САХНА САҢЛАҚТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай Республикамыздағы театр ұжымдарынан іріктелген ең үздік кәсіби мамандарға шығармашылық жетістіктері мен еңбектері үшін «Сахнагер-2018» Ұлттық театр жүлдесі табыс етілді. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған «Сахнагер-2018» Ұлттық театр жүлдесінің марапаттау рәсімі М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрында өтті.
Салтанатты шараны «Елордадан Алатауға сәлем» атты гострольдік сапармен келген «Астана Musical» театры шағын қойылыммен ашты.
Қазақстан Театрлары Ассоциациясының президенті, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Ассоциацияның вице-президенті, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров «Сахнагер» Ұлттық жүлдесіне үміткерлерді тағы бір мәрте құттықтап, шараның берер пайдасы мен театрдың маңыздылығын атап өтті.
М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы Зарина Карменова, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Динара Нұрболат сынды жас актерлер «Үміт» номинациясы бойынша марапатталды.
«Сахналық ғұмыр» номинациясы бойынша М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрынан белгілі актер Сәбит Оразбаев, «Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» Есмұхан Обаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қасенов және т.б., сахна саңлақтары марапатқа ие болды.
Сонымен қатар, жүлде алғандар: «Үздік актер» – Роман Чехонадский (М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры), Дәурен Серғазин (Астана Жастар театры); «Үздік актриса» – Айнұр Бермұхамедова (Астана мюзикл театры), Пяк Антонина (Мемлекеттік академиялық кәріс музыкалық комедия театры); «Үздік сыншы» – Әлия Бөпежанова (М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры); «Үздік екінші план актері» – Төлеубек Аралбай (М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры), Кенжебек Башаров (Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры); «Үздік екінші план актрисасы» – Толқын Нұрбекова (Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры), Гүлбахар Насырова (Қ.Қожамьяров атындағы Мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры); «Үздік менеджер» – Берік Жаменов (М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театры); «Үздік опера солисі» – Сүндет Байғожин (Астана опера және балет театры); «Үздік костюм суретшісі» – Гүлшат Омарова (Н.Сац атындағы Орыс Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры); «Үздік режиссер» – Наталья Дубс (Республикалық академиялық неміс драма театры), «Үздік сахна суретшісі» – Бақыт Сраилов (Оңтүстік Қазақстан облыстық Қ.Жандарбеков атындағы сазды драма театры); «Үздік қуыршақ әртісі» – Болат Момынжанов (Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театры), «Үздік драматург» – Иран-Ғайып; «Үздік театртанушы» – Еркін Жуасбек (Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры).
Шараны М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры актерлері «Біз актерміз» атты әнмен аяқтады.