Құрманғазы ҚАРАМАНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы
Көркем аударма жөніндегі кеңестің төрағасы
Қадірлі қаламдастар!
Күлбілтелемей ашығын айтсақ, екі съезд аралығы көркем аударма шығару ісінің тоқырау кезеңіне айналды деуімізге әбден болады. Бұған себеп: осы салада өнімді шаруа тындырып жүрген «Аударма» баспасы жабылып қалды. Аударма әдебиет мәселелерін қозғап, жекелеген шағын форматты шығармалар жариялап тұратын «Әлем әдебиеті» журналы да шығуын тоқтатты. Ал министрліктегі тендерге қатысатын басқа баспалар аударма әдебиеттен мүлдем теріс айналды. Сөйтіп, бар болғаны оншақты кітап қана жарық көріпті.
Қанағат етуге тұрарлық бір жайт – аудармашылар еңбегі де лайықты бағаланып, белгілі қаламгерлер Сауытбек Әбдірахманов пен Заманбек Әбдешевке және қытай тілінің маманы Дүкен Мәсімханға Халықаралық «Алаш» сыйлығы берілді.
Бұл төңіректегі әңгімені осымен доғарып, енді көркем аудармаға байланысты әлі күнге шешімін таппай келе жатқан мәселелер турасында бірер сөз айтсам деймін.
Ағылшынның атақты ақыны Уильям Вордсворт: «Жақсы аударманың өзі – жаңғырық», – депті. Өте дұрыс айтқан. Қай тілде жазылған көркем шығарманы болсын түпнұсқадан тікелей аудару қажеттігі дау тудырмайды. Бұл – аударма өнерінің қастерлі қағидасы. Соның өзінде ондай шығарма, бұл шаруаны түбегейлі зерттеген оқымыстылар пікірінше, көркемдік қасиетінің төрттен бір бөлегінен айырылатын көрінеді. Ал, екінші тілге аударылып, жүнін жұлған тауықтай күйге түскен осындай дүниені үшінші тілге аударсақ ше? Онда қандай қасиет қалмақ?..
Шет тілін білетін аудармашылар, олардың жұмыс сапасын тексеретін редакторлар, яғни баспа қызметкерлері жоқтығы салдарынан өзге тілдегі шоқтығы биік шығармаларды орыс тілінен ғана аударуға мәжбүр боп жүрміз. Осылайша, бір жаңғыртылған дүниені өз тілімізге аударып, қайта жаңғыртамыз.
Осы арада ертеректе Ресейде мынадай бір қызықты эксперимент жүргізілгенін айта кетейін. Студент кезде бір басылымнан мынадай деректі кездестіргем. Гогольдің «Как поссорился Иван Иванович с Иваном Никифоровичем» дейтін көрші тұратын екі орыстың өзара шатағы жайындағы қызықты әңгімесі бар ғой. Соны Мәскеудің әлдебір қуаяқтары әуелі орыс тілінен ағылшын тіліне, одан соң ағылшын тілінен француз тіліне, француздан араб, арабтан испан, испаннан итальян, одан Африкадағы жұрттың басқа бір тіліне, ұзын сөздің қысқасы, жиырма тілге тәржімелетіп, ақыр соңында орыс тіліне қайта аудартқан ғой. Сонда не болды дейсіз бе? Сөйтсе, жаңағы көрші тұратын екі орыс Африканың екі жабайы тайпасының көсеміне айналып, қылышын жалаңдатып, найзасын шошаңдатқан қалың қол жинап, барабандар соғылып, қан майдан басталғалы жатыр
екен… Бұл хикаяны кезінде «Лениншіл жас» газетіне бастырғам.
Шет тілінен тікелей аударатындар бізде саусақпен санарлық. Атап айтсақ, ағылшын тілінен – Дәурен Берікқажы, француз тілінен – Танагөз Толқынқызы, қытай тілінен – Дүкен Мәсімхан мен Иманғазы Нұрахмет, жапон тілінен – Шарафат Жылқыбаева, моңғол тілінен – Қуандық Шамақай тәуір тәржіма жасап жүр.
Міне, көркем аударманың бүгінгі көкейтесті мәселесінің бірі – осы түпнұсқадан тікелей аудару жайы. Бұдан қырық жылдай бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Алаң туғызарлық ахуал» және «Шетел тілдері шеттетіле бермек пе?» деп аталатын мақалаларымда да осы мәселені алға тартқан едім. Сол сияқты ХІІІ Құрылтайда жасаған баяндамамда да бұл шаруаны кейіндете беруге болмайтынын айтқам. Бірақ бұған құлақ асқан ешкім бола қойған жоқ.
Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Білім және ғылым министрлігі Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті жанынан көркем аудармамен айналысатын (айталық, ағылшын, француз, неміс, түрік, қытай, жапон, т.б. тілдерінен) кәсіби мамандар дайындайтын арнайы факультет ашқаны абзал болар еді.
Тағы бір тілек. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Аударма» баспасынан әлем әдебиетінің ең таңдаулы деген жүзден астам туындысы жарыққа шыққан болатын, яғни оқырманымызға әр елдің әр ғасырда ғұмыр кешкен көрнекті қаламгерлерінің бірді-екілі туындысынан «ауыз тигізген» едік. Егер әлем әдебиетін Атлант мұхиты десек, біз соның тек Арал теңізіндей ғана бөлігін оқырманға жырым-жырым қып жеткізгенбіз.
Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігіне көркем аударма шығарумен шұғылданатын «Аударма» баспасы мен «Әлем әдебиеті» журналын қайтадан ашып, олардың жұмысын жандандыруға жан-жақты көмек көрсетуі қажеттігі жөнінде ұсыныс айтқымыз келеді.
Бір тілде жазылған шығарманы екінші тілге аудару – осы жұрттың игілігіне айналатын жаңа туындыны өмірге әкелумен пара-пар нәрсе. Мұны жете сезінетін, жауапкершілігі мол қаламгер ұнамды дүние беру жолында төл шығармасын жазудағыдан кем тер төкпейді. Кей ретте әлдеқайда көп уақытынан, шығармашылық күш-қуатынан айырылады. Тоқ етерін айтқанда, жақсы аударма тек жақсы ақын мен жақсы жазушының қаламынан ғана туындайды. Алайда аударма әдебиетіміздің қадамын қадағалап отыратын қамқоршы жоқ. Бұл салада жарық көріп жатқан роман-хикаяттарға дер кезінде лайықты баға берілмейді. Ең болмаса рецензия да шықпайды. Хасен Өзденбаев, Әбілмәжін Жұмабаев, Нияз Сыздықов, Зұлқарнай Сахиев, Кеңес Юсупов сынды айтулы тәржімешілеріміз бір ауыз жылы сөз естімей-ақ өмірден өтті. Сондай-ақ, бүгінгі тарландарымыз – Сарбас Ақтаев, Бекболат Әдеттердің шығармашылық жетістігін ашып көрсететін мақала да әлі күнге жазылған емес.
Көркем аударманың бүгінгі хал-ахуалына қатысты қысқаша айтарым осындай.
Құлақ қойып тыңдағандарыңызға рахмет!