ТҮРІКСТАН ЖИНАҒЫ
23.03.2018
2901
0

«Ақиқат» журналы редакциялық алғысөзінде «Жалпы қазақ әдебиетінің сыны мен журналистикасын, содан соң филологиясын Құлбек Ергөбексіз еш көз алдыңа елестете алмайсың…» (№1, 2013 ж.) деп жазды. Батыл басылымның танып айтқан байсалды сөзі! Әріде жарық көрген «Арыстар мен Ағыстар» (2002–2005 ж.) аталатын 6 кітаптан бас құраған (өзі томдық деп атамапты) сын еңбегі талданып, бағасын алғанын білмейді екенбіз.

Соңғы жылдары сайыпқыран әде­биет сыншысы «Өлеңсөз» (2012), «Қа­ра­сөз» (2013), «Сарасөз» (2013), «Да­ра­сөз» (2015) аталатын әрқайсысы қазақ әде­биетінің бір жанры – поэтикасын қа­растыратын қомақты-қомақты (әр­қайсысы 35-37 баспа табақтан) ең­бек­тері жарық көрді. Жазушылар ода­ғында жылма-жыл өтіп жататын әдеби жыл қорытын­ды­сында сыншының атал­ған кітаптары әңгіме бола қой­майды. Әдетте, «Сын жоқ, әдебиет қай­­тіп өседі?» – деп байбалам салып ж­а­та­мыз. Еңбегі еленіп, мерзімді бас­пасөз бетінде жетістігі, кемшілігі кеңі­нен талданып жатпаса сыншы да қай­дан, қашанғы белсенділік таныта бер­сін?! Сын жанрында маман тұрақ­тамайтын себебі де осыдан шығар? Айтылған еңбектері өз алдына, сын­шы, ғалым­ның соңғы жылдары «ТҮ­РІК­СТАН жинағы» (2010 – 2016 ж.) атты бір есіммен аталатын көлемді-кө­лемді 7 кітабы жарық көрді. Олар да елеусіз өтіп барады.
Жеті томдық (өзі томдық деп қа­ра­мапты) жинақтың атының өзі іші­не сыр бүгіп тұрғандай. Сыншы соң­ғы жиыр­ма жылда денсаулығына байла­нысты туған жері Түркістанға қоныс аударғаны белгілі. Түркістан қаласында туған еңбектерін осылай «Түркістан жинағы» деп атаған екен ғой деп ойлағанбыз. Сөйтсек, тіпті басқаша, Түркістан емес, ТҮРІКС­ТАН жинағы! Осы атаудың сырына үңілгенбіз. Оны жинақтың біріне алғысөз жазып «батасын» берген өзбек жазушысы Насыр Фазыловтан таптық. ХІХ ғасырда басталып, ХХ ғасыр басына дейін Түркістан генерал губерна­торлығы ұйымдастыруымен жүйелі «Туркестанские ведомости», «Тур­кестанский сборник» аталатын 500 томға жақын жинақ бар. Бірсып­ы­ра уақыт генерал губернатор Кауф­ман басшылық жасаған. Отар елдің бодан елді зерттеп, білуі үшін жасал­ған шара. Бірақ, ғылым үшін керемет олжа. Совет өкіметінің билікке келуіне байланысты тоқтады. Россия бұл кезде бұрын Түркістан аталған өлкені түгел алып болған еді. Сосын қажеті бол­ма­ған шығар. Әдебиетші ғалым намысқа ты­рысып, «Патшалы Россия «Түркіс­тан жинағын» жарық­қа шығарғанда мен неге азат елдің аз­ат ойлы қаламгері «Түрікстан жи­на­ғын» шығара алмай­мын?», – деген болуы керек. Оның үс­тіне Түркістан сөзінің түбірі – «тү­рік». «Стан» – парсыша жұрнақ. «Тү­рік­­тер астанасы» болып шығады. Ары­да парсы Орыс­тың бұрмалауымен Түрікстан – Тү­р­кіс­тан аталып кеткен. ХХ ғасырдың ба­сында «Түркістан рес­публикасы» құ­рылып, аз уақыт өмір сүр­гені та­рих­тан мәлім. Әдебиет сын­шы­сы, Б.Кенжебаевтың тәрбиесін ал­ған түрколог ғалым «Түрікстан жи­на­ғы» атауына тоқтағанда осы жай­ларды ес­керсе керек. Демек, қазақша аты – «Түрік дүниесі жинағы». Мақ­саты – ескіні жаңғырту, қатені жөндеу, дәс­түрді жаңа уақытта жақсы арнада жал­ғау деп білеміз. «Түрікстан жи­на­ғы» атап жеті кітап шығару – үлкен ең­бек. Бір адамның қасиетті атаумен жүз баспа табақтан астам еңбек беруі, қа­­лай болғанда да, елерлік әдеби құ­бы­лыс!
Жеті кітапта әдебиетші түрколог шынында да Ш.Айтматов айтқандай, «…бір қазақ әдебиетімен шектеліп қал­май, Орталық Азияның әдебие­ті­нің ар­битры» болып сөйлейді. Қазақ­тар­мен қатар өзбек Ғ.Ғұлам, А.Яқу­б­ов, Н.Фазылов, қырғыз Т.Сы­­дық­беков, Ш.Айтматов,А.Акматалиев, татар Ғ.Тоқай, Х.Ю.Миңнеғұлов, башқұрт Ақ­молла, А.З.Вәлиди, З.Бикбулатова, ал­тай Ш.Енчинов, саха М.К.Амосов (Қа­зақстанда Батыс және Солтүстік облыстарын басқарған қайраткер), түрік Фатьма Сөнмез, шор Л.Арбача­кова… өзгелер жайында сөйлейді. Түркиеге, Сахаға, Еділ бойына са­пар­лап, алған әсерлерін сафари жан­рында сипаттап жазады. Түрік елдеріне саяхат жазбалары байырғы тұтас түріктік ке­зеңдерге дейін оқыған еңбектері арқы­лы барып, оны бүгінгі тарыдай шашы­рап кеткен түрік жұрағатымен са­лыс­тырып та­рихи-филологиялық аспектіде, әйт­песе тарих, тіл тарихы, әдебиетті ми­дай араластырып түркологиялық пайым­дармен байытып жазады. Одан тү­рік халықтарының өткен тарихын да, б­үгінгі тағдырын да табасыз. Бір ерекшелігі М.Кәрім айтқандай, баш­құрт­­тар жайында айтқанда башқұрт тарихшысы, әйтпесе әдебиетшісі, А.Яқубов айтқандай; өзбектер тағ­ды­ры­нан сөз қозғағанда сырт бақы­лаушы сияқты емес, өзбек әдебиетінің маман сын­шысы сияқты дәлелмен айтады, қы­зықты деректермен дәйектеп жа­зады.
Жинақтың бірінші кітабына Н.К.Зейбек («Түркістаннан Түрікс­тан­ға!»), үшінші кітабына Өзбекс­танның ха­лық жазушысы, екі мәрте Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Н.Фазы­лов, төртінші кітабына саха академигі Н.И.Васильев («Воин тюр­кологии»), бесінші кітабына қырғыз профессоры Ж.Бакашова («Алгы­сөз»), алтыншы кі­табына башқұрт профессоры М.Х.Идельбаев («Төрки донъяһының рухи Мәккәһе…»), жетінші кітабына Ре­сей Федерациясы Думасының де­путаты, башқұрттың халық жазушысы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Г.А.Юнусова («Ха­лык улы, ил ағаһы, киң коласлы ға­лим, күп кырлы талант эйәһе») ар­найы алғысөз жазыпты. Ал­ғысөз қа­зақ, өзбек, қырғыз, орыс, татар, баш­құрт сияқты әр тілде жазыл­ған. Әр алуан тілде жазылған алғысөз жи­наққа ажар-көрік беріп тұрған­дай.
Жеті кітаптан тұратын жинақтағы материалдар алуан тілде. Кейде олар қазақша түпнұсқасымен қатар аудар­ма нұс­қасы қатар беріліп отырады. Осын­дай кездері қайталауға орын бе­ріп ала­ды. Мақсатты қайталау. Осыдан пі­кір сабақтасақ, «Түрікстан жинағы» көп тілді кітап. Түрік текті халықтар әуел баста біртұтас тайпадан басталып тұтас ұлт болып өсіп, кейін түрлі ұлт, не ұлысқа айналып кеткені тарихтан мәлім. Содан да бүгін түрік халықтары көп тілді. Ұзын саны 200 миллионнан асып жығылады. Еура­зия құрылығы­ның көп бөлігін ме­кендейтін түрік ұлт-ұлыстары төрткүл дүниенің қай түк­пірінде де кездеседі. Соңғы кездері татар профессоры Ә.Ка­ри­мул­лин, қазақ профессоры Ә.Ах­метов, жазушы Ж.Бейсенбайұлы өз еңбектерінде Аме­рикалық үндіс­тер­дің арғы тегі де түрік екенін дәлел­деп бағуда. Олардың көбі тілін жоғалт­қан. Жалпы түрік тілдері (оның ішінде қазақ тілі де бар) келе­шек­те сақтала ма, жоқ па? Ол да мә­лім­сіз. Міне, осындай түрік тілінің май­да бұтақтары өліп, ұлыс жойылып, ұлт мәңгүрттеніп бара жатқан уақытта мұндай жинақтағы материалдың қай тілде жазылса, сол тілде берілуі, әйт­песе аудармасы қоса берілуі – қызықты шықса керек. Жинақтағы Қ.Ергөбектің бұл тәжірибесі де бүгінгі әдеби орта үшін тосын, жаңалық.
Тақырып – егер орайымен табыл­са, шырайы кіріп жазылса талант тағ­дырына айналады. Абай тақырыбы – М.Әуезовтің тағдырына айналды. «Абай жолы» – талай әдебиетшінің тағ­дырына айналды. Жалпы Қ.Ергө­бек сын кітаптары тақырыптық тұ­тас­тық танытады. Мейлі алты кітап­тық «Арыс­тар мен Ағыстар» болсын немесе «Өлең­сөз», «Қарасөз», «Сара­сөз», «Дар­асөз» болсын, бірі қазақ поэзиясы, ке­лесісі қазақ прозасы, балалар әде­биеті, әдебиет тану мен сын, деректі әде­биет секілді, әр­қайсы­сы бір жанрды тал­дап шығар еді. Ол кітапқа әрі та­қырыптық тұ­тастық, әрі жанрлық жүйе­лілік сый­лар еді. Содан бар еңбек­тің тұтас си­паты қалыптасар еді. Жеті томдық «Түрікстан жинағын» жалпы алсақ, түрік халықтары тарихы, тағ­дыры туралы деуге болар. Ондай жағ­дайда жеті томдық жинақ тұтасып шы­­ға келеді. Ол жалпы алғанда. Же­ке­леп алсақ, жинақтың тақырыбы – әр­алуан. Түрік ұлт-ұлыстары туралы мә­лімет те, олардың тарихы да, әде­бие­ті де бар жинақта. Бір әдебиетті ал­сақ, қазақ әдебиетінен бастап өзбек, қырғыз, алтай, татар, башқұрт, шуаш, шор болып жалғасады. Бірақ, жеті томдық жинақ бір әдебиет туралы ғана емес. Алуан мәселе қам­тылады. Жинақ әр алуан тақырыпты. Жинақтың 1-ші кітабын ғана алып қарайық. «Түркістан және Елбасы», «Түркістан бағы», «Ұлы ұстаз, ғалым Бейсембай Кенжебайұлы және бас­қалар туралы жазбалар», «Түркология тарланы» (Ә.Нәжіп), «Көш­басшы» (З.Ахметов), «Министр­дің қабыл­да­уын­да» (Ш.Елеукенов), «Кісілікке бер­гісіз кішілік» (Ә.Жұмабаев), «Алаш­орда ақиқатын алғаш айтқан ғалым» (К.Нұрпейісов), «Абырой бо­лар шын ғалым аты…» (С.Қасқабасов), «мазаң жүрек, мазда­ған жыр…» (С.Мәу­ле­нов), «Шо­қауыз…» (С.Адам­­беков), «Мейірімсіз қа­ра жер, сөзіме менің қарашы…» (Айт­бай ақын), «Түрік дүниесіне та­нымал Түркістани» (Р.Сейтметов), «Аға» (Ө.Айтбайұлы), «Армысыз, Са­ғат аға?!» (С.Әшімбаев жайлы үш­та­ған), «Сырбаз болмыс» (С.Абд­рах­ма­нов), «Шымырлап ойға тараған…» (Ж.Дә­дебаев), «Бекзат» (Б.Байтанаев), «Сұмдық дарынды еді» (Е.Айна­бе­ков), «Ханның қамқа тоны» (М.Жол­дас­беков), «Бармасаң, келмесең жат­бола­сың» (Ш.Мұртаза), «Кісілі­гіңіз­ден ай­налайын, Әбіш аға!» (Ә.Кекіл­бай­ұлы), «Қимас қазына қай­да екен?» (Ә.Қайдариға хат), «Қа­зақ елі» – бей­нелеу өнерінің табысы», «Шор аль­бо­мы» (Арбачаков), «Қайсар қазақ»
(О.Сыздықов), «Байлдыр аға жайлы баян» (С.Жолдабаев), «Түр­кістанға байлан­ған тағдыр» (Қ.Са­ры­баев), «Өмірлік міндетім – өлең жазу…» (Қ.Сарыбаев), «Түркістандық Өмірбай ақын» (Ө.Сәуірбаев), «Шыңғыс шыңы» (Ш.Айтматов), «Таным сабақ­тары» (Қ.Нұрмаханов), «Сұлтандары соңына музейлер қалдырып өткен елде…» (Түркияға сапар), «Тамыры те­рең туыстық» (Өзбек – қазақ бай­ланысы), «Халық қазынасын қастер­леп…» (сұхбат), «әл-Фараби есімі әл­сіреп кеткен жоқ па?» (сұхбат), «Қасі­реттен қасиет ту­ғызар музей» (му­зейтану), «Түрік қы­зы – Түр­кістан­ның құрметті азаматы» (Ф.Сөнмез), «Түрік қызы­ның Түркістан атынан тартуы» (Ф.Сөн­мез), «Қазақстанда тұңғыш түр­кология кітапхана-музей ашыл­мақ» (сұхбат), «Түріктік тұтас­тыққа ұмтыламын…» (сұхбат).
Түріктік тарихтан алашшыл та­рих­шы ғалымға (К.Нұрпейісов) дейін, жеке музейдің жасалуынан қаласы тұ­тас музейге айналған Түр­кия­ға дейін, музей мәселелерінен музейлік же­ке экспонаттың табылып, зерттелуі­не (М.Жолдасбеков) шейін, археоло­гия­лық ландшафтан Сыға­наққа (С.Жолдасбаев) ұластырып, түрік әлемінен жер бетінен жойылып бара жатқан Шорға шейін, тәуелсіздік аламыз деп араласудан қалған қазақ-қырғыз жайы (Ш.Мұртаза көтерген мәселеге орай), түркология тұлғасы (Ә.Нәжіп) тағдырынан оның қазақ ға­лым­дары алып келіп қолды еткен жеке кітапханасына дейін (Ә.Қай­да­риге хат), әлемдік әдебиеттен шоң Шыңғыс Айтматовқа дейін, оның шы­ғармаларын алғаш қазақ тіліне қо­тар­ған (аударған) сыншы Қ.Нұрма­ха­новқа шейін, қазақ әдебиет­тану ғы­лымын түріктік бастауға сүйре­­ген Б.Кенжебаевтан Кенже­ба­ев­қа Түр­кістанда ашылмақ кітапхана-музейге дейін, өзін тәрбиелеген С.Әш­ім­баевқа шейін, ұстаз тұтқан Ә.Кекілбайұлының қайырымдылы­ғы, Түркістанды туған отаным деп қабылдайтын түрік қызы (Ф.Сөнмез) туралы қамтылған ма­қалалар. Аяғын­да «Түріктік тұтастыққа ұмтыламын», – деп, тілшіге ізгі ниетін, шығар­ма­шылық мақсатын сыр етіп айту, ой бөлісу.
Жинақта дегенде 1-ші кітапты ға­на сөз етіп, біреуіне ғана тоқталып отыр­мыз. Осындай тағы алты кітап бар, бәрі қосылып – жеті жинақ. Олардың әр­қайсысында тақырыпты игеру, форма тауып жазу, материалды игеріп талдау табиғатынан туатын ерекшелік, осы­ның бәрін ойша шолғанда «таң қал­дыра» (Г.Бельгер) білетін Ергөбек қа­ламынан қызықты туған қыруар ең­­бекке тап боламыз. Сөйтеміз де «…Ергөбековті Ергө­беов­тей бақайшағына дейін жіліктей шағып, жіліктей зерттеп, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керек­тігіне» (Ә.Ке­кілбайұлы) көз жет­кізіп «таңқалып, там­санамыз» (Ә.Кекілбайұлы).
Қ.Ергөбек әуелден түрлі тақы­рып­тағы мақалалардың басын зорлап иіп, кітапқа айналдыра беретін ав­тордан емес (Р.Нұрғалиев). Әр кіта­бы тақыры­бы жөнінен тұтас, әр кітабы бір жанр аясына топтастырылған дүниелер. Бірінші жинақ түрлі ма­қала­лардан бас құрапты. Екінші жинақта «Құбылып соқ­қан замана желі-ай..» (С.Мұқанов), «Халық да­налығы мен азамат ғалым тазалығы­ның үйлесімі (Б.Кенжебаев), «Жыр толағай» (Ә.Тәжібаев), «Дүние шір­кін, дүркін-дүркін, өтеді бір күн…» (М.Қаратаев), үшінші кітапта «Қай­ран, қазақ қыздары» (шындығында тү­ріктік қыз тұлғалар), «Ағалар тағ­ды­рын еске алсақ (тұтас С.Мұқанов жайы), «Құрдастарыма хат, немесе қа­зақ әдебиетінің бір буыны тағдыры» (Ж.Шаштайұлынан С.Мәметке дейін), төртінші кітапта «Алыс көк­жиектерді аңсаймын», «Тау мен Да­ланы туыстыр­ған» (Ш.Айтматов цик­лы), бесінші кітапта «Әдебиет зерттеушілерінің пірі» (Б.Кенжебаев), жетінші кітапта «Кітаби ақындар» тұтас тақырыпта туған бағалы дү­ниелер.
Аталған тарауларды тақырыптық тұ­тастығына, талдау табиғатына қа­рап жеке-жеке монография деп қа­рауға болады. Ғылыми, ғылыми-публи­цис­тік мәнерде жазылған моно­гра­фия. Көбісі ешқайда жария­ланбаған тың дүниелер. Әлі жеке кітап та болып басылар. Қай моно­гра­фиясы да тың де­регімен, жаңаша пайымдауы, та­нымдық мәнімен озық тұр. Оған дау жоқ. Бірақ, Құлбек советтік кезең әде­биетшілері сияқты С.Мұқанов, Б.Кен­жебаев, М.Қара­та­ев, С.Қирабаев, тіпті Шыңғыс Айтматовты әсіре к­өтермелеп, иде­лиза­ция жасап алаты­нын байқа­май­тын сыңайлы. Зерттеу объктісін жа­нындай жақсы көреді. Дұрыс-ақ. Жақсы көрген тұлғаларды мадақ дә­ре­жесіне дейін көтермелеудің қажеті қанша? Жөні – талдау емес пе? Тал­дау сәтінде тұлғаның жетістігі айты­лып, кемшілігі айқын көрініп жатпас па? Талдау Қ.Ергөбектің сын­шылық, әдебиетшілік мәнері. Дегенде, әде­биет­­тің айтулы тұлғаларының шығармасын талдағанда беделге басын июшілік байқалады. С.Мұқа­нов ірі тұлға. Бірақ, С.Мұқановтың поэмала­рын талдағанда (30-шы жылдар поэ­зиясы) тың деректерді қатыстырып отыратынына қара­мастан, әдебиеттің асыл мүлкі деуге бола қоймас. Енді, бір­де материалдар «Өлеңтану», «Өнертану», «Әдебиет­тану», «Тұлға­тану», «Түріктану» сияқты тарауларға жүйеленіп беріледі. Бұл да «Түрікстан жинағына» тақы­рыптық, жанрлық тұтастық беретін бағалы сипат. Сын­шы, ғалым бірінде айтпаған ойын екін­шісінде айтады, бір ойды екінші ма­қалада жалғап алып кете барады. Аяғында бәрі жинақтала келе тұтас дүниеге айнала­ды. Тұтас дүниенің оқырманына сыйлар танымдық қуаты да, эсте­тикалық ләззаты да мол бола­ды.
«Түрікстан жинағы» аталатын 7 кі­­тапта түрік халықтарының тарих толқынынан сүрінбей «құйрық, жалын сүзіп» шыққан жүйріктерін (Ш.Айт­матов, М.Кәрім, А.Яқубов, Ә.Кекіл­байұлы секілді), арғы-бергі тарихи кезеңде тіршілік кешкен ойшыл тұлғаларын, сұрыпталып шыққан әр дәуір туындыларын ірік­теп алып, өз уақытымен, қанаттас­тарымен салыс­тыра саралау, бүгінгі талаппен қарап талдау жасау – көрнекті қазақ әдебиет­шісінің үлкен табысы. Өзге замандас­тарында кез­десе бермейтін сұрапыл бейнет, содан туған ерекше еңбек шо­ғыры, сыншы ғалымның ғана емес, қа­зақ әдебие­тінің еселі табысы дерлік.
Өзін де, сөзін де сыйлайтын Шер­хан Мұртаза ол жайында: «Сіз адал жү­рек, ақ ниет, елге деген шы­найы жанашырлықпен қай мәселеге де аза­маттық парыз тұрғысынан қарайтын көрнекті әдебиет сыншысы, ғалым, жазушы, педагог ретінде Алаштың көш­бастар серкелері қа­та­рынан тең­дес­сіз орныңызды тап­тыңыз», – деп жазған еді.
«Түрікстан жинағының» әр то-мына алғысөз жазған бір-бір түрік жұртының бетке ұстар ғалымдар, жазу­шылар бағалары да осындай пікірге бастайды. Қазақ ғалымы еңбегін шолу түрінде сөз ете отырып, мақтаулы шы­ғармашылық портретін жасайды.

Айткүл Досыбаева,
филология ғылымының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір