БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНЕ ЖАСАЛҒАН ЖАҚСЫЛЫҚ – БАЛАЛАРҒА ЖАСАЛҒАН ЖАҚСЫЛЫҚ
16.03.2018
4002
0

Болат Үсенбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


Балалар жазушыларына қойылар міндет оңай емес. Балалар әдебиетінің білгірі С.Маршак: «Ба­ла­лар балалық пен даналықтың екі ортасында өмір сүреді», – дейді. Түйіні балалар қаламгері ба­ла да, дана да болуға тиісті.
Елбасы ұсынған Рухани жаңғыру бағ­дар­ла­ма­сында ұлттық мүддені қорғайтын көптеген ір­гелі мәселелер қамтылған. Осы бағдарлама ба­ғы­тында республикамызда бірқатар құптарлық іс­тер басталып та кетті.
Қазақ баласының табиғаты өлеңге үйір, ер­те­гіге қызыққыш. Біз осыны біле тұра, елеп, ес­ке­ре бермейміз. Олардың рухани әлемі жұтаң тарт­пас үшін кез келген жазушы қал-қадірінше ба­лалар әдебиетіне үлес қосуға міндетті.
Өмір болған соң, жазушылардың қарым-қа­бі­леті, дарын-қуаты әр деңгейде. Әркім өз білі­гі­мен, шамасы жеткенше жазады. Кітаптарда ала-құлалық болып жатса, бойындағы дарын мен та­нымның кемшілігінен. Бірақ қалай десек те, ба­лалар оқитын жақсы шығармалар бар. Олардың қа­тарында
А.Асылбековтың «Жапырақтары», Ә.Та­был­дының үш томдығын, С.Қалиевтың «Жыл құстары келгенде», Ш.Күмісбаевтың «Ба­лалық шақ – бал дәурен», Ә.Қайранның «Ера­сыл»,
Б.Әлім­жановтың «Ғарыш пен қазақ», Д.Бейсем­бекұлының «Жалғыз жұлдыз жарығы», М.Базар­байқызының «Әкесін із­де­ген ұл», Е.Айғалидың «Бокс қолбағыңды жо­ғалтпа, бауырым», С.Үсен­ұлының «Еліктің ла­ғы», Е.Жеңісұлының «Мынау ғазиз дүние», Б.Бұқарбайдың «Күміс кітап», Е.Сейдахметтің «Күлші қане, балақай», Е.Ашық­баевтың «Туған күн», Қ.Қайымның «Еркеш –Еркебұлан», Б.Болатханованың «Қарагөз – ғұмыр», Т.Әбдірайымның «Да­ла әлемі», Т.Жеңіс­бектің «Жанталас», Т.Бейсембектің «Сиқырлы музыка», т.б. кітаптарды соңғы жылдар табысы деп атауға болады.
Сондай-ақ, «Бәсіре», қос томдық, «Қызыл ал­ма» атты төрт томдық, «Ең керемет дәм» атты бір томдық қалың кітаптар бүлдіршіндердің байғазысына айналды. Құрылтай мен Құрылтай аралығында Мәскеуден Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі поэзиясы мен прозасын қамтыған орыс тілінде 3 том кітап шықты. Оның «Домбыра мен бесік» деп аталатын бір томы балалар әдебиетіне арналған. Осы орайда «Балдырған» журналы мен «Ұлан» газетінің де балалар еншісіне тұшымды өлеңдер мен әңгімелер тарту еткенін айта кеткен орынды. Балаларға қалам тартып жүргендердің қарасы аз емес екенін байқаймыз.
Бізге тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдейтін, Мәңгілік Ел идеясын ұрпақ санасына сіңіріп, салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық кодтың құ­пия­сын ашатын шығармалар қажет. Балалар әде­биетінің келешегі – балаларымыздың келешегі. Балаларға арналып жазылған дүние – бір күндік емес.
Жақсы дүниелер жазылып, жақсы кітаптар там-тұмдап болса да шығып жатыр. Бұл ретте Халықаралық «Дарабоз» бәйгесі игілікті іс ат­қарды. Жыл сайын жеңімпаздарға қаржылай бәй­гесін беріп, шығармаларын орыс тіліне ау­дартып, екі тілде «Кәусар бұлақ» кітабын шыға­рып, оны мектеп кітапханаларына тегін тарат­ты.
Он шақты жыл ішінде «Дарабоз» конкур­сы­ның арқасында қазақ балалар әдебиеті оннан астам жаңа қаламгерлер легімен толықты. Атап өт­сек, олар: Дархан Бейсенбек, Серікбол Хасан, Ас­хат Өмірбаев, Ернұр Сейдахмет, Елдос Тоқ­тарбай, Гүлжан Әбирова, Әлібек Байбол, Алтынай Амангелді, Мира Ибраимова, Мейіржан Жыл­қы­бай, Жандос Байділда, Қанат Әбілқайыр.
Елдің ертеңі ұрпақ тәрбиесіне тікелей қа­тыс­ты. Мәңгілік ел болу үшін тілімізді, ділімізді, салт-дәстүрімізді сол жас ұрпақтың құлағына бала кезінен құйып, санасына сіңіруіміз тиіс десек, оған қолбайлау болатын мәселелер бізде жетіп артылады. Біріншіден, балабақша тәрбиешілеріне қажетті оқу құралдары мен әдістемеліктер, көр­кем әдебиеттер кемшін. Бірлі-жарым болса, олар ұлттық салт-дәстүрімізге кереғар. Әлдеқандай ба­тыстық өркениетті елдердің дүниелерінен кө­шірілген немесе аударылған қойыртпақ. Біздің бала­мыз неге өзге елдің тәрбие үлгісімен өсуі ке­рек. Біздің өзіміздің ғасырлар бойына қалып­тасқан ата салтымыз, халықтық педагогикамыз қайда? Бала тәрбиесіне қатысты құралдар, кез келген көркем туындыларымыз да, міне, таза осы тұрғыда жазылуы тиіс. Елбасы Н.Назарбаев тілге тиек еткен ұлттық код мәселесінің түйіні сонда ғана шешіледі.
Құр «тіл, тіл» деп байбалам салғаннан ештеңе өн­бейтінін жақсы білесіздер. Алдымен сол мем­лекеттік тілді үйретудің іргетасын қалап алуы­мыз керек. Ол іргетас – ауыз әдебиетінің озық үлгілері жұмбақ, жаңылтпаштардан, мақал-мәтелдерден, ақын-жазушыларымыздың бүлдіршіндерге арналған мәйекті туындыларынан тұратын оқу-тә­рбие құралдары, көркем туындылары болуы тиіс. Міне, дәл осы мәселеде, Мәңгілік ел болу­дың ертеңін бүгіннен ойлайтын жандарға балалар әдебиетінің тигізер көмегі орасан зор.
Балалар әдебиеті өгей баланың күйін кешуде дейді баспагерлер. Бұған бір ғана мысал: көзінің тірісінде балалар әдебиетіне орасан зор еңбек сіңірген классигі атанған марқұм Өтепберген Ақыпбекұлының балаларға арналған көптом­дық­тары, Есенбай Дүйсенбаевтың, Бейсебай Кіріс­баевтың, Әділ Балтаның, т.б. авторлардың ба­лаларға арналған шығармалары оншақты жыл­дан бері баспаларда жатыр. Қандай себеп екені бел­гісіз, тендерден өтпей қалады.
Балалар әдебиетінің іргерілеуіне әжептәуір ық­пал еткен «Дарабоз» бен «Балауса» бәйгелері де қазір жоқ. Ертеректе Астанада өтетін «Астана – Бәйтерек» атты балалар әдебиетінің көптеген жан­рын қамтитын жап-жақсы конкурс бар еді. Неге екені белгісіз, бір-екі жыл өтпей жабылып тын­ды. Жоғарыдағы басшылар мен құзырлы орын­дар осы «Астана – Бәйтерек» конкурсын қай­та тірілтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сол сияқ­ты «Балауса» конкурсындағы жеңімпаз шы­ғар­малардың жинағын да жарыққа шығарып, кішкентай оқырмандарына тарту етсе артық бол­мас еді. Таяуда өткен «Алтын тобылғы», «Рух» әде­би бәйгелері де бірқатар балалар жазушы­ла­ры­на сәтті жол ашты.
Еңбекқор, өте дарынды қаламгер, балалар әде­биетінің көрнекті өкілі Байбота Серікбайұлы Қо­шым-Ноғайдың қолында балалар әдебиетінің же­ке жанрлары бойынша (өлеңдер, ертегілер, әң­гімелер, хикаяттар) даярланған 7-8 том кітап­тар бар. Онда балалар әдебиетінің үлкен-кіші өкілдерінің бәрі қамтылған. Он-он бес жылдан бері құрастырушының есіл еңбегі тендерден өтпей тежеле береді. Шығаруға уәде береді, соңы сиырқұймышаққа айналады. Осындай жағдай ба­лалар әдебиетінің жанашырлары, жазушы-бас­пагерлер Арасанбай Естеннің, Қанат Қайымның да басында бар.
Бізге сандыққа салып қоятын кітап керек емес. Ата-аналардың, ұстаздардың, әсіресе бала­лар­дың қолында оқыла-оқыла тозатын кітап ке­рек. Бізде балалар әдебиетін өркендетуге жүйе қа­лыптастыру, сол жүйені дәстүрге айналдыру жағы жетпейді.
Балалар кезінде сүйіп оқыған М.Әлімбаевтың, Б.Соқпақбаевтың, Қ.Мырзалиевтің, Қ.Баян­баев­тың, Ж.Смақовтың, М.Қабанбаевтың, Ж.Әбді­ра­шевтің ізбасарлары бар ма? Әрине бар. Қазақ ба­лалар әдебиетіне бергенінен берері мол Нұр­ғали Ораз, Ертай Ашықбаев, Жаңабек Шағатай, Сәбит Дүйсенбиев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Толымбек Әбдірайым, Әлібек Файзуллаев, Гүлзат Шой­бекова, Бейбіт Сарыбай сияқты қалам­гер­дердің қаламын суытып алмауын қадағалауымыз керек.
Баланы кітап оқуға баулитын кітап оқу дағ­дысының қанына сіңісті болатын кезеңі балабақ­ша мен бастауыш сыныптағы шағы. Қазір соларға күнделікті тұтынатын шығармалар жоқтың қ­а­сы.
Мектептерде өтіп жатқан шараларды өткізуге балалар жазушыларының елеулі үлесі бар. Мектеп пен кітапханада өтетін кездесулерге баратын да со­лар. Тіл мерекесі, Абай, Мұқағали, Мағжан, Ілияс, тағы басқа оқулар оларсыз өтпейді.
Балалар әдебиетіне мұрын шүйіре қарайтын дағ­ды әлі қала қойған жоқ. Қоғамымыздағы жа­салып жатқан игіліктердің бәрі тек балалар үшін деп есептесек, онда балалар әдебиеті шетқақапай көруге тиісті емес.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы балаларға қызмет етуге тиісті. Әр облыста жыл сайын онда­ған кітаптар шығарылуда. Солардың ең болма­ған­да 2-3 кітабын балаларға арнап шығаруға мін­деттеу керек. Неге десеңіз, сол кітаптар өз өңірінің мектептеріне беріледі. Осы жақсы дәстүрді Алматы облысы «Жетісу балалар кітап­ханасы» деген атпен бастап кетті.
Барымызды түгендеп, балалар жазушылары­ның басын қосып, енді ғана қолына қалам ұстап талаптанып жүргендерді де қамқорлыққа алып, семинар-кеңестер өткізу қажет. Ондай жиын­дар­дың өтпегеніне 30 жылдың шамасы болды.
Бүгінгі баланың болмысын зерттеу, тілін мең­геру, жас ерекшелігіне қарай психологиясын ашып беру, уақыт көшінен қалмау балалар жазу­шыларына жүктелетін талаптардың бірі.
Балалар әдебиеті туралы мәселеде сөзден гөрі іс­ке көшетін кезең жетті. Балалар әдебиеті нақты қам­қорлыққа зәру. Ол қамқорлық мемлекеттік дә­режеде болуға тиісті.
Ширек ғасырдан бері оқулық жөніндегі дау-дамай аяқталмай келеді. Оның бір себебі балалар әдебиетіне келіп тіреледі. Бала бақшадағы, мек­теп­тегі оқыту мен тәрбие жұмысы мазмұнды жүру үшін балалар әдебиеті де мазмұнды, көркем болуы керек.
Балалар поэзиясының антологиясын шығару жө­нінде әңгіме ара кідік қозғалып жылда аяқсыз қала береді. Соны жауапкершілікпен қолға алып, ко­миссия құрып, жұмысқа жұмыла кірісетін жа­на­шыр жоқ. Жас ерекшелігіне қарай бөліп ба­ла­лар прозасының да таңдаулы кітабын шығару – уақыт талабы.
Біз әдебиеттегі эстетикалық талғамды, көр­кем шығармаға қойылатын талаптарды әлсіретіп ал­дық. Балаларымызға, немерелерімізге тамақты қыл-қыбырымен ұсынбаймыз ғой. Жемісті де жуып береміз. Мұғалімдер татымсыз, көр­кем­дік­тен ада дүниелерді сабағында пайдаланады. Ол ба­ланың тілін бұзады, ойын адастырады. Бұл – қия­нат, қиянатқа жол бермеу керек. Шатып-бұ­тып өлең сымақтарды өздері де жазады. Қара­пайым мысал. Төменгі сыныпта шәкірттерге 5 жол өлең құрастыр деген тапсырмалар жүр. Неге ол бес жол? Қазақтың дәстүрлі қара өлеңі (а, а, б, а) төрт жол емес пе? Оған бас қатырып жатқан еш­кім жоқ.
Балалар әдебиетіне қатысты мәселе тек Жазу­шылар одағына, қаламгерлерге қатысты ғана емес. Баршаға ортақ шаруа. Балалар әдебиетін қа­лай өркендетуге болады? Оны ілгері бастыруға ықпал ететін нақты тетіктер бар ма? Ендігі мақсат осы­ны егжей-тегжейлі зерттеп, оң шешімін та­бу.
Кеңестік кезеңде «Жалын», «Балауса» бас­па­лары бірқатар игілікті істер тындырды. Балалар әдебиетін жүйелі жолға қойған еді. Мүмкін сол дәстүрді қайтадан қолға алу қажет шығар?
Кітап пен жазушы және оқырман арасында дә­некер болып келе жатқан кітапханашылардың мәртебесі мұғалімдердікіндей емес, көп төмен. Жалақылары да мардымсыз. Оқырмандармен жұ­мыс істеу жеңіл деп айтуға келмейді. Көптеген ұйымдастыру жұмыстары кітапханашылардың ара­ласуымен өтеді. Рухани жаңғыру бағдар­ла­масын бірден бір жүзеге асыратын мекеме – кі­тап­хана. Мемлекет қаржы бөліп ауылда кі­тапх­ана­ларды іске қосуы қажет. Кітахана дегеніміз – жазушыны оқырманға алып баратын құтқанасы, алтын көпір. Сондықтан кітапханашыларды қа­лам­герлер қорғауға тиісті.
Мысалы оқулықтар шығару жұмысы тікелей мемлекеттің қамқорлығында. Сол оқулықтардың кө­мекші құралы ретінде неге балалар кітаптарын көп­теп шығармасқа. Өйткені, кітап мектепке, ба­лабақшаға, ата-анаға ауадай қажет дүние.
Мектептерімізде оқу бағдарламалары, оқу­лық­тар заман талабына орай өзгерістерге түсіп жа­тыр. Бұл да балалар жазушыларынан жаңаша жазу­ды талап етеді. Бұл тұрғыда жастарымыздың шығармаларында жаңа серпіліс, жаңаша бағыт аңғарылатынын айта кеткен орынды.
Шығармалардағы ортақ кемшіліктерге келе­тін болсақ, бір сарындылық, бұрын жазылған дү­ние­лерді шиырлау, тіл жұтаңдығы, компози­ция­лық шешімдегі селкеуліктер кездесіп қалып жа­тады.
Республикамыздағы педагог, психолог, т.б. ғалымдар мен балалар жазушыларының басын қосып алдағы уақытта Жазушылар одағының Плену­мын, жеке конференция өткізу қажет деп есеп­теймін. Не бар, не жоқ, енді не керек деген мә­селені шешіп алатын кез жетті.
Естеріңізде шығар, үкімет медицинада отба­сылық дәрігер өте тиімді деген желеумен, балалар дәрігерлерін жойып жіберіп еді. Енді оның қа­телік екенін мойындап, оқу орындарында фа­куль­теттерді қайта ашып әуре болуда. Міне, бала­лар дәрігері қоғамға қандай қажет болса, ба­лалар әдебиеті де сондай маңызды роль ат­қаратын көркем әдебиеттің бір саласы.
«Балауса» баспасында «Әлем халықтарының ба­лалар әдебиеті» деген елу томға жоспарланған әдемі серия бар. Соның оншақты томы ғана жа­рық көрді, қазір тоқтап қалды.
Мен бұрын да айтқанмын, қазақ теле-радио ка­налдарымен жазушылардың байланысы мүлде жоқ. Осы үлкен аудиторияға үкімет арқылы болса да енуге жол табу керек. Балалар әдебиеті де, бас­қа әдебиет те сонда насихатталады. Оның ұйыт­қысы Жазушылар одағы болуы тиіс деп ой­лаймын.
Кезінде балаларға арнап шығарма жазып, ба­ла­лар әдебиетінің сынына қоян-қолтық ара­ласқан Бекен Ыбырайымұлы да үнсіз қалды. Қа­зір балалар әдебиетін жетік білетін, соған жанашыр болып сүбелі еңбектер жазып жүрген бір адам қалды. Ол – Құлбек Ергөбеков. Балалар әдебиетін түбегейлі зерттеп жүрген ғалымдар да жоқтың қасы. Елуінші жылдары жарық көрген Шеген Ахметовтың балалар әдебиеті жөніндегі оқулығы әлі оқытылады. Осыдан-ақ балалар әдебиеті сынының қай деңгейде екенін біле беріңіздер. Ал жыл сайын жүздеген балабақша қызметкерлерін, бастауыш сынып мұғалімдерін, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерін даярлап жатқа­ны­мызды еске алсақ, тіптен ұят. Балалар әдебиеті сын­шысын, балалар әдебиетін зерттейтін ма­ман­дар даярлау жұмысын қолға алмай болмай­ды.
Балалар әдебиетіне жете көңіл бөлінбейді, қам­қорлық тапшы.
Балалар әдебиетінде аударма жұмысы да кен­желеп қалды.
Балалар жазушыларының мерекелік даталары да елеусіз қала береді.
Ауыл балаларына кітап жетпейді.
Балалар кітаптарының сапасына мән беріп, көр­кемдігін дөп басып, толмағанын толықтырып, автор­мен жұмыс істеймін маман, білікті редактор жоқ.
Балаларға арналған ән мәтіндері жоқ. Балалар ком­позиторлары да некен-саяқ. Санай берсек мұн­дай жоқтардың саны жеткілікті.
Жазушылықтың қыр-сырын меңгерген, әде­биеттің домнасында қорытылған нағыз жазу­шылар балаларға жазудан қашқақтайды. Өнімсіз еңбек. Қаламақы да алып жарытпайды. Сондық­тан да жылы жауып қоя салады. Мысалы, балалар ақы­нын өзге жанрда жазатын ақындармен салыс­тыруға келмейді. Қанша жерден тырбанса да бір жылда 1-2 баспа табақтан артық жаза алмайды. Көп жазса су болып кетеді.
Оқулықтарға енгізіліп жүрген мәтіндерде тал­ғам жоқ. Көркемдігі сын көтермейтін, тақы­ры­бын желеу етіп, еніп кететін туындылар да бар. Өз­деріңіз білесіздер оқулықтар басынан шу арыл­ған емес. Енді осылай жүре беруге бола ма?
Ескерте кететін бір жай, балаларға арналған же­ті-сегіз өлең кітабы жарық көрген ақын қызы­мыз Бағдат Айтмұқаева мен «Астана-Бәйтерек», «Дарабоз», «Балауса» конкурстарының жеңім­па­зы, 3-4 кітаптың авторы Ернұр Сейдахмет сынды ба­лалар әдебиетінің жас буындарын Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшелігіне қабылдасақ игі­лікті іс болар еді.
Балалар әдебиетінің өнімдері – көркем шы­ғар­малар бөтен біреуге емес, өз балаларымызға, не­мерелерімізге жасалып жатқан дүниелер ғой. Ба­лаларға арналған шығарма да мөлдір, таза, кір­шіксіз болуға тиісті. Сонда ғана ол баланың ру­хани қажеттілігін өтейді.
Тіршілікте біздің балалардан басқа қандай қы­зығымыз бар?
Балаларға жазу оңай деп ешкім айта алмайды. Өлең шығармайтын қазақ жоқ деп жатамыз. Төрт кө­зіміз түгел отыр. Егер балаларға жазу оңай бол­са, үлкен де кіші де оңай жаттап алатын:
Аю отыр партада,
Екі қолы қалтада.
«А» – деді, «Б» – деді,
Ештеңені білмеді, – деп жазған Әбубәкір Қай­­­ран сияқты бір шумақ өлең жазып беріңіз­дер­ші. Жеті жүз жазушыдан балалар жаттап алатын, өмірге қажетті, бала тәрбиесіне қызмет ете­тін 700 шумақ өлең туар еді. Балалар әде­бие­тінің қиындығы сонда, ондай өлеңді Әбу­бәкір­дің өзі де жаза алмай жүр. Балалар әдебиетіне байып­пен қарайтын кез жетті. Балалар әдебиетіне жа­салған жақсылық – балаларға жасалған жақсылық. Ба­лалар әдебиетінің қадірін білмейтін ел – бола­шақтың да қадірін білмейді.
Елінің ертеңіне, жас ұрпақ тәрбиесіне қала­мы­ның қарымымен қызмет ететін дарын иеле­рі­нің шабыт желкенін жел керней бергей. Ақын-жазу­шыларымыз қаламдарын қолдан тастамай, тамаша дүниелерімен сәбилер бесігін тербей бергей.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір