Меруерттің мөлдір жырлары
09.03.2018
1924
1

Қолымда ақын кітабы. Бір емес екі жинақ. Екеуі де «Толғанай Т» баспасынан 2017 жылдың әр айларында жарық көрген. Алғашқы жинағы «Жүрегім жыр жазады мұң тілімен» деп аталса, екінші кітабы «Жүрегімде бір адам бар» деп аталады. Авторы поэзия әлеміне өзіндік үнімен келген жас талапкер, қарапайым ауылдан шыққан қазақ қызы – Меруерт Рүстем.

Алғашқы жинағының бетін ашқан сәттегі Бірінші бөлімі «Тол­ғаулармен» басталады екен. Бұл бөлімге әр тақырыптағы он екі толғауы еніпті. Әр толғаудың көтеріп тұрған жүгі салмақты да, ойлары тартымды. «Мұхаммед Пайғамбарға (с.ә.с.)» – Алланың елшісі сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Расулаллаһтың (с.ғ.с.) әкесі Абдулладан, анасы Әминадан туған сәтінен бастап, жетімдіктің зардабын тата жүріп, көрген қиын­шылықтарына дейін жыр жол­да­рынан өткізеді.
Бұл толғаудың әнін жыршы Жақып Спатаев шығарып, сахна төрінде бірнеше рет орындаған. Ал «Қазаққа насихат» толғауы жыршы Ершат Қайболдиннің орындауында Ақтөбе қаласында «Тәуелсіздікке тағзым» конкурсында Бас жүлдеге ие болған. Толғау өте терең оймен тартымды тілде жазылған. «Әке», «Не жақсы, не жаман», «Тастанды баланың жанайқайы», «Шындық», «Тас қоғам» сияқты толғаулары бү­гінгі қоғамның шындығын жүрек сүзгісінен өткізіп, оқырман алдына жайып салады.
Екінші бөлімі өлеңдерден тұра­ды. Әр өлеңнің көтеріп тұрған жүгі әрқилы. Тақырыптары да сан алуан. Соның ішінде «Арман қыз», «Қаза­ғым» жырларының әндері де бар. Немесе «Туылмаған сәбидің зары», «Жылаған сәби» жырларында қазіргі қоғамдағы болып жатқан тастанды балалардың тағдыры мен зарын ашып-айқындап береді. «Туыл­маған сәбидің зары» өлеңін­де:
Жөн бе, ана, мына менен қашқаның,
Амалың да қалмаған-ау басқа дым.
Құшағыңды аңсап сенің кетемін,
Арманымның көре
алмадым асқарын.

Қатып жатыр, суып жатыр
жас жаным,
Кімге керек менің мынау тас хәлім?
Баласы боп туылмадым мен неге,
Сәби тілеп зар иелеген басқаның?! –
дейді. Зарлы үн бе? Әрине зарлы. Кінәсі жоқ сәбидің жанайқайын дәлме-дәл суреттеген. Айтары жоқ! Меруерттің мөлдір сезімі жүрегінен төгіліп тұр. Оқыған сайын шынайы көңілден риза боласың. Ал «Жа­қыным» деген өлеңін былайша түйіндейді:
Шалса егер адамдар жылан мінез,
Апыл-ғұпыл тіреніп тұрамын тез.
Ақын болу ойда жоқ, о, ағайын,
Өлең болып жүректен сұранды сөз.
Яғни ақындық деген тәңірдің берген үлкен сыйы. Ол жүректің жалынымен, ойдың алымымен өлең болып түсетін табиғаттың бер­ген ғажайып таланты деп түсін­ген абзал. Осыны ақын қыз түйіндей білгендей.
Меруерт Рүстемнің «Жүрегім жыр жазады мұң тілімен» деп атал­ған алғашқы жинағындағы жырла­рының барлығын талдау міндетті де емес шығар. Дегенмен ақын қызы­мыз­дың тұңғыш кітабын жылы қабылдағанымды айта кеткенім абзал болар.
Келесі кітабы «Жүрегімде бір адам бар» деп аталады. Бұл жинақ бастан аяқ махаббат жырларына ар­налған десе болады. «Ол бұл та­қырыпты жәй жазбайды, тебіреніс толқынына шын беріле жүрегімен жырлайды. Шымырлап шыққан өлеңдері жасандылықтан аулақ, сондықтан еріксізден тартады», – дейді кітап аннотациясында. Шын­дығында өлеңдері өзіне тартатын бір ерекшеліктерімен ұнады. Кез келген ақын қыздың ішкі жан дү­ние­сінің мұңы мен сыры жатқанын байқау қиын емес. Қазақ қызына тән асыл қасиеттердің лебізін қа­ра­па­йым тілмен жеткізе білетін­дігі оқы­ған адамның жүрегін баурап алады.
Қырмызы гүлдей қыз жүрегінің өте нәзіктігін татымды тілмен әсерлей түседі. Сондай-ақ, «Түсін­бедім», «Мен кейде», «Мен», «Қай­да­сыз» сияқты өлеңдерінің терең мазмұны мен мағынасына үңілсеңіз, шынайылықты сезінесіз. Меруерт­тің «Тағдыр» деген өлеңіне зер салып көрейікші:
Тағдырдың бізді қоспауы,
Тағдырым шығар бұл менің.
Тағдырдан үміт күтетін,
Бірі едім сенгіш пенденің, –
дейді. Шындығында адамдардың маңдайына жазылған тағдырдан ешкім әзірге құтылған емес. Олай болса, адам соған мойынсұнып, ол өткелдерден өтуі тиіс. Бірақ әр тағ­дыр, әртүрлі. Махаббаттың мәні сұлулық болса, өлеңнің жаны да сұлулық. «Жаны сұлудың, тәні сұ­лу» дейтініміз де сондықтан болар. Міне, осы ұғымдар жас ақын қызы­мыз­дың бойынан, жүрегінен орын алғаны қуантады. Жинақтағы әр өлеңі адам бойындағы қасірет пен мұңды, сезімталдық пен сырдың, пайымдау мен парасаттылықтың ауыр жүгін көтеріп тұрғандай бо­лады. Бұл – асылдық па, жоқ әлде ақындық па? Алланың бойға берген шарапта да шығар! Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы бір екі-үш өлеңіне үңіліп көрейік. «Сен мені, жаным, сағынасың ба?!» өлеңінде:
Ерік беріп жауын жасыңа,
Тағдырға қатал бағынасың ба,
Түндерде көз ілмей, сен мені,
жаным, сағынасың ба?!

Жалғыздықта жабығасың ба,
Сезімсіз жүріп сағынасың ба,
Қиялдап өткен күнді, сен мені,
жаным, сағынасың ба?! –
деп жырласа, «Ақ-қара жыр»
өл­еңін­де тек бір ғана «Қара» сөзімен бастап сол сөзбен шумақтарын аяқ­тайды. Бұл дәстүр көп ақында кездесетін жайттар. Оқиық:
Қара сөзді қара қалам жазады,
Қара өлеңнің қайда бүгін базары?!
Қара өлеңнің бүгін қашып қадірі,
Қара өлеңнің кетті бүгін ажары.
Қара қалам қалды бүгін қадірсіз,
Қара үйімнің қай шетінде жатыр­сыз?
Қара сөзді қара жерге қойған күн,
Қара өлеңім көмілген-ді қабірсіз, –
деп әрі қарай «қара» сөзін дамытып әкете береді. Бұл да ақын қыздың бір тапқырлығы десек болар. Не­ме­се «Сен әлі жауап бересің!» өлеңін­де:
Тағдырдан сұратқаның үшін,
Жүрегімді жылатқаның үшін,
Арманымды құлатқаның үшін,
СЕН ӘЛІ ЖАУАП БЕРЕСІҢ!

Алдап келген күндерің үшін,
Мұңға толы түндерім үшін,
Өзгемен бірге жүргенің үшін,
СЕН ӘЛІ ЖАУАП БЕРЕСІҢ!

Өлеңдетіп, жырлатқаның үшін,
Жалғанмен тіл қатқаның үшін,
Мұңды әуен тыңдатқаның үшін,
СЕН ӘЛІ ЖАУАП БЕРЕСІҢ! –
дейді ақын қыз. Әрбір қазақ қы­зының мұңы мен шағымы тек осы өлең арқылы жеткізіліп тұрғандай. Сонымен бірге «Қар қызы», «Ақ жауын», «Қою түн» «Сағыныш» атты өлеңдерінде махаббат пен адам тағдырын табиғат сырымен қабыс­тыра, байланыстыра жырлайды. Ойы орамды, образы орнықты.
Белгілі әдебиет сыншысы, мем­лекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың мына бір тамаша сөзін келтіре кеткеніміз жөн шығар: «…өзен дегеніміз сансыз үлкен-кішілі бұлақтардың қоспасы емес пе. Қазақ поэзиясын да шартты түрде сол өзенге баласақ, оның да ілгерілеген сайын кейіннен қосыла беретін бұлақ суларымен арнасы тереңдемей ме?! Ендеше, әрбір келесі буын кейіннен қосылатын мөлдір бұлақтар секілді» (Сағат Әшімбаев шығармалары, 1-том, 42-бет) – деген мағаналы пайым­дау­лары бүгінгі жас буын ақын­да­рымыз үшін тауып айтылғандай.
Олай болса, ақын қызымыз Меруерт Рүстемнің мөлдір жырлары бұлақ суындай таза болуын қалай отырып, алар асуы мен шығар биігі әлі алда дегіміз келеді.

Сайлаубай Тойлыбаев,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 01.10.2019 | 18:36

Толғау түгілі бір шумақ та жаза алмайтын плагиатты сонша мақтауға бола ма?!((

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір