«ЖЕТІ ҚАҒАН» ЖЫРЫ
23.03.2018
2061
0

көркем тіл мен кестелі сурет

Ауыз әдебиеті үлгілерінде сол тұстағы тұрмыс-тіршілік түйіні мен тағылымдары ғана емес, кезең-кезеңнің кестелі суреттері көбірек айшықталады. Таным, түйсік, әдет, әдеп әліппесімен біте қайнасып, шынайы шындық пен көркемдік шешім қатар өрбиді. Әлбетте ауыз әдебиеті үлгілерінің бәрінде дерлік, түп-түгел, тұп-тұтас кездесетін қайталаулар орындаушының немесе жыршының ұстанымы мен сол тұстағы тыңдарманның көңіл-күйін көтеру үшін де қайталанады.

Қайталаулардың түр-түрі – еспе, ке­зекті қайталау, бәрінде дерлік кез­десетін қалыпты қайталаулар бұл жырда да жиі ұшырасады… Мәселен, «Құнт аға сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді». Бұл бір жағынан жыр­шы­лардың жадында жылдар бойы сақ­талып, санасында жатталып, қа­лып­тасып қалған халықтың жанына жақын, табиғатымен туыстас теңеу­лер болып келеді, «оймақ ауыз, күлім көз, сұлу еді, өзі рас», әлбетте «оймақ ауыз» теңеуі халық әндерінде де, ха­лық өлендерінде қайта-қайта кез­де­се­ді, себебі әр халықтың сұлулық ту­­ра­лы қалыптасқан қағидалары бо­лары белгілі:
Сындар бойлы, өзі жас,
Ақ маңдайлы, керме қас.
Оймақ ауыз, күлім көз,
Сұлу еді өзі рас.
болмаса, Абайдың:
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Яғни, халық ұғымындағы сұлу­лық сипатының қилы қырларының бірі де, «оймақ ауыз», «күлім көз», Аб­ай айтқан: «кішкене аяқ» – мұның бәрі ойдан шығарылған жалған өлшемдер емес, ұлт ұғымымен үзең­гілес, ұлт танымымен тамырлас, ұлт та­биғатымен туыстас «сұлулық, қол мен аяқтың әдемілігі ғана емес, тұтас тұлғасының бір-бірімен бәсекелес болуы» деп Сенеке айтқандай, қазақ ару­лары бармағынан бал тамған шебер, шешен болғаны өз алдына, өз киімдерін өздері тігіп, өз үлгілерін өз­дері таңдай білген, әлбетте «оймақ ауыз» туралы теңеудің тұрмыс-тір­шіліктен туындағаны да таңғалар­лық жайт емес, күнбе-күн киім тігіп, кес­те тоқып отырған қыздың қасында ой­мақ жататыны белгілі емес пе?! Олай болса, Федор Достоевскийдің «кез келген қиялда шындықтың шы­р­ағы жанып тұрады» деуі де тегін емес қой, арудың аузы мен аяғының кіш­кене болуына көңіл бөлген халық, кө­зінің де күліп тұруына айрықша мән бергені байқалады, халық әнінде ай­тылатын «күміс құмған-ай, отта тұр­ған-ай, айналайын көзіңнен, ашып-жұмған ай» сынды жолдар да осы­­ны аңғартады, айқындай түседі. Қа­зақ әйел адамның аузының «ой­мақ­­­тай» болуын құптайды да, ер ба­ла­­ның аузының үлкен болуын «несібесі мол болады екен» деп жора­мал­­дайды. Әлбетте «Жеті қағанда» әйел табиғатына тән айла, амал әрекеттердің түр-түрлері іс, қимыл-қозғалыс аясында, оқиға орнында байқалып отырады. Бір сөзбен айт­қанда «оймақ ауыз, күлім көз» қазақ ұғымындағы көп айтылған, әрбір жырда кездесетін таптаурын теңеу болғанымен, әр жырдың нұс­қасында жаңаша сипатталып, «сын­дар бойлы өзі жас, ақ маңдайлы, кер­ме қас» теңеулеріндегі «сындар бойлы» сөзі эпостық жырларда аса сирек ұшы­ра­сады. Ал, керме қас, қиғаш қас, қалам қас, болмаса, ақ маңдай, жазық маң­дай, кең маңдай да жеткілікті. Жырда бір оқиға желісін баяндау барысында бүге-шігесіне дейін тәптіштеп, кей-кейде қазбалап кететін тұстар да бар­шылық, сонымен қатар жыр тілінің кө­рер көзге мен­мұн­далап тұратын кем­шілік­тері де шаш-етектен: «Ай­тыс­­пауға әйелмен, намысына қарыс­қан», «ысқы­рын­ған жы­лан­дай, ыш­қырына ша­бады», «қолы ышқырға бар­­ғанда, жаңа туған тауық­тай, қа­қыл­дады Жез­маңдай», «қос қол­дап сұныңдар», «ығы­ты­на келген іс», «жар­лық шашты жан­-жақ­қа», «тілін сай­­лап боқтауық», «Міл­мираның қым­­титып шашын кесіп алыпты», «құн­жита байлап белімді», «шақ­ша­дай басы қалқиып», «Арыстанға түсір деп, көп таласты ышқырды», «сөзге кел­мей тамтырап», «шетінедіңдер ұлық­тар осы арада ақылдан» т.с.с. Біз әрине жыр тіліндегі орашолақ ойлар мен оралымдар, тіл тазалығы туралы ғана бір-екі ауыз сөз қозғамақпыз. Мә­се­лен, «намысына қарысқан» қа­зақ баласы «намысыма тиді», «на­мы­сым­ды таптады», «намысымды қор­ла­ды» деп айтуы мүмкін, «қарыс­ты» деп айт­пайды, «тілі қарысты», «жағы қа­рыс­ты» десе бір жөн, олай болса, жыр­шының «намысына қарысты» де­генінен гөрі, біздің бағамымызша «намысына тырысты» деуі өтімдірек бо­лар еді, болмаса, ышқыр туралы тол­ғаныстардың тым тұрпайылығы да қайта-қайта көрініс тапқан. «Бас­ты түймені дұрыс түймелей ал­масаң, қалғандарының бәрі де теріс түй­­ме­ле­неді» деп Иоганн Вольфганг Гете айтқандай, басқасын сөз етпе­ген­нің өзінде, «қолы ышқырға бар­ғанда, жаңа туған тауықтай, қа­қыл­дады Жезмаңдай» деген алғашқы жол­дың өзі-ақ естір құлаққа түрпідей тимей ме?! Себебі, Виктор Гюгоның сөзіне сен­сек, «Ұлттың ұлылығы оның са­нымен сарапталмайды, сол сы­қыл­ды адамның ақыл-ойы да бойымен өлшенбейді». Қазақтың бұрынғы ба­тырлар жырында «Қорамсаққа қол са­лды, қол салғанда мол салды» деген жол­дар болушы еді, ал ышқырға қол салу­ды осы жырдан оқып отырмыз. Оның үстіне «қақылдау» да, «жаңа туған тауық та» көңілге қонымды бо­лып тұрған жоқ. Жаңа туған тауық «дү­ниеге сәби әкелдім» деп әйгілей­тін­дей, ал бұл жердегі «қақылдаудың» қан­дай мән-маңызы бар?! Сондай-ақ «Жар­лық шашты жан-жаққа» жо­лының да, дәлірек айтсақ, «шаш­ты» сөзі орынсыз қолданылып тұр. Абай­ша айтсақ – «бөтен сөз», Абай­дың «Бөтен сөзбен былғанса сөз ара­сы» деген өлең жолдары бар ғой, сол жол­дар­дағы «бөтен сөз» деп отырғаны да осын­дай орынсыз қолданылған сөз­дер ғой. Қазақ баласы жарлыққа қатысты «Жарлық қылды, шығарды, жүргізді, етті, жариялады» деуші еді, ал «шаштыға» келсек, оның да өз сыңар­­лары бары белгілі: сәуле шаш­ты, су шашты, шашу шашты т.с.с. Бол­маса «құнжита байлап белімді», «шетінедіңдер ұлықтар» дегенді алайық­­шы. Осы арада жыр жолда­рын­дағы «құнжита» да, «шетінедің­дер» де шығарманың шырайын кел­тіріп тұрған жоқ, жас сәби ше­тінеуі мүмкін, «шетінеу» – шығын шықты, немесе өлімге қатысты ұғымды білді­ре­ді, «құнжита» деген сөздің астарын­да «құн-жын» болу, «құнжың қағу», «құн­жыңдау» «құнжыңдасу» тұрса, оның өзі белге қатысты теңеу болса, қалай болады?! Біздіңше «құнтиту» көбірек келеді, себебі «құнтита бай­лап белімді» деп қазақ айтады, ал екінші бір қонжита деген сөзбен де ша­тастыруға әсте болмайды. Ака­демик З.Қабдолов «Әдеби шығарма тіл арқылы жазылса, тіл сөзден құра­лады», – демеуші ме еді?! Ал әр сөз о баста образдан туған, келе-келе олар­дың көпшілігі ұмытылған да, солар­дан туған сөздер ғана қалған. «Сон­дық­тан образды тіл деген ұғы­м­ды жаңа­лық деу қиын». Бұл – әр сөз­дің табиғи қасиеті. Иә, ғалымның айтуын­ша, сөздің туған топырағы бо­лады. «Құнжита» сөзінің серіктері қандай сонда? Ол нендей жағдайда қолданылады? Міне, осыған назар аударғанымыз абзал. Ал белге қа­тыс­ты қазақ ұғымындағы қалыптасқан тір­кестер: бел алу, бел байлау, бел ба­­ла, бел буу, бел бүгу, бел жазу, бел көр­сету, бел көру, бел құда, бел орақ, бел ортасы, бел шешу, бел қайысу т.с.с болып кете береді, ал бел бай­лауға қатысты болса да «құнжиту» сөзі еш қисынға келмейді. Ұлы ой­шыл Беранжеше айтсақ, «Әркім бір қол­данып ығыр қылған, арзан сөз­дерге жоламайтын болады». Ал құн­жиған «құн – жың қағу», «құн­жың­дасу» сөздерін қазақтың «асыл сөз­дері» деуге де негіз жоқ, яғни бір сөз­дің өзі бүтін бір сөйлемнің құтын қа­шырады, болмаса «шыбын­дай шынды жасырма, кемітпе де асырма» жолдарында жадағайлық, жайдақтық басым. Сонда «шыбындай шын» қан­дай шын, қазақ ұғымындағы шы­бын­жан, шыбындай, шыбындасу, шы­бын­дату, шыбындау, шыбынқағар, шыбынқанат, шыбынсыз, шыбынша сөздерінің бірде-біреуі «шынмен» тір­кеспейді, ал шыбынмен шұр­қы­ра­са қалған шын сөзінің қандай сиқыры бар. Қазақта «зәредей шыным», «иман­дай шыным» деп ант-су ішіп жа­тады, бірақ, «шыбындай шыным» де­генді естіген емеспіз, бұл әрине көр­кемдік ерекшеліктеріне қатысты бол­ған соң тоқталдық. Қазақтың қы­зы кесте тігу үшін түрлі-түсті жіп­тер жинайды, сол жіптердің қайсысын қол­дану үшін де көп ойланып-тол­ғанады, сол сияқты қай сөзді қалай қолдану керектігін авторы жоқ, ауыз әдебиеті үлгісіне жүктеу мүмкін емес болғанымен, оқырманның ойы мен тілін қисынсыз сөздермен, тұрлаусыз тіркестермен тұтқында­ған­да не табамыз. «Егер шешен сөйлеп, сөз саптай алсаң, сол күйінде сөйлей бер, ал олай болмаса тіліңді түзе», – деп фран­цуз жазушысы Жюль Ренар айт­қан екен, болмаса, француз ақы­ны Николо Буало: «Кім орамды ой­ласа, сол орнықты ой айтады», – депті. Екі жағдайда да, тілге қатысты ай­тылған пікір: сөйлеу тілі, жазу тілі деп жілік­теп-жіктеп жатпайды. Міне, біз тілге тиек еткен кейбір кемшіліктер тек тікелей тілге қатысты болғанымен, әрбір бет, әрбір парақ сайын шұбы­рып жүретін «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама сөздерді» аттап өте ал­май­сың: «ештемеден тайлықпай, айба­ты­нан қорынып, тұрды бірдем таяу­лап, нығызсиды, шелиіп, күркі­рей­ді найзасы…» т.с.с. теңеулер көз сүрін­­діреді.
Ал енді алты аршын найза, тіле­ге­нін тел қылып, көңілін жылы жай етіп, қара жағам жүзіме, жала жабам өзіңе, арбағанға түсетін, ала торғай мен емес, шеру тартып, шеп жайып… т.с.с. теңеулердің табиғатына бойлай білу де оқырманның ойын сабақтауға оң әсерін тегізеді. «Жан сүйгенім – ол да өлең, жете алмасам, жолда өлем» деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, «Жеті қағанда» ұйқасатын, ұйқаспай­тын жолдар да кездеседі. «Жеті қаған­ның» кейіпкерлері де «сен тұр мен атайын» болғанымен, аттарынан ат үркетіндей, бұрынғы, қазіргі қазақ есім­дері кітаптарына енбеген қазақ құлағына түрпідей тиетін атаулардың, дәлірек айтсақ, аттарына істері сай келіп жататынын қайтерсіз: Қар­таң­хан, Сетерхан, Мілмира, Жезмаңдай, Арыстан, Түктабан, Сақия, Құнт, Миян, Күлмира, Сақауыл, Татай т.с.с. «Қай­да барсаң – қорқыттың көрі» де­мекші, қайда барсаң алдыңнан Жез­мандай шығады, жүрген жерінің бәрі – бүлік, дау-дамай, әлде жез маң­­дай атануынан ба, әлде маңдайы­на жазылғаны сол ма? Жезмаңдай бірде маңдайын тасқа соғады, бірде жарады, қазақ ертегілерінде сипат­талатын мыстан кемпірдің кимешегін киіп алғандай әсерге бөлейді. Жам­ғыржан, Көккөтен есімдері де қазақ табиғатына жат, бір жағынан жырды орындаушы немесе жұртқа жеткізу­ші­лердің арасында басқа ұлттың өкіл­дері болды ма екен деген күдік-күмән да туады.
«Қаһарланып шабынып, етек-жеңі қағынып, шығып кетті Жезмаң­дай», бұл бір күнгі қимыл-әрекеті ғана емес қой, күнбе-күнгі айла-әре­кеті, енді бірде Жезмандайы Қартаң­ның сарайда жалғыз отырды, Самар­қаннан кетудің қарарына бекінді». Бұрын соңды қазақ эпостарында кез­деспейтін кейіпкер, яғни әйел та­биғатына тән емес кесір қылықтың сан түрі Жезмаңдайдың маңайынан табылады. «Бірді-бірге соғып, өтірікті шындай қылып» жүретін жандар бү­гінде бар, бола бермек. «Әйелдер мен пілдер кінәңізді кешірмейді», – деп Гек­тор Хью Монро қалай тауып айт­қан. «Жезмаңдайдың кешірім сұра­ғанын, кешіріммен қарағанын көр­мейсіз, үнемі және үздіксіз өш алу мақ­сатында жоспар құрады, құрып қана қоймайды, аяқ астынан жоспа­рын жүзеге асыратын «сәтті сағатты күтеді». Жырдағы оқиғалар өткен орын­дар мен тарихи атаулар, қалалар, өзен, су атауларының бірсыпырасы күні бүгінге дейін бары белгілі, соған қа­рап оқиғаның болғанына күмән кел­тірмейсің, ал Арыстанның айт­қан­­дары, шынында батырдың сөзіне ұқсайды:
Тарт атыңды, бұра тұр,
Сөзімді менің ұға тұр,
Өрекпімей, ағайын,
Сөзімді менің ұға тұр.
Сөзі ірі Арыстанның іс-қимылы да кесек, Арыстан ақырғанда дауы­сынан шошынған жасақтар аттарын тастай қашты. Кәдімгі қазақ жырла­рына тән құбылыс қой, болмаса:
Тірі қалған жасақтар,
Түсінде көріп бақырды,
Түнімен ұйықтай алмады.
Өңі түгіл түсінде үрейі ұшқан жас­ақ­тардың жөн-жосығы Арыстан­ның айбатын айғақтай түсетіндей, болмаса:
Бет келген әрбір кісіні,
Бақидың салды жолына.
немесе:
Бұл Түктабан дойылда,
Жоқ қылыш, найза, сойыл да…
Көрдіңіз бе, жырда біресе Түкта­бан, біресе Арыстан болып жүретін батырдың қолында қаруы да жоқ, бұл да бұрынғы батырлар жырында сирек кездесетін кейіпкер. «Жолы болғыш жі­гітті терең суға батырсаң да, біраз­дан соң аузына балықты тістеп, су бе­­тіне қайта шығады», – деп поляк ақы­ны Юлиан Тувим тұспалда­ға­нындай, Түктабаннын табаны таятын жері жоқ. Жырдағы жауыздық пен жы­мыс­­қылық, қулық пен сұмдық, бақай есеп пен бақталастық тартысы жасы­рын жүріп жатады.
«Келе жатты бейшара, құдай бас­қа салған соң, көнбесіне не шара?» – деп жырда бейнеленгеніндей бей­ша­раның күнін кешкендер де «Жеті қағанда» баршылық. Батырлар жы­ры­ның көркемдік ерекшеліктері кө­бінесе теңеулерден түзілгені болмаса, ал салыстыру атаулының бәрі де сәтті бола бермейтіні белгілі. Әйтсе де жыр­да жиі кездесетін теңеудің бірі – алаторғай, бұл біздің бәз-баяғы жыр­лардағы бозторғай, қараторғай емес. «Арбағанға түсетін алаторғай мен емес» немесе «алтын садақ қазақ­ты» деген теңеулер де бізге беймәлім, әйтсе де түсініктемелерде көрсе­тіл­гендей, садағын былай қой­ған­да, «қ­а­зақ» сөзі түрікшеге аудар­ғанда баю, байлық деген мағынаны білдіре­ді екен. Соны­мен қатар, ақ кебін, ақ­жал ат, ақсақал, ақ жолбарыс, ақ орда, ақ шағыл, ақ келін, ақ маңдай, т.с.с. сөз­дер де ұлт ұғымымен үндесіп жатады.
Эрнест Хемингуэйдің пікірінше, «жазушы жазатынын тек қана жазу керек, ал оны айту әурешілік». Ал ауыз әдебиеті үлгілері әуелі айтылып, ауыз­дан-ауызға тарап, өзінше өзге­ріс­терге ұшырап жеткен жазбалар. Бұл жағынан қарағанда, қанша қаған болса да, қазаққа жұмақ орнат­пай­тыны белгілі ғой. Дегенмен, сол ке­зең­нің кестелі суреттері мен сөздері қа­зақ ауыз әдебиетінің қанжығасын май­лап, қазанын толтырады. Бұл жа­ғынан алғанда, қолжазбаның кітапқа айналуы құптарлық қадам. «Алуан-алуан сөз айтты, ащы-тұщы аралас» деп жырдың өзінде айтыла­тындай, көркемдік дүниесінің төрт құбыласы түгел деуден аулақпыз. Де­сек те, сол за­ман, сол замана шын­дығы сол қал­пында сақтаулы – ұлт, ұрпақ алдын­да­ғы аманатқа қиянат жасамау деп ойлаған жөн шығар. Дастандағы дау мен тартысты, оқиға мен оның өрбуін тараулар табиғаты­нан, атауларынан айқын аңғаруға болады. Қазақ то­пы­рағында туында­ған туынды­лар­дан ерекшеліктері де бар екенін ескертуі­міз қажет. Ол – жырдың мейлінше ық­шамдылығы, яғни 6-7 буынды, әрі кеткенде 7-8 буынды екендігінде де, көркемдіктен гөрі қарапайымдылық, ауыз-екі сөйлеудің үздік-создық үлгі­лері бай­қалады. Біз мұны ұйқас тұр­ғысынан таразылай келіп, тап басып ай­туға тиіспіз. Әлбетте «кетпеннің жуан са­бындай, қолдарының сау­са­ғы» деп бейнелегеніндей, жыр сау­са­ғының, жүрек саусағының мейлінше нәзік екенін ескеріп айтып отырмыз. Абай аудармасындағы, «жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» дегендей, талпыныстың бәрі – сұранысқа бастайды. «Маған мұра­­жай беріңдер де, толтырмасам кө­рің­дер», – деп Пабло Пикассо айт­қан­дай, «Жеті қағанның» толық нұс­қасы – толыққанды дүние.

Шайгүл РАМАЗАНОВА,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір