Мір Шайыр сыйлары
Мір Шайыр әдеби атымен мәшһүр ақын, жазушы Мырзағали Іңірбаевтың «Атамұра» корпорациясының «Полиграфкомбинат» серіктестігінен үш бірдей кітабы жарық көрді. Біріншісі – «О, Данышпан Дүние!..» роман-трилогиясы. Екіншісі – ақынның «Поэзия» жыр жинағы. Ал үшіншісі – «Зия» қостомдығы. Оған көркем және ғылыми публицистикалық шығармалары берілген.
Бұл кітаптар 65 жас белесіне көтерілген шағымдағы оқырманға сыйым, – дейді автор. Кітаптардың басым бөлігі облыс пен республика кітапханаларына таратылады.
Автор қазір «Ман Ата. Первочеловек Ман» кітабының толықтырылған, бірнеше тілдегі екінші басылымын шығаруды ойға алған. Осыған орай «Адамзаттың жебеушісі», «Покровитель человечества» монографияларын жазуды бастаған. «Еуразия аумағында ұлы істерді жүзеге асырған атамзаманғы ғұлама, түркі-үнді-арий текті Ман заманын, оның сонау Үндістандағы, Ұлы Дала аумағын, Кіші Азияны қамтыған ерен қызметін Заратустраның «Авеста» кітаптарымен, халық пен жер жадындағы мәліметтермен сабақтастыра өру оңай емес, әрине. Күллі адамзат тарихын бүгінгі һәм ежелгі Қазақстан, Маңғыстау өмірімен жүйелеп шығаруға ұмтылған мұндай істің мән-жайын түсінетіндер түсініп, қадірлейтіндер қадірлейді. Жоспарым көп салалы, көп жылдық, күрделі. Соның бәрі Ұлы елімізді әлемге паш ете беруге, Елбасымыз мұрат еткендей, халқымызды рухани жаңғырту идеяларына қалтқысыз қызмет етпек», – деді.