың ортасындағы бес аспап қажеттісі — әдебиет. Атқарған жұмысың, отырған креслоң қандай биікте болса да, рухани байлықтан сырт қалсаң, төмендегі мақұлықтардан сенің айырмаң жоқ. Рухани байлықтың төресі әдебиет, болмысыңды өрге қарай жетелейді. Ойлау жүйеңді кеңітеді. Санаңа түрткі салады. Парасатты бойға сіңіруіңе көмектеседі.
Осындай қажеттіліктің бәрін өз шығармасында толымды етіп берген жазушы туған жұрты үшін асыл қазына. Асқар Алтайдың аталған кітаптағы әр шығармасы гауһар тастай асыл. Жазушының қоршаған табиғатты терең білетіні сонша, шығармаларын оқыған сайын тұмса табиғаттың тылсымына қанығасың. Жануарлардың табиғатын қалпынша түсіну кез-келгеннің қолынан келмейді. Қандай кейіпкер болса да мейлі, бар болмысын жалаң сөзсіз, шынайы суреттеп, оқиғаны өмірдің өзіндегідей баяндап беру, теңдесі жоқ шеберлік. Бұндай қабілет туа біткен болмаса жол-жөнекей дарымайды. Терең білімділік тектілікпен байланысты.
Бала кезде Джек Лондонның шығармаларын оқып отырып, іштей таң қалған едім. Жазушы бұл шығармасын Американың тас көшесінде жүріп жазғанымен өзінің шыққан тегі — арғы түбі қалайда қасқырмен байланысты болар деп түйгенмін. Өйткені, қасқырдың болмыс-бітімі мен мінез-құлқын, психологиялық күйін Джек Лондон сияқты ешкім суреттеп бере алмаған. Тіпті бұл жазушы қасқырлардың үйірін де бірге жүріп көрген бе деген ой туады. Асқар Алтайдың қасқыр жайындағы «Салбурын», «Шың» сияқты әңгімелерін оқығанда жазушының бүкіл жан-дүниесі қоршаған ортамен біртұтастықта екен ғой деген ой туады. Көре білген жан Алтай, Тарбағатай аймақтарындағы жер бедерін қаламұшпен сипаттап, соның бәрін аң мен жануарлардың жай-күйімен жапсарластыра шебер түрде жаза білген жазушының еңбектерінен қазақтың асқар таудай биік те ізгі өнері әдебиеттің мәртебесі биік екендігін таныр еді. Қазіргі қазақ әдебиетінің, оның ішінде қазақ прозасының деңгейі қай деңгейде деген сұрақ төңірегінде пікірталастың көп екенін білеміз. Сөз қадірін ұғар жан Алтайдың мөлдір бұлағындай саф, жасандылығы жоқ жазушы туындысын ой елегінен өткізе отырып, байыппен оқыса, проза деңгейінің қандай биікте тұрғанын түсінер еді.
Аңшылық – бір кездерде аштан өлместің ілдалда қамы үшін қолға алынған әрекет. Оның өзінде қандай аңшы болса да аң атаулының төліне тиіспейтін, киесінен қорқатын. Солай болғанына қарамастан аңшы дегеннің артқы жағы баяу сейіліп, тұқымының болашағы күмәнді болып шығатын. Бұған ешкім қарсы тұра алмайды. Жаратылыс әлеміндегі заң осындай. Жалпы, әлемге сол әлемнің қойнауындағы өмірде «әсер бар жерде қарсы әсер болады» деген ортақ заң билік құрады. Әлгіндей аңшылықпен аштан өлмес үшін айналысқандардың артқы тұқымы уақыт өте келе сиреп қалатыны сол заңның істегі бір көрінісі. Бүгінде тоқшылықтан көңілі семіріп, жүрегін қара көмірдей кір басып, темір қолдыға айналған мырзалар жүр. Демалған кездегі ермектері – аңға шығып, қасқыр ату.
Осындай есерлердің ойын-сауығы бөріні ерегестіргені сонша, малға шапқан кезінде қасқырлар неше түрлі көріністі алдыңа әкелуге көшкен. Соның бір мысалы, жазушы Асқар Алтайдың «Салбурын» әңгімесіндегі арланның ісі. Текті аң хайуан кейіпте өлген жоқ, Өр Алтайдың арланы ақырғы сәтке дейін өр мінезін көрсетті. «Бұл сәтте бәрінің де аузын аңқитып, көзін шатыната үрейге толтырып, ағындай жүгірген тайдай арлан «Джиптің» маңдай әйнегіне атқан оқтай боп ұрылды. Қас пен көздің арасында өткен алапат әрекет, ақырғы айласыз жан тәсілім еді. Көлік ішіндегі аңшысынып жүргендер ес жиып та үлгермей, тек әлдебір «аһ!» дескен қорқынышты дауыс қана шығарысты» дейді кітапта. Аңшының әңгімесі бөрінің асқан ақыл иесі екенін дәлелдейтін төмендегі эпизодпен сәтті өрілген.
«Биенің шабынан шұбатылып ішегі шығып тұр. Ішек қасқырдың бетінде нарау тартып, әлгінде қасқыр отырған жаққа қарай арқандай түп-түзу боп тартылып жатыр. Жасағанға шара бар ма, іштен шыққанда білектей көрінетін ішегіңіз саусақтай болып жіңішкере созылыпты. Бөрі біздей сімтік тұмсықты жұқа шаптан бір-ақ қарпи сүңгіткен де, аузына іліккен ішектің созыла жөнелгенін аңғара қойған. Жануардың қарнынан шұбатыла шығып, саусақтай боп тартылғанша шоқия отырыпты».
Осы орайда жазушы, ғалым Қойшығара Салғараның бала кезінде атқа мініп, қой баққан кезіндегі естелігі еске түседі. «Содан ат үстінде жан-жаққа көз салып тұрғанда жайылып жатқан қойға қарай бір қаңбақ алыстан домалап келе жатқанын көріп, таң қалдым», – дейді жазушы. «Өйткені, қаңбақты домалататындай ауа ағысы, жел жоқ еді. Айнала тып-тыныш, жайбарақат күйде. Домаланған қаңбақтан көз алмай, аңырдым да қалдым. Содан қойға жақындап қалғанда әлгі қаңбақ тоқтады да, қалқасынан бір қасқыр көтеріле беріп, қойларға қарай тіке атылды. Мен аузымды ашып үлгергенше тоқтының құйрығын жұлып алып кете барды. Сұмдық-ай, әлгі қасқырдың ісіне осы күнге дейін таң қалам…».
Жер бетіндегі тіршілік иелерінің ішінде пендені бәрінен жоғары қойып үйренген біз аң-құсқа өте төмен деңгейде қараймыз. Олардың арасында өте саналы, ақылдысы барын сезбейсің. Төрт аяқтының арасындағы қасқыр тұқымы – ақыл-ой, парасат-сана жағынан бәрінен озық. Қасқыр өзінен әлсізге күш көрсетпейді. Жалғыз қалған сәбиді ертіп кетіп, емізгені туралы оқиғалар тек аңыз боп таралған жоқ, ХХ ғасырдағы Азияның тропикті ормандарында неше рет көзге көрінгенін жұртшылық баспасөз арқылы жақсы біледі. Қасқырлармен бірге солар секілді төртаяқтап жүрген ересек балалардың суреттеріне дейін жарияланды.
Жазушы Асқар Алтай әңгімелеріндегі жүйрік аттың болмысын суреттеуі қандай керемет! «Шың» әңгімесіндегі «Құлын күнінен бойына сіңісті бөрі дауысына тарлан бесті дегенмен іш алдырмады. Қабырғасын керегедей керді, мойнын уықтай иді. Сұқсырдай сүмбіл тартты. Шақпақтанған бұлшық еттерін бос тастап, шекелеген қалпы дүр сілкінді. Серідей паң, сұлудай кербез тартты. Тұяғымен тас уатар қуатты. Даланың құланындай, таудың тарпаңындай кемел-ді» деген суреттеулерді қазақ тілінен басқа ешбір тілде жеткізу мүмкін еместей. Жылқы дегенің де ерен қасиетті екенін жазушы Асқар Алтай туындылары арқылы түйсігіңде жаңғыртасың. Пенденің тақымында қор болғысы келмеген қасиетті жануар өзін қаумалап ұстауға келгендерден енді құтыла алмасын білгенде шың басынан шыңырауға қарай бірақ қарғыды. Мінеки, жылқы малының қасиеті қандай!
«Салбурындағы» еріккен аңшылар қуған қасқырдың күйі қандай екенін біреудің сөзімен емес, шығарманың өзінен оқып біліңіз. Қасқырдың өр мінезін сонда танисыз. Автокөлікке мінген қуғыншылар әбден титықтаған кезде бейшара арлан, бар күшін жиып, кері қарай атылды да, машинаның әйнегін тұмсығымен бұзды. Арлан өліп бара жатса да намысын таптатпады. Өр рухты, өр мінезді өр Алтайдың бөрісі!
Мынау кең даланы қасықтай қаны қалғанша, бар күшімен қорғап келген ата-бабаң, өршіл ерлікті түпкі негізінен алған жанпидалық еді. Қазақтың намысқойлығы да басқаға ұқсамайды. Асқар Алтайдың «Сібір офицері» әңгімесіндегі жалғыз қазақтың келбеті – сондай өршілдіктің жұрнағындай бір мысал. Кітаптағы шығармалардың арасында жан түршігерлік оқиғалары көп қой. Десек те, «Киллер сауысқан» әңгімесіндегі сауысқанды жануарлардың көзін шұқуға үйретіп, аң аулауға оңай тәсілді тапқан залымның ісі сұмдық. Бар өмірі жан-жануарларға қиянат жасаумен өткен пенденің өмірі қасіретке толды, көптен күткен немересі теп-тегіс бет ауызды, көзсіз болып туды.
Асқар Алтай шығармаларында экология мәселесі оқырманның жан-дүниесіне зор таңба қалдырардай, өте әсерлі суреттелген. «Тасбақаның тақыры» деген әңгіме өте қарапайым оқиғалы сияқты. Бірақ зауалдың барын сол қарапайым оқиға арқылы жазушы шебер көрсеткен. Құлқыны үшін тасбақаны аяусыз аулауды әдетке айналдырған пенде ақыры құм астында қалады. «Құм жұтқан өлке қозғалыста. Дөңкиген дөңестер сынапша сырғып, беткейлер беті сұр жыландай сумаңдап, құла тасқын құм көшуі күшіне енген. Ұлан-ғайыр құмның жүзі күңгірт. Ымырт» деп түйінделген туындыны тебіренбей оқу мүмкін емес.
Басынан аяғына дейін жан тербелісті тоқтаусыз өткеріп отырып оқитын шығарманың бірі – жазушының Құзғынды шыңымен байланысты. «Альпинист» аталған әңгімедегі шыңды игеруге барған қос азаматтың өрлеу кезіндегі бар қимылы оқып отырған адамның жүйке-жүйесін қозғайды. Аяқ тірейтіндей дәнеңе жоқ, мұз басқан тік беткейден өрлеу жан төзбес сұмдық күй. Жатар орында тігетін шатырын, керек-жарағымен қоса арқалаған қос альпинист сол күйі тіп-тік беткейден жоғары қарай өрлеп барады. Кісінің алыста тұрып дәті шыдамас күй. Осындай азаппен қара терге малшынып, Құзғындының үстіне шыққандағы жеңіс қас-қағым сәттік қуаныш еді, арты қияметке ұласқан. Жан-дүниеңді сол екі альпинистің әр қимылымен бірге күйзелткен бойы ауыр азап, машақатқа куә етіп, ең соңында жетекші альпинистен айырғаны жанға батады. «Альпинист» әңгімесін оқыған соң ұйқыдан айрылған мен адам баласы өзінің өршілдігінен азапты бірге сүйрейтіні жаман-ау деген ойдан құтыла алмадым…
Асқар Алтайдың қай әңгімесін алсақ та, барлығында экологиямен байланысты эпизодтар кездеседі. Мейлі, ол ойлы-қырлы, жал-жоталы, тау-шыңды Тарбағатай аймағы, қойнауы құпияға толы Өр Алтай болсын немесе Іленің бойы, сол әлемде тіршілік етіп жүрген жан-жануар, өзің күнде кездесетін жұмыр басты болсын, бәрібір бізді қоршаған ортамен байланыстырып тұрған – өмір. Көз жетпестей үлкен әлемнің күйттегені де сол өмір жайындағы. Ізгі мақсат – өмірдің ұзақ болуы, жалғаса беруі. Сол үшін әркім өзін жетілдіре түсуге тиіс. Жетілмесең зауал барын білмейсің. Сана оянбаса жазушы даярлап берген, кемел ой арқалаған шығарманы да түйсінбейсің.
«Кітап оқымай да өмір сүруге болады» дейтіндер көзін ашып, көркем шығармаға мән беретін кезең туды. Нағыз жазушылардың еңбектері адамзатқа көп нәрсені ескертеді. Асып-тасқанды тосар қасіретті де, көзіне шел біткенді алдан тосар кеселдің барын да жазушының еңбегін оқыған жан біліп, адам мен табиғаттың үндестігін бұзбау жолында әр пенде өзін-өзі ұстау қағидаттарын көңілге тоқыса игі.
Мағрипа ШӨЖЕҒҰЛҚЫЗЫ,
физика-математика
ғылымының
кандидаты, доцент.