Он айыпқа – бір жауап
23.03.2018
2365
2

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ


Қазақтың мінезін Абайдан артық та­ныған, сынаған адам болды ма екен. Сол Абайдың өте-мөте жек көр­­ген бір мінезі күншілдік еді. Бала ке­зімізде «Тәйірі, Абай заманының адам­дары сондай болған ғой, ал қа­зір­гі заман адамдары шетінен білімді, мәдениетті, адамгершілікті емес пе» деп ойлаушы едік. Бақсақ, күншілдік дер­ті алғашқы адаммен бірге жара­лып, соңғы адаммен бірге кететін тә­різді ғой. Қарапайым пенделерге не жорық, өзіміз бірде әулиеге, бірде пе­ріштеге, тіпті, бірде Пайғамбарға теңеп жүрген қаламгер деген қауым­ның да асқынған дерті күншілдік екен. Әдебиет үшін, оқырман үшін әр қаламгер – бір әлем емес пе?! Әр­қай­сысының өз үні, өз өрнегі, өз бояуы, өз нақышы бар. Өз сіңірген ең­бегі бар. Еңбегіне қарай – орыны бар. Орнына қарай – бағасы бар. Ба­ғасына қарай – беделі бар. Әр қа­лам­гердің екінші мәңгілік ғұмыры­ның ұзақ­тығы осы бағамен өлшенсе ке­рек. Өкімет берген орденмен немесе әлде­бір күмәнділеу конкурс­та алған орынмен емес. Тіпті, «таны­мал­ды­лық» дегеннің өзі жалғыз бір биік шың болғанның өзінде оған жету үшін әркім өз атын қамшылауы ке­рек қой. Ал бізде солай ма? Жоқ, мін­детті түрде біреуді күстәналап, біреудің еңбегін мансұқтап, біреуді қаралап, қарғап бітеді. «Менен басқа мықты жоқ, жалғыз керемет мен» дейтін ақкөз надан, өркөкірек, даң­ғой, дарбаза, керауыз, қыңыр қа­лам­герлер бұрын да болған, қазір де бар. Халық сүйген танымал тұлғалар, ақын-жазушылар туралы әлдебір өш­пенділікпен тісін шықырлатып тұрып айтқан мына «ұлы ақынның» журналға жарияланған сұхбатын оқып па едіңіз?
– Менен мықты ақын жоқ, егер шықса қуанар едім.
– Шекспир деген адам жоқ, бол­ған да емес.
– Пушкинді қазіргі орыстар ақын деп санамайды, қазір әр жүз ал­қаш орыстың біреуі сондай ақын.
– Олжас – ең топас ақындары­мыздың бірі.
– Мұқағали орташа ғана ақын. Ол да, оның өлеңін оқитындар да хал­турщиктер.
– Бұлар – (Жұмекен, Мұқағали, Әбіш Кекілбай, Төлеген, Саин, Қа­ли­хан, Әкім т.б) ЦК-нің күшіктері.
– Қазақтың бар ақыны менен көшірген. Қадыр, Тұманбай, Фариза, тіпті Әбіш Кекілбай да баяғыда бірге оқып жүргенде менен көшірген.
– Мағауин – адам емес.
– Уақытқа жауап беретін өлең ме­нікі ғана.
– Маған Міржақып та, Ахмет те, Мағ­жан да ұнамайды.
– Баяғыда Ілияс Есенберлин Мем­лекеттік сыйлыққа ұсынылған­да, үстінен арыз жазған біздер едік. Со­дан Ілияс өтпей қалып, Мемле­кет­тік сыйлықты Әзірбайжанның бір жазушысы алды.
Мақтанышының түрін көрдіңіз бе! Ағайынның атын оздырмай, ауыл­дастың тайын оздырғанына мәз Қа­зекең. «Біріңді, қазақ, бірің дос. Көр­месең істің бәрі бос». Әттең, әруа­ғыңнан айналайын Абай-ай! Осы­ны айтқан «ит көрген ешкі көз­деніп», жан-жағына күйе жаққан бір қыңыр қызыл көз дейік. Бірақ осын­дай «сұхбатты» алып отырған жур­на­лист, оны басып отырған баспа осы­ны қандай ақылға, қандай эти­каға сидырады? Болмаса қазіргі за­манда біреудің атын кіші әріппен жа­зып қойсаң, «жеке басымның бе­деліне нұқсан келтірді» деп сотқа бе­реді. Тағылған әр кінәнің дәлелі болмас па?! Жаңағы «Әттең, менен мықты ақын әлі туған жоқ» деп аh ұрып отырған «мықтының» 2-3 шу­мақ (сол журналға жарияланғанына қар­ағанда ең тәуір өлеңі шығар) өлеңі­не қарайық:
– Шілдеде екеумізді жаңбыр қуып,
Тығылдық торғын жібек қолшатырға.
Қолшатыр пана болмай қалғандықтан,
Тығылдық одан да өткен мол шатырға.

– Орманды қалың-қалың аралаймын.
Қыздарға анау-мынау қарамаймын.
Шатыр деп отырғаным шатыр емес,
Түбі екен шіріп кеткен қарағайдың.

– Шампан, шәрбат, шараптар,
ақ арақтар.
Көселер, көк тұқылдар, сақалы ақтар.
Тезірек біздің тойға жиналыңдар,
Біздерде махаббат бар, махаббат бар.
Мінеки, ХХ ғасырдың «жалғыз мық­тысының» таңдаулы шумақ­тары. Қолшатыр мен молшатырды қалай тебіренбей оқисыз. Тым құрыса ақ­қайыңның аясында емес, шіріп кет­кен қарағайдың түбінде емес, түбі­рін­де (Құдайым бір жерлеріне кіріп кетер ме екен) отырған ғашықтар се­зі­міңізді селт еткізе ме? Ақ сақал, көк тұқыл, көсе-қонақтар қандай? Ары қарай «Орманды қалың-қалың ара­­лаймын» деген соң-ақ, «Қама­жай­­ды» шырқап кеткің келеді. «Қыздарға анау-мынау қарамаймын» деген соң-ақ, қалай «Он алты қызға» ба­сып кеткеніңді өзің де сезбей қа­ла­сың. «Біздерде махаббат бар, ма­хаб­бат бар» дегенде құлағыңа әлде­бір алыпсатардың арзан товарды жар­намалап айқайлаған үні келеді. Егер осы ақын қанша қаламгерлері­міз­­ді даттамағанда, «ұлы ақынның» «ұлы шумақтарында» біздің де жұ­мысымыз болмас еді.
Негізгі айтайын дегенім – Әуезов­­ке тағылған жөнсіз кінәлар. Бұдан бұ­рынғы «Еркін тиді екен деп», «Тө­бе бидің төрелігі десек бо­лар ма» де­ген мақалаларымда «Абай­ды Абай еткен Әуезов пе әлде Әуе­зовті Әуезов еткен Абай ма?», «Әуе­зовті Әуезов ет­кен не?» деген даулы пікірлерге жауап бергенбіз. «Жаны аяулы жақ­сыға қосамын деп, әркім бір ит сақ­тап жүр ырылдатып» дегендей, Әуе­зовке де талай ит айтақ­талған ғой. Бірақ ит үрді деп керуен көшпей қоя ма… Әуезов атына әлі күнге дейін айтылып жүр­ген ең жабайы, ең топас, «пәлен жерде пәлен сөй­ деген екен ғой» дегеннен басқа дәле­лі жоқ айып­тардың түрі мынандай:
1. «37-де ұлтым дегендердің бәрі өл­генде, ол қалай тірі қалды?» (Көр­діңіз бе, тірі қалғаны үшін де кінәлі). Шын үңіліп қарасаңыз, «ұлтым, қа­за­ғым» дегенді ең алдымен айтқан – Әуе­зов. Ол небары 20 жасында жаз­ған «Еңлік-Кебегінде» абыз-әулие­нің аузына мынандай сөз салады:
– «Төңірегіңді торып жүрген кә­пір­ді көрмей, жағаласар жауың мұ­сылман баласы болса, өрісің ұзақ бол­мас. Төңірегіңді торыған жатты көр­мей, жағаласар жауың жақының боп­ты», – дейді. Осындағы – кәпір, жат де­генді сол кезде қорықпай жазған Әуе­зов ұлтым демей тұр ма? Осы үшін ғана қатты сынға ұшы­раған Әуе­зов (ал сынаған кімдер? Осы қа­зір өзіміз құдайдай санап жүрген сын­шы-ғалымдар) кейін бұл сөздерді алып тастағанмен, мына сөздерді ал­ма­ды. Тағы тәуекелге барды. Тра­ге­дияның ең соңғы сөзі залға-кө­рер­менге:
– Келер ұрпақ жазықсыздар ар­манын сақтап өтсін. Арыстарымның арманын ақтап өтсін. Жасыма, елім, шермендем! – демей ме. Абызға айт­қыз­ғанмен, осы Әуезовтің өз үні емес пе. «Арманда кеткен арыс­та­рым» дегенде Еңлік-Кебекті ғана а­й­тып тұр ма. «Арыстарым» деп бір қыз, бір жігітті айтпайды, ғашықтар де­се керек еді. Бұл жерде жазықсыз құр­бан болған Алаш арыстарын ай­та­ды. «Шермендем, елім» деп ашық ай­тып тұрған жоқ па. Қанша әккі бол­са да «сыншылар» осыны бай­қа­маған екен де. Тіпті, Абайды жазуы­ның өзі үлкен ерлік емес пе. Асқан ұлт­жандылық, тіпті ұлтшылдық емес пе.
2. «Әуезов өз кейіпкерлерін Шекспирге еліктеп жазған. Сырым­ды Гамлет жасамақшы болған». Бұл қайдан шыққан сөз? Соған келейік: Тегінде Әуезов жайлы дәл, нақ баға­ны шетелдіктер берген. Андре Стиль тіл шеберлігін Гомерге теңесе, Альф­ред Курелла «әр кейіпкердің бойы­нан Шекспирлік құштарлық, қызу­қандылық көрем», – деген. Ку­релла­ның ау­зынан «Шекспир» деген сөз шығуы мұң екен, Әуезовке сын айт­қанның бәрі Шекспирге бір соқпай кет­педі. Бара-бара Әуезовтің әр кейіп­кері Шекспирдің бір кейіп­кері­нен алынған дегенге сайды. Мы­салы, Ғаббас Тоғжанов не дей­ді:
– «Баяғыда бір қазақ ботаны кө­ріп, «жарықтық, түйе болайын-бо­лайын деп, бола алмай қалған екен», – депті. Сол секілді біздің «Мұхтар Шекс­пир болайын-болайын деп бо­ла алмай қалған ғой. Сырымды Гам­лет жасағысы келген»-деп кеке­теді. Ал бүгінгі дүмшелердің әлі мал­данып жүргені осы сөздің шала жаң­ғырығы ғана. Курелла мен Андре Стиль еш күндеусіз, алғаусыз ақ көңіл­мен ұлылықты таныды. Әуе­зовтен Гомерлік, Шекспирлік қуатты та­ныды. Оларда қызғану жоқ, қы­зығу ғана бар. Ал біздің қазақ сын­шы­лар соны бұрмалап, өз «кәдесіне» жаратып жатты.
«Әуезовтің мұншалық биікке кө­терілуінің себебі – оның алдында ба­тыстық, орыстық классика тұрды» де­генге сайды. Ау, сонда орыс, батыс классикасын сол кездегі басқа қаламгерлер оқымап па? Бірақ бәрі Әуе­зов боп кетсе қанекей… Бірақ сол сыншылардың бірде-бірі Әуезов мына жерді, болмаса мына жолды Шекспирден, Сервантестен, Гомер­ден, Толстойдан көшірген дей ал­май­ды. Дәлел жоқ. Егер Шекспир «Гам­летті» жазбаса, Әуезов «Қара­гөз­ді» жазбас па еді? Ал салысты­райық:
Гамлет – корольдің Англиядағы тақ мұрагері, Сырым – жай ғана ақын, әнші, дала серісі, әсем боз­бала. Екеуін бір-біріне ұқсататын жалғыз қа­сиет – әділдік, адамгер­ші­лік, махаб­бат жолындағы күресі ғана. Ал айыр­машылық қандай?
Біріншіден, Гамлет – жеке ба­сы­ның кегін алуды ғана мақсат етті. Ол Клавдийді өлтіріп, таққа өзі отырса, оның күресі сонымен бітеді. Анг­лия­дағы қоғамдық не корольдік би­лі­кті өзгертейін деген ниеті жоқ.
Ал Сырым Қарагөз үшін ғана емес, күллі қыз теңсіздігін, қалың­мал деген тұсауға қарсы сөзбен болса да күреседі. Сырым қаңғып кеткенде де бетімен кеткен жоқ. Байдың ма­лын барымталап, жоққа, кедейге тарат­ты. Бұл жерде Сырым тап тар­тысы дегеннің не екенін білмесе де, әйтеу әділетсіздік, үстемдікке қар­сы.
Екіншіден, Шекспир әділет жо­лында күресу үшін Гамлетті жын­дандырады. Ал Әуезовтің Сырымына шын­дықты айту үшін жындану ке­рек болған жоқ. Ол сау жүріп-ақ әр сөзін бетке соққандай батыл айтты.
Үшіншіден, Белинский айт­қан­дай Гамлеттің «әр сөзінен у там­шы­лағанмен», кей әрекеті нанымсыз. Қарындасының қабірі басында қара жа­мылып, қасірет шегіп отырған Лаэртке барып соқтыға кетеді. Осы жерде «жындының аты – жынды ғой» дейсің еріксіз. Сондай-ақ, аяқ­талар сәтте төрт кейіпкердің жапы­рылып өле кеткендері. Гамлет жын­данбай-ақ әділетті күреспен жалған корольді ха­лыққа жария етіп әш­керелеп, мұрагерлік құқығын қор­ғауына болушы еді. Жоқ, Шекспир оны жын­ды ғып қойды. Жынды қалай ко­роль бола алады? Шекспир Гам­лет­тің мүмкіндігін жоққа шығарды емес пе.
Төртіншіден, Гамлет – Батыстың ұлы. Оның сөйлеу мәнері, әдебі мен эти­касы да – батыстық. Мысалы, ол ту­ған анасы – королеваға былай дей­ді:
– Арыңызды, әріңізді төктіңіз.
Қор болдыңыз, екі жүзді ез бике.
Тер шылқыған лас төсекте бусанып,
Ырсалақтап, өле жаздап…
Өзінің қалағанын қызықтап
Жату неткен масқара!
Гамлет үшін туған анасына осын­дай бейәдеп сөз айту оғаш емес. Ал Әуезов Гамлет етем деп Сырымның ау­зына осындай сөз салса жарасар ма еді. Шығыстың, қала берді Түр­кінің абырой-әдебіне жатар ма еді? Әуе­зов не жазса да ұлт табиғатын та­за сақтайды.
Бесіншіден , Шекспирдің негізгі, бас кейіпкерлерінің монологтары бол­маса, (мысалы, Отелло, Гамлет) қал­ған кейіпкерлерінің сөйлеу тіл­дері өте қарапайым. Көбіне қысқа-қыс­қа сұраулы не атаулы, толымсыз сөйлемдер. Ал Әуезовтің кез келген кейіпкері ағып тұрған шешен. Шекс­пирдің ақ өлең үлгісімен жазылған мо­нологтарын оқысаңыз, қара сөз­бен жазылған шығарманы оқығандай ғана әсер аласыз. Ал Әуезовтің қара сөзбен жазған жерінің өзі ағып тұр­ған ақ өлең. Тіл көркемдігі, шешен­дігі жағынан мен Әуезовті Шекспир­ден артық деуге еш қысылмас едім.
Алтыншыдан, Шекспир негізі­нен трагик деп аталады ғой. Бірақ онда не таза комедия, не таза траге­дия жоқ. Қандай трагедиясын ал­майық, кейіпкерлерінің тілі сай­қы­ма­зақ, қылжақбас, қыршаңқы тіл. Мы­салы, үсіп өлгелі жатқан қызмет­ші­ден «кімсің?», – деп сұраса, «бір ке­сек мұз­бын ғой», – деп жауап бе­ре­ді. Ал Әуе­зовтің комедиясы – комедия, тра­гедиясы – трагедия. Әуезов Шекс­пирден көшірмек түгілі оған сын көзімен қараған. «Үш бірліктің дара­лы­ғын бұзды» деп ренжиді Шекс­пир­ге. Жас кезімізде Шекспирді (ау­дарма) оқығанда, «Шекспир біздің қазақтың мақал-мәтелдерін де білген екен-ау» деп таңданатын едік. Сөйтсек ол да біздің аудармашы қа­ламгерлердің құдіреті екен ғой. Ал әруақтың көрінуін Шекспирге елік­теді десек, әруаққа сену, оған сиыну, әруақтың аян беруі, жауға «я, әруақ» деп шабу – біздің ата-бабаларымызда сонау арғы заманнан, тіпті Шекспир дүниеге келмей тұрған заманнан бар. Ол біз ислам дініне кірмей тұрғаннан бар. Тіпті, осы қазірдің өзінде жан­ұя­ға не жақсылық, не жамандық бо­лар­да о дүниелік жақындарының бірі түске кіретінін қай қазақ жоққа шы­ғарады? Оның үстіне Қарагөз әруағы Сырымның түсінде ғана кө­рі­ніп, аян береді. Шекспирде әруақ әр түн сайын түн кезіп жүреді. Әуе­зов­тікі қазақи наным-сенімге шет бо­лып тұрған жоқ. Мәселе, әруаққа ті­реліп тұрса, онда Пушкин «Тас мейманды» Шекспирден алды деп неге ешкім айтпайды?
Шекспир – ұлы. Сөз жоқ, Әуезов оны терең білді. Әуезовтің өз за­ман­дастарынан ерекшелігі де сонда – ол батыс, шығыс, орыс классикасының тұнығынан жүзіп ішкен. Аса білімді еді. Ал жалаң еліктеу, қайталау – оған жат. Өйтсе Әуезовтің кім болғаны.
3. «Алдында Горький, Толстой, Шо­лохов сияқты алыптар болғасын, Әуе­зов осындай биікке көтерілді».
Біздің қазақтың бір соры – өзін қор, өзгені зор санап үйренген құл­дық психологиядан арыла алмауында ғой. Әлі арылған жоқ. Қазірдің өзін­де бір шетелдіктің аты аталса, жүз қа­зақ «Алла» деп құлап түседі. «Мүм­кін Әуезов шеберлігі одан да артып тұ­рған шығар» деп ойлау қайда. Ой­ламақ түгілі ондай сөздің шеті шық­са, жағаларын ұстап, суқандары ұшып кетеді. Жандары шыға қар­сы­ласып, өре түрегеледі. Әлі күнге Піс­мілласы – Белиский, Тәңірісі – Толс­той. Аға ұрпақ – кешегі сұра­­пылдың сал­қы­ны бойларынан кетпей, секем­де­ніп қалған ұрпақ қой. Сондықтан да қаласын, қаламасын олар Толс­той­сыз, Шолоховсыз, Горькийсіз сөз бас­тай алды ма. Олардың Әуезовті бар жетістіргені – соларға жетіп қалды деу. Ал одан бері де 70-80 жыл болды ғой. Тым құрыса бүгінгі ұрпақ өз көзі­мен қарап, өз бағасын неге бермейді? Әлі сол ескі мен жаңаның тартысы, феодализмнің қалдығы, Құнанбай – үстем тап өкілі. Абай – революционер» дегенді қаузап отырсақ, әлі «Белинс­кий былай дегенсіз» сөз бастай ал­май отырсақ, бұл не деген сорлы­лық! Горький – Әуезов. Екеуі екі басқа әлем. Бұл арада да Белийнскийге жү­­гі­нейік. «Қаудыр тон мен шабата ұлттың сипатын бере алмайды» де­ген. Горькийдің кейіпкерлері со­лар емес пе. Ал Шолоховқа келсек, Әуе­зовті Шолохов бағасымен өл­шеуге Сағат Әшімбаев қарсы болған. Ал Толстой ақсақалдың тереңдігі болма­са, шеберлігі Әуезовке жетпейді. Бұл атүсті жазатын мәселе емес. Өзі бір зерт­теуді керек ететін мәселе. Деген­мен бір-екі ғана мысал келтірейін.
Біріншіден, Толстойда кейіпкері­нің атының алдынан келетін бір-бір үйір эпитеті болады. Мысалы, қу­шық жауырынды, арық келген әске­ри адам десе, ары қарай әлгі адам тура­лы 20 рет айтылса да, осы тір­кес­ті 20 рет қайталайды. Тіпті, күлкің келеді. Лев Толстойдың өстіп эпитет­тің қадірін кетіргені сон­шалық – Алек­сей Толстой «эпитет – масқара нәр­се» деді. Орнымен қол­данса эпи­тет неге масқара бол­сын.
Екіншіден, Толстой кейіпкер­ле­рінде әрекет көп, ішкі жан толғаны­сы, сезім, сұлулық аз.
Үшіншіден, біз «дөрекі натура­лизм» деп Бейімбетті кінәладық. Ал «дө­рекі натурализмнің» көкесі Толстой ақсақалда жатыр ғой.
Ендеше, неге үнемі Әуезов ал­дын­да солар көлбеңдеп тұруы ке­рек?
4. «Абай жолының» алдында «Ев­гений Онегин» тұр. Әруағыңнан айналайын ағалар-ау, осыны қалай айттыңдар екен? Осы екі дүниені тұр­паты, тұлғасы, ауқымы, көлемі жа­ғынан салыстырып көріңіздерші. Тіп­ті, жанрлық сипатын айтпай-ақ қой­ғанда, Онегин сипаты халықтық емес, топтық қана емес пе. Ол өз ор­та­сына көңілі толмай не оған қарсы күресе де алмай, пессимизмге беріл­ген жас адам. Ақсүйектік ортаның өкілі ғана.
5. «Көтібар Дон-Кихотқа еліктеп жа­салған». Көтібар мінезіндегі адуын-алаңғасарлық, аңқаулық, күл­кі шақырар әрекеттер Әуезовтен бұрын«Айман-Шолпан» дастаны­ның өзінде де бар. Қазақ оны Дон-Кихоттық демейді, қожанасырлық дейді. Мұхаңда Көтібарсыз да «қо­жа­насырлар» жетеді. Жұман қырт, Қияспай, Өтегелді, Есен батыр, Жапал, Аманбай таз, т.б. Мүсірепов­те Қодар, Байжан, аңшы Мүсіреп, Сәдір батыр, Нұрпейісовтың Судыр Ах­меті, т.б. «Дон-Кихот» болмаса, қа­зақ әдебиетінде осы кейіпкерлер ту­мас па еді? Айта берсек, қожана­сыр­лық – қазақтың ұлттық сипаты, мі­незі.
6. «Көксерек» «Ақ азудың» кө­шір­месі.
Егер «Көксерек» бірінші жазыл­са, біз Джек Лондон «Көксеректен» кө­шірді деп айта алар ма едік. Жоқ, оған батылымыз жетпес еді не Әуе­зовке ондай атақты қимас едік. Бұл жерде ортақ нәрсе – қасқыр ғана. Айырмашылық неде? Джек Лондон адамдарға қасқырдың көзімен қа­раған, ал Әуезов қасқырларға адам­ның көзімен қараған. Сол үшін де Лондонның «Ақ азуы» «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» дегенді дә­лелдеп шықса, Әуезовтің Көк­серегі «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» дегенді дә­лелдеп шықты. Қайсысы шын­дық­қа жақын? Қасқырды асырап ит еткен бар ма? Аң патшасы арыс­танның адам­ға бағынып билегенін көріп жүр­міз. Ал бірде-бір қасқыр­дың адам­ның ырқына көніп, бір кесек ет үшін билеп жүргенін көрген адам бар ма екен. Егер иесіне жа­ғым­сыса, ай­тақтаса, үрсе, тамақ үшін құйры­ғын бұлғаңдатса, оның несі қасқыр? Неге онда біздің жұл­дыз­дар эфирден «Қасқырмыз, бөрі­міз» деп күнде көкбөріше ұлып жүр?
Қасқырдың ерекшелігі – ерекше қа­тігездігінде, кекшілдігі мен терісін тірідей сыпырып жатса, үн шы­ғар­майтын безбүйректігінде. Қасқырлар әле­мінде осалдыққа орын жоқ. Не мық­ты бол да өмір сүр, не әлсіз бол да тірліктен баз кеш. Үйірде екі кө­семге орын жоқ. Қай жеңгені қалып, жеңілгені өледі. Қасқыр – сол үшін де қасқыр. Әуезовтің Көксерегі осы тап-таза табиғи шындықты ашқан. Ал «Ақ азуда» қасқырдың нағыз шын сипаты дәл осылай ашылмайды. Егер нағыз қасқыр мінезін көрсеткісі келсе, «Ақ азу» красавчик Смиттің қор­лығына төзбес еді, қолында өлер еді, бірақ құрбандығын да ала кетер еді. Адамға қызмет етіп, ұлудың ор­нына зарланып «үрмеген» болар еді. Жоқ, Лондон мақсаты мүлде басқа. «Ақ азудың» ар жағында адамның, адам­ның ғана емес, бір бейбақ ха­лық­тың тағдыры жатыр. Солтүстік меңіреуінің 60-70 С аязында аштық пен аяздан қатып-семіп, тірідей ақ мү­сінге айналған қасқырлар… Тір­шілік тынысы мүлдем тоқтап, өлім тыныштығы патшалық құрған бұл мекеннің сипаты қандай десеңізші. Есіңізден өмірі кетпей, жылы үйде де қалтыратар бір сурет.
«Глубокое безмолвие царило вок­руг. Весь этот край, лишенный приз­наков жизни с ее движением, был так пустынен и холоден, что дух, ви­таю­щий над ним, нельзя было назвать даже духом скорби. Смех, но смех страшнее скорби, слышался здесь – смех безрадостный, точно улыб­ка Сфинкса, смех, леденящий своим бездушием, как стужа. Это извечная мудрость – властная, возне­сенная над миром – смеялась, видя тщету жизни, тщету борьбы. Это было глушь – дикая, оледеневшая до самого сердца Северная глушь».
Өмірі есімнен кетпей, көкейімде жат­талып қалған осы бір тірі суретті қан­дай аудармашы тура осы қал­пын­да, нәрін, сөлін жоғалтпай ау­дара алар екен деп ойлаушы едім. Мі­не, осындай бізге әрі жат, әрі жұмбақ мекендегі тірі жан иелері жал­ғыз қасқырлар ма. Жоқ, мұнда ақ адамдардың зорлық-зомбылығы жұ­мақ мекенінен айырып, айдап әкеп тыққан үндістер де бар. Циви­лизацияның не екенінен мүлде бей­ха­бар, табиғаттың соншалықты аң­қау, таза, пәк сәбидей нанғыш әрі қор­ғансыз жаратылысы еді бұлар да. Ақ азу бастан кешірген аштық, суық, байлау-матау, ұру-соғу, қорлық-ма­зақ… Өзінің қанындағы тектілік, өжет­тік, намыскерлік, ерлік, мәрттік сияқ­ты қасиеттерден біртіндеп ажы­рап, «Ақ құдайдың» құлына айналу… Бұл – Ақ азудың ғана тағдыры емес, үндістердің де тауқымет жолы. Осы­ны көрсеткісі келгендігі үшін ғана Лон­дон Ақ азуды итке айналдырды. Қас­қырдың итке айналуы мүмкін ем­е­сін Лондон білмеді емес, сон­дық­­тан да ол Ақ азудың шешесі Ки­­чиді итке шатыс деп көрсетеді. Ал біз­­д­ің Көксерек табиғаттың тап-таза жа­ратылысы. Қасқыр боп туып, қас­қыр боп өлді. Құйрығын бұлаңдатып өмір кеше алмады. Мүмкін, Әуезов те Көксерек арқылы қазақ қанын­дағы бір кездегі тектілікті көрсеткісі кел­­ген болар. Әй, қайдам, қазіргі ұр­пақ Көксеректен гөрі Ақ азуға ұқ­сап барады ғой. Лондон мен Әуе­зов­тегі жалғыз ұқсас жер – Көксерек пен Қараланың, Ақ азу мен Лип-липтің жекпе-жегі ғана. Негізі Лон­донды қай­талады десек, қайталаған адам Әуе­зов емес, шынын айтсақ Айт­матов.(«Жан пида»).
7. «Оқыған азамат» Толстойға елік­теген».
Еліктеу – қайталау емес. Елік­теуге бо­­лады. Бірақ бұл Толстойдың сти­лін, әдісін не тұтас сөйлемін не оқи­ғасын көшіріп пайдалану емес қой. Айтып отырғандары Нехлюдов бо­лар. («Утро Помещика»). Нехлю­дов­та революцияшыл идея жоқ, тек жа­­ны ашығыштық, мейірімділік, адам­­гершілік пен аяу ғана бар. Ол өз әкесінің бағынышты крестьяндары­ның кір, лас, ауру, аштық, дөрекілік жайлаған тұрмысын көріп, қатты аяйды. Өз бетімен соны өзгертпек бо­­ла­ды. Жас жігіт бұл мақсатын біреуг­е жер, біреуге мая, біреуге ас­тық, біреуге ақша беріп түзетем деп ойлайды. Бірақ мәселе онда емес екен, 2-3күннен кейін келсе, әлгі ақ­­ша берген шаруаның тұрмысы әлі сол қалпы. Бір өзгеріс жоқ.
«– Неге мен берген ақшаға киім-ке­шек алмадың?
– Базарға беру керек.
– Базарға неге бармадың?
– Ат жоқ.
– Неге атың жоқ?
– Оны бағатын жер жоқ.
– Мына жерлер ше?
– Асыраушы әкеміз сіздің әкеңіз­­дің жері болғандықтан, оған мал жая алмаймыз.
– Босқа жатыр ғой.
– Сонда да болмайды».
Осындай жауаптардан әбден шар­шаған жас жігіт ақыры жекелеген шаруаның тұрмысын түзегеннен түк шық­пасын түсінеді. Тіпті, әлгі өзі кө­мек жасаған кедейлер бұның сыр­ты­нан күлкі етеді. «Бейшара бала, ақ­шасы біткен күні өзі-ақ қояды» деп мүсіркейді. Жақсылық жасаға­нын жындылыққа балайды. Толстой­дың айтпағы не? Алдымен қара ха­лықтың санасына ғасырлар бойы сіңіп қалған құлдық психологияны жоймай, теңдікке жету немесе жет­кізу мүмкін емес. Ақылды Ленин осы­ны білген ғой. Ал Әуезов Сыздық бейнесі арқылы нені айтпақ болған? 20-30 жылдардағы қазақтың оқыған, зиялы азаматтарының бәрі бірдей «алашым, ұлтым» деп Ахмет пен Мір­жақып бола алған жоқ. Кейбірі тәуелсіз болуды түйемен көшіп жүру, қос етек көйлек, алқа-шолпыдан іздеді. Қазақты қазақ қалпында сақтап қалуды осындай тұрмыстық атрибуттарды сақтап қалу деп тү­сінді. Бұл жердегі Сыздық әрекеті Нех­людовтан гөрі Дон-Кихотқа кө­бірек ұқсайды. Қазақы тұрмысты аң­саған, романтикаға бой ұрған оқы­ған азамат жылқышылар қосына барып, қоста отырып, бақыршы ба­лаға төбеқызар етіп от жаққызып, тайдың етінен былқытып қуырдақ қуыртпақ болады. Ал қазақ даласы ол кезде қандай күйде еді? Ондай қос, ондай мал қайда? Жұтқа ұшы­ра­ған елде бірен-саран ыңыршағы шығып, жалы ұйысқан жылқылар. Бүр­сеңдеген жүдеу жылқышылар. Сал­бурынға шықпақ болып еді, сол ай­мақтан бір бүркіт табылмады. Бүр­кіт қайдан табылсын. Бүркітті ұстау үшін тамақ керек емес пе. Әрі бүркіт ұстау феодализмнің қалдығы боп саналды. Одан ол бәрін қойып, қызға ұрын бармақшы болады. Өйткені қаладағы бақта қыздармен ашық қолтықтасып жүруден жалық­қан. «Шіркін, нағыз қазақтың қос етек көйлекті, үкілі бөрікті, шолпылы аруы болар ма еді. Және сол қызға жең­гесі арқылы ғана сөз салып, оңа­ша отауда жолықсам. Қазіргі қыздар­дың ашықтығынан жалық­тым» дейді. Сөйтіп әлдебір ауылдан жеңге де табылды. Жеңгеге жеңгетайлық ырымы да жасалады. «Ибай-ау, Көз­жақсыма көз салғандар көп, ешкімін аяғына отыртпап еді, сіз оқыған жі­гіт болғасын», – деп жеңге сызыл­ды. Өзі ойлап тапқан романтикасына өзі сеніп, рольге кіріп алған Сыздық түн ортасында қызды ауылдың итін шу­латып келеді-ақ. Отауға кіреді, қыз­ды да табады сипалап жүріп. Тек Сыздықтың армандағанындай үлбі­реген нәзік сезім, отты құшақ, әдемі сөз – бірі де жоқ.Қыз басын бір кө­теріп, жігіт бетіне бір қараған жоқ. Не қылсаң да өзің біл дегендей көне берді. Не сөйлеп, не күліп ә зілдемеді де. Кішкене таң сыз беріп жарық түсті. Романтика быт-шыт болды. Ақ отау дегені бес қанат қараша үй. Шолпылы ару дегені – жалпақ бет қы­зыл сары қыз екен. (Дульсинея ерік­сіз еске түседі) Жігітті тартар не көркі, не қылығы болмады. Жігіт ізде­ген ұяңдық – ынжықтық, топас­тық болып шықты. Сөйтіп оқыған азамат романтикадан шындық өмір­ге жүдеп қайтады. Мұнда Әуезов ұлт­жандылықты әлі күнге үкілі бөрік­­тен іздеген қазақтың Дон-Кихоттарын шенейді…
8. «Құнанбайды жауыз етіп көр­сетпеу керек еді». Осыны айтқан аза­мат, сіз білесіз бе, қазіргі қара­пайым халықтың не дейтінін? «Әт­тең, Құнанбай тірі болса ғой, сәбиді шырқыратып зорлаған айуандарды түрмеге қамап, тегін тамақ беріп асырап, оларды піштірем деп мил­лиондап ақша бөлмей-ақ, оларды түйеге асып өлтіріп не түбінен кесті­ріп тастар еді. Некесіз бала тауып, оны анда-мында лақтырып жүрген тек­сіз қарлар паналайтын үй ашқан­ша, қарттар үйінде қаңғып жүрген қарт ғалымға үй берер еді» дейді. Сіздің ше, Құнанбай қандай болуы керек еді? «Мол пішілген ақсарғыш қытайы желет киіп, күміс портси­гар­дан шылым шегіп, көзілдірік киіп, Пушкинді оқып отыру» керек пе еді? Өйтсе ол Құнанбай болар ма еді. Бір елдің басшысы да, биі де, қа­зысы да, соты да, тергеушісі де, жен­деті де өзі болған соң, не істемек керек? Тағылығы арылмаған жұртты ата жолынан аздырмай ұстау оңай боп па… Әр заманның өз шындығы бар. Қазіргі көзбен қарағанда жауыз Құ­нанбай өз заманы үшін әділ де қа­тал басшы шығар. Біз үшін жазық­сыз құрбан Қодар-Қамқа сол заман үшін күнәhар пенделер шығар.Қа­лайда Әуезов Құнанбай бейнесін жа­сауда тарихи шындықтан онша ұза­маған. Құнанбай солай болмаса, Абай бейнесі сомдалмаған болар еді. Жалпы, көркем шығармада өмірдегі тірі адам емес, шығармадағы көркем образ бағалы. «Құнанбай – қырық қыр­тыс күрделі тип», – дейді ғой Мүсі­­ре­пов. Рас, оның шынайы бей­несі әлі ашылған жоқ. Әлі сол «жа­ғым­­ды, жағымсыз» деген стан­дарт­тың құр­баны болып жүр.
9. «Абай мен Мұхтар жетпеген же­тіс­тікке жеткенімнен ұялам», – деді әлдебір шетелде «Рухани жаң­ғы­рып» жүрген зиялы бір ағамыз. Бірақ жүзі­нен ұялу емес, мақтану көрініп тұр­ды. Жоға, ұялмаңыз, аға. Абайдың ке­зінде «Рухани жаңғы­ру»жобасы бол­мады ғой. Әйтпесе Абай да Әйге­рім­ді қолтықтап, бір шетелде ал­шаңдап жүрер еді. Ұлы­лық – әлде­бір саяси-мәдени ұран­ның арқасында ше­телге барып қалу емес. Абай-Мұх­тарды әлем жарты ғасыр бұрын та­ныған. Күллі әлемдік әдебиет ше­деврлерінің қорына «Абай жолы­ның» кіруі, әлемдік әдеби картаға Абайдың кіруі – осы­ның айғағы. Абай-Мұхтар шетел­ге өзі бармады, шетел Абай-Мұх­тарға өзі келді.
Сонан соң шетел қол соққанның бә­рі керемет пе. Ондай болса, өз елі­міз­де орташа ғана қаламгердің шет­ел­ден орын алып келетіні қалай? Қа­зақ өзі оқып, танып баға бермеген туындының шетелден орын алып ке­летіні қалай? Өз ұлтымызды жа­байы, дөрекі, кедей, ауру-сырқау, ақ­сақ-тоқсақ, бейәдеп тобыр етіп көр­сететін кинолар орын алып келе­тіні қалай? Осы сауалды Қазақ атама қой­сам, «Е, шырағым, иесін сыйла­ғың келсе, итіне сүйек таста», – дер еді.
Десе де қайта жаңғырғанға не жет­сін. Экранға көзім түсіп кетіп еді, Сырым мен Қарагөз вальс билеп, Төлеген мен Жібек Балғынбектің ма­­қамымен айтысып отыр. Ең са­лауат­ты, сұсты жанр хор еді, олар да екі қолдарын екілене сермеп, көз­дерін ойнақшытып, бет-ауыздарын тыр­жыңдатып әлек. Қазақ неге бол­са да күрт кірісіп кететін ел еді. Ал­дағы уақытта Бекежан мен Төлеген бок­стасып, Қыз Жібек мәнерлеп ко­нький теуіп, «Айттым сәлем, Қа­ламқасты» ламбада билеп тұрып айт­пасақ болды да…

ПІКІРЛЕР2
Аноним 11.01.2020 | 12:04

Ой салатын өте мағыналы пікір екен. Алла разы болсын! Рахмет!

Аноним 14.01.2020 | 18:59

+77785885172
Салеметсізбе мына номерге хабарласа аласызба?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір