МӘҢГІЛІК ӨНЕГЕ
* * *
– Бауыржанға баға беру үшін ол кісінің көргендерінен көргендерің, істегендерінен істегендерің, тәжірибесінен тәжірибең көп болуы, ең бастысы ол кісімен қарым-қатынас жасағандардан биік тұруың керек десек те, әркімнің өз әлінше баға беруге құқысы бар ғой. Баукең табиғатын мендей тереңірек қазбалап, тереңірек зерттеген адам аздау деп ойлаймын. Бәрін айт та бірін айт дегендей, өз басым Баукеңді кейде жақсы көріп кетем, кейде жек көріп қалам. Өкінетінім де бар.
– Неге?
– Өкінетінім – араласып сөйлеспедім. Себебі, менің де мінезім, оның да мінезі тік, менің де жан дүнием, оның да жан дүниесі түп-түзу. Айтқан сөзім қапелімде жақпай, шымбайына батуы, «менен артық не білесің? Сен кім, мен кім? Менің ресми батыр атағым, генерал шенім жоқ болса да, солардың бәрінен биік тұрамын, атышулы адаммын» деп ойлауы да мүмкін ғой. Шынтуайтына келгенде, ол да қошқар, мен де қошқармын. Сүзісе кетсек, ыңғайсыз жағдайға ұшырап қалуымыз ғажап емес. Бір жағынан ол қошқар-ақ болсын, мен қой бола салайын деуге ар-намысым жібермеді. Осы жағдай Баукеңмен араласуыма кедергі келтірді. Дегенмен ұрсасың ба, ұрасың ба, айқайлайсың ба, еркің білсін деп кең отырып, өзімен сөйлесуім керек-ақ еді. Өкінгенмен амал қанша, менен де бір білместік өтті.
Бауыржанның ең үлкен қасиеті – дүниеқоңыздықтан мүлде аулақ болды. Ешуақытта ешқандай дүниеге қызыққан емес. Бұл оның ең алтын қасиеті. Екінші алтын қасиеті – ол әр нәрсенің кез келген түйінін түйіріне дейін дәлме-дәл шеше білетін. Үшінші асыл қасиеті – мақтануды, мақтағанды қажет етпейтін. Оған ол керек емес, кім мақтап жатыр, кім даттап жатыр, көңіл бөлмейтін. Төртінші асыл қасиеті – шешен, ойшыл, тапқыр, шыншыл, батыл сөздері кім-кімді де тамсандырып, бас идірмей қоймайтын.
Қазақтың әр жерде әртүрлі айтылып жүрген «Өткір пышақ қап түбінде жатпайды» деген мақалы бар. Ол әруақытта пайдалы, іске жарамды. Мұны еске алуым, Бауыржан – өткір пышақ. Ондай адам біздің арамызда жоқ. Бар болса, біз естір едік.
– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Жақында «Қазақ үні» газетінің 15 қаңтар, 2018 жылғы санында Қостанай қаласынан жазған Ботакөз деген қызымыздың: «Қазақ тілінің беделін түсіріп, бүлдіретіндер өте қауіпті, зиянды болғандықтан, барлық орыннан қуылу керек» деген Бауыржан Момышұлының сөзін есіне алып: «Не деген батылдық пен көрегендік, қайсарлық пен өжеттік, сөзі өткір, ойы анық нағыз ұлтжанды азамат. Бүгін қазақ қоғамында, қазақ билігінде Б.Момышұлына тең келетін бірде бір азамат жоқ», – деп, сіздің ойыңызды тиянақтай түсіпті.
– Ботакөз білімді, түсінігі терең қызым екен. Рақмет. Бауыржан туралы жазылғандар саған түсінікті. Олар дұрыс баға бере алған ба, бере алмаған ба, тексеріп, арнайы еңбек жазуың керек.
– Баукеңнің дүниеқоңыз емес екенін сіз қалай білдіңіз?
– Бауыржан лауазым қумады, оған қызыққан да емес. Өзіне деген үкімет басшыларының құрметін пайдаланып, ана қызметке, мына қызметке барайын, пайда табайын деген ой онда атымен болған жоқ. Тағы жан сүйсінер ерекшелігі, әлдебір пысықайлардай абыройымды пайдаланып, ананы, мынаны қызметтен өсіріп, олжаға кенелейін де демеді. Тіпті өзінің жалғыз баласын бір қызметке қоймады.
Кез келген ректорға барып, кез келген баланы оқуға түсір десе, олар айтқанын екі етпес еді. Ондай пасық іске Баукең аттап басқан жоқ.
Дүниеқоңыз адам ең бірінші жекеменшік зәулім үйде тұрғысы келеді. Бауыржан өле өлгенше жұрт қатарлы жай, қарапайым пәтерде тұрды. Қолына түскен қаражатын ешуақытта «кейін керек болар» деп бұрыш-бұрышқа тықпыштап, сақтаған жоқ. Орынды жерде бәрін аямай жұмсайтын. Орынсыз жерде тиынын шығармайтын.
Мұндай адамдар ешуақытта дүниеқоңыз бола алмайды, болам десе де қолынан келмейді. Өйткені, олар дүние қадірін, оны қалай жұмсауды біледі.
Бауыржан тіпті қарапайым адамдардың да сыйластығын пайдаланған емес. Жасыратыны жоқ, жұмысын істетіп ақысын төлемейтін, тіпті, басқа-басқа зейнеткерді мақтап, зейнетақысын қағып алатын дүниеқоңыздар да бар. Кейбір қызметкерді «О, сен не деген тамаша жомарт жансың. Бұл дүниеде сенен асқан қолы ашық адам жоқ. Әлемді астан-кестен етіп аударсаң да, сендей қызметкерді табу қиын», – деп көпшік қойып, айлығының жартысын жырып алады. Бауыржанда бұл жоқ. Біреу-міреу оны-мұны әкелмек ниет танытса: «Маған ештеңең керек емес. Бала-шағаң, келім-кетім қонағың бар, өзің пайдалан», – деп жолатпайды. Әкеле қалса, үйінен айқайлап, қуып шығады. Дүниеқоңыздар керісінше әкел, «әкеле бер» дейді. Сондықтан Бауыржанда пайғамбарға тән тазалық бар.
Пайғамбарды халық періштеден кейінгі таза деп біледі. Өйткені періштеге дым керек емес, пайғамбарға да ештеңенің қажеті жоқ. Ол Құдайдан кейінгі құдірет, көзге көрініп тұрған Құдайдың суреті. Оның білмейтін нәрсесі, жазбайтын ауруы жоқ. Ол дүниедегі тіршілік иелерінің бәріне де; итке де, шошқаға да, есекке де, жыланға да, адамға да қамқоршы. Барлық тіршілік иесінің тілін біледі. Өйткені пайғамбар – Құдайдың өкілі. Бізде ондай жоқ. Осыны айтсам, көп молданың көздері ойнақшып, тұла бойлары дір-дір етіп, талып қала жаздайды.
«Адам өмір сүргенде дүние жинау үшін өмір сүрмейді, дүниені өмір сүру үшін жинайды» деген қағиданы Бауыржан берік ұстанған жан. Сен бұған не дейсің?
– Бағаңыз таразы өлшеміндей дәлме-дәл Баукеңнің дүниеқоңыз емес екеніне Москва баспасынан жүз мың данамен жарық көрген «За нами Москва» кітабының қаламақысын қызы Еленаға түгел сыйлағаны дәлел.
– Ол әкелік, аталық, бабалық қамқорлығы. Түгел бергені баласын жақсы көрген адамгершілігінің, жомарттығының шыңы.
Ата-ана мүмкіншілігі жеткенше баласына қамқоршы десек те, қаламақысын түгелдей бермей, «айналайын, мынау саған жетер» деп оннан бір бөлігін, яғни жүз мың болса, он мыңын қиюы мүмкін. Бауыржанның баласына деген қамқорлығында ондай есеп жоқ.
– Кейде Баукең екеуіміз Жазушылар одағына баратынбыз. Ол кісі қаламақы алған соң, «Қаламгер» кафесіне кіретін. Алыстау столда отырған ақын-жазушыларға: «Айқайлап сөйлескеніміз келіспес. Қорықпаңдар, міне, ақша, бәрімізге жетеді», – деп столдарын қостырып, тапсырысты аямай беретін.
– Мен Бауыржанмен қысқа, бар-жоғы екі рет бес-он минутке жетпейтін мерзімде тілдестім. Әдетім, сөйлескен адамымның тұла бойына сынай қарайтынмын. Сонда оның қатынқұмар еместігін байқадым. Қатынқұмар адамдар өте керемет сұлу бикештерге көз салып, тек солармен сөйлеседі. Мәдениетті киініп, сыпайы сөздер айтып, таза жүреді. Баукең ойымен ашық бөлісіп, көңіліне жақпаса айқайлап ұрсып, ұятты сөздерді де айтып жібереді. Бұл адамдарды жақсы ниетке итермелейтін қасиет.
Баукең ашуланғанда, ұрсып, айқайлағанда жауыздық, жамандық ойлағандықтан емес, кемшілігін түзетсе, пендешіліктен арылса деген қамқорлықтан ұрсып, айқайлайтын. Оның ұрсып, айқайлауы – жаны ашығандығы.
Баукеңнің ең бір өкінішті жағдайы, ең бір емес, өте өкінішті жағдайы – өзінің жан дүниесін, өзінің кім екендігін сезбейтін, түсінбейтін әлде бір жеңіл мінезді бұраң белдерге үйленуі. Олардың өзі ойлағандай болмауы.
Кез келген адам тұла бойындағы бар асыл қасиетін ұрпағына беруге асығады, соның жолын қарастырады. Баукеңнің екінші үлкен, кешірімсіз кемшілігі – бейне бір қызғанғандай тұла бойындағы бар керек нәрсесін ұрпағына түгел бермеді.
– Сіздің бұл пікіріңіз қиянат тәрізді. Баукең соғыста ерліктің сан алуан түрін жасады, тамаша кітаптар жазды емес пе?
– Сан алуан ерліктер жасағаны, тамаша кітаптар жазғаны – бәрі өнеге. Олар өткен күннің еншісі. Енді жеткен жерінде тоқтап қалмай, жалғыз Совет адамдарына ғана емес, дүние жүзі халықтарына әсер ететін тұла бойындағы ерекше, бүкіладамзаттық маңызы бар қасиеттерін келешек ұрпаққа сыйлау жолында ізденіп, сол кездегі басшылармен тіл табысып, түсінісуі керек еді.
– Басшылар түсініскісі келмесе не істейді?
– Бұл жөнінде «Аңдар тілімен жазылған комедия» деген кітап бар. Сонда жыланның патшасы тасбақаның патшасын арқалап жүреді. Мұны көрген аңдар патшасы арыстан жылан патшасына: «Әй, сенің мынауың не? Өзің жейтін жемтігің – тасбақаны арқалап, көлігі боп жүргенің қалай? Ар-намысың қайда?» – дегенде, жылан патшасы:
– Иә, айтқаның дұрыс. Мен қазір қартайдым. Қуалап жүріп арық тасбақаны өзін ұстап жей алмаймын. Амалым жоқтықтан мына ақымақты арқалап жүрмін. Бұл ақымақтанып, күніне ең семіз тасбақаның бірнешеуін маған әкеліп береді. Мен тойып, семірем. Әбден семіріп алғаннан кейін бұл ақымақтың өзін жеймін. Сондықтан аң патшасы арыстан, өзіңнің белгілі мақсатыңа жету үшін дұшпаныңды арқалаудан арланба, – дейді. Осы жан-жақты негізделген қағиданы Бауыржан неге пайдаланбады деп кейде ойға қалам. Мұны ол пайдалануы керек еді.
Өз дәуірімізден мысал келтірейін. Мұхтар Әуезов төнген қауіптен аман қалып, ойлаған ойын жүзеге асыру үшін «Абай жолы» эпопеясын сан құбылтып жазды. Сол арқылы өзін ғана сақтап қоймай, қазақтың классикалық озық туындысын дүниеге әкелді.
Бауыржан өз кезіндегі басшылармен тіл табысуды ар көрді ме, әлде басқадай біз білмейтін себебі бар ма, ондай қадамға бармады. Баукең келешек өмір, келешек ұрпақ үшін де еңбектенуі керек еді. Оның тұла бойындағы асыл қасиет қазір де жетіспейді. Меніңше, Бауыржанның басшылармен тіл табысып түсінісуі абыройына ешқандай көлеңке түсірмейтін, керісінше өзі сияқты үлкен ойлы адамдардың келшекте не істеу керек екенін жастарға түсіндіруі адамгершілік міндеті болатын. Жас кезімде атам әрқашан: «Дым білме, дым білме, білсең, ұрпағыңа айтып, не істеу керегін үйретіп кет. Ол сенің екі дүниенің алдындағы адамгершілік борышың», – деп жиі айтатын.
* * *
Амангелді:
– Бұдан бір жыл бұрын «Оқжетпес» шипажайында демалғанымда, шипажайдың кітапханасынан сіздің әбден тозығы жеткен, быт-шыты шыққан «Атақ пен шатақ» кітабыңызды көрдім, – деп сөз тізгінін қолына алды:
– Өзіңіз кітапхана оқырманына арнап, қолтаңбаңызды жазып кетіпсіз. «Сұрасам, бермей қоюы мүмкін» деп ойлап, «Атақ пен шатақты» жоғалтып алдым дегенсіп, орнына бір жақсы кітап тапсырдым. Кітапханашы қарсылық білдірмеді. Өзі оқымаған соң, оған кітаптың бәрі бірдей екенін түсіндім.
«Атақ пен шатақты» үйіме алып келіп, қайта-қайта оқыдым. Кітапқұмар достарыма сіздің Бауыржан Момышұлы туралы кітабыңызды көрсетіп:
– Мынандай шығарманы мен сирек кездестірдім. Романдарды да, повестерді де оқып жүрміз десек те, бұл туындыда Баукеңнің тұлғасы түгелімен, шынайы көрінген. Кітап өте құнды, маған қатты ұнады, – деп мақтағаным бар. Кітабыңыз қайта басылмас па екен?
– Ол енді қайта басылмайды.
– Ой, обал екен. Біздің Баукең құдыретті адам. Біз Баукеңді ұлықтап құрметтей алмасақ, оңбаймыз. Мәке, осы ойды алда жазар шығармаңыз арқылы оқырмандардың жүрегіне жеткізсеңіз, жақсы болар еді. Сізден кейін мұны ешкім жазбайды. Кім сонау Подольскінің, Мәскеудің, не Калининградтың мұрағатына барып ізденеді? Мына нарықтық заман адамдардың көзқарасын өзгертіп жіберді. Қазір кітапқа деген құштарлық аз. Сондықтан бар нәрсені сорпа бетіне шығарып кеткеніңіз жөн. Тағы айтарым, кітабыңыз құнды кітап, өте мағыналы. Мұндай дүние сирек. Бас көтермей оқып шығып, алған әсер-сезіміммен бөлісіп отырмын. Айыпқа бұйырмаңыз. Баукеңді жақсы көрем, ол кісіні жақсы көргеннен кейін
сізді де жақсы көрем. Жазып отырған сізсіз ғой.
Бауыржан ағаны кеш, жөппелдемеде таптым. Ерте қамданбағаным үшін өзіме ренжідім. Ол кезде жас болдым әрі темір жолдың жұмысы еңсені көтертпей, адамдармен араласуға мұрша бермеді. Басқа саладағы жұрт 8 сағат жұмыс істесе, біз социализмді құрдық, енді коммунизмді құрамыз деп тәулігіне 16-18 сағаттан жұмыс істедік. Сөйтіп жүргенде уақытты өткізіп алыппын. Социализмнің құлайтынын кім білген?
Шіркін, Бауыржан ағамен дидарласып, тілдескенімде ғой деп бүгінде арман етем. Сырттай ғашық боп жүрген ағам ғой. Ол кісіні сіз терең біледі екенсіз. Баукеңнің ойларын шашыратпай, жеке-жеке тақырыпшаларға бөліп, әсерлі жаздыңыз. Қолданыстағы сөздеріңіздің бәрі қажыған, жаттанды сөздер емес, жаттанды сөз адамның жанын жеп қояды.
Менің ерекше таң қалғаным әрі сүйсінгенім – Бауыржан ағаның бастан кешкен оқиғалары – ешбір кітаптан оқымаған, ешкімнен естімеген оқиғалар. Мені өзіне магнитше тартты. «Атақ пен шатақ», «Мен – халқымның Бауыржанымын» деген кітаптарыңызды оқып шығып, жаным жай тапты. Өзгеше жазылған дүниелер екен. Өмірге көзімді ашты. Баукеңді әр тұрғыдан түсіндіресіз. Мойындауымыз керек, Баукең қазақтың маңдайына сыймай кеткен адам. Бір рет Астанаға барғанымда Иманғалиға:
– Имахан, бір мәселе бар, – дедім.
– Қандай мәселе, – деді ол.
– Бауыржан Момышұлы ескерткішіне Совет одағының батыры деп жазып, кеудесіне жұлдыздың суретін салған екен. Баукең тірі кезінде ол жұлдызды таққан жоқ. Совет үкіметі болса, келмеске кетті. Шын мәнінде Баукең Отан соғысындағы ұлтымыздың ұлы қолбасшысы. Сондықтан Совет одағының батыры деген сөздің орнына «Бауыржан Момышұлы ұлтымыздың ұлы қолбасшысы» деп жазса, әдемі жарасып, ұрпағымызға рух беріп тұрар еді, – дедім.
– Құнды ой айтыпсыз.
– Тап осылай дедім. Ой таразысына салсақ, аға лейтенант кезінде полкті, 33 жасында дивизияны басқару тарихта сирек кездесетін оқиға. Ол кісі өзінің бірбеткейлігімен, қазір басыңды қылышпен шабам десе де, жасқанбай шындықты айтатын өр мінезімен, адалдығымен, ойшылдығымен еліміз жүрегінен орын алған ғажап тұлға!
Баукеңе соңғы кезде, соңғы кезде дегенде, қырық жастың о жақ, бұ жағында қатты көңіл бөлдім. Оған себеп, ол кезде темір жол басшылары екі жылда бір рет Мәскеуге барып, біржарым ай оқитын. Сол курста жүргенімде қолыма Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабы тиіп, жарты күнде оқып бітірдім. Александр Бектің «Волоколом тас жолы», Баукеңнің «Наша семья», «За нами Москва», «Куба әсерлері», Бақытжан Момышұлының «Восхождение к отцу» кітаптарын, Әзілхан Нұршайықов ағамыздың (ол кісімен де талай араластым) «Ақиқат пен аңызын» оқып шықтым. Алайда сіздің жазғаныңыз маған салмақтырақ болады да тұрады. Салмағы тым ауыр. Баукеңді тіпті жан-жақты жетілген, үлкен философиялық көзқарасы бар, ғұлама адам етіп көрсетіпсіз. Жалпы бұл кісі сондай биіктегі үлкен дана ғой. Кейде мені біздің басшыларымыз Бауыржан ағаны кезінде неге елемеді екен, неге сол кезде соқырлар, саңыраулар көбейіп кетті екен деген ой мазалайды. Баукеңді терең түсінген азаматсыз деп өзіңізбен сырласып жатқан себебім содан. Уақытыңызды алғаныма ренжімеңіз.
– Қайдағы ренжу, қайта қуанып тұрмын.
– Өз басым ешкімге ұқсамайтын мұндай дана адамды көрген емеспін. Академик Салық Зиманов, Сағадат Нұрмағамбетов, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағалармен соғыс тақырыбында ұзақ сөйлескенім бар. Соғыс тақырыбын біршама білемін. Маршалдар Рокоссовскийден бастап, Василевскийдің, Захаровтың, Штеменконың, Жуковтың «Генштаб в годы войны», «Главные направления», «Цель моей жизни», «Воспоминания и размышленния» деген кітаптарын түгел оқып шықтым. Әскери академияның бастығы, генерал Захаровтың Баукеңді шәкіртім деп жақсы көруі, оның әскери тақырыпта ғылыми еңбек жазуына жетекшілік етуі жан тербейді. Менің ерекше таң қалғаным, жоғары шендегі ақ ниетті әскери басшылардың бәрі, Иван Васильевич Панфиловтан бастап, Баукеңді жақсы көрген, құрметтеген, жай құрметтеп ғана қоймай қамқоршы болған. Бұл тегін емес қой. Сіздің Бауыржан туралы жазған кітаптарыңызды дұрыс түсініп оқитын ақылы бар адамдар болса, Баукеңнің керемет ғұлама екеніне көз жеткізер еді. Бейнелеп айтсам, халқымыздың жоғын тауып алғандай күй кешер еді. Өз басым кітаптарыңызды оқығаннан кейін елімізде жоғалған бір дана адамымыз бар екен ғой деп таң қалдым әрі қуандым.
Баукеңнің атақ-даңқын күндеп жүргендердің тірлігіне тіпті қынжылам. Не деген білместік, не деген бейшаралық ?! Ойпырым-ай, сондай майдалық, кісілікке жатпайтын қылық қой деп бармағымды тістеп, өкінем. Сіздің жазып жатқандарыңыз халыққа керек, халыққа да, көре алмас көр тышқандарға да ой салады. Әсіресе, мұндай шығармалар бүгінге өте-мөте қажет болып тұр.
Бір есіңізге саларым, кітаптарыңыздың ішіне Баукеңнің әр кезеңдегі суреттерін қоса берсеңіз, ұрпағымызға әсері үлкен болар еді.
– Біздің ата-бабаларымыз құдырет екен ғой?! – деп тамсанып, өздеріне өнеге тұтар еді. Қайсыбір газет-журналдардан Баукеңнің шаршаған, түр-өңі өзгерген суретін кездестіргенде көңіліміз құлазып қалады. Олар ойымыздағы Баукең рухына сәйкес келмейді. Керісінше, газет-журналдардан, кітаптардан Бауыржан ағамыздың айбынды да айбатты суреттері орын алса: «Ой, шіркін-ай, біздің ата-бабаларымыз қандай керемет болған?!» – деп жастарымыз, келер ұрпағымыз мақтанып, айбындана түсер еді.
– Бұл бәрімізге ой сыйлар ескерту екен. Сізге мың да бір рахмет.
– Сұрағаныма кешірерсіз, жас жағынан сіз менен үлкендеу боларсыз?
– Мен 1939 жылғымын.
– Ой, жалпы қатар екенбіз. Айырмамыз үш жас ғана. Сіздің қаламыңыздан әлі талай жұртты тамсандыратын кітаптар туады деп сенем. Мен бірталай жасқа келіп, қалам ұстауы қиындап, көп нәрсе ұмытылып қалды ма деген ойда едім. Әлде де резерв бар екен. «Мен – халқымның Бауыржанымын» деген кітабыңызда жетім өскеніңізді, Шымкент педагогикалық институтының бірінші курс студенті кезіңізде Бауыржан ағамен «Сыпатаев» мектебінде кездесіп, арнау өлең оқығаныңызды, ол кісінің қонақ үйдегі бөлмесіне шақырып, сөйлескенін, содан сыйлас, сырлас болып кеткеніңізді әдемілеп жазғансыз. Жетімдік шынжырын үзіп, әйтеуір суырылып шықтыңыз. Сізді байқап қалған Баукеңнің қасиеттілігін айтсаңызшы?! Жалпы Баукең құдырет адам ғой. Солай ма?
– Оған сөз жоқ. Баукең ғой мені қасына жақындатқан.
– Қасына жақындатуға жарап тұрсыз. Бұл сіздің ерекше қасиетіңіз.
Ол кісі ешкімді қасына тектен-тек жақындатпаған.
– Әнеукүні қырық жастағы келіншек: «Егер Бауыржан бойжеткен кезімде кездескенде жүзінші әйелі болсам да, күйеуге шығар едім» – деді.
(Амангелді «ойпырым-ай, ойпырым-ай!» деп таңдана күлді).
– Мен келіншекке:«Баукең саған қарамауы да мүмкін ғой» – деп едім:
– Қаратып алар едім. Ол кісіден бір ұл тапқанымда менен бақытты ана болмас еді, – деді күрсініп.
– Ойбай-ай, ол келіншектің арманы ғажап екен?! – деп Амангелді бір қауым уақыт үнсіз қалып:
– Баукеңнің айтқан кейбір сөздері тіпті таң қалдырады. Ешбір кітаптан оқымаған, ешкімнен естімеген сөздер. Баукең енді қайталанбайды, қайталанады деп ойламаймын. Ескерткішіне «Бауыржан Момышұлы Отан соғысының ұлы қолбасшысы» деп жазуды тиісті орындардан сұранып, жүзеге асыра алмай келем. Оны өзгерту де оңай көрінбейді. Білетіндер тағы бір комиссиядан өтуің керек дегенді айтты. Әйтеуір машақаты көп екен.
Жұлдызды алып берген Нұрекеңе, Нұрсұлтан Әбішұлына мың бір рақмет. Енді егеменді елміз ғой, Баукең ескерткішіне «Бауыржан Момышұлы ұлтымыздың ұлы қолбасшысы» деп жазуға көмектессе, нұр үстіне нұр болар еді.
– Жақында Алматыдағы әскери құрылыс институтының курсанттарымен кездескен едім, – деп мен Амангелдіні соңғы жаңалығыммен таныстырдым. – Институттың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты Биғат Тамаева деген кісі телефон соғып:
– Көкшетауда әскери академия ашылғанда Әзілхан Нұршайықов ағамен дидарласып, «сізбен біздің әскери құрылыс институтында кездесу өткізсек» деген өтініш білдіріп едім, ол кісі:
– Қалқам, мен қазір шаршап жүрмін. Баукеңді менен бірнеше есе терең білетін Алматыда бір азамат бар, – деп сіздің аты-жөніңізді айтты. Содан сізді іздеп таптым.
Сіздің «Мен – халқымның Бауыржанымын» деген кітабыңыздағы Баукеңнің философиялық ой-толғамдары, түйіндері керемет көрсетілген. Ондағы соғыс философиясы, тәрбие философиясы, адамгершілік философиясы, тәртіп философиясы, ауылдың философиясы, өмірді, адамдарды танудағы Баукең тәжірибесі кеңінен ашылған. Бәрінен ол кісінің күрескерлік философиясы таң қаларлық, әлемге үлгі боларлық. Бұл сала-сала ғылым. Өкінішім, мұны зерттеуге әлі ешкім мән бермей жүр, – дегенді айтты.
– Биғаттың пікірі ғалымдарымызды ойлантса керек, – деп Амангелді таңғы астан кешігіп қалмау қаупін аңғартты. – Сөзімнің тоқетері, сіз қаламыңызды ұштай беріңіз. Ұрпағымыз халқымыздың өткен ғасырда қандай құдыретті ерлерді жарық дүниеге әкелгенін түсініп, мақтаныш етсін. Сонда ұрпағымыздың тамырына қан жүгіреді. Мұндай жойқын соғыс бұрын-соңды адамзат тарихында болып көрген емес. Өзіңіз білесіз, қызылбастармен, қытайлармен, орыстармен, жоңғарлармен найза, садақ, қылыш, шоқпармен соғыстық. Ол соғыстар 1941-1945 жылдардағы соғыспен салыстырғанда түк емес. Еуропаның бүкіл мемлекетін жаулап алған, бақайшағына дейін қаруланған неміс фашизміне қарсы шығып, полкті, дивизияны басқару деген құдырет емес пе?! Бұл біздің ұлтымыздың тарихында өмірбақи болмаған оқиға. Өзбек, қырғыз, тәжік, түрікменнен дивизия басқарған кімді көрдіңіз? Бізден Бауыржан Момышұлы шықты. Өзбекке жиен Сабыр Рахимов та – қазақ.
Дивизияны басқару үшін табиғи дарын, ақыл, айла, есеп керек. Баукеңе қолбасшылық қасиет ана сүтінен дарыған. Оқыған ешнәрсесі жоқ. Бар-жоғы Термезде бір жыл әскери дайындықтан өтті. Ол кісіге Панфилов дивизиясы көп көмектесті. Қалған күрделі мәселелердің бәрін өз ақыл, парасатымен шешті. Соғыстан кейін ғана әскери академияны бітіріп, білімін толықтырды, әскери академияда сабақ берді. Мұндай қазақ ілуде біреу. Бауыржан Момышұлы – ұлы қолбасшы. Өзіне Алла тағала бәрін аямай-ақ берген ғой. Ой ойлауы, қиялы, адамды тануы, оның ішкі дүниесін байқауы еш пендеде жоқ. Бұл кісі – самородок. Осыны ұмытпайық, егемегендігіміз мәңгілік болсын. Ұрпағымызды Бауыржан Момыш-
ұлының рухында тәрбиелейік. Өйткені, ол кісінің өнегесі – мәңгілік өнеге…
Мұндай сырласудан кейін мен Амангелдіні құлай жақсы көрдім. Ол нендей ұсыныс жасаса да, бейне сиқырланып қалған жандай мақұл дей беретін болдым.
Мамытбек Қалдыбай.