Жасын жырдың жарқылы
09.03.2018
4942
0
Әдебиет әлеміне Жарасқан ақындай бесіктен белі шықпай жатып, қаршадайынан келген талант иелері некен-саяқ болар. Бір кездері күллі Алматы жастары ағамыздың студенттік шақта жазған махаббат лирикасын аудиторияда, көшелерде, жиын-тойларда таласа-тармаса оқып, жаттап өсті десем бекер емес.
Қайдасың менің жаза алмай
жүрген жырларым,
Мақамы мұңды пірлі әнім.
Баулардасың ба, бозбалалар қыдырған.
Таулардасың ба, көкірегі толы нұрлы ағын,
немесе
О, наз гүлім, шын күлкіні сағынған,
Батпайсың ба, қайғырмашы деуге де.
Ана сынды әлдиінен жаңылған,
Мен мұңайсам тұнжырайсың сен неге? –
деген жыр жолдары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» басылымдарында жарық көріп жататын.
Кешегі дәуірдегі кеңес халқын төрт жыл бойы сағындырып күткізген Жеңістен үш жыл кейін, 1948 жылғы 7 наурызда Қызылорда облысы Арал ауданы бұрынғы Ақшатау кол­хозында М.Жұмабаев атындағы әдеби сыйлық­тың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, талантты ақын Жарасқан Әбдірашев дүниеге келді. Әкесі колхоз басқармасының төрағасы, анасы үй шаруасындағы қарапайым жан болатын. Болашақ ақын ауылдағы мектеп­те хат танып жүрген тұста басқарманың үйіне келген қонақтар Нұртуған ақын, Дәріқұл жы­рау, Сартай батыр жайында сан алуан аңыз­дардың тиегін ағытушы еді. Бәлкім, сол көкіре­гіне өнер сәулесін құйды ма, әйтеуір аядай Ақшатау ауылының ақшаңдағын жалаң аяқ аспанға көтерген қаршадай бала әсершіл, сезімтал болып өсіпті. Мүмкін, бала Жарас­қанның нәзік жүрегіне Ақшатаудың алдындағы «бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған», жан-жағын жасыл құрақ көмкерген күміс көлдері, алуан түрлі аңыздың арқауы бол­ған ауыл аттас биік төбесі шуақты нұр, қуатты жыр сыйлаған болар.
Жарасқан ақынның ең алғашқы өлеңі қай газетте, қай уақытта жарияланды, ол жағы бізге беймәлім. Есесіне кіндік қаны тамған туған жері – Ақшатау ауылын өмірбақи естен шығар­май өтті. Кез келген жыр жинағында аты ата­лып, түсі түстелмесе де, ауыл жайлы өрнекті өл­ең­дері молынан кездеседі. Соның бар­шасының түйіні – күні кешеге дейін түтіні түзу ұшқан Ақшатау ауылы екенін түсінесің. Мы­са­лы, ақынның «Сана соқпағы» кітабындағы «Мен туған ауыл» жырын дәл солайша қабыл­дарың анық.
Сабырлы Сырдың аяғы,
Аралға құяр тұстағы –
Бар ма екен әлі баяғы,
Бабамның ескі қыстауы?
Жанымды жиі бүреді,
Жел қуған жайсыз бір хабар.
Түсіме түнде кіреді,
Сорайған сұсты моржалар.
Арманын тыңдап Ай мұңды,
Азынап әнге сала ма ол,
Бар ма екен әлі айдынды,
Шұқыр көлменен қаракөл?
Сүйетін самал жүзімнен,
Қайтқанда қарап ауды әкем.
Жағада қаздай тізілген,
Жатаған үйлер бар ма екен? –
деп ақын жүрегі балалық шағын, кір жуып, кіндік кескен туған ауылын армандайды. Осы өлеңнің соңғы шумағы оқыған жанды сағы­­-
ны­ш­­ты оймен тербетіп, төмендегіше аяқта­лады:
Сорасын сүртіп көзімнің,
Қол ұшын берер маған кім?
Беймарал бала кезімнің,
Белгісін қайдан табармын?
Ақын Жарасқан Әбдірашев Қазалы қала­сын­дағы бұрынғы ауыл шаруашылығы тех­нику­мының түлегі екенін екінің бірі біле бермес. Осынау арнаулы орта оқу орнында бірге оқыған курстастары бір кездері өздерінің жанындағы бозбаланың араға жылдар салып, қазақ әдебиетінде көрнекті қаламгері болып қалыптасатынын білмеген болар. Әйтеуір, осы-дан соң ҚазМУ-дің журналистика факу­ль­тетінде оқыған жылдары Жарасқан ағамыз­дың ойлы да ойнақы лирикалары жыр сүйер қауымды дүр сілкінтті. Әсіресе:
Ақ бұлақтар,
Алқынған ақ бұлақтар,
Қазір көктем,
Алдың жаз, шапқылап қал, –
деп басталатын, немесе
Арызым бар, Табиғат айтар менің:
нар ұлдарын еліме қайтар менің…
қайтар менің еліме нар ұлдарын –
Қайтар қайталанбайтын дарындарын! –
деген жыр жолдары біздің тұстастарымыздың санасында әлі күнге сайрап тұр.
Шығармашылық алғашқы адымынан бастап ақырғы күндеріне дейін Жарасқан аға­мыздың сүйікті тақырыбы – махаббат болатын.
О, махаббат, сегіз әріп, бір арман!
О, бір арман, қырық қыздан құралған.
Мұңды жырсың –
Тебіренсем, толғасам.
Бір қыз болып жолығасың сен қашан?***
Күтпеген жерден кез болдың,
Сен мынау қара бұрымсың.
Телмірген талай көздерің,
Түбіне жеткен зұлымсың.
О бастан саған гүл ынтық,
Көбелек қонса той қылар.
Жібере ме деп жынұртып,
Қорқады сенен ойлылар…

***
Жолықтым саған…
Оңымнан самал ескенде,
Қорықтым содан,
Биіктеу екен мәртебең.
Ұмыттым бәрін…
ұмыттым шулы кештерді,
Ұмытылды бүкіл жарты әлем.
Жарасқан ақынның махаббат лирикасын зерттейтін күн де туар. Әрбір зерттеуші ғалым­дар автордың әр өлеңінің астарына, мазмұнына бізден де гөрі тереңірек, байсалдырақ баратын болар.
Сонау жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдардың басында Жарасқан ақынның әйгілі «Дала, сенің ұлыңмын» атты кезекті жыр жинағы жарық көрген болатын. Осы тұста әдебиет ауылындағы «тырнақ ас­тынан кір іздеушілер» жазылу формасы, мазмұны әлдеқайда терең осынау кітапты «Мағжан Жұмабаевтың сарыны», ал авторын «Мағжан Жұмабаевтың құйыршығы» деп тып-тыныш жатқан тұнық көлге тас лақтырғандай болды. Сол сол-ақ екен, сол кездері азу тісі балтадай «Ара» журналында ақынның аталмыш кітабы іске алғысыз етіп сыналды. Естуімізше, Жарасқан ақынға тиесілі Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атағы осы кітабы үшін берілмеген көрінеді. Міне, саған әдеби ахуа­лымыздың сиқы…
Жалпы, Жарасқан Әбдірашев бар болғаны елу екі жыл ғұмыр кешті. Осынау қысқа ғұмырында қаламынан «Найзағалы жаз», «Ақ қайраң», «Саяхат», «Парасат пен парыз», «Соғыстан соң туғандар», «Сана соқпағы», «Перзент парызы», «Құлпытас» атты тамаша жыр жинақтары туындады. Ол тұңғыш рет республикалық дәрежеде өткен Қарабура әулиеге арналған мүшәйраның бас жүлдегері болатын. Өзі жазғандай:
Соғыс көрген әкелерден жаралып,
Соғыс көрген аналарды емгенбіз, –
деген ұрпақтың өкілі еді.
Жақаңның атында қазір Алматыдағы жаңа шағынауданда көше бар. Биыл тірі болғанда жетпістің асқарына шығатын аяулы жерлесі­міздің атын ардақтап, Сыр өңірінде көше, білім ордаларының бірінің атын еншілесек, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, өнер мен өлең мәңгілік. Рухани құндылықтарымыз барша байлығымыздан әрдайым жоғары тұруы тиіс.
Ақын туралы айшықты естеліктер, әсерлі әңгімелер аз айтылып жүрген жоқ. Бұл күндері елімізге кеңінен танымал, картиналары шет­елдерде жоғары бағаға ие болып жүрген талантты кинорежиссер, сүйікті ұлы Рүстем Әбдірашевтың Жақаңның жастық, балалық шағы туралы түсірген «Қаладан келген қыз» атты көркем фильмін республикалық теле-дидардан бірнеше рет тамашаладық.
Данышпан Абай атамыздың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген әйгілі сөзі тура кешегі өткен Жарасқан, Кеңшілік, Жұматай ағаларымызға бағыштап айтылғандай болады да тұрады. Осыдан он жыл бұрын Жақаңның 60 жылды­ғына байланысты Арал қаласында бір көше мен орта мектепке ақын есімі берілді. Әрине, Жарасқан ақын бұған әбден лайық.
Кім едік?
Кім болдық біз?
Халық таныр!
Әйтеуір ұмтылғанбыз жарыққа бір!
Марқұмбыз – бәрімізде болашаққа,
Жер деген – Адамзатқа алып қабір.
Жарасқан ағамыздың осы сөзі рас екен. Қазір ол Алматыдағы Кеңсай зиратындағы мәңгілік мекенінде жатыр. Тәңірім бәлкім, арманда кеткен ақынның рухын туған жері Аралмен ұштастырып жатқан болар.

ДАЛА ҰЛДАРЫ
(Жарасқан Әбдірашевтың рухына)
…Сенбесең,
Көрші жанасып.
Сөзіне берік,
дүр бәрі…
Жаны жаз жарқын,
қолы ашық,
Даланың дархан ұлдары!

Түсінсін,
білсін басқалар,
Қағида бөлек қырдағы…
Жауына жартас,
досқа адал,
Даланың дархан ұлдары!

Кеудеде мұң мен бар шері,
Аз емес аяр, сұмдары.
Біржан мен Ақан сал-сері,
Даланың жайсаң ұлдары!

Сарқылмас Ерлік нәріндей,
Шетінен таудай тұлғалы.
Дініне берік Шәмілдей,
Жаужүрек дала ұлдары!

Әрдайым аман-есен жүр!
Сирақтан келмес су-дағы.
Алдаспан тілді, шешен кіл,
Даланың ділмар ұлдары!

Жол тауып айсыз түндерде,
Мұратқа жалғыз жетіп пе ең?!
Далама
Жау кеп кіргенде,
Су кешкен солар етікпен…
Құр атқа мініп құтыра,
Сақ құсап қырда құйғытты.
Қыстырмай жүрген бұтына,
Даланың ұлы билікті.

Сайын қыр, сары сағымды,
Далада сонау мекені.
Қасарса қарау ханыңды,
Қасқырша жарып кетеді.

Ақын қып мені жаратқан,
Анамның алтын құндағы,
Ауызына елді қаратқан,
Алаштың жыршы ұлдары!

Аңқылдап, не айтсаң сенетін,
Досымның көбі елде жүр…
Атынан түсіп,
Беретін,
Атымтай жомарт, ер көңіл.

Айнымас анты,
Би сенер,
Көреген көсем,
Киелі ер…
Әйелді сұлу сүйсе егер,
Айнымай шындап сүйеді ол.

Болсын бұл әр кез ойыңда:
Далада дархан туғасын,
Ей, жігіт,
Сенің бойыңда,
Еркіндік қаны туласын!

Толыбай АБЫЛАЕВ,
ақын, Жарасқан Әбдірашев атындағы сыйлықтың лауреаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір