Куә болып тұратын атжақты Ай…
Аманхан ӘЛІМҰЛЫ
КҮЗГІ РОМАНС
Салып бір кеткен қайғыға,
Қарақат көзді қыз қайда?!
Түскенде еске, Ай куә,
Жүрегім, сондай, сыздайды, ә!
Есентай бойын есіме,
Түсірді, мына, құба күз.
Қойып бір басын төсіме,
Тұратын еді бұла қыз.
Шығатын еді КазГу-ден,
Көрінген ару Ай маған, –
Сырласар едік қаз, қумен,
Есентай бойын жайлаған.
Дегендей «бұның бақ сынау»,
Сыбдырлап қайың тұратын.
Есімде кейін, жақсылау,
«Ақ қайың» қойдым жыр атын.
Тағдырға қарсы тұралмай,
Үзілген, үрме, із-дейін, –
Есентай, қайың, сыралғы Ай,
Кездеспей кеттік біз кейін…
САҒЫНЫШ САЗЫ
немесе өткен бір шақтың елесі-ай!
…Угай-ай, ән салшы-ай,
Бір бала-ай!
…Қуалай соғар қоңыр жел…
Халық әнінен.
Жанарында таң күліп,
Келе жатыр бір бала.
Бір қыз, сосын, мәңгілік,
Көксегені жыр ғана.
Бет алысы Алматы,
Балғын – балаң санасы.
Ауыл жақта қалды аты,
Қалды, тағы, анасы.
Ұстатпайтын шырғы ойы,
Қиып кету оңай ма?! –
Қалса артта Сыр бойы,
Қалса қалың тоғай да.
Айтып сүйген жиі әнін,
Түсті жолға Арыстан, –
Қиялын, айт, қиялын,
Поезбенен жарысқан.
«Бүйідей деп шағайын»,
Жел де жайсыз ес мейлі.
Бәрі: ауыл, ағайын,
Қалды артта… не істейді?!
Ағыта алмай түймесін,
Қалды сол бір қыз налып.
Болмайды екен сүйгесін,
Жанды жейді…сыз қалып!
…Беріледі шал мұңға,
(Жоқ баяғы сол бала).
Жатыр оның алдында,
Жеткізбеген жол ғана…
Бір бала-ай, угай-ай…
Түн. Шымбұлақ. Кафе
Ай нұры алақанымда
Ертеректегі өлеңнен әрі жинақ аты.
(«Қазығұрт», 2003 жыл).
Соп-солғын неге сонша күзгі Ай, мына,
Жүрегі әлденеден сыздайды ма?
Ойнайды желең желмен сұңғақ қайың,
Отырып қалған кербез қыздай бұла.
Тұрмаса Ай сәулесі уысымда,
Шалқалап бір гәп бар-ау туысында!
Секілді Шымбұлаққа қарап тұрсам,
Қаланың шығып кеткен шуы шыңға.
Жападан жалғыз қалып Шымбұлақта,
Отырмын серік етіп мұңды қаппа.
Жалғыздық, мұңым, сосын торғыл сыра,
Көңілім күйге оңаша шын құлапты, ә!
Ап-ауыр бұлт ойдың жетегінде,
Шынымен мұңға батып кетемін бе?
Сәл созылса кететін шығып шыңға,
Жел есіп тұр аспажол етегінде.
Тұрсада ұрып кафе ысты демін,
Сағыныш соншалықты күшті ме едің? –
Апам, атам, сонан соң туған жерім,
Сосын бір қыз есіме түсті менің.
Ғұмырым келте тартып барасың ба?
Айдың да мұң бар-ау бір қарасында.
Адасып өтер ме екем, тіршілікте,
Өмір менен өлеңнің арасында!
***
Ауырса жаның, сөзге ерді,
Айтайын саған бір емді, –
Қимасаң со бір кездерді,
Түсіме ғана кір енді!
Ұмытқын, мен де ұмыттым,
Кездесу, енді, болмайды.
Қиял ма, қиял бұлттың,
Ішінде жүрсе, сол қайғы.
Түс, енді, жерге, қайтесің,
Көк кезіп, келгін шешімге!
Есімде со бір Ай төсің,
Қасың да қиық есімде.
Есімде, тағы, көзің де,
Сорым ба, әлде, бағым ба? –
Ерік бір беріп сезімге,
Сүйістік ауыл бағында.
Бәрі де, бәрі ойымда,
Есімнен шығар қай қылық.
Ауылда, Сырдың бойында,
Тұрғанда шығар Ай күліп.
Сыздаса жаның, сөзге ерді,
Айтайын оған бір емді, –
Ұмытып сол бір кездерді,
Түсіме ғана кір енді.
Көз ісініп, ашылмай қабақ деген,
Тұрдым талай у да шу кабакта мен…
(Ертеректегі өлеңнен).
I
Ши шықпастан жан бақты бір ісімнен,
Базарларда жүрдім мен ұры сіңген.
Көшеміздің қауынбас иттері мен
Көршілерім танитын жүрісімнен.
Жүргендей-ақ ретін бағып көптен,
Келе жатқан, беймезгіл, ағып шектен, –
Қараңғылық қымтанған тар көшеде,
Әлі есімде бір көлік қағып кеткен.
О, тіршілік, құдірет күшіңде ме,
Сәтсіздік көп болғанмен ісімде де, –
Түсімде де жүруші ем төбелесіп,
«Ұстатпайды» деп бақыт құсың неге?!
Соғылғанда ыдыстар сыңғыр қақты,
Болмайтұғын сырадан күн құрғатты.
Жиі тыңдап кей-кейде отырушы ем,
«Құстар әні» секілді мұңды ырғақты.
Арманы болған, сонау, бала күннің,
Құшағына енгенде қала түннің, –
Жолым болмай өмірде жүргеніне,
Оңашада жылап та алатынмын.
Алла жолға салғандай аяп, білем,
Жүретінмін кей-кейде саяқ кілең.
Таяқты мен жеп жүріп сан адамнан,
Сан адамға жегіздім таяқты мен.
Алла жазды біразға жетер демім,
Іздемеспін дертімнің, өтер де, емін.
Ләйла деген бір қызға жолықпасам,
Ұры-қара болып мен кетер ме едім?!
«Өтті-кетті тірлікті еселеме», –
дегендей бір, ұққаным, өсе келе,–
Қисық-қысқа Алматы көшесінде,
Өлуді, Алла, жазбапты пешенеме.
II
Балалығым өтті де жыр тыңдайтын,
Алып, тірлік, беймезгіл шырқыңды, айқын,–
Жүрді менің жастығым «Көкбазарда»,
Ысқырығы менттің бір тынбайтын.
Құрылысшымын жер қазып, тас қалаған,
Жұмыстан соң ермек жоқ басқа маған, –
Кездесуші ем ақсары бір қызбенен,
Қабырғасы қатпаған жаста балаң.
Күз кезі еді, тал-қайың сыбдырласқан,
Дерті шалып бойымды жырдың бастан, –
Жүрген кезде, есіме не салмадың,
Көз алдымда көлбеңдеп тұрдың да аспан.
Желіменен ызғырық шағатын күз,
Қалтқысыз қас-қабақ бағатын қыз, –
Жүріп кейде үшеуміз базар кезіп,
Тиын-тебін тамақтық табатынбыз.
Қоңыр күз. Ақсары қыз. Бозбас кезім,
Ұрда-жықтау мінез бар созбас сөзін…
Жетпейтұғын бойыма о кездері,
Сәл бейнелеп айтқанда тозбас төзім.
Қиындықтың білмеппін андыздарын,
О, уақыт бойымда қалды ызғарың.
О күз өтті, сонан соң, о қыз кетті,
Қалдым, сосын, өзім де жалғыз-жарым!
Сосын барып жолықтым басқа қызға,
Сосын барып оқыдым, жаста қызба.
Құрылыс. КазГУ. Мұңды ма, сәл-пәл мұңды,
Ей, Аманхан көңілді босқа бұзба!
Элегия
Көзім кетсе ілініп қас қағымда,
Қара адамым тұрады бас жағымда!
…Көлеңкемдей қалмайтын қыр соңымнан,
Менің қара адамым күрсінеді.
(«Менің қара адамым» деген реквиемнен).
Жантақтай жарға біткен жалғыз-жарым,
Жалғыздық, екеуміз-ақ қалған үйде.
(«Тағы да жалғыздық туралы» өлеңнен).
Беретін қас қағымда жүз құбыла,
Не істейін, не істейміз күзді мына?!
Ақ қайың сыбырласып тұр самалмен,
Келтіріп көз алдыма қызды бұла.
Мен тұрмын көңілсіздеу кешіп күйді,
Жайым жоқ жағдайымды шешіп-түйді.
Дәм-тұзым таусылады қайда, қашан,
Аллада шешім, білем, кесіп-қиды?
Бозбас жоқ бұрынғыдай қала кезді,
Жүрек пе, жүрек болған налаға езгі.
Бойдағы еркін желдей ескен кезді,
Бағып тұр бір Қара адам ала көзді.
Мезгіл-ай, мезгіл мұңын андыздатқан,
Жастығым қайта оралмас сан қыз баққан.
Қара адам, қара адам ба, жиі келіп,
Алады арашалап жалғыздықтан.
Қалдың ба, келіп мезгіл тұсадыңға,
Беріліп отырамын құса-мұңға.
Жалғыздық, ей, Қара адам, айтыңдаршы,
Өлемін қайсысыңның құшағыңда?!
АМАНАТ
Ұқсап өткен от шашып жай-жасынға,
Өтсем де мен өмірден қай жасымда,–
Қабіріме егіңдер Мәжнүн талын,
Және тұрсын белгі боп Ай басымда.
Жасап оны қойыңдар таза мыстан,
Кенде емес қой о заттан Қазақстан.
Тазалап жүрсін келіп Айды кемпір,
Шағында қыз кезіндей аза қысқан.
Одан өзге амалы қалмағасын,
«О тірлікте, – деп Алла жалға жасын», –
Көз жасына көміліп кермек дәмді,
Жылап алсын сүйеп бір талға басын.
Еске түсіп жастығы ерген сөзге,
Жусан дәмді жасқа ерік берген кезде,–
«Аунап бір түскен шығар» – десе болды,
Сезінер бақты қандай көрден өзге?..
Кеңсай жаққа қарата із қашқанда,
Қарап алып сұп-суық күзгі аспанға, –
Өлімді ойлау ерсі емес, өмір сүрсең,
Келетұғын көңілмен мұз басқанға.
***
Мазамды алып оқыстан биде менің,
Қызылкөзді кішкене күйгелегім, –
Ақ көйлекті қызғанып қыздан мені,
Көк көйлегің көлбеңдеп сүйген едің!
Жарасатын көйлегің үстіңдегі,
Сияқты еді тынысың құстың демі.
Қылығыңмен қызғаншақ ынтыққа тән,
Қызықтыра өзіңе түстің мені.
Көк көйлегің дөңгелеп билегенде,
Берілгенмін ерекше күйге мен де.
Ақ көйлекті қыз тұрды аңтарылып,
Көңіл күйде сүйген де, сүймеген де.
Кім түсінген о кезде қыз мұратын,
Күз болатын салқыны жүзге ұратын.
Ақ көйлек пен көк көйлек дөңгеленіп,
Би алаңын ерекше қыздыратын.
Ұрынып қалғандай бір күзді күнге,
Шарпиды жанды жеген жүзді мұң не…
Ақ көйлекті қыз отыр үйде, кемпір,
Көк көйлекті қайда екен қыз бүгінде!
***
Қазанға қақпақ дерлік бөксе басқан,
Тұрғандай әлденені көксеп аспан,–
Не қалады, апырмай, мына жерден,
Созылма, арылмаса, төкпе жастан!
Жас дегенім жаңбыр ғой, төкпелеген,
Бүк түсіп сұлқ жатыр шөкпе белең.
Найзағай ойнап, кетті көк күркіреп,
Кім кімге түсінбеймін өкпелеген…
Жалаңаш жатып алып тұлдыр дала,
Тұр селеу шала мастай мұңды ырғала.
Айнала азан-қазан, астан-кестен,
Шаншудай жанға тиген бұл бір нала!
Үзіліп кететұғын қыздай белді,
Үмітін ұшпа жастық үзді-ай, желді.
Жүрегім жапырақтай, жаңбыр асты,
Жападан жалғыз жарым сыздайды енді.
Аулақта тастап аспан жасын-жайды,
Қабағы қату, нөсер басылмайды.
Жанарың сенің қазір сол аспандай,
Көңілім менің сол көк, ашылмайды.
Кім кімге өкпелеген, түсінбеймін,
Мен бе, жайды осы бір еткен өлең?!
Көк жылап, жер былбырап, жасын ойнап,
Бүк түсіп, сұлқ жатыр шөкпе белең…
ЖЕЛ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Жел неге терең күрсініп,
Жел нені іздеп еседі?!
Қабағы күннің тұр сынып,
Кіді бір күздің кеші еді.
Ұнатам соған қарамай,
Кермінез кешкі желді мен.
Шашымды талдап тарады-ай,
Көңіл ме, көңіл сел білем.
Мінез бар, онда, қызық тым,
Сезіммен сергек сезгенім.
Сондай бір мен де бұзықпын,
Сонан соң, сондай, кезбемін.
Жүдеу де жадау тұр бақтың,
Шығарып ұйпа-тұйпасын.
Менің де кейде, қымбаттым,
Жырымда сондай ұйқасым.
Кіріп бір кетіп қалаға,
Шыға алмай жүрген далаға,–
Жел менен менің тағдырым,
Соншалық ұқсас бола ма?!
Қалаға мен де қамалып,
Қамалып о да қалаға,–
Шығалмай үйден, сан алып,
Тартып бір ішін налады, ә!
Мен ойлап сүйген қыз жайлы,
Қабағым, білем, тұр сынып.
Ол болса іздеп күзгі Айды,
Тұр ма екен терең күрсініп?!
Табалса желді, миятты,
Қаладан бағын байлаған, –
Жіберетұғын сияқты,
Шығарып сыртқа Ай, маған…
***
Тағдырым ба, тағдырым, сыр алмағын,
Кебін киіп үзілер тұр алманың…
(Ертеректегі өлеңнен).
Күнен күнге барады салқындап күн,
Қалпын бақтым шулаған алтын бақтың.
Қалып қойған тобынан үйрек болар…
Сырды жайлап жайсыздау жалқы үн жаттың.
Шарасы да үйтпеске қалмаған-ау,
Жатыр жерде үзіліп алма да анау!
Мұңға толы жанармен тұрмын қарап,
Сидаң-селеу күй кешкен талға жадау.
Мың кеспестен, жүргенде, жүз толғамай,
Демесе екен ұрпағым: «із қалмады-ай!» –
Мен де үзілген кезімде, мұңға батып,
Сабағыңнан, о, тірлік, күзгі алмадай.
О, Уақыт, таппасаң өзің емін.
Салқындап күн барады сезінемін.
Қыз демес ем өмірді ұзатылған,
Үйірмесе осылай көзіме мұң…
ТҮС
Көтере алмай жүргенде жырдың жүгін,
Апа, неге, түсіме кірдің бүгін?!
Тоғай тозып, тартылып бара жатқан,
Жеткізе алмай келемін Сырдың мұңын.
Батқан еді қанталап кешкі күн де,
Менен жайсыз бір хабар естідің бе? –
Ұршығыңды иіріп, түтіп жүнді,
Бір ән айтып отырсың пеш түбінде.
Жанды жейді мұңлылау саз бар әнің,
Жоқтауындай былтырғы Тазқараның!
Сөзін жөнді түсіне алмасам да,
Дегендейсің: «Осыны жаз!» қарағым.
Апа, мен де емеспін бұрынғыдай,
Аша ешкімге бермеймін сырымды ұдай!
Көңілсіздеу бүгінде тіршілігім,
Көрсетпесе болғаны қырын, Құдай.
Бұл күндері жанымда сыздау басым,
Болмайды екен тіршілік күзге ауғасын!
«Шүкір» деуші едіңіз, Сіз, бар-жоққа,
Жоқшылықтан бастаймыз біз дау басын…
Ала алмай жүргенде сөз биігін,
Жетеді, Апа, өзіме өз күйігім!
Шарасына мұң тұнған, анда-санда,
Тастап маған қоясың көз қиығын…
Ғұмырыма бұ тірлік салыпты екпін,
Азы қалып, артымда қалып көп күн, –
Жүргенімде. Түсіме жиі еніп,
Апа, неге мазамды алып кеттің?..
ҰНАТПАЙМЫН…
Көз жасы сияқтанған қаздың мұңды,
Жаңбырды ұнатпаймын жаздың күнгі.
Есімде екеумізге, сіркіреген
Жаңбырдан пана болған бір түп емен.
Кезіккен қос іңкәрге тағдыр жазды,
Қаз жас дегенім ол – жаңбыр жазғы.
Жүректей мезгілсіз бір сазғасын ба,
Кермек бір дәм бар еді қаз жасында.
Күз келсе шуламасын құрақ қалай,
Жаз да, қаз да, қыз да кетті… тұрақтамай.
Жаздың жылы жаңбыры, тағдыры ма,
Күздің суық ұласты жаңбырына…
Содан ба, алағайлы-бұлағайлы,
Жаңбыры жаздың маған ұнамайды.
Со жаңбыр, со қыз және қаз жасы ма,
Қоймайды жүрегімнің сазбасына…
***
«Көктем-шуақ, жаз-жарқын, күз– несібе,
Мұңаямыз– дедім де– біз несіне», –
Ауылдағы еске алдым жастығымды,
Алдым, сосын, жақсы бір қызды есіме.
О қыз сондай қылықты, көрікті еді,
Ерінімде тұратын еріп демі.
Құлағыма сыбырлап, ыстық деммен,
«Етем дейтін мәңгілік серік сені».
Тосып бетін мезгілдің желіне есті,
Алып бойды сезімнің селі көшті.
Куә болып тұратын атжақты Ай,
Со бір ыстық кездерге өліп-өшті.
Сырдария, ен тоғай, алыстағы Ай,
Үн-түнсіз жатқан, сосын, таныс маңай!
Сыңғыр-сыңғыр қоңырау күлкісі мен
Қасын айтшы, сонан соң, қағыс қалай?!
Сырын онда алғанмын байқай кімнің,
Алатын бір мазасын айқай түннің…
Анда-санда жабырқау, жан сезбейтін,
Мұңның табын көзінен байқайтынмын.
Келер деуге сәтке бір тұнды ізгі,
Қалай ғана ұмытам түнді күзгі.
Ауыл, қызды еске алып отырғанда,
Салқын бір леп шалады мұңды жүзді…
Кешкі қала. Күз лебін сезінемін,
Қашан, қайда білмеймін көз ілемін…
(Ертеректегі өлеңнен).
Ажал жайлы ойладым тағы бүгін,
Сынған көңіл күйменен сағы, күнім!
Жанарыма сеземін ұялатты,
Мына тынбас тірліктің шағы мұңын.
Белгісі бұл, білмеймін, осым ненің,
Таң қалмаңдар үзілсе тосын демім, –
Кешігуді білмейтін, Алла жазса,
Ажал, шіркін, сенімді досым менің!
Өмірбаяннан
Тағы да ішіп, содан соң, ұрысып-керіскен,
Сыраға қосып қасірет-қайғы, шер ішкен,–
Жандармен тұрмын, Сыраханада, сыр ашып,
Ағайынымдай Ауғаннан келіп көріскен.
Теңіздей терең мұңы бар бір жан көзінде,
Болмайтын ешкім алдырып бойын сезімге,–
Ағыл да, тегіл жылады-ай дейсің, алдымда,
Мен, байғұс, тұрдым еркімді беріп төзімге.
«Дертті қазақпыз табылмайтұғын кіл емі»,–
деді де, сосын, жер-көкті қарғап-сіледі.
Жылады… Күлді… Үн-түнсіз тұрды… Жұбанды…
Жан сырын оның бір, Алла, ғана біледі.
Өтіп кеткен-ау, о, Өмір, өтпе ызғарың,
Қытымыр қыс та бөктеріп келді мұз-қарын!
Ей, шенді, шекпенді жандар,Сыраханада,
Білмейсіңдер-ау, бұлау да бұлау жүз барын…
Айтпай да болмас, айтып та болмас, тірлік-ай,
Дүние, шіркін, алдырмайтұғын бір Құмай!
«Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар»
Қашанғы жылар, қаншама жүрер, құрғыр-ай?!